Ең алғаш 2016 жылы мереке ретінде бекітілген бұл күн Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнмен сәйкес келеді. Соған орай осы күні еліміздегі түрлі этнос өкілдері де бір-біріне зор құрмет танытып, қазақ халқына ризашылық сезімдері білдіріп жатады.
Тарих парақтарында сол бір зұлмат кезеңде Қазақстанға жер аударылып келген көптеген ұлт өкілдеріне қазақ топырағы құтты мекенге айналғаны белгілі. Жабырқаулы жандарға жебеу болып, мұңайған көңілге мейірім ұшқынын себелеген қазақ халқының ыстық құшағы татулық пен бірліктің берік іргесін қалауға негіз болды.
Бүгінде Сыр өңірінде 30-дан астам этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ел бірлігінің берік үлгісін қалыптастырып келеді. Бұл тұрғыда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі айрықша. Жыл сайын түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау, дамыту және насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта өңірде жұмыс істейтін 11 этномәдени бірлестіктің белсенділігі жоғары. Осы арқылы бірлестіктер өздерінің ұлттық мәдениетін дәріптеп қана қоймай, қоғамдағы достық пен ынтымақты арттыруға зор үлес қосуда.
Негізінен, өңірде этномәдени бірлестіктердің бастамасымен жыл сайын түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, фестивальдер, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырылады. Мұндай шаралар этностар арасындағы рухани байланысты нығайтып, жастарды толеранттылыққа, патриотизмге және ортақ құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жүйесін тапқан.
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тек мәдени іс-шаралармен шектелмей, қайырымдылық, әлеуметтік және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып жүргенін де айта кеткен абзал. Мұны өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалауға болады.
Осы орайда ізгіліктің ізін жалғап жүрген облыстық түрік этномәдени орталығының жетекшісі Гүльчин Әнсерқызының өмір жолы өзгеше өрнекке толы.
Қызылорда өңірінде татулық пен бірліктің туын көтеріп жүрген Гүльчин ханым көпшілікке мейірімді мінезі мен парасатты болмысымен жақсы таныс. Әрдайым жүзі жылы, жан-жағына ізгілік нұрын шашып жүретін жанның ел бірлігі жолындағы еңбегі көпке үлгі.
Тарқатып айтар болсақ, бүгінгі кейіпкеріміз 2004 жылдан бері облыстағы түрік этномәдени орталығын басқарып келеді. Бұл жауапкершілігі мол қызметті небәрі 30 жасында өз бақылауына алып, содан бері абыроймен атқарып жүр. Әрдайым қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау бағытында атқарған еседі еңбегі ел назарынан тыс емес. Қай істе де белсенділігі өз алдына бір төбе.
Гүльчиннің өнегелі өмір жолы – тұтас бір тарихи кезеңмен сабақтасып жатыр. Бұл жайында өзі бізге былайша баяндап берді.
«1944 жылы ата-әжелерім Қазақстанға депортацияланған кезде, әкем небәрі екі жаста болған екен. Қараша айының суығы қара табаннан өтіп, тұрмыстың жоқтығы халыққа ауыр тиген кезең болыпты. Сол кезде ауыл тұрғындары тағдырдың қиын кезеңіне тап болған жандарға барымен бөлісіп, көмек қолын созған. Тіпті, жоқшылық қолға тұсау болған жұтаң заманда аяғына аяқкиімнің орнына мал терісін орап, жан бағуға мәжбүр болған қиын кездер еске түссе жан түршігеді. Сондай кездерде қазақтар адамгершіліктің озық үлгісін көрсетіп, мұқтаж жандарды үйлеріне бөліп кіргізген. Қолда бар екі сиырының бірін бөліп берген. Әрқайсысы жеке отау құрғанша, қамқорлықтарын аянып қалмапты. Бұл – алақандай ауылдағы ағайынның жомарт жүрегі мен ұйымшылдығының арқасы, мейірім ұшқынының бір көрінісі еді, – деп еске алады Гүльчин Әнсерқызы.
Қазақ халқының кеңпейілдігі мен бауырмалдығының жарқын тұстарын кейіпкеріміз мәңгі жадынан шығарған емес. Әсіресе, қиын-қыстау кезеңде өзге ұлт өкілдеріне қол ұшын созған халықтың адамгершілік қасиеті талай тағдырдың ертеңгі күнге деген үмітіне серпін бергенін айтудан шаршамайды.
Қилы тағдыр иесі жоғары білім алғаннан кейін жолдасымен бірге Қызылордада тұрақтап қалуды жөн көреді. Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр шаһары алға қойған арман-мақсаттарының ақиқатқа айналуына үлкен сеп болғанын асқан тебіреніспен еске алады.
Гүльчин жолдасы екеуі екі ұл тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Атұстарлары білім көкжиегінде қалықтап, саналы да, саламатты азамат болып ержетті. Мектеп қабырғасын үздік бітіріп, өмірде өз жолдарын қалыптастыруға қанат қақты. Ел дамуына елеулі үлес қосу жолында білімнің кәусар бұлағына шомылған қос өреннің қазақ тілінен деген құрметі де ерекше. Әрдайым қазақ тілінде өткен түрлі байқаулардың жүлдегері атанып жүрді.
«Қазақ топырағында кіндік қаны тамған қос ұлымыз еңсесін тіктеп, ел ертеңіне бейжай қарамайтын елжанды азамат болып қалыптасты. Әрқашан өз ұлты, ата-тегі мен салт-дәстүрімен қатар, қаймағы бұзылмаған қазақылық қалыпты санасына сіңіріп өсті. Қазақ халқына деген құрметті бәрінен жоғары қояды. Қызығы сол, кіші ұлым бала кезінде «мен қазақпын ба, әлде түрікпін бе?» деп сұрайтын. Өйткені қазақы ортада өсіп, тілін, салт-дәстүрін меңгеруі кіршіксіз бала көңіліне ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімін оятса керек. Соның нәтижесінен болар, кішкентайынан орыс мектебінде білім алса да, қазақтың аңыз әңгімелері мен мақал-мәтелдеріне деген қызығушылығы асқақ болды. Бәрін жатқа айтады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тәмсілді қаперге ұстап, үйімізде түрік тілінде сөйлесеміз. Алайда қазақтың да, түріктің де дәстүрін қатар ұстанамыз, – деп ағынан жарылды.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қызылорда облысында 1 200-ден астам түрік ұлтының өкілі өмір сүреді. Әрқашан бірлік пен татулықтың берік үлгісін көрсетіп жүрген түркі бауырлардың кіршіксіз пейілі мен адамгершілік ұстанымы көпке үлгі. Әсіресе, этномәдени бірлестік олардың мәдениетін сақтап қана қоймай, өңірдегі қоғамдық келісім мен рухани бірлікті нығайтуға да үлес қосып келеді.
Өз кезегінде Гүльчин Әнсерқызы елдің ең үлкен байлығы татулық пен бірліктің берік өлшемімен бағаланатынын жеткізді. Өзгені өзегінен теппей, өз бауырындай құшағын жаятын қазақ халқының кең пейіліне алғаусыз алғысын білдірді.
«Қазақ халқының ұлы қасиеті – ынтымақ пен өзара сыйластықты қатар ұстанатын ұлық мінезімен сабақтасып жатса керек. Соның үлгісіндей, тәуелсіздік жылдарында халқымыз бірліктің берік екенін көрсетті. Небір қиын кездерде бір-біріне қолдау көрсетіп, елдігіміздің іргесін сөкпей, тұтастығымызды сақтай білдік. Ата-әжелеріміз қазақтардың жасаған жақсылығын өмір бойы айтып, алғыс білдіріп өтті. Бізді де әрдайым бірлігіміз бекем болып, егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деген тілектеміз. Әрбір мамыражай күнімізге айтар алғысымыз асқақ. Әр әулеттің дәулеті тасып, ел бірлігінің іргесі сөгілмесін», – дейді ол.
Жалпы, бірлік пен келісім – тәуелсіз еліміздің басты құндылығы саналады. Бұл ретте ұлттық құндылықтарды нығайту жолында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жүрген жұмысы аз емес. Яғни, қоғамдық татулықтың темірқазығы ретінде өз миссиясын абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да жарасымды жолдан жаңылмай, этносаралық достықты дәріптеу жолында ортақ мақсатта жұдырықтай жұмылуды басты мақсат тұтады.
Бұл тұрғыда Гүльчин Гейдарова басқаратын этномәдени орталық өңірдегі ұлттар достығын нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқарып жүр. Осындай ізгі жандардың еңбегі арқылы қоғамда келісім мен бірлік нығайып келеді.
Қай кезде де алғыс айту – ізгілік пен ілтипаттың белгісі саналады. Әрбір адамды жылы сөз бен шынайы ықылас қана қанаттандырып, өзара сенім мен мейірім ұшқынын тұтататыны аян. Сондықтан бұл күн тек мереке ғана емес, татулық пен бірліктің, сыйластық пен ризашылықтың үлгісі ретінде әр адамның жүрегіндегі ізгілік сезімін оятатын маңызды күн ретінде жоғары мәнін жоғалтпақ емес. Бүгінгі кейіпкеріміздің ыстық ықыласынан осыны аңғардық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
