in

Волонтерлік мәртебенің жаңа Конституция жобасында бекітілуі жастарға серпін береді

Елдегі волонтерлік қызметтің жаңа Конституция жобасына енуі жұртшылық арасында оң көзқарас тудырды. Мамандардың айтуынша, бұл заң еріктілердің қозғалысына мәртебе беріп қана қоймай, мемлекет тарапынан қолдайтынын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Ким Конституция жобасын әзірлеуге азаматтық қоғамның қатысуының маңызын айтты.

Оның айтуынша, әуелде волонтерлік қозғалыс Қазақстанда медициналық колледждің негізінде басталып, бүгінде бұл қызметтің жүйесі қалыптасқан.

– Бүгінде біз волонтерлік қызметтің акция ретінде бір реттік өткізілуінен шығып, жүйеленген қызметке ауысты деуге болады. Қазір волонтерлік қызмет  әртүрлі сала бойынша түрленіп, дамып жатыр. Мысалы, волонтерлік қызметтің мәртебесі өсіп, уәкілетті органдар, атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында қалыпты байланыс орнады. Соның арқасында биыл мемлекеттік органдар және бюджеттік ұйымдардың волонтерлік қызмет пен жастармен етене жұмыс істеуіне арналған 8 әдістемелік құрал жарық көрді. Меніңше, бұл – айтарлықтай серпіліс. Әдістемелік құралдар түрлі тақырыптарды қамтиды, оның ішінде білім беру, экология, төтенше жағдайлар және тағы басқа салалар қамтылған, – деді «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Ким.

Ол бүгінде волонтерлік жұмыстың жүйеленгенін сөз етіп, белсенді еріктілер Үкімет тарапынан ынталандырылып жатқанын айтты.

– 25 жылдан бері волонтерлікпен айналысып жүрген адам үшін бұл өте маңызды. Ынталандыру ұлғайған сайын волонтерлік қызметке жастардың қызығушылығын арттыра түседі. Осы заңның аясында біраз артықшылық қарастырылған. Мәселен, волонтер қызметімен белсенді айналысса жоғары оқу орнына түсуге, мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік жасалған.

Осыдан 25 жыл бұрын волонтерлік қызметті жалғызбасты тұратын қарттарға көмектесуден бастадық. Дәл сол кезде әлеуметтік қызметкерлер тек бала-шағасы жоқ жалғызбасты қарттарға көмектесетін. Ал егер баласы бар, бірақ басқа қалада не елде тұрса, не мүмкіндігі шектеулі жан болса,  оларға көмектеспейтін. Әрдайым осы мәселені көтеріп жүріп, осыны қостырттық. Сондықтан түрлі алаңға кіріп, көрінуден қашпау керек. Мысалы, Халық кеңесіне 42 ірі қоғамдық бірлестіктің кіретіні айтылды. Сондай дәрежеге неге жетпеске? Қазір жастарың өте белсенді, әртүрлі бағытта волонтерлікпен айналысып жүр,  – дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа Конституциялық институт – Халық кеңесін енгізу қоғамдық қатысуды нығайтудағы маңызды қадам болмақ.

«Бұл – мемлекет пен қоғам стратегиялық даму бағыттарын бірлесіп талқылайтын модельге көшу. Қоғам тек талқылау құқығына ғана емес, заң шығару үдерісіне ресми түрде бастамалар енгізу мүмкіндігіне ие болады», – дейді ол.

Жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Рахымбек Ата Заңға волонтерлік қызметтің енгізілуі ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттердің арасында да жоғары бағаланған.

– Жаңа Конституция  жобасындағы 31-бапқа бірінші рет волонтерлік қызмет жайлы норма енгізілді. Әсіресе, биылғы халықаралық волонтерлік жылымен сай келуі де бекер емес. БҰҰ-ның төрінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені көтеріп, қоғамдық бастамалардың басы-қасында жүріп, қайырымдылық жасап, көмек қолын созған жанашыр  жерлестерін қолдайтынын білдірді. Сонымен қатар  жастар тарапынан ұсынылған перспективті идеялардың жүзеге асуына атсалысатынын  айтты. Мемлекет тарапынан осындай қолдауға ие болу, біз үшін қуанарлық дүние,  – деді Дәурен Рахымбек.

Жақында Астанада қоғамдық белсенділер «Мен – донормын!» атты жаппай акция ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде, волонтерлердің шақыруына жүздеген қала тұрғыны үн қатып, таңғы уақыттан қан тапсыруға кіріскен.

– Жалпы, волонтерлік мәртебенің жаңа Конституция жобасында бекітілуі еріктілердің қатарын көбейтіп қана қоймай, олардың өтеусіз еңбегінің маңызын арттыра түседі. Мысалы, бізде халықаралық волонтерлік ұйымдар бар. Олардың өздері «керемет» деп тамсанып жатыр. Норманың заң жүзінде бекітілуі – волонтерлердің беделі мен имиджін көтереді. Енді олар жай ғана белсенділер емес, қоғамға өтеусіз көмек көрсететін білікті маман деп танылады, – деді ол.