2009 жылдың 11 ақпанында құрылған кезінен бері Бірыңғай дистрибьютордың басы даудан арылмай келеді. Қоғам белсенділері, сарапшылар, енді міне,
Мәжіліс депутаттары оны жабуды талап етіп отыр. Ұйымның басшылары жиі ауысады. Бір жылдан аз уақыт бұрын, 2024 жылғы 29 шілдеде Еркен Жақатай «СҚ-Фармацияның» тізгінін қолға алды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда 30 жыл істеп, кейін, 2021 жылы бизнеске кеткен оған Үкімет үлкен сенім артты. Үміт ақталмады.
Дәрі тапшылығына қатысты жаңа жанжал аясында Е.Жақатай отставкаға кетті. 2025 жылғы 3 шілдеде компания Денсауминінің бұйрығымен «СҚ-Фармация» ЖШС-ның жаңа басқарма төрағасы болып Нұрлыбек Асылбеков тағайындалғанын хабарлады. Ол бұған дейін 3 жылдан астам Шымкенттің Денсаулық сақтау басқармасын басқарған. Оның Бірыңғай дистрибьютор тәрізді республикалық деңгейдегі алып құрылымды басқару тәжірибесі жоқ. Бірақ кім білген, саланың бағын осы маман ашуы да мүмкін, солай бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Әзірге Н.Асылбеков тегін дәріні сатып алу, жеткізу проблемаларын шешу үшін төл реформасын бастады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету басқармасы мен Логистика басқармасына жеткізу кестелерін қайта қарап, әр айдың 20-на дейін өзектендіріп отыруды жүктеді.
Аймақтағы үйлестіруді күшейту, жергілікті жерде туындаған шетін мәселе бойынша жедел ақпарат алмасып, ден қою үшін «СҚ-Фармация» ЖШС-ның өңірлік өкілдері әкімдіктердің Денсаулық сақтау басқармасының апталық аппараттық жиналыстарына үнемі қатысуға міндеттелді. «СҚ-Фармация» жаңа басшысы дәрі-дәрмек көлемін жоспарлау, өтінімдерді қалыптастыру және сатып алу бойынша өңірлік денсаулық сақтау басқармаларымен және медициналық ұйымдармен тиімді өзара әрекеттестікті орнатуға, яғни ашық болуға уәде етті.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытжан Базарбек жауаптылар жұмыстан кете қоюмен құтылмауы керек деп есептейді. Қолымен істегенін мойнымен көтеруге тиісті. «Бір ғана мысал: «СҚ-Фармацияның» орталықтандырылған түрде сатып алған дәрі-дәрмектерді сақтайтын төл қоймалары, оны таситын көлігі жоқ, оның бәрін жалдайды. Мұнда түрлі «сұр» схема қолданылады. Бұл логистикалық қызметтері алпауыттар арасында бөлінген. Аудиторлар олардың өз қызметінің құнын шектен тыс жоғарылатып отырғанын анықтады. Салдарынан, бір ғана 2024 жылы логистика бағасын 62%-ға, тасымалды 10%-ға тағы қымбаттатқан», – деді заңгер-депутат.
Фактілер әшкереленген соң, «СҚ-Фармация» шара қабылдап, тәсілдемесін өзгертті. Мәжіліс депутатының пікірінше, өзгеріс нәтиже бермеген, керісінше, жағдайды нашарлатқан: бағаның 2 есеге өсуіне соқтырды. Соның салдарынан, мемлекет 14 миллиард теңге жоғалтыпты. Дәрілік препараттар орталықтан өңірлерге уақытында жеткізілмей, тапшылық басталды, сырқаттар қан-қақсады. Ауруханалар және науқастар амалсыз, медикаментті өз қаржысына, өз бетінше сатып алуға мәжбүр.
Тапшылыққа не себеп?
«Денсауминінің сатып алудың жаңа моделі бойынша дер кезінде тиісті шешім қабылдамауы кесірінен 2025 жылғы 4 айда логистикалық қызметтен келген шығын 748 миллион теңгеден асқан. «СҚ-Фармацияның» күш-жігері арқасында фармацевтикалық алпауыттар, шетелдік дәрілердің дилерлері қандай ұлан-ғайыр табысқа кенелгені белгісіз. Бірақ жіберілген қателік үшін неге ешкім жазаланбайды? Мемлекетке ондаған, жүздеген миллиард теңге залал келген! Халық қаржысы талан-тараж болды. Кім оны өтейді? «СҚ-Фармация», Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының басшылары лауазымынан алып тасталыпты. Қылмыстық жазаға тартылуы қажет! Мен айтқанымдай, ең кемі 10 қылмыстық іс шығады», – деген сенімде депутат Б.Базарбек.
Денсаулық сақтау министрлігі айыптарды мойындамайды. Оның хабарлауынша, 2024 жылы «СҚ-Фармация» ЖШС-і 1 200 аурухананы және 700 қалалық емхананы дәрілік құралдармен және медициналық бұйымдармен толық қамтыған. Бұған мемлекет жарты триллионға жуық (479,9 миллиард теңге) қаражат бағыттады. Әйткенмен, биыл халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға жұмсалатын қаржы екі еседей қысқарды: 2025 жылға дәрі сатып алуға Үкімет небәрі 263 миллиард теңге бөлді. Медикаменттердің тапшылығына бұл да сүбелі үлесін қосса керек.
Қалай болғанда, Бірыңғай дистрибьютор осы жүздеген миллиард ақшаға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың «азаймайтын қорын» жасақтауға, тоқсан сайын оны тұрақты толықтыруға, сондай-ақ іс жүзіндегі тұтыну көлемін есепке алып, медұйымдарды үздіксіз қамтуға тиіс. Сенатор Айнұр Арғынбекова Денсаумині қабылдап жатқан барлық шараға қарамастан, дәрі-дәрмек жеткізуде үзілістердің туындауы жыл сайын қайталанып, елді әбден ығыр еткенін атап өтті. Өмірлік маңызды препараттар жетіспеушілігі жыл басында да, соңында да бой көрсетеді.
– Созылмалы дерті бар, ауруы жанына батқан науқастарға дәрі-дәрмегі үнемі кешігіп жетеді. Бұл жайт бұқара арасында әлеуметтік дау туғызады. Тапшылыққа қажетті көлемді дұрыс жоспарламау, қаржыландырудағы шектеулер де себепкер. Медициналық ұйымдар дәріні сатып алу көлемін айқындауда қиындық көреді, себебі олар «СҚ-Фармациядан» оның сатып алу рәсімдерін өткізуі және тапсырысты орындауы туралы жедел ақпарат ала алмайды. Жабық бір ұйым. Мұның сыртында бүгінде қалыптастырылған сатып алу жүйесі тізім мен көлемге сәйкес тұрақты жеткізілімді қамтамасыз етуге әрдайым мүмкіндік бере бермейді, – деді Айнұр Серікпайқызы.
Дәрімен қамту – ұлттық қауіпсіздік мәселесі
Сенатор «Инсулиннің», қарысуға және эпилепсияға («қояншыққа») қарсы дәрілік заттардың, ісікке қарсы препараттардың бітіп қалғаны жөнінде сайлаушылардың дабыл қағып жатқанын жеткізді. Мұның бәрі – тұрақты қабылдауды талап ететін, науқастың өмірі тікелей тәуелді болатын медикаменттер. Содан адамдар өліп жатса, кім жауапты?
– Мұндай ауыр жағдайда Денсауминінің және басқа мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйенің жұмыс істеп тұрғаны, қажетті нормативтік актілердің қабылданғаны, қаржыландыруға кедергі жоқтығы туралы мәлімдемелерінің құны көк тиын. Өйткені нәтиже жоқ, дәрі жоқ! – деген сенатор тағы бір мәселені көтерді: мемлекет әлі күнге жоғары сапалы, бірақ құны қымбаттау, түпнұсқа препараттарға шығындалғысы келмейді, үнемі оны ауыстырғыштарды, дженериктерді іздейді. Олар ауруды емдеуде тиісті тиімділік бермейді.
Алайда қаржылық ресурстармен жете қамтылмағандықтан, «СҚ-Фармация» тегін таратылатын препараттар тізіміне түпнұсқасы орнына арзанқолын, ортанқолын қосады. Сөйтіп, медұйымдар міндеттемесін орындай алмай, пациенттердің наразылығына ұшырайды. Сенаторлар Үкіметтен «жоғары тиімділігі бар, өмірлік маңызды, инновациялық дәрі-дәрмек түрлерінің қолжетімділігін арттыруды» сұрады. Сондай-ақ Қазақстандық ұлттық формулярдағы дәрілік құралдар тізіміне дүркін-дүркін түгендеу-ревизия жүргізіп, пайдасы жоқ препараттарды тізбеден шығарып, бағасына қарамастан, оларды тиімділігін дәлелдей алғанымен алмастыруды ұсынды. Бірақ бәрі тағы қаржы тапшылығына тіреледі.
Сенаторларға түсініктеме берген Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев өңірлердегі тапшылықты болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі биылғы қаңтарда амбулаторлық дәрімен қамтамасыз ету тәртібін қайта қарағанына екпін түсірді. Басыартық реттеу жойылған, берілетін өтінімдер саны жылына 8-ден 1-ге дейін қысқартылды. «СҚ-Фармацияның» Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесінде емханамен келісім бойынша дәрі-дәрмекті жүктеуге өтінім автоматты түрде қалыптастырылады.
– Бұрын бұл процесс көп кезеңмен жүретін. Өтінімдерге Денсаулық сақтау басқармасының, медсақтандыру қоры филиалының және Денсауминінің келісімін алу талап етілетін. Тек содан кейін ғана бірыңғай дистрибьютор дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды өңірге жүктеп, жөнелте алатын. Сондай-ақ 2025 жылғы 1 сәуірден дәрі-дәрмек қажеттілігін автоматты есептеу жүйесі енгізілді. Онда клиникалық көрсетілімдеріне және дертінің өрбу барысына қарай есепке қойылған әрбір сырқаттың жеке мұқтаждығы есептеледі. Бұл тәсіл медикаменттерді пациенттердің шынайы деректері негізінде сатып алуға мүмкіндік береді әрі дәрілік қамтуды атаулы етеді, – деді вице-премьер.
Қалай болғанда, салада ахуал күрделі. Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) басшысы Әлихан Смайыловтың ақпаратынша, «СҚ-Фармация» сатып алатын препараттардың ең танымал 15 түрі тіпті дәріханалардағы бағадан 30 пайыз және одан қымбатқа алынған. Мысалға, Стелара ерітіндісінің 1 данасын 1 миллион 8 мың теңгеге сатып алған. Ал дәріханалардан оны 137 500 теңгеден табуға болады екен. Бағаны жасанды өсіру бұл жағдайда 633%-ға жеткен!
«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Марат Бәшімов ЖАП аудиторлары әшкерелеген сорақы деректерді сараптай келе, саланы «сыбайлас жемқорлық, ел қаржысын ханталапай ету, фармацевтикалық мафия, ұйымдасқан қылмыстық топтар жайлағанға ұқсайды» деген тоқтамға келді. Себебі тек 2024 жылы және тек ТОП-15 препарат бойынша мемлекет 36 миллиард теңге шығын шеккен! Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бойынша «СҚ-Фармацияның» барлық сатып алуын талдаса, ақырғы сандар төбе шашты тік тұрғызбай ма? Алайда Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев аудиторлардың деректерін қате, тіпті жалған санайды.
– Біз бұл фактілерге наразылық білдіріп, қарсы дәлелдерімізді келтірдік. Сотқа дейінгі шағымымызды ЖАП-қа жібердік. Өйткені барлық растаушы құжаттары мен шығу-тегі жөніндегі сертификаттары бар, медұйымдарға ресми келген дәрілерді бұлар әлдебір интернет-дәріханада болуы ықтимал деген дәрінің бағасымен салыстыра салған. Салыстырмас бұрын ұқсас дәріні өздері келтірген «арзан бағамен» сатып та алмаған, сол арқылы ол бағаның дұрыстығын растамаған. Аудит жүргізу ережелері мен рәсімдерін өрескел бұзған. Бұлай салыстыру – салоннан сатып алған су жаңа машинаны шетелден, әлдебір жерден әкелінген машинамен салыстырумен тең. Біз 36 млрд теңге бұзушылықты үзілді-кесілді мойындамаймыз! – деді вице-министр Амангелдиев.
ЖАП басшысы Әлихан Смайылов Денсауминінің бұл тұжырымдарын жоққа шығарады. Оның айтуынша, аудиторлар «Виктоза» препаратын астаналық «Тамыр плюс» дәріханасынан 16,5 мың теңгеден алыпты. Ал биылғы сәуірде Астананың №8 қалалық емханасы дәл осы препаратты бастапқы сатып алу бағасымен, 37 мың теңгеден есептен шығарған.
– Дәрі-дәрмектің әрбір қорабы қазір таңбаланады, сондықтан біз оның қозғалысын қадағалай аламыз. Мұнда тағы бір проблеманы байқадық: халыққа емханада таратылуға, тегін амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілер «сұр» схемалармен, жалған түрде есептен шығарылады. Содан кейін олар демпингтік арзан бағамен дәріханалар желісінен бір-ақ шығады, – деді Ә.Смайылов.
Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі және «СҚ-Фармация» Жоғары аудиторлық палатамен соттасуға дейін бара ма, беймәлім. Бір анығы, осы және басқа проблемалар ұзақ жылдан бері шешімін таппай, қордаланды және жүйелі сипатқа ие. Оны шешу үшін жеңіл-желпі, жергілікті емес, жан-жақты, кешенді шаралар қажет. Ортақ шешім мен позицияны айқындау үшін кәсіби медициналық, фармацевтикалық және пациенттік қоғамдастықтарды жұмылдырған жөн.
Айхан ШӘРІП