Өңірдің облыстық Полиция департаментінің дерегінше, нашақорлық бизнесімен күреске қоғам назарын аударып, заңсыз есірткі тасымалына тосқауыл қою операциялары жиі жүзеге асырылып келеді. Тек жыл басынан бері ғана облыс аумағында полиция қызметкерлерімен заңсыз есірткі айналымына қарсы аса ірі көлемде бірнеше шұғыл операциялар жүргізілген. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, облыс бойынша 136 нашақорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар тіркелген болып шықты. Атап айтқанда, 56 есірткі өндіру, бір аса ірі көлемде есірткі сақтау және 3 заңсыз есірткі заттарын насихаттау және жарнамалар мен 72 қылмыстық теріс қылық фактілері тіркелді. Полиция заңсыз айналымнан 88 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Оның ішінде, басым бөлігі, яғни 6 келіден астамы – синтетика, бес келіден астамы – гашиш және 7 келіден жоғары марихуана есірткілері болып шықты.
Биылғы жыл Ішкі істер министрлігімен «Құқықбұзушылықтардың алдын алу жылы: Полиция заң мен тәртіп сақшысы» деп жарияланған. Жыл сайын құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түрлі шаралар ұйымдастырады. Мәселен, маусым айында есірткі қолдану және олардың заңсыз айналымымен күрестің халықаралық күніне орай салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлыққа қарсы бағыттағы айлық жүзеге асырылады. Аталған шара облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміреновамен нашақорлыққа қарсы шаралардың кешенді жоспары бекітіліп, осы маусым айында өткізілетін болды. Айлық шеңберінде облыс аумағында жүзден астам түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырылатын болады. Іс-шараның басты мақсаты – халықтың назарын есірткінің таралуы мен қолданылу қаупіне аудару, жастардың психоактивті заттарды қолдануға деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты және қауіпсіз өмір салты дағдыларын дамыту, өз денсаулығына ұқыпты қарауды үйрету, дұрыс таңдау жасау мен өмірлік басымдықтарды белгілеуге бағыттау, – дейді Ақмола облысы Полиция департаметінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Думан Сабыржанов.
Мұнымен қоса, есірткіге қарсы айлық ортақ істе елдің әрбір азаматы өз үлесін қоса алатынын еске салуға бағытталыпты. Басқарма басшысы полиция қызметкерлерінің тек профилактикалық шаралар кезінде ғана емес кез келген уақытта азаматтарға көмек беруге ашық екенін атап өтті. Бұл орайда полиция қызметкерлері есірткі қылмыстары мен нашақорлық мәселелеріне қоғамның назарын аударуға, есірткіге қарсы күрес жүргізетін құқық қорғау органдарына деген халық сенімін арттыруға, әсіресе жастар арасында есірткіге қарсы дүниетанымды қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.
– Прокуратура үйлестіруі жанындағы Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасы қызметкерлерімен елорда мен оның айналасындағы аудандарда синтетикалық есірткі дайындайтын есірткі зертханасын ұйымдастырған тұлғалар қолға түсті. Заңсыз бизнестің ұйымдастырушысын жедел тергеу тобы Астанада құрықтады. Сонымен бірге, Целиноград ауданына қа-расты Талапкер ауылында да арнайы операция басталған еді. Мұнда тәртіп сақшылары арнайы бөлімшелер сарбаздарының қолдауымен тағы да үш бірдей оқиғаға қатысты адамдарды ұстады, – дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Талапкер ауылындағы тергеу шаралары барысында полицейлер 200 грамға жуық синтетикалық есірткі тәркілеген. Сонымен қатар тінту барысында бірнеше ұялы телефон, электронды таразылар мен есірткі құрамы бар өсімдіктер салынған ыдыстар, оларды өсіруге арналған құрылғылар мен 9,5 миллион теңгеден астам қаражат табылды. Сондай-ақ тергеушілер Астана қаласында да аса ірі көлемдегі есірткі зертханасының ұйымдастырылу фактісін анықтады. Жедел тергеу тобы синтетикалық есірткіні әзірлеуге арналған прекурсорлар мен басқа да химиялық заттарды тәрткілеп алған. Полиция аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғап, әрбір ұсталған адамдардың міндеті мен рөлін анықтауға кірісті. Тергеу кезінде барлық ұсталған адамдар қамауға алынған. Полиция есірткі бизнесіне тосқауыл қою үшін барлық тиісті шараларды жүзеге асырып, алдағы уақытта нашақорлықпен күрес бағытында жұмыстардың барынша кең көлемде жалғаса беретінін алға тартты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы