Астана қаласында түнгі ойын-сауық орындарының бірінде демалып жүрген 18 жастағы жігіт қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Олардың мәлімдеуінше, бұл дерекке қатысты тергеу жүргізіліп, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
“Полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады”, – деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Түнгі клубтардың бірінің маңында жастар арасында сөзге келіспей қалу болып, кейін жанжал төбелеске ұласқан деп болжануда.
“Салдарынан 18 жастағы азамат алған жарақаттарынан қаза тапқан. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда”, – делінген ПД хабарламасында.
