Әсіресе, әңгіме атышулы «Атырау – Астрахань» тасжолы арқылы қалаға кірер беттегі Сарыөзек ауылынан Тайманов көшесінің сақинасына дейінгі жол құрылысына қатысты болып отыр.
11 млрд теңге қаржы қайда бөлінген?
Әсіресе, жағдай желді күндері ушығады. «Құрылыс аяқталғанға дейін мердігерлер шаң-топырақты басу үшін борпылдақ топыраққа су шашса екен», – дейді тұрғындар. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңес өкілдері жол құрылыстары жүріп жатқан нысандардағы жұмыстармен танысып шықты.
Атырау қалалық мәслихатының депутаты Ақылбек Құлбарақовтың айтуынша, партияға Сарыөзек ауылы тұрғындарынан шағым көп. «Шағым осы жолға қатысты түсіп жатыр. Қазір қаржының 25 пайызы игерілген. «Жол құрылысы неге жылдам бітпейді?» – дейді тұрғындар. Жоспар бойынша бұл жол 2027 жылдың аяғына дейін салынып бітуге тиіс. Бірақ мердігер мекеме жолды 2026 жылдың аяғына дейін ерте тапсыруды жоспарлап отыр. Біздің бұл жердегі міндетіміз – қаражаттың мақсатты игеріліп, жолдың сапалы жасалуын қадағалау», – дейді ол.
Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сәрсеновтің айтуынша, қазір жұмыс кестеге сай жүруде. «Тайманов көшесінің айналма сақинасынан Сарыөзек ауылына дейінгі жолды жаңғырту жұмыстарының бас мердігері – «Қазақдорстрой» мекемесі.
«Қазіргі уақытта 5 шақырымды құрайтын жолдың сол бөлігінің екі жолағы ірі түйірлі асфальт жабындысын салу арқылы уақытша көлік қозғалысына ашылды. Қалған екі жолағында қиыршық тасты қоспа жабындысын төсеу жұмыстары жүруде. Жолдың жалпы ұзындығы – 6,4 шақырым. Жоспар бойынша құрылыс 29 айда аяқталуға тиіс. Яғни, нысан 2027 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілуі керек. Келісімшарт 2024 жылы жасақталғанымен, іс жүзінде құрылыс 2025 жылдың наурыз айында басталды. Осыған қарамастан, нысан мерзімінен бұрын қолданысқа тапсырылады. Жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын жобаның қазіргі уақытта 3 млрд теңгесі игерілді. Жол 2026 жылдың аяғына дейін тапсырылады», – деді ол.
«Қазақдорстрой» мердігер мекемесі жоба басшысының орынбасары Әсет Бектеновтің айтуынша, құрылыс басында қазіргі уақытта 50-ден астам техника жұмылдырылып, 60-тан астам жұмысшы еңбек етіп жатыр.
«Жұмыстар кестеге сай жүруде. Жұмысшылардың 90 пайызы – жергілікті мамандар. Материалдардың ішінде шебін негізінен Ақтөбеден теміржол тасымалымен жеткізілуде. Өзіміздің асфальт шығаратын зауытымыз бар. Құрылыс жүргізуде ешқандай мәселе жоқ», – дейді мердігер мекеме өкілі.
Пластикалық қалдықты жолға пайдалануға бола ма?
Рейдтен кейін депутаттар «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің отырысын өткізді. Онда өңірдегі жол құрылысы мен қауіпсіздігі, мердігер мекемелердің жауапкершілігі, жаңа технологияларды қолдану және жол қозғалысын реттейтін құралдардың уақытылы орнатылуы мәселелері талқыланды.
Өңірлік кеңестің төрағасы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Ақылбек Құлбарақов жол сапасының төмендігін сынға алды. Оның айтуынша, кейбір учаскелерде мердігерлер жұмысты талапқа сай атқармағандықтан, жолдар шұрық-тесік күйде қалып, қарапайым тұрғындар зардап шегуде.
– Жол құрылысы саласында жүйелі бақылау жоқ, жауапкершілік те біржақты. Оған халық кінәлі емес, мердігерлер мен тиісті мекемелер нақты жауап беруге тиіс, – деді А.Құлбарақов.
«ПП Автодор» ЖШС директоры Михаил Бессонов тұрмыстық пластикалық қалдықтарды қайта өңдеп, оларды полимерлі қоспаға айналдыру тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, бұл қоспа 2016 жылдан бері Қазақстанда қолданылып келеді және уақыт сынынан өткен.
– Астанада, Алматы – Астана дәлізінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы бірқатар жол жұмыстарында біздің өнімді пайдаланды. Бүгінде ол өзінің жол құрылысы үшін сапалы материал екенін дәлелдеді. Барлық шикізат – отандық, жұмысшылар да өзіміздің азаматтар. Біз экологияға да, экономикаға да үлес қосып отырмыз, – деді ол. Сонымен қатар компания мердігерлермен ашық жұмыс істеуге дайын екенін, өндірістік зертханасында ең оңтайлы құрамды әзірлеу мүмкіндігі барын айтты.
Атырау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Тілепберген Ақболатов жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өзекті проблемаларды көтерді. Оның айтуынша, жол белгілері мен таңбаларды орнатудағы кешігулер үлкен қиындық туғызып отыр. Бұрын бұл жұмыстарды қала әкімдігінің бір бөлімшесі атқарса, қазір ауылдық округтер жеке сатып алу рәсімдерін өткізуде.
– Соның салдарынан жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп маңындағы «зебралар» уақытша бояумен сызылып, аз уақытта өшіп кетеді. Оларды термопластикалық таңбамен белгілеу қажет. Жолдағы қауіпсіздік – тұрғындардың өмірі мен денсаулығының кепілі, – деді Тілепберген Ақболатов.
Жол құрылысының сапасы мен қауіпсіздігі – тек мердігерлердің емес, барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті. Орталықтандырылған жүйе арқылы жол белгілерін уақытылы орнату, мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін сапалы материалмен сызу және қысқы күтімге жеткілікті техника бөлу – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттары болып қала бермек.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы