«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) зейнеткерлік жасқа жақындаған не толған алушыларға да, Қорда зейнетақы жинағы бар, бірақ зейнет жасына жетпей марқұм болған салымшылардың/алушылардың мұрагерлеріне де зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін уақытылы жүгіну қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады, дегенмен зейнетақы төлемдерін ресімдемеген салымшылар да бар екен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жыл сайын БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірігіп БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар, бірақ олар бойынша зейнетақы төлемін алу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген зейнет жасына толған тұлғалар бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде аталған адамдарға бюджет қаражаты есебінен тағайындалған жасына байланысты және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығына салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Салыстыру нәтижелері бойынша БЖЗҚ алушыларға зейнетақы төлемдерін проактивті форматта мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырады. Яғни, зейнетақы төлемін мемлекеттік бюджеттен алатын зейнеткерлердің зейнетақы жинақтары бар болса, БЖЗҚ-дан төлемдер ала бастайды.
Статистика
01.06.2025 жылғы жағдай бойынша жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен тұлғалардың талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – шамамен 37,3 млрд теңге, бұл сома 264 695 жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) сақталған. Оның ішінде БЖЗҚ-ның мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған мәліметтеріне сәйкес:
– 148 335 адам қайтыс болған, олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлер талап ете алады;
– 59 800 адам Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетті;
– 56 560 адам жасына байланысты зейнетақыларын ресімдеу үшін Мемлекеттік корпорацияға (тұрғылықты жері бойынша ХҚКО) әлі өтініш бермеген.
Зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады?
Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтарының есебін БЖЗҚ жүргізеді, инвестициялануын жалғастырады және салымшылардың ЖЗШ-да алушылар не олардың мұрагерлері (салымшы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін сақталады.
Зейнеткер жинағынан төлем ресімдеуге өтініш берілмеген
Зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет.
Шетелге тұрақты тұруға кеткен кезде
Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және отандық заңнамаға сәйкес қажет құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар пайдалана алады.
Зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшері шегінде қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары қаражаты есебінен, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-да бар қаражатынан аспайтын мөлшерде жерлеуге біржолғы төлем жүргізіледі.
Сондай-ақ зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары түріндегі мұрагерлік мүлікті ресімдеу және мұрагерлік құқығы туралы куәлік алу үшін нотариусқа жүгінуге тиіс. Егер өтініш беру мерзімі өтіп кетсе, мұрагерлік құқығын қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет.
Зейнетақы төлемдерінің түріне және өтініш беру тәсіліне байланысты зейнетақы төлемдерін алуға қажетті құжаттардың тізімі enpf.kz сайтындағы «Қызметтер – зейнетақы төлемдері» бөлімінде жарияланған.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырады.
Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ “Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.