in

Кендебай Адамбек, Астана қаласы мәслихатының депутаты: Астана – ұлттық рухтың көрінісі

Алғашында Ақмолаға ауысу туралы шешім қабылданса, кейін атауы өзгеріп, мемлекеттік мерекеге ұласты. Еуразияның жүрегіне айналып кеткен қаламыз бүгінде әлемнің әсем астаналарынан кем емес. Заманға сай зәулім үйлері, ғажайып ғимарат­тары, түрлі түсті жанып сөнген жарнамалары елордаға ерекше сән беріп тұрғандай. Біз Астана күні қарсаңында Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Сарыбайұлымен сұхбаттастық.

– Алда келе жатқан Астана күні – мемлекеттік деңгейдегі ма­ңыз­­ды мейрам. Бұл мерекенің сіз үшін мәні мен маңызы қандай?

– Астана күні – тәуелсіз Қа­зақ­станның тарихындағы маңыз­ды мерекелердің бірі. 1997 жылы елі­міз­дің астанасы Ақмолаға көш­і­р­ілді. 1998 жылы қалаға Ас­та­­на атауы беріліп, 6 шілде ресми түрде Астана күні ретінде белгі­лен­ді. Осы уақыт аралығында жаңа елорда әлемдік деңгейдегі қалаға айналды. Мемлекетіміздің страте­гиялық, сая­си және рухани орта­лы­ғы мәр­те­бесін алды. Бұл ме­ре­ке – тек қаланың емес, тұтас мем­­­лекеттің дамуының белгісі. Сон­дықтан әрбір қазақстандық үшін Астана күнінің мәні ерекше. Се­бебі Аста­намыз тәуелсіз Қазақ­станның ертеңіне деген сенімінің сим­волы. Еліміздің ілгері дамуы мен жаңғыр­уының айқын көріні­сі.

2002 жылы жұмыс бабымен Астанаға ауысып келдім. Елорда­да, арнаулы қызметтің орталық аппаратында қызметті жалғас­тыру – әрбір офицер үшін арман. Сондықтан мен үшін Астана – ар­ман­дар орындалатын қала. 2017 жылы генерал-майор атағын ал­дым. 2005 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, 2013 жылы II дәрежелі «Айбын» ор­дені­мен және 2021 жылы II дәре­желі «Даңқ» орденімен марапат­талдым. Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының штабын 4 жыл басқарып, лаңкес­тік пен діни экстремизмнің кау­пін бейтараптандыруға, заңнама­лық өзгерістер енгізуге үлесімді қос­тым. Астанада ұлдарым ер жетіп, отбасылы болды, немере­лер сүйдім. Қызым 2005 жылы дү­ниеге келді. Биыл киберқауіп­сіздік мамандығы бойынша Астана IT университетін бітірді. 

Бұл жалғыз ғана менің отба­сым­ның тарихы, қуаныштары емес. Әр отбасында Астанамен байланыстырған армандары орындалып жатқанын білемін. 

– Астана қаласының даму қар­қынын қалай бағалар едіңіз? Соңғы жылдары қандай өзгерістер ерекше байқалады?

– Елорда жыл сайын қарқын­ды дамып келеді. Статистикаға сүй­ен­сек, бүгінде Астана тұрғын­дары­ның саны 1,5 миллионнан асады. Соңғы 5 жылда тұрғындар саны 400 мыңға өсті. Халықтың осындай өсу динамикасына сәй­кес қала инфрақұрылымы, әлеу­меттік нысандар мен тұрғын үй құрылысы да қатар дамып келеді. 2024 жылдың өзінде 3,6 млн-нан аса шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді. Қала экономика­сына 1,6 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 5,4 трлн теңгеге жетіп, 7% болды. Бұл көрсеткіштер – ел­орданың соңғы жылдары тұрақты дамуының нақты дәлелі.

Соңғы екі жылда Астана қа­ласы мәслихатының депутат­тары­ның тікелей араласуымен, Үкімет пен әкімшіліктің комму­нал­дық саладағы тың жұмыстары­на жәрдемдестік. 3-ші суды филь­тр­леу стансасы іске қосылды. Осы құрылыстың аяқталуымен қалада алдыңғы 5-7 жылға ауыз­суға деген қажеттілік шешілді.

Ондаған жылға созылған 3-ші жылу электр орталығы құрылы­сының бірінші кезегі аяқталып, іске қосылды. Онымен қоса, «Тұран» және «Оңтүстік Шығыс» су жылыту газ стансаларының алдыңғы кезегі жұмысын бастап, 5-10 жылға тұрғындарды жылу­мен қамтамасыз етуге қол жет­кіз­дік. Жыл сайын кемінде 60-70 көше­лер салынып, күрделі және күнделікті жөндеуден өтеді.

Қалаға 700-ден астам жаңа автобустар алынып, халыққа қыз­мет көрсету деңгейін көтеру­де. Мысалы, 2022 жылы елордада 35 ғана жаңа ав­то­бус алынған. 2025 жылдың ма­мыр­ында қаланың шет­кері 16 тұрғын массивіне жыл­дам интер­нет тартылып бітті. Бұл жұмыс ин­весторлардың қаржы­сына жа­сал­­ып, бюджет қаржысы үнем­делді. 

Астананы көгалдандыру, жаңа парктер мен саябақтар, қоғамдық кеңістіктер молынан ашылуда. Абаттандыру мен тазалық мәсе­лесі оң шешімін табуда. Қала көз алдымызда көркейіп, тұрғын­дар­дың өмір сүруіне жайлылық сый­лап келеді. 

– Елорда­ның қандай маңызды жетістіктерін атап өтер едіңіз?

– Астана қаласы мәслихаты­ның бюджет, экономика, өнеркә­сіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы­ның жетекшілігіндегі салалар жүйелі дамуда. Шағын және орта бизнес қала экономикасының драйв­еріне айналған. Ол елорда экономикасының 72%-ын құрай­ды. Жалпы, Қазақстан Республи­касы бойынша орташа 38,2% үл­е­ сін алып отыр. Бұл – респуб­ли­ка бойынша ең жоғарғы көр­сет­кіш. Бұнымен қоса, 244 мың­нан астам кәсіпорын күн сайын жарты мил­лионнан астам адамды жұ­мыс­пен қамтуда. Яғни, қала тұр­ғындары­ның жұмысқа жарам­ды­сының 70%-ын құрайды. 

Астана қаласы өңірдегі ірі туристік орталықтардың бірі рет­ін­де қарқынды дамып келеді. 2024 жылы Астана қаласының тур­истік секторы айтарлықтай өсім көр­сетті. Келушілер саны 2023 жыл­мен салыстырғанда 14%-­ға артып, 1,5 миллион адам­ға жетті. Бұл саланы бұдан әрі дамыту үшін биыл Astana Tourism туристік даму орталығы өз қыз­мет­ін бастады. Оның негізгі мақ­саты – халықара­лық іс-шаралар­ды елге тарту, туристік тар­тым­­ды­лық­ты арттыру және қонақтар­ға қолайлы жағдай жасау. Осы арқылы болжам бо­йын­ша 2025 жылы Астанаға ке­ле­тін туристер саны 1,7 мил­лион адамға жетеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 миллионға дейін ұлғаюы мүм­кін.

Елорданы цифрландыру ба­ғы­ты да дамып келеді. Қала тұр­ғын­дарының қауіпсіздігі үшін 1 740 нысанға 15 039 бейнебақылау камералары орнатылып, интегра­ция­ланған. Биыл тағы 14 000 бейне­бақылау камералары жаңа мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тік шеңберінде орнатылды. 

– Қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арт­тыру тікелей бюджет саясатына байланысты. Астана қаласының жылдық бюджеті қалай қалыпта­са­ды? Оның негізгі басым бағыт­тары қандай салаларды қамтиды?

– Астана қаласының жылдық бюд­жеті – бұл стратегиялық құ­жат қана емес, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тұрақ­ты­лығы мен даму қарқынының нақ­ты көрсеткіші. Бюджет қал­ып­­т­астыру процесі Қазақстан Рес­­публикасының Бюджет код­ек­сіне және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырыла­ды. Жыл басында 2025-2027 жыл­ғы қала бюджетін бекіт­тік. Ал­дың­ғы жылдардағыдай, бюд­жет­тің шамамен үштен бірі әлеуметтік салаларға, яғни әлеу­мет­тік көмек пен қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, мә­дениет және спортқа бағытталды. Ең көп шы­ғын үлесі дәстүрлі түр­­де мына салаларға тиесілі: білім беру – 365,2 млрд теңге, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы – 301,5 млрд теңге, көлік және коммуникациялар – 161,1 млрд теңге, сондай-ақ отын-энергетика кешені – 106,3 млрд теңге.

– Экономиканың бір тірегі ретінде кәсіпкерлерді жатқызамыз. Дегенмен бизнес иелері жиі түрлі кедергіге тап болып жатады. Қазір Астанадағы жергілікті кәсіп­керлер қандай негізгі қиындықтарға жиі ұшырайды? Осы мәселелерді ше­шу жолында мәслихат қандай нақты қадамдар жасап жатыр?

– Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты кәсіпкерлерге қол­­дау шараларын жүйелі жүр­гізе­ді. 2024 жылы мәслихаттың бюд­жет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөнін­дегі тұрақты комиссиясы «Астана қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелер және оларды шешудің мүмкін жолдары тура­лы» жоспарлы отырысын өткізді. Осы секторды дамытуға қатысты депутаттардан бірнеше ұсыныс әкімшілікке берілді. Атап айтсақ, олар – кәсіпкерлік инфрақұры­лы­мын жетілдіру, қаржылай қол­дау және салықтық жеңілдіктерді қамтамасыз ету, әкімшілік рәсім­дерді жеңілдету мен инновация­лық жобаларға қолдауды арттыру. Бұл бойынша ұсыныстар қазір жүзеге асып та жатыр. Екіншіден, мәслихаттың бейімді комиссиясы ұсынысымен Астана қаласының Тексеру комиссиясы да мәселені әрдайым бақылауында ұстайды. Биылғы ІІ, ІІІ тоқсанда бас қала­ның кәсіпкерлік қызметін қол­дау­ға және дамытуға бағытталған жергілікті бюджет қаражатын пай­далану тиімділігі жөнінде мем­лекеттік аудиті жоспарланған. Аудит барысында жауапты бас­қар­малар мен кәсіпкерлердің өзара әрекеттесуі, бюджет қара­жатын жұмсаудың нәтижелілігі және инвестициялық климаттың жақсартылу жағдайлары жан-жақты сарапталады. 

– Алдағы 5 жылда Астананы дамыту жоспары қандай? Сіздің ойың­ызша, қаланың қай сала­лар­ында серпіліс болуға тиіс?

– Құны 1.13 трлн теңге 329 іс-­шара­дан тұра­тын «2024-2028 жылдарға арнал­ған Астана агло­мер­а­циясын да­мы­туға арналған кешенді жос­­пар» бағдарламасын жүзеге асы­руда. Биыл «2021-2025 жыл­дарға ар­налған Астананың даму жос­пары» өз мәресіне жетеді.

Қазір Астана қаласының Эко­номика және бюджеттік жоспар­лау басқармасында құрылған жұмыс тобы аясында депутаттар, экс­перт­тер және басқа да мүдделі бас­қармалар, аудан әкімдіктерінің қатысуымен «2026-2030 жылдарға арналған Астананың даму жос­пары» жобасы дайындалуда.

Әрине, жоспар тұрғындардың әл-ауқатын және өмір сапасын көтеруге, Астананы адамдар үшін қала қағидатын ұстанып, зама­науи, бәсекеге мығым қала болуға арналады. Әлеуметтік қорғау, бі­лім, денсаулық, мәдениет, тіл, қала шеттерін дамыту, тазалық, көгаландыру, абаттандыру, қо­ғам­­дық қауіпсіздік, бизнесті да­мы­ту, өндірістің әлеуетін арттыру және тағы да маңызды мәселелер жоспарда өз орнын табады.

– Қала тек сәулетпен емес, са­на­лы азаматтарымен көркейеді. Осы тұрғыдан алғанда, елорда­мыз­ды одан әрі дамытуда қала тұрғын­дарының рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Астанаға әр тұрғын өз үйін­дей қарау керек. Әр тұрғын мас­сивінде, шағынауданда, тұрғын үй кешендерінде қоғам белсен­ді­лері бастамашыл түрде жұмыс іс­те­се, тек қана құба-құп болар еді. 

Астананың іздеушілері мен қам­қоршылары көп болса, әр жо­ба­лар мен атқарылып жатқан жұмыстар сапалы болады, бюд­жет қаражаты тиімді игеріледі. Бір­лесіп пішкен тон ешқашан келте болмайды.

– Астана күні қарсаңында қала тұрғындарына айтар қандай тіле­гіңіз бар?

– Астана тұрғындарын елі­міз­дің жүрегі, тәуелсіздігіміздің сим­волы Астана күнімен шын жүрек­тен құттықтаймын. Бүгінде бас қаламызда 1,5 миллионнан астам адам тұрады. Оның ішінде 52 па­йы­зы – әйелдер, 48 пайызы – ер аза­маттар. 14 пен 34 жас аралы­ғын­дағы жастардың үлесі жалпы халық санының 30 пайызын құрайды.

Астана қаласы – ғылым мен білімнің, мәдениет пен иннова­ция­ның ірі орталығы ретінде қал­ыптасып, қарқынды дамып келеді. Бұл қала – ел бірлігінің, тұтастығының, ұлттық рухтың нақты көрінісі.

Еліміздің болашағы жарқын болып, тәуелсіз Қазақстаны­мыз­дың көк байрағы әрқашан биікте желбірей берсін! Бас қаламыз гүлденіп, көркейе берсін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен Әсет ҚАЛИ