in

Меруерт Төлегенқызы, көркем гимнастикадан жоғары санатты бапкер: Талант – алла берген сый

Семейде басталған жол артынша Астанамен байланысқан. Қазір оның Астана қаласында 16, Алматы қаласында 3 көркем гимнастика мектебі бар. Талантты бапкердің бірнеше шәкірті биік белесті бағындырып жүр. Соның бірі – Ақмарал Ерекеш. Ол жақында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. 

– Меруерт, осыдан екі жыл бұрын сұх­баттасқанда жас таланттар өсіп жатыр деп едіңіз. Соның ішінде Ақмарал Ерекешті атап өткенсіз. Шәкіртіңіз жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. 

– Иә, біз бұл жарысқа өте жоспарлы түрде дайындалдық. Әлем чемпионатының алдында, бір ай бұрын Азия чемпионаты өтті. Сол жерде Ақмарал чемпион атанды. Азия чемпионатында бір жағынан өзімізді сынап көрдік, екінші жағынан дайындық деңгейін білуге таптырмас мүмкіндік болды. Аталған чемпионаттан кейін жаттығу бағ­дар­ламасын күрделендіріп, техника мен тактикаға көбі­рек көңіл бөлдік. Нәтиже­сінде, әлем чемпио­натын ойдағыдай өткіз­дік. Бұл – тарихи жеңіс.  Себебі бұған дейін Қазақстан әлем чемпионатында ең жоғары дегенде төртінші орынмен шектелген. Айта кетерлігі, жыл санап жаттықтырушының да, спортшының да деңгейі өсіп жатыр. Бұрын қыздар шетел­ге, соның ішінде Ресей асып дайындалатын, жеке бапкер жалдайтын. Қазір еліміздегі жаттықтыру деңгейі шетел­ден кем емес. Нәтижесін көрдіңіздер, тарихты жаңартып жатырмыз. Біз мұнымен тоқтамаймыз. «Бұ­лақ көрсең көзін аш» дегендей, талантты та­нып, оны жарыққа шығару үшін бары­мызды саламыз. 

– Жеңіс егіз дегендей, Ақмарал әлемдік брендпен келісімшартқа отырған екен. Бұл қалай болды?

– Иә, Ақмарал –  Sasaki әлемдік брен­дімен келісімшартқа отырған алғашқы шетелдік спортшы. Оның сахнадағы мінезі, еңбекқорлығы, шеберлігі көптің назарын аударды. Әсіресе, өзін-өзі ұстауы, әр нө­мірін толық алып шығуға ұмтылысы талай­ды тәнті етті. Басшылар  оның әртістік қа­бі­леті, сахнада ұшып жүргендей еркін қи­мылдауы да брендтің болмысын аша­тынын түсінді. Sasaki-дің тұңғыш рет ше­тел­дік гимнастпен келісімшартқа отыруы –  бұл қазақ спорт­шысының халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанының нақты дәлелі. Бұл жол басқа да жас спорт­шыларға шабыт бе­реді деп сенеміз. Алды­мен, аталған бренд менімен байланысқа шығып, ұсыныс білдірді. Федерацияға, басшылыққа жақсы жа­ңалықты жеткізіп, нәтижелі жұмыс еке­ніне көз жеткіздім. Одан кейін Ақмаралдың өзіне хабарладым. Ал алғашында не сенерін, не сенбесін білмеді. Біз де шәкіртіміздің қуанышына барынша ортақтасуға тырыстық.

– Ал Ақмаралдың ең алғаш залға келгені есіңізде ме? 

– Әрине, есімде. Ақмаралдың  алғаш рет жаттығуға келген сәті әлі күнге дейін көз алдымда тұрады. Осы тұста қызық факт айтайын. Менің бапкер ретінде бірнеше ережем бар. Соның бірі тым ерте жастан, яғни 3-4 жастан қыздарды жаттығуға алмай­мын. Бірақ Ақмаралды төрт жасынан қа­тарға қостым. Әлі күнге басқасына мұндай «жеңілдік» жасағаным жоқ. Есептесем, жаттықтырып келе жатқаныма 11 жыл бо­лып­ты. Ол алғаш келгенде-ақ мені бірден баурап алды, таңғалдырды. Бойында спортқа деген үлкен махаббат барын байқадым. Көзі күлімдеп, «нәтижеге жетпей қоймаймын» дегендей болды. Баланы жарқын болашақ күтіп тұрғанын түсіндім. Түсіндім де, оны осы бекзат спортқа баули бастадым. Жаттығуға  жауапкершілікпен қарайтыны, барынша тыңдап, ұғып, табан­ды дайындығы бірден байқалды. Ақмаралды қатардағы шәкірт ретінде қабылдамадым. Оның нәтиже шығаратынына, елімізді халықаралық арена­да танытатынына, өзіндік қолтаңбасы бар гимнаст боларына сендім. Содан ба осындай сұхбат кезінде «Кімнен үміт күтесіз?» дейтін сұраққа ойланбастан Ақмаралды қосатын­мын. Айтқаным айдай келіп, ол өзінің де, менің де, ата-анасының да үмітін ақтады. 

Жаттықтырушы ретінде мен үшін ең маңыздысы –  баланың ішкі мүмкіндігін, болашағын ертерек танып-білу. Ақмаралдың бойындағы талантты  алғашқы күндерден-ақ байқадым. Тапсырма берсең, оны бар ынтасымен орындауға тырысатын. Бір нәрсені бір көрсетсең, тез қағып алатын. Бұл  гимнастшы үшін керек қабілет. Соны­мен қатар жарыста өзін қалай ұстайтыны да маңызды. Ақмарал алғаш қатысқан жергілікті жарыстарда-ақ толқымай, сенімді өнер көрсетті. Сол кезде оның үлкен сахнаға да­йын екенін байқадым. Жеңіске жетуге деген құлшынысы, еңбекқорлығы мен сабырлығы –  оның басты қасиеті. Талант – Алла берген сый, ал оны дамыту үшін еңбек пен тәртіп керек. Ал Ақмаралда осының бәрі бар. 

– Естуімізше, көпке ұнаған «Чаплин» нөмірін дайындауды сіз ұсыныпсыз. Осы музыка Ақмаралды бейнелейтіндей көріне ме? 

– Ақмаралдың болмысына, әртістік қа­білетіне қарап «Чаплин» нөмірін дайындауды ұсындым. Аталған музыка мен образды бекер таңдамадым. Өйткені оның берілген тапсырманы толық орындап, нөмірге өзіндік өрнек қоса алатынын білдім. Ол эмоцияға толы бейнесімен көрерменнің жүрегін жаулап алады. Оның нөмірін бір рет көрген адам келесіде жазбай танитын болады.   Сондықтан Чарли Чаплин сияқты бүкіл әлемге танымал, әрі эмоцияға бай образ оған дәл келеді деп түйдім. Нәтиже­сінде, күткен­дей-ақ ол бұл образды керемет жеткізе білді. Ал обручқа «Рух» атты  әнді таңдап алдық. Бұл –  біздің патриоттық рухымызды, ұлттық болмысымызды көрсету үшін арнайы жасалған шешім. Мен Ақмарал арқылы қазақтың мәдениетін, рухын көрсетуге тырыстым. Бұл композиция көрермендерге де ерекше әсер етті. Өзі де барын ортаға салып, жоғары деңгейде орындап шықты. 

– Шәкіртіңіз гимнастикадағы төрт құралмен де еркін өнер көрсете ме? 

– Біздің басты бағытымыз –  көпсайыс. Сондықтан гимнастшы барлық төрт құралмен де еркін әрі сапалы өнер көрсете білуі керек. Егер белгілі бір құралда еркін көсіле алмай жатса, онда жаттығу барысында сол құралға баса назар аударамыз. Арнайы уақыт бөліп, шеберлігін шыңдауға тыры­самыз. Ақмарал –  жан-жақты спортшы, барлық құралмен жақсы жұмыс істейді. Бірақ  оның ең сүйікті құралы таспа екенін анық білемін. Аталған құрал көркем гимнастикада ең күрделі құрал санатында. Өйткені оны игеру кезінде қозғалыс дәл­дігімен қатар, ырғақ, пластика және әртістік шеберлік те  өте маңызды. Сондықтан  Ақмаралдың таспамен көрсететін бағдар­ламасы – оның көзірі. Көрерменнің есінде қалатын, әсерлі шығатын нөмірдің бірі. Байқағаным, ол таспамен өнер көрсеткенде залда тыныштық орнап, бәрі бір сәтке сол образға еніп кетеді. Бұл –  нағыз шеберлік пен артистизмнің белгісі.

– Жанкүйерлер Ақмаралдан ендігіде бұдан да үлкен жетістік күтеді. Осы қысымға дайынcыздар ма?

– Иә, жанкүйерлердің үміті мен күткені –  біз үшін үлкен жауапкершілік. Әрине, бұл белгілі бір қысым тудыратыны рас. Бірақ  сол қысымды дұрыс қабылдап, мотивация ретінде қолдануға тырысамыз. Ақмаралдың өзі де өте саналы, ішкі дайындығы мықты спортшы. Біз жеткен жетістікпен тоқтап қалмаймыз, әрі қарай да жұмыс істей береміз. Ең бастысы –  жаттығуда шеберлікті шыңдау. Егер күнделікті дайындықта бәрі сапалы болса, онда ешқандай сыртқы фактор кедергі бола алмайды. 

– Алда қандай жоспарыңыз бар? Ақ­маралды қандай жарыс күтіп тұр?

– Кез келген спортшының биігі – Олимпиада ойындары. Ақмарал да сол жолда тер төгіп, жетістікке жеткісі келеді. Әлия Юсупованың Пекин Олимпиадасында көрсеткен жарқын өнері ел есінде. Оның үстіне Ресейдің «сен тұр, мен атайын» дейтін қыздарымен терезесі тең өнер көрсетуі – шеберлік. Қазір бәсеке тіптен жоғары. Ақ­марал да, мен де Олимпия биігін бағын­дыр­сақ, еліміздің көркем гимнастика тарихына елеулі өзгеріс әкелсек дейміз. Жаттықтырушы ретінде қыздарды барынша бекзат өнерге баулып, қанатын кең жаюына серпін берсем деймін. Айта кету керек, ел ішінде де бәсеке жыл санап артып келеді. Көркем гимнас­тикаға қызығушылық жоғары. Болашақта талайға таңдай қақтырар өрендер шыға­тынына сенемін. Әр бапкер әлем мойындар шәкірт тәрбиелегісі келетіні тағы бар. Қазір Шым­кентте ғана көркем гимнастика үшін бар жағдай жасалған орталық бар. Сондай орталықтың Астанада да ашылса деймін.  Көркем гимнастшылардың «Барыс Арена­ға» ұқсас биік әрі кең залда дайындалып жүр­генін қалаймын. 

 

Сұхбаттасқан

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ