in

Мәулен Әшімбаев: Ұлттық құрылтай тарих тағылымы мен жарқын болашақты байланыстырады

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың “TURKISTAN” халықаралық газетінде “Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы” атты мақаласы жарияланды. 

Мақалада Ұлттық құрылтай жайлы айтылды.

ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту 2050 жылдарға көздеген бұлыңғыр меже емес,  ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге бола­тын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отба­сы­ны ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақ­мер­зімді даму перспективаларына деген ор­тақ көзқарас байланыстыруы шарт. Ал мұ­ны тек ұлттық диалог арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Халық үніне құлақ асатын мем­лекеттің жаңа институты – «тарих тағы­лымы мен жарқын болашақты» тоғыс­тыра­тын Ұлттық құрылтай дәл осы мақсатпен құрылды.

Ұлттық құрылтайдың 2022 жылғы мау­сымда өткен тарихи I отырысын­да ұлттық жаңғырудың негізі қаланды. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту», деп, жаңа алаңның рөлін айқындап берді. Осы­лайша, ұлтымызға ұя болған қасиетті Ұлытау төрінде, қазақ хандарының атасы Жошы хан кесенесінің іргесінде тамырын тереңге жай­ған мемлекеттілігіміздің жаңа дәуірі бас­тал­д­ы деуге толық негіз бар.

Қазақтың мәдени және тарихи дәс­түрі­нен бастау алатын Ұлттық құрылтайдың фор­маты дала демократиясы институтының мә­нін жаңғыртып қана қоймай, халықтың тарихи жадына, ғасырлар бойы сақталған әдет-ғұрпына табан тірейді. Мұның мәні тереңде жатыр. Бұл даңқты тарихты еске алу үшін жасалып жатқан символикалық шара емес. Ол – болашақтың келбетіне ұлы тарих арқылы қарауға мүмкіндік беретін қадам, – деп жазды Сенат Төрағасы