in

Перизат Қайрат туған күнін түрмеде қарсы алды

3,5 миллиард теңгені жымқырды деген айыппен тергеліп жатқан белгілі белсенді әрі кәсіпкер Перизат Қайрат 34 жасын тергеу изоляторында қарсы алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Todayinfo.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір кездері жарқыраған бриллианттары мен бренд киімдерімен жұртқа танылған Перизат былтыр ғана Англиядағы Кембридж университетінің магистратурасына түскенін жариялап, көп өтпей ұсталған еді.

Прокуратураның мәліметінше, ол мүгедек балаларға, табиғи апаттар мен соғыс зардабын тартқандарға көмектесу ниетімен ақша жинап, 3,5 млрд теңгеден астам қаражатты жеке пайдасына жұмсаған. Қылмыстық іске Перизат Қайратпен бірге оның анасы Ғайни Алашбаева да тартылған. Қазіргі уақытта олардың ісі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданғанымен, алғашқы сот отырысының уақыты әзірге белгісіз.

Айта кетейік, тергеу материалдарының көлемі 109 томнан тұрады. Бұл –  Қазақстанда сирек кездесетін аса ірі алаяқтық ісінің бірі.

Перизат Қайрат 2021 жылы қайырымдылық қорын құрып, қысқа уақыт ішінде сенімге ие болған. Алайда құқық қорғау органдары оның бұл қорды қарапайым халықтың сенімін пайдаланып, ақша жымқыру үшін қолданғанын анықтаған.

2024 жылдың қарашасында қамауға алынған Перизаттың жақын туыстары мен достары да бұл қаржылық схемаларға тартылғаны анықталған. Олар ақшаны қолма-қолға айналдырып, қызметтері үшін сыйақы алған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, жымқырылған қаржының бір бөлігі Перизаттың гүл салонын сатып алуына жұмсалған. Ол өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, заңсыз қаражатты бизнес арқылы ақтап алмақ болған.

Сот отырысында Перизат Қайраттың мүлкі тәркіленіп, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Жәбірленушілер саны әлі нақтыланбағанымен, арасында қор жұмысына сеніп, ірі сомада қаржы аударған азаматтар бар. Олардың кейбірінің құқығын прокуратура қорғауға кіріскен.

2024 жылдың желтоқсанында Перизат Қайрат басқарған «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қоры ресми түрде таратылды. Ал Перизаттың өзі кінәсін мойындаудан бас тартуда.

Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат бірнеше рет тұрмыс құрған. Араб елдерінің шейхтарымен де байланысы болған деген ақпарат бар. Бірақ баласы жоқ. Бүгінде ол уақытша ұстау изоляторында тергеу амалдарын күтіп отыр.