in

«Пәтер емес, қора»: бір бөлмеде 139 қоян өсірген тұрғынды полиция алып кетті

Жалғызбасты әйел бір бөлмелі пәтерде 139 қоян асыраған. Көршілері сасық иіске уланып отыр. Бұл туралы Aikyn.kz  КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сасық иіске тұншыққан, ашуға булыққан жұрттың жалғызбасты көрші әйелге өкпесі қара қазандай. Үш жылдан бері аядай жерге қоян бағады. Сәйкесінше, тазалық атаулы мүлдем жоқ. Соның салдарынан ауланы сасық иіс басып қалған. 

Көрші Сәуле Нұртазина: «Тазалық жоқ. Бәріміз ауырып жатырмыз. Мен өзім аллергия болдым. Жоғарғыда тұратындар астмамен ауырады. Балалар түгел ауру. Үш жылдан бері бәріміз ауырып қалдық. Үш жыл бойы сөйлестік. Бізден қашады. Есігін ашпайды», – деді.

Көршісі Гүлмира Дүйсебаева: «Аша алмаймыз, кіре алмаймыз. Сондай жағдайға жеттік. Кеше кілтін жоғалтып алып, учаскелік полицейді өзі шақырған екен. Біз ол жақта 15-30 қоян бар десек, екі тотықұсын қосқанда, өлгендерін қоса санағанда 139 қоян болған», – дейді. 

Мүңкіген иісті айтып көршілердің арызданып бармаған жері жоқ. Осы уақытта қоян басы артпаса, азаймаған. Сорақысы — қояндармен бірге оның өлексесі де үйдің ішінде жатыр. Шығарылмаған қоқыс өз алдына. Ақыры іске полицейлер араласып, қояндарды алып кетті. Жүйке жүйесінде ақауы бар үй иесі ауруханаға жөнелтілді. 

Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Оқиға орнына барғанда аталған пәтерде үй жануарларының көп мөлшерде және тиісті талаптарға сай келмейтін жағдайда ұсталып жатқаны белгілі болды. Бұл жағдай санитария-эпидемиология қаупіне қатер төндірген. Әкімдік, медициналық қызмет өкілдері және еріктілердің қатысуымен кешенді жұмыс жүргізілді, пәтер иесі медициналық көмек көрсету үшін дәрігерге тапсырылды», – деді.