Үкімет бұл мақсаттың үдесінен шығар-шықпасы уақыттың еншісінде, бірақ дәл қазір ақпарат алаңынан кәсіпкерлердің нәсібі саудаға салынып жатқанын анық көруге болады. Түйткілдің түбі – жақында жарияланған жеңілдетілген декларацияға енетін қызмет түрлерінің тізімі. Қоғамда қызу талқыға түскен бұл «шок тізімге» бизнес-қауымдастық теріс көзқарас танытып отыр. Ал кей сарапшылар жаңа кодекс жұмыссыз жандардың қатарын көбейтуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда.
Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі аясында арнайы салық режиміне (АСР) қатысты маңызды құжаттарды көпшілік талқысына шығарды. Бұл өзгерістер шағын бизнеске қалай әсер етеді?
Басты жаңалық – енді жеңілдетілген декларация негізінде АСР-ді кез келген салада қолдана алмайсыз. Үкімет нақты тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін бекітті. Жаңа талап бойынша, табысы 2,3 млрд теңгеден асатын компаниялар, ірі заңды тұлғалар, құрылыс пен өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, телекоммуникация, қаржы мен сақтандыру, көтерме сауда сияқты салалар жеңілдетілген режимнен шығады. Қысқасы, ірі бизнеске жеңілдік жоқ.
Ал шағын кәсіп иелері үшін мүмкіндік сақталады. Жеңілдетілген салық режимі тұрмыстық қызмет, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану, тасымал, медицина, білім беру, мәдениет пен спорт секілді халыққа тікелей қызмет көрсететін салаларға қалады. Яғни, B2C бағыттағы шағын бизнес өз жұмысын бұрынғыдай жалғастыра алады.
Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін де жеңілдік қарастырылған. Жұмысшысы жоқ, айына 300 АЕК-тен аспайтын табыс табатын азаматтар аяқкиім жөндеуден бастап, такси қызметіне дейін 46 түрлі бағытта АСР қолдана алады.
Бастаманың басты мақсаты
Бұл өзгерістердің астарында не жатыр? Үкіметтің уәжі – салықтық әділдікті қамтамасыз ету. Бұған дейін ірі компаниялар салықтық жеңілдетуді теріс пайдаланып, артықшылыққа ие болған. Енді әкімшілендіру күшейіп, салық жүктемесі әділ бөлінбек.
Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжай қарапайым кәсіп иелері үшін алаңдайтын себеп жоқ деген пікірде. Өйткені нақты өзгерістердің көбі В2В сегментіне, яғни бизнеспен тікелей жұмыс жасайтын субъектілерге арналған.
– Арнайы салықтық режим халыққа тікелей қызмет көрсететін шағын кәсіп иелеріне сол күйінде қала береді. Яғни, үйдің жанындағы дүкен, шаштараз, тігінші, шағын асхана немесе дәмхана сияқты тұрмысқа қажетті қызмет түрлері бұрынғыдай жұмыс істей береді. Оларға алаңдаудың еш қажеті жоқ. Ең үлкен өзгерістер ірі бизнеске қатысты болып отыр. Біз «B2B» деп атайтын, яғни ірі компаниялармен тікелей жұмыс істейтін кәсіп түрлері арнайы режимнен шығарылды. Неге? Өйткені ірі бизнес салықтан жалтарудың айла-шарғысын осы жерден тапты: өздерінің үлкен кәсіпорнын бірнеше шағын кәсіпорынға бөліп, барлық айналымын жеңілдетілген режим арқылы өткізіп келді. Мұның барлығы, шын мәнінде, мемлекеттің бюджетіне түсетін қаржыны азайтып отырды. Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – дәл осы әділетсіздіктің жолын кесу, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, халыққа қызмет көрсетіп отырған шағын бизнес үшін ешқандай өзгеріс жоқ. Олар бұрынғыдай салықтық жеңілдікпен жұмыс істей береді.
– Бірақ бұл жерде тағы бір мәселе бар. Қазір ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) тізімі бойынша ел арасында әлі де түсіндіру жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілген жоқ. Кейбір қарапайым азаматтар «Арнайы салық режимі түгелімен жойылып кетті» деп ойлап, қате түсініп жүр. Бұл әрине шындыққа жанаспайды. Сондықтан бізге түсіндіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлу керек. Әрбір азамат нақты қай салада, қай кәсіп түрінде жеңілдетілген режим сақталатынын білуге тиіс. Өйткені бұл – тек кәсіпкерлердің емес, халықтың күнделікті өміріне, бағасына, тұрмысына әсер ететін мәселе, – дейді Айбар Олжай.
Ал экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, үкіметтің қазіргі ұсынысы тиімді, десе де тәуекелі жоқ емес.
– Үкіметтің негізгі ұстанымы – В2С сегментін сақтап, В2В-ны жалпы режимге көшіру. Бұл логика бойынша халыққа тікелей қызмет көрсететін кәсіпкерлерге жеңілдік қалдырып, ірі бизнеске толық салық төлеу міндетін қою – бюджетке тиімді шешім. Дегенмен әділдік тұрғысынан қарағанда, В2С пен В2В арасындағы бұл шекара әрдайым айқын емес. Сондықтан талқылаудағы тізімнен шығып қалған қызмет түрлерін қайта енгізу мүмкіндігі әлі бар. Ол үшін кәсіпкерлер өз жұмыстарын дәлелдеп, В2С бағытында екендігін, жалпы режимге көшкенде бағалардың күрт өсуі мен жұмыс орындарының қысқаруы мүмкін екенін, салықтан жалтару қаупінің жоқ екенін нақты көрсетуге тиіс. Біріккен ұсыныстарды салықтық қауымдастықтар арқылы енгізу де тиімді жол, – дейді ол.
Дегенмен бұл өзгерістер кейбір шағын өндірушілер мен көтерме сатушыларға ауыр тиюі мүмкін екенін маман жоққа шығармайды. Себебі әкімшілік шығындар өсіп, кей кәсіпорындар көлеңкеге кету қаупімен бетпе-бет келеді.
– Жаңа салық реформасы көптеген кәсіпкерлер үшін ауыр сын болары сөзсіз. Есеп-қисап күрделеніп, ҚҚС төлеу, бухгалтерлік шығындардың өсуі – бәрі қосарланған жүк. Дегенмен дүкен, кафе, асхана сияқты қарапайым халыққа қызмет көрсететін шағын кәсіпкерлер – В2С сегментіндегі кәсіпорындар – бұл өзгерісті аса қатты сезбеуі мүмкін. Алғашқы жобада 1100 ЭҚЖЖ-нің 990-ына тыйым салынғаны кәсіпкер қауымында алаңдаушылық тудырғаны жасырын емес. Қорытынды нұсқада бұл тізім қысқарып, тек 795 ЭҚЖЖ қамтылған. Тіпті, кей кәсіпкерлер АСР толық жойыла ма деп қауіптенуде. Бұл күдік тегін емес. Себебі экономикалық шығындардың нақты мөлшері әлі белгісіз, жалпы режимге көшкенде, қандай төлемдер мен жаңа үрдістер пайда болатыны түсініксіз. Әкімшілік шығындардың ұлғаюы, транзиттік шығындар, түсіндірудің жеткіліксіздігі – барлығы да кәсіпкерлерді алаңдатып отыр. Үкіметтің мақсаты – үлкен бизнес толық салық төлеуін қамтамасыз ету. Бірақ асығыстық пен түсіндірудің әлсіздігі кәсіпкерлердің алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Сондықтан нақты жеңілдіктер мен өтпелі кезеңдер берілмесе, бұл жаңалық шағын бизнес үшін ауыр сынаққа айналуы әбден мүмкін, – дейді ол.
«Жеңілдік» кімге бұйырады?
Расымен де, кәсіпкерлер тарапынан әлі де қойылар сауал көп. Қосымша есептілік, ҚҚС тіркеуі, бухгалтер жалдау сияқты шығындар шағын бизнестің мойнына түсуі мүмкін. Бағаның қымбаттауы да ықтимал. Әйтсе де, шенеуніктер бұрынғы ережелердің ескіріп, заманауи экономикалық қатынастарға сай келмейтінін қалқан етіп отыр. Әсіресе, «көлеңкелі экономиканың ұлғаюы, салықтан жалтару фактілерінің көбеюі жүйенің әлсіз тұстарын айқын көрсетеді», – дейді олар. Бұл – мемлекетке де, бизнеске де тиімсіз жағдай. Мемлекет бюджетке тиесілі түсімдерді жоғалтады, ал адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер әділетсіз бәсекелестікке тап болады.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, алдын ала жасалған есептеулер бойынша жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі елдегі барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына қолданылады. Енді бұл режиммен жеке тұлғаларға бөлшек сауда қызметін көрсететін кәсіпкерлер ғана жұмыс істей алады. Заңды тұлғалармен жұмыс істейтін компаниялар толыққанды бухгалтерлік есеп пен шегерім қолданылуы қажет жалпы салық салу режимімен жұмыс істейді.
– Аталмыш тізімге бизнеске арналған тауар өндіріп, қызмет көрсететін сала кіреді. Бұл саладағы жиынтық айналымның 76%-дан астамы жалпыға бірдей режимді қолданатын салық төлеушілермен жасалатын мәмілеге жатады, – деді Серік Жұманғарин.
Бұл – өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар, 2 мың шаршы метрден асатын алаңдардағы көтерме және ірі бөлшек сауда кәсіпорындары. Шектеу телекоммуникация, интернет және IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, консалтинг, кәсіби және агенттік, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер секторына қолданылады.
Атап өтілгендей, жекелеген секторларда мұндай операциялардың үлесі іс жүзінде 100%-ға жетеді: құрылыста – 99,9%, жер қойнауын пайдалануда – 98,7%, көлік пен қоймада – 96,7%. Бұл сандар бүгінде жеңілдетілген режимнің едәуір бөлігін шағын бизнес емес, экономиканың үлкен сегментіне біріктірілген ірі компаниялар қолданатынын айқын көрсетеді.
– Жалпы алғанда, сөз экономикалық қызметтің 700-ден астам түрі туралы болып отыр. Бұл барлық ЭҚЖЖ-нің шамамен 70%-ы. Алайда салық төлеушілер тұрғысынан алсақ, жеңілдетілген режимге тыйым салу кәсіпорындардың шамамен 30%-на ғана әсер етеді, – деді ол.
Жеңілдетілген салық режимі сақталатын екінші топта бизнестің 300-ден астам түрі бар. Олардың қатарында 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда алаңдарындағы бөлшек сауда, дәріханалар, қоғамдық тамақтану нысандары, қонақ үйлер, тұрғын үй мен көлікті жалға алу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, жолаушылар тасымалы, балабақшалар мен үйірмелер, медициналық және әлеуметтік қызметтер бар. Тізімге халыққа қажет тұрмыстық және құрылыс қызметі, креативті индустрияның жекелеген түрлері, мәдени және спорттық нысандар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кіреді.
Осылайша, алдын ала бағалаулар бойынша жеңілдетілген режимді қолдану барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ы үшін сақталады. Бұл дегеніміз, тұрғындарға бағдарланған шағын бизнестің негізгі бөлігі жеңілдетілген салық режимін пайдалануды жалғастырады дегенді білдіреді. Ал ірі және жүйелік қызмет жалпы белгіленген режимге ауысады.
Бұған дейін вице-министр Ержан Біржанов бүгінде салық декларациясын тапсырмайтын немесе айналымын көрсетпейтін кәсіпкерлердің көптігін айтқан болатын: «2 миллион жеке кәсіпкердің 44 пайызы мүлде айналым көрсетпейді немесе декларация өткізбейді. Яғни, 1 миллионға жуық ИП көлеңкеде отыр. Ал барлық бизнес субъектілерінің ішінде жылына 1 миллион теңгеден көп салық төлейтіндері – небәрі 20 пайыз. Қалған 80 пайызы төлемейді».
Бұл сөздерді кассалық аппараттардың мәліметтері де дәлелдейді: елдегі 400 мыңнан астам құрылғы мүлде чек бермейді, тағы 260 мыңы күніне бір ғана чек соғады.
Сондай-ақ ол 2026 жылдан бастап тұрғын үйді сату мен жалға берудегі ҚҚС-тан босату жеңілдігі алынып тасталатынын мәлімдеді. Дегенмен ішкі туризмге, отандық кітап баспасына және археологиялық жұмыстарға жеңілдіктер сақталады.
Тартысты кодекстің тәуекелді тұсы бар
Баспа ісі демекші, депутаттар талқылау кезінде де осы мәселеге назар аударып, «16 пайыздық ҚҚС медиаға ауыр тиеді» дегенді ашық айтты. Үкімет жағы болса, салықтық база кеңеюге тиіс деген уәжін алға тартты. Бірақ қарапайым арифметика көрсетіп отырғандай, мұндай өсім газет-журналдардың шығынын арттырып, табысы шамалы редакциялардың жабылуына алып келеді. Экономист Бауыржан Ысқақов салық нормаларындағы теңсіздік әсерінен баспа басылымдарының нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі әлсіреуі мүмкін деген долбар айтты.
– Келер жылдан бастап бұқаралық ақпарат құралының бірі – газет өз өнімін жазылым арқылы таратса немесе дүкен сөресіне қойса – 10 пайыз ҚҚС төлейді. Ал сол газеттің тіршілігін ұстап тұрған басты екі нәрсе – баспа шығыны мен жарнамаға келгенде – салық бірден 16 пайызға көтеріледі. Енді логикаға салсақ, мұндай жүйе газетке дем берудің орнына, оны тұншықтыруға жақын. Өйткені бұл БАҚ-тың негізгі табысы жазылымнан емес, дәл сол жарнамадан түседі, ал басты шығыны – типографиялық шығындар. Егер бұл қызмет түрлеріне ауыр салық салынса, онда редакцияның табысы қысқарып, жаңа жобаларға да, журналистердің еңбекақысына да қаржы жетпейді. Осындай теңсіздік салдарынан ақпарат құралдарының аяғына тұсау салынып, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі әлсірей түспек, – дейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының үніне құлақ аспаған Үкімет мына жайтты да назарынан тыс қалдырғандай. Бұл да «Арнайы салық режимінің» айналасындағы дау. Аталмыш режим тегінде шағын кәсіпкерлерге күрделі есеп-қисапсыз жұмыс істеуге, қызметін заңды түрде жүргізуге мүмкіндік береді, қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпкер мен мемлекет арасындағы сенімді көпір іспетті. Сондықтан да көптеген кәсіпкер бұл режимнен айырылмауға амал етуде.
Мәселен, өткен апта соңында ақпарат алаңында ірі ритейлерлік компаниялардың бірі қол қойған хат жарияланды. Онда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап компания «жеңілдетілген режимде» қалғандармен әріптестікті тоқтататыны айтылған. «Ынтымақтастықты жалғастыру үшін жалпыға бірдей салық режиміне өтулеріңізді сұраймыз», – делінген онда. ШОБ өкілдері «жеңілдетілген режимде» қала береді деп сендірген шенеуніктер бұл шешімнің мұндай салдарын әсте ескермеген болар деп топшылаймыз. Бірақ ресми тұрғыда «қалаған кәсіпкер жеңілдетілген режимде қала алады» деп ақталған үкімет ірі сауда желілері өнімін қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлерге қандай жауап айтар екен?!
Бұл жерде бар кінәні ритейлерлерге арта салуға болады, алайда кәсіпкер әрі блогер Ержан Есімхановтың айтуынша, ритейлерлер «жеңілдетілген режимде» қалғандармен жұмыс істесе, өздері орасан салық төлейді. Қазір ірі сауда желілері өздерінің жеткізушілеріне хабарламалар жіберіп жатыр. Бұл жеткізушілердің көбі – жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін компаниялар. Сауда желілері оларды келесі жылдан бастап жалпыға бірдей салық режиміне көшуге шақыруда. Бұл жеткізушілер – жүздеген, бәлкім мыңдаған шағын компания, олар тауар сатып, қызмет көрсетіп отыр. Сауда желілерін кінәлауға болмайды. Себебі жаңа жылдан бастап салық реформасының аясында жаңа ереже күшіне енеді.
– Мысалы, ірі компания бар делік, оған жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін кәсіпкер тауар жеткізеді немесе қызмет көрсетеді. Ең қарапайым мысал – компания жеке тұлғадан ғимарат жалға алады. Бұрын мұндай шығындар корпоративтік табыс салығын (20%) есептегенде шегерімге жатқызылатын. Ал жаңа жылдан бастап ондайға тыйым салынады. Себебі қазір бір ірі ЖШС жеткізушіден (жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін ЖК) тауарды 100 долларға алады, оны 110-ға сатады. Салықты тек 10 доллар пайдадан төлейді. Ал енді жаңа жылдан бастап салықты бүкіл 110 доллардан төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан ірі компаниялар үшін жеңілдетілген режимдегілермен жұмыс істеу тиімсіз болып қалады. Нәтижесінде, олар ондай жеткізушілермен жұмыс істеуден бас тартады. Егер сіз жеңілдетілген салық жүйесінде болсаңыз да, алдыңғы қатарлы клиенттеріңіз – корпоративтік табыс салығын төлейтін ірі компаниялар болса, онда сізге қауіп бар. Яғни, олармен жұмыс істеуіңіз қиындауы мүмкін, – дейді Ержан Есімханов.
Кәсіпкердің сөзінше, Үкімет АСР-ді салықтан жалтару үшін пайдаланғандармен күресемін деп, адал жұмыс істегендер де зардабын тигізіп отыр.
– Яғни, «Жағамен бірге жайын кеткендей» болды. Ал бұл қарапайым жеткізушілер неге жалпы режимге өтпейді дегенге тоқталайық. Жеңілдетілген режимде салық мөлшерлемесі – айналымнан 4%. Ал жалпы режимде – 10%. Егер табыс белгілі бір шектен асса, қосымша 16% ҚҚС төлеу керек болады. Оның үстіне, есеп жүргізу үшін әр кәсіпкерге бухгалтер жалдауға тура келеді, ол да қосымша шығын. Көптеген шағын кәсіпорындар үшін бұл өте ауыр, – дейді кәсіпкер.
Себебі Үлкен компаниялар әдетте ҚҚС төлегенде, өздері басқа жеткізушілерден сатып алған тауарлары мен қызметтерінен төленген ҚҚС-ты «шегерімге» қоя алады. Яғни, мемлекетке барлық 16%-ды емес, тек «таза айырмасын» төлейді. Ал шағын кәсіпкерлерде ондай мүмкіндік болмайды, өйткені олардың шығындарында «шегерімге» қоятын ҚҚС жоқ. Сондықтан олар үшін 16% ҚҚС толығымен таза шығын болып шығады. Басқаша айтқанда, бұл салық айналымнан (жалпы табыстан) алынып отырған сияқты әсер береді. Ержан Есімханов бұл елеусіз қалған жайттың әрбір азаматтың қалтасына қалай соққы болатынын да тәптіштеп түсіндіріп берді.
– Енді сауда желілеріне тауар жеткізуді жалғастырғысы келетін кәсіпкерлер амалсыз жалпы режимге өтіп, кейін ҚҚС-қа тіркеледі. Бұл олардың салық жүктемесін көбейтіп, шығынын арттырады. Шығынды жабу үшін олар бағаны көтереді, сауда желілері де солай жасайды. Соның ақыры, барлық ауыртпалық тұтынушыға, яғни әрқайсысымызға түседі, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, салық жүйесіндегі өзгерістер – мемлекет қаржысын толықтыру және теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған ірі қадам. Дегенмен реформаның толық әсері әлі де белгісіз. Бұл реформа адал кәсіпкерлікті қолдау мен бюджет түсімін арттыруға бағытталса да, оның іске асуы нақты түсіндіру мен өтпелі кезеңдерді қажет етеді. Әйтпесе, «оң» дегеніміз олай болмай шығып, бизнеске ғана емес бәрімізге де «орынсыз жерден пышақ ұрғандай» болуы ғажап емес.
Кәмила ДҮЙСЕН