in

Стандартталмаған тауарлармен биржалық мәмілелер жасауға жол берілмейді

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының «Тауар биржалары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер күшіне енеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл өзгерістерге сәйкес стандартталмаған тауарлар биржалық саудадан алынып тасталып, стандартты аукцион режимі жойылады.

Аталған өзгерістер биржалық сауданы тек бірыңғай стандартталған, биржалық тауарлар тізбесіне және (немесе) әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлармен ұйымдастыруды көздейді. Бұл сауданың ашықтығын қамтамасыз етіп, шикізат тауарлары бағасының қалыптасуын бақылау тиімділігін арттырады.

Барлық сауда тек қосарланған қарама-қарсы анонимді аукцион режимінде жүргізілетін болады. Бұл бағаға манипуляция жасау мүмкіндігін болдырмайды және бәсекелестікті арттырады.

Өзгерістер күшіне енген сәттен бастап тауар биржалары арқылы стандартталмаған тауарлармен биржалық мәмілелер жасауға жол берілмейді.

Сауда және интеграция министрлігі нарық қатысушыларын аталған өзгерістерді өз қызметтерінде алдын ала ескеруге және қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамада көзделген балама мәміле жасау тәсілдеріне көшуді қарастыруға шақырады.

Бұл ретте, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатын жер қойнауын пайдаланушылар үшін стандартталмаған тауарларды сатып алу «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік ақпараттық жүйесі жүйесінде қолжетімді болады.

Еске салайық, 2024 жылғы 31 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауда және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.