in

Таңғы асты кейінге қалдырмау керек: пайдалы кеңестер

Таңғы ас – ағзаны күні бойғы энергиямен қамтамасыз ететін ең маңызды тағам. Мамандардың айтуынша, таңғы ас ішу – тек әдет емес, денсаулыққа оң әсер ететін өмір салты. Aikyn.kz сайты пайдалы таңғы ас түрлері мен оны дұрыс тұтыну жөнінде кеңес береді.

Ең пайдалы таңғы ас түрлері

Сұлы жармасы

Бұл жеңіл қорытылады әрі жүрекке пайдалы тағам. Сұлы жармасы қандағы холестерин деңгейін төмендетуге көмектесетін микроэлементтерге бай. Оны балмен, жидекпен немесе жаңғақпен бірге дайындаса, әрі дәмді, әрі сіңімді болады.

Сүзбе қосылған қарақұмық

Ақуыз бен минералдарға бай бұл тағам бұлшық етті нығайтып, таңертеңгі сергектікті ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар сүйекке қажет кальций көзі болып саналады. Тәтті дәм беру үшін бал немесе жаңа піскен жеміс қосуға болады.

Көкөніс қосылған жұмыртқа

Шпинат, қызанақ, саңырауқұлақ секілді көкөністер қосылған жұмыртқа –  ақуыз, антиоксидант және дәрумендердің тамаша көзі. Жұмыртқадағы холин заты мидың белсенді жұмысын қолдайды.

 

Таңғы асқа қатысты пайдалы кеңестер

1. Таңғы асты өткізіп алмаңыз.

Түнгі ұйқыдан кейін ағза энергияға мұқтаж болады. Таңғы ас ішпей, уақыт үнемдеу –  керісінше әлсіздік пен энергия жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін.

2. Әртүрлі тағамдар қосыңыз.

Көмірсулар, ақуыздар, пайдалы майлар мен талшықтар –  барлығы ағзаға қажет. Таңғы ас мәзірін әртүрлі ету пайдалы.

3. Ақуызды тағам таңдаңыз.

Жұмыртқа, сүзбе, қарақұмық секілді өнімдер энергияны арттырып, бұлшық еттерді нығайтады.

4. Көкөніс пен жеміс тұтыныңыз.

Олар дәрумендер мен антиоксиданттарға бай. Әсіресе, жаңа піскен жеміс таңғы асқа ерекше сергітеді.

5. Қант қосылған тағамнан сақтаныңыз.

Тым тәтті және майлы тағамдар қандағы қантты тез арттырып, кейін күрт төмендетеді. Бұл шаршағыштық пен аштық сезімін тудырады.

6. Су ішуді ұмытпаңыз.

Күнді бір стақан сумен бастаңыз. Дене ылғалдылығын сақтау –  метаболизмнің қалыпты жүруінің кілті.

7. Мөлшерді қадағалаңыз.

Артық тамақтану –  күн бойғы жайсыздықтың себебі. Таңғы ас жеңіл, бірақ қоректік болуы керек.