in

Тұздыкөлдің тағдыры не болады?

Осы байлықтардың ішінде Тұздыкөл ерекше орын алады. Ем­дік қасиетімен танымал бұл көл өндірістік маңызымен ғана емес, сонымен қатар туристік әлеуетімен де ерекшеленеді. Соң­ғы уақытта Тұздыкөлге қатысты мә­се­лелер қоғамда кеңінен тал­қы­ла­нып, өндіріс, экология және туризм ба­ғыттарын қатар дамыту қажеттігі айтылып жүр.

Өндіріс пен инвестиция: жаңа мүмкіндіктер

Соңғы жылдары Индер өңіріндегі табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұрын ерекше қорғау аймағына жатқызылған Индер тұзы Үкімет шешімімен бұл мәртебеден алынғаннан кейін, көл маңында геологиялық барлау жұ­мыс­тары басталды. Бұл жұмыстарды «Арал тұз» компаниясы жүргізіп жатыр.

Индер ауданының әкімі Серік Нысан­баев­тың айтуынша, аталған жоба аудан экономикасына тың серпін беруге бағыт­талған.

– Индер аумағындағы пайдалы қазбалар әлеуетін тиімді пайдалану және өндірістік бағытты дамыту мақсатында Қытайға жұмыс сапары ұйымдастырылып, аспан асты елінің кәсіпкерлері мен инвестициялық серіктес­тіктер өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізілді. Қытай тарапы мергель мен калий тұздарын өндіру және өңдеу жобаларына қызығушылық білдірді. Қазір аталған жоба ая­сында қатты пайдалы қазбалар қорларын барлау жұмыстарын жүргізу үшін SHENG QUAN POTASN LIMITED компаниясына Қазақстан Республикасының уәкілетті ми­нистрлігі тарапынан тиісті лицензия берілді. Барлау және зерттеу жұмыстары 3-3,5 жыл көлемінде жүргізіледі. Алдағы кезеңде осы жобалар іске асқан жағдайда аудан эко­номика­сының өндірістік бағыты жаңа дең­гейге көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашы­лады деп жоспарлануда, – дейді аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, тұз өндіру мәселесі де алдағы уақытта қоғамдық тыңдаулар ар­қылы қаралып, барлық жұмыс заң талап­тарына сай жүргізіледі. Инвестор ретінде келген компания өндірісте заманауи техно­логия­ларды қолдануды жоспарлап отыр.

Экология мәселесі: жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы

Дегенмен өндірістік жобалармен қатар, экологиялық қауіпсіздік мәселесі де өзекті болып отыр. Көлдің табиғи жағдайы мен оның болашағына алаңдаушылық білдіріп жүрген тұрғындар мен сала мамандары да бар. Тұз кәсіпшілігінде ұзақ жылдар еңбек еткен, бүгінде зейнеткер Жолдас Дошқаев бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

– Тұз көлінің экологиялық жағдайы – әркез көтеріліп жүрген мәселе. Соның ішінде көлдің ластануына ең үлкен қауіп төндіретін – «Ақсайдың сайы». Ол кенттің шетінен басталып, көлге барып тіреледі және жолшыбай көптеген саймен тоғысады. Кезінде «Рудник» сол сайдың көлге құяр тұсына бөгет тұрғызып, оны «қоңыр бөгет» деп атаған. Кейін «Индер Тұз» кәсіпорны жыл сайын көктемде және күзде оны қал­пына келтіріп, күтіп ұстап отыратын. Ал кә­сіп­орын банкрот болғаннан кейін бөгет қараусыз қалып, отыз жыл бойы саймен аққан лас сулар көлді бүлдіріп келеді, – дейді ол.

Зейнеткердің айтуынша, бұрын бөгет маңында жиналған қар мен жаңбыр суынан үлкен тоған пайда болып, оның тереңдігі кей жылдары 3–4 метрге дейін жеткен. Сол маңда тобылғы, жыңғыл, изен секілді өсім­дік­тер өсіп, мал жайылымына да, аң-құсқа да қолайлы орын болған.

– Қазір оның бірі де жоқ. Есесіне, сай көлді бүлдіретін үлкен нысанға айналды. Осы мәселені қоғамдық кеңесте көтеріп, тал­қыласа жақсы болар еді. Сонымен қатар көлде жұмыс жасайтын мекемеге сол бөгетті жөндеп, күтіп ұстауды міндеттеу керек, – дейді ол.

Технология таңдауы маңызды

Маманның пікірінше, тұз өндіру технологиясын таңдауда да көлдің табиғи ерекшеліктерін ескеру қажет.

– Мен Ресейдің Астрахань облысындағы Басқұншақ тұз кенішінде бірнеше рет болдым. Ол көл біздің көл сияқты, бірақ көлемі әлдеқайда үлкен. Онда тұз қабаты өте қатты болғандықтан, тұздың бетіне рельс тө­сеп, арнайы комбайнмен 6–7 метр терең­дікке дейін қазып өндіреді. Алайда уақыт өте келе көл беті толған шұңқырға айналып, кен орнын игеру қиынға соққан, – дейді Ж.Дошқаев.

Оның айтуынша, Индер көлінде бұрын қолданылған қалқымалы понтонға орнатыл­ған фрезерлі комбайн арқылы өндіру техно­логиясы әлдеқайда тиімді болған.

– Бұл технология арқылы тұз бір мезгілде жуылып, жоғары сапалы өнім алынды. Тұз­дың сапасы 99 пайыздан жоғары болды. Со­ны­мен қатар бұл әдіс көлдің табиғи ре­жиміне айтарлықтай зиян келтірмейді, – дейді ол.

Маманның айтуынша, Индер көлі – табиғи жүйесі ерекше көл. Ол жерасты су­ларымен байланысып, өзін-өзі толықтырып отырады. Сондықтан көлдің табиғи тепе-теңдігін сақтау – басты міндет.

Сонымен қатар аудан аумағында тарихи және туристік маңызы бар нысандарды дамы­ту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солар­дың бірі – «Димаш төбе». 1978 жылы мемле­кет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ауданға сапары кезінде қазба байлықтарды таныстыру мақсатында ұйым­дастырылған көрме былтыр қайта жаңғыр­тылып, ашық аспан астындағы мұражай ретінде келушілерге ұсынылды.

Мамандардың пікірінше, Индер көлінің болашағы өндіріс, экология және туризм бағыттарының теңгерімді дамуына байла­ныс­ты. Табиғи байлықты тиімді игеру ар­қылы экономиканы дамыту маңызды бол­ғанымен, көлдің экологиялық жағдайын сақтау да басты назарда болуға тиіс.

Бұл тұрғыда қоғамдық талқылаулар мен ғылыми негізделген шешімдер қабылдау – уақыт талабы. Табиғи байлықты игеру мен оны қорғау арасындағы тепе-теңдік сақтал­ған жағдайда ғана Тұздыкөл мен Индер көлі өңірдің тұрақты дамуына қызмет ете алады.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы