Дегенмен қазіргі уақытта цифрлық жүйедегі олқылық және әр азаматтың жасанды интеллектімен қарым-қатынас мәселесі өзекті болып тұр. Осы орайда, біз еліміздегі отандық жасанды интеллект өнімдері және оның даму бағыты туралы ІТ аналитик, «Болашақ» стипендианты, Бостон университетінің түлегі Тимур Бектұрмен сұхбаттасқан едік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев арасында болған әңгімеден хабарыңыз бар шығар… Сіз KazLLM моделін әзірлеуге қатыстыңыз ба? Бұл модель несімен ерекшеленеді? Ол қандай мәселелерді шешуге бағытталған?
– Бұл сұраққа жауап берместен бұрын бір нәрсені айқындап алған жөн. Өйткені мәселенің түп төркінін түсініп отырмын. Өткен апта Президент Қ.Тоқаев ЖИ министрі Ж.Мәдиевтен «Неліктен қазақстандықтар ChatGPT-ді көбірек қолданады, ал KazLLM-ді қолданбайды?» деп сұраған болатын. Осыдан кейін көпшілік біздің елімізде KazLLM деген жоба барын, оның ChatGPT-ге ұқсайтынын алғаш рет естіген болса керек. Әлеуметтік желіде түрлі әңгімелер басталып кетті. Сондықтан рұқсат болса, бірінші осыған тоқталып кетсем.
Бәлкім, әуелі Президентке мәлімет дұрыс жеткізілмеген де болар, ол жағын білмедім. Екіншіден, ЖИ министрлігінің де олқылығы бар. Олар әу баста түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Сондай-ақ енді осы KazLLM деген ЖИ өзегін жалпы бұқара халық қолданатын деңгейде дамытуы қажет еді. Алайда министрлік оны жалпыхалықтық өнім қылып шығармады. Түсінбеушілік осыдан кеп шығып тұр. Яғни, министрлік KazLLM деген шикізатты жасады, бірақ оны қолданушыларға дайын чатбот қылып бермеді. Барлық әңгіме осыдан туындап жатыр. Сіз қазір өзіңіз бидайды үгітіп, диірменнен өткізе аласыз. Ол үшін сізге диірмен керек, наубай керек, қыруар әрекет. Дәл сол сияқты KazLLM-ды қолдану үшін сізге h100 деген сияқты қымбат тұратын, қуатты видеокартасы бар серверлер керек. Оған техникалық білім керек. Қарапайым халық атқаратын жұмыс емес. «Халыққа ChatGPT сияқты дайын өнім қылып ұсынбағаны олқылық болды» деп отырғаным – осы. Әрине, осыдан кейін көпшілік «KazLLM дегенді бірінші рет естіп тұрмын, оны ешқашан қолданған емеспін» дейді.
Ал енді сұрағыңызға келсек, оған менің қатысым жоқ. Модель жалпы отандық ЖИ өнімі болуымен ерекшеленеді. Оны оқыту, үйрету үшін еліміздің біраз мемлекеттік ұйымдары ақпарат жинаумен айналысқан. Мысалы, сіз ChatGPT-ден қазақи контекстегі бір нәрсе сұрасаңыз, білмей қалуы мүмкін, ал отандық модельде ол мәлімет болады. Қандай мәселелерді шешуге бағытталған? Ең бірінші кезекте, сондай модель жасау тәжірибесі бізде де қалыптасу үшін. Екіншіден, модельге қазақстандық мәліметтерді үйрету үшін. Үшіншіден, ЖИ министрі Ж.Мәдиев айтқандай, мемлекеттік мекемелерде сұрақ-жауап көмекшісі, eGov чатботы ретінде қолдану үшін. Төртіншіден, қауіпсіздік мәселесін шешуге бағытталған. Айталық, сіз ChatGPT-ге жіберген әрбір мәліметті ол жақтағы адамдар оқи алады, көре алады. Ол сіздің жеке бас мәліметіңіз, мемлекеттік мәлімет, адамдардың сырқат диагнозы, банк мәліметі, тағы сол сияқты. Сіз өзіңіз жеке-дара азамат ретінде өз ақпаратыңызды ChatGPT-ге жібересіз бе, басқа жаққа жібересіз бе, өзіңіз шешесіз. Бірақ мемлекет олай істей алмайды. Ол халықтың мәліметін қауіпсіз ортада ұстауы керек. Сондықтан осындай отандық LLM-дер қажет.
– Жалпы, KazLLM моделі ChatGPT-ді ығыстыра алады деп ойлайсыз ба? Сіздіңше, отандық ІТ өнімдердің негізгі проблемасы неде: технология ма, маркетинг пе, әлде сенім мәселесі ме?
– Жоқ, әрине, ығыстыра алмайды. Оған екі себеп бар. Біріншіден, қаражат мәселесі, екіншіден, тұрақты дамыту мәселесі. Қаражат не үшін керек? Қаражат KazLLM моделін ChatGPT сияқты чатбот қып жасап, оны халыққа ашық, тегін ұсыну үшін керек. Біздің елімізде қазір жалғыз ғана отандық ЖИ чатбот бар. Ол Oylan деген Nazarbayev University жанынан құрылған ISSAI деген орталықтың чатботы. Бірақ олар өз күшімен, өз қаражатымен жүзеге асырып отыр. Миллиондаған халыққа толықтай тегін ұсынуға сервер қажет, қаражат қажет, электр энергиясы қажет, қызметкерлерге жалақы қажет, тағы сол сияқты қажеттіліктер көп. Жаңа айтқанымдай, бұл мәселені ЖИ министрлігі шешуі қажет деп білемін. Отандық ІТ өнімдердің проблемасы – қаражаттың аздығы, техникаға қолжетімділік, сервер мәселесі, бір ауыз сөзбен айтқанда, жоқшылық қой сол. Миллиардтаған доллар қаражат жұмсалып, жүз мыңдаған серверде жұмыс істеп тұрған ChatGPT-мен біздің отандық өнімдерді салыстыру ақылға қонбайды.
– Шындығында, KazLLM моделі туралы Президент сынынан кейін ғана естіп-біліп жатырмыз. ІТ маман ретінде айтыңызшы, жүйені танымал қылу үшін және халық жаппай қолдану үшін қандай тиімді жолдар бар?
– Ол үшін ЖИ министрлігі Президент тапсырмасы бойынша елімізге әкелінген ЖИ суперкомпьютерінің мүмкіндігін толық қолданып, 3-5 жыл көлемінде тек Қазақстан азаматтарына тегін қолданатындай етіп чатбот жасап беруі керек еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ChatGPT-ге айына 10.000 теңгеден, жылына 120.000 төлеген жақсы ма әлде теп-тегін отандық өнімді қолданған жақсы ма? Жауап белгілі ғой. Ендеше сол KazLLM моделін алып, KazGPT деп пе, әлде ChatKaz деп пе, атауы маңызды емес, бір чатбот жасап ұсынғанда, халық қолданар еді. ЖИ технологиясын дамытып жатырмыз деп айта алар еді. Мен ол ведомствоның миссиясы мен стратегиясын білмеймін, сондықтан неліктен олай жасамай отырғанын айта алмаймын. Бәлкім, әу баста чатбот жасау мақсаты болмаған да шығар. Үлкен тілдік моделін жасаймыз, ары қарай керек адамдар өздері қондырып алады деп ойлаған болар, ол жағын білмедім. Бірақ қайтадан айта кетейін, сіз қазір KazLLM-ді қолданғыңыз келсе, айына кем дегенде 1-2 млн теңге тұратын қуатты серверіңіз болу керек. Оны қондырып, чатбот жасай алатын маманыңыз болу керек. Қарапайым халық айналысатын шаруа емес.
– Әлемге ортақ қолданысқа еніп, қоғаммен етене болып кеткен ЖИ өнімдері бар кезде отандық жасанды интеллект жасаудың маңызы қандай? Әлде отандық ЖИ-ді дамыту ұлттық қауіпсіздікпен байланысты ма?
– Отандық жасанды интеллект жасаудың қажеті бар. Бұл – елімізде ЖИ модельдерімен жұмыс істей алатын мамандарды қалыптастыру үшін. Оған қажет мәліметтерді жинау білу үшін. «Мәліметтер қайнары», яғни DataLake деген техникалық термин бар. Жиналған мәліметтерді сұрыптау, өңдеу деген бар. Оны модельге үйретуге дайындау деген бар. Серверлерді қалыпқа келтіру бар. Осының барлығы тәжірибені қажет етеді. Бұны біз отандық ЖИ өнімін жасау арқылы ғана игере аламыз. «Дайын асқа тік қасық» боп отырғанда, бізге ешкім келіп үйретіп бермейді. «ЖИ чатбот» деген ол ең соңғы нүкте ғой. Сондай-ақ әрине, ұлттық қауіпсіздікпен де тікелей байланысы бар. Онсыз болмайды. Қысқасы, KazLLM керек. Оған ешқандай дау жоқ. ЖИ министрлігінің ендігі міндеті – соны одан ары қарай жетілдіру, тұрақты түрде дамыту, толықтырып үйрету, мәліметтерді құюды жалғастыру, дайын чатбот өнім күйінде ұсыну деп білемін. Халық түсіну керек, отандық кино, музыка, кітап шығару саласы, ғылым, медицина қалай дамуды қажет етсе, отандық ЖИ саласы да солай дамуды қажет етеді.
– Қоғам қазір цифрлық өркениетке жетіп қойғандай сезімде жүргені рас. Бірақ ақиқатында біз әлі ештеңе білмейміз, түсінбейміз. Негізі, халықтың цифрлық сауаты қалай жүйеленуі керек еді және цифрлық мәдениет деген не?
– Цифрлық сауат дегеніміз – қандай цифрлық құралдар бар, соларды дұрыс қолдана білу. Қолыңыздағы смартфонды дұрыс қолдану. Интернетті дұрыс қолдану. ЖИ технологияларын дұрыс қолдану. Әлеуметтік желілерді дұрыс қолдану. Өсек айту, қызық қуу, ғайбат айту, жала жабу, алаяқтық мақсатта емес, білім алу, ақпарат алу, өз білгеніңді бөлісу, жақсы істерді жариялау, байланыс үшін қолдану. Ал цифрлық мәдениет – өмірдегі мәдениет сияқты. Ешкімнің ар-намысына, ұятына тиіспеу. Әдепті болу. Үйіңнің ішінде не боп жатқанын жалпақ жұртқа айтпайсыз ғой. Сол сияқты цифрлық мәдениет дегеніміз де белгілі бір құндылықтарды сақтау. Қазанның қақпағын жабық күйде ұстау. Балаңызға әлеуметтік желі арқылы бөтен адаммен сөйлеспеуді үйрету. Жеке бас мәліметін, банк мәліметтерін, денсаулыққа қатысты ақпаратты, үйіңіздің мекенжайын, мемлекеттік ақпаратты, біреулердің телефон нөмірлерін бейберекет интернетке жарияламау дегеннің барлығы осы цифрлық мәдениетке жатқызуға болады. Содан кейін, бір жаққа кетерде үйіңізді ашық-шашық тастап кетпейсіз ғой. Кілттейсіз. Ол кілтті есік алдына тастап кетпейсіз. Өзіңізбен алып кетесіз. Қарапайым қауіпсіздік мәселесі. Сол сияқты цифрлық қауіпсіздік мәселесі де цифрлық мәдениеттен туындайды. Кілтсөздерді дұрыс қолдану, қиын кілтсөздер қолдану, оны еш жерге жарияламау, әр жерде әртүрлі кілтсөз қолдану деген сияқты. Осының барлығын үйренетін уақытымыз болды ғой. Бірақ неге екенін білмедім. Әйтеуір, оп-оңай алданып қаламыз. Оп-оңай жем боп қаламыз. Ақшамызды жұртқа ұстата саламыз. Әлеуметтік желіміз де, басқа да цифрлық дүниелеріміз ашық-шашық жатыр.
– Ал Digital экожүйе деген не? ЖИ дамыту үшін еліміздегі деректер экожүйесі қаншалықты дайын?
– Біріншіден, «үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» дегендей, жұртқа не керек болса, бізге де сол керек. Дамыған елдерге маңызды дүние, бізге де маңызды. Екіншіден, «Қаншалықты дайын?» деген сұрақ. Қазақстанда ештеңе дайын емес. Біз дамыған мемлекет емеспіз. Ал дамымаған мемлекетте бір нәрсенің «қаншалықты дайын болуы» мүмкін емес. Атқарушы биліктің алдында тұрған, жасалуы керек істер ғой барлығы. Цифрлық экожүйе деген не? Ол – әке-шешеңе хабарласайын десең, отандық мессенджерді қолдану. Кино көрейін десең, отандық онлайн кинотеатрдың болуы. Кітап оқиын десең, отандық электронды кітапхананың болуы. Ән тыңдайын десең, отандық аудиоплатформаның қол астыңда болуы. Әлеуметтік желіде отырғың келсе, тек қазақтар отыратын отандық желінің болуы. Осылай кете береді. Digital экожүйе деген – осы. Дәл қазір айқын мысал – Қытай. Қытай толықтай тәуелсіз цифрлық экожүйе жасап алған. Әрине, АҚШ пен Еуропа елдерін де толықтай болмаса да, ішінара осы қатарға жатқызуға болады. Ал біз… Біз енді толықтай цифрлық бодан елміз. Дәл қазір Instagram біздің елде жұмыс істемей қалса, шағын және орта кәсіп тұралап қалады. WhatsApp істемей қалса, ешкіммен байланыса алмай қаламыз.
– Қазақстанның бүгінгі цифрлық қадамы туралы ойыңызды қалай түйіндер едіңіз? ІТ-хабқа айналу арманымыз орындалуы үшін дәл қазір не істеліп жатыр, не істелмей жатыр?
– Түйіндейтін ойым, істелетін жұмыс та, шаруа да жетеді. Барлығы бір жақсы ниетпен аяқтала қойса жақсы-ау. Әңгіме сол құр ниеттің жеткіліксіздігінде боп тұр. Дамыған мемлекеттердің, бай мемлекеттердің, ақшасы жеткілікті мемлекеттердің және ертерек қимылдаған мемлекеттердің «ойынына» біз ілесе аламыз ба, оған шамамыз жете ме, жетпей ме?.. Әңгіменің түйіні осында боп тұр. Не істелмей жатыр? Істелмей жатқан жұмыс көп. Қайсыбірін айта береміз. Көңіл күй түсіп кетеді. Не істеліп жатыр? Ғылым және жоғары білім министрлігі студент жастарымызды ЖИ курстары арқылы оқытып жатыр. Шетелдік танымал, мықты ЖОО-ларын әкеліп, филиал ашып жатыр. ЖИ мамандарын даярлап жатыр. ЖИ министрлігі Astana Hub арқылы TechOrda деген бағдарлама жасап, цифрлық мамандықтарды игеруге гранттар бөліп жатыр. Әртүрлі стартап жарыстар мен хакатондар өткізіп, қаражат күйінде жүлделер бөліп жатыр. Google сияқты компаниялармен бірлесіп, ІТ компанияларды дамытуға күш салып жатыр. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үшін eGov платформасын одан әрі дамытып жатыр. Жыл сайын Astana Hub пен ЖИ министрлігі Орталық Азиядағы ең ірі Digital форум өткізеді. Оған еліміздегі стартаптар қатысып, өз өнімдерін көрсетеді. Инвестор тартады. ІТ-хабқа айналу үшін Алматы мен Астана қалаларынан бөлек, барлық аймақтарда орталықтар ашылып жатыр. Ендігі менің арманым, осының барлығын қазақыландыра берсек, қазақ жастарын көбірек тарта білсек…
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
