in

Экологиялық ахуалды жақсарту, туризмді дамыту: Тоқаев ШҚО әкіміне бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com

Кездесуде Нұрымбет Сақтағанов президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен орнықты өсімін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндаған.

Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысына сәйкес облыста оң динамика байқалады.

Инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда салалары өсім көрсетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 838 миллиард теңгеден асқан. Инвестициялық портфельде 101 жоба бар.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 460 миллиард теңгеге жуықтаған. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 550 миллиард теңгеден, ал сауда саласында 2 460 миллиард теңгеден асқан.

407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде тұрақтап, 29 мың адам еңбекпен қамтылған.

Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында биыл 17 440 жұмыс орнын ашу (І тоқсанның қорытындысы бойынша 3 317 жұмыс орны ашылды) қарастырылып отыр. Әлеуметтік салада АӘК алушылар саны азайып келеді.

Ауылдық аумақтарды дамыту және қоныстанушыларды қолдау бағдарламалары, соның ішінде "Шығыс шақырады" өңірлік жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Өңір әкімі Шығыс Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға баса мән берілетінін атап өтті. Былтыр ұзындығы 856 шақырым болатын жолдар мен көшелерде жөндеу жұмыстары аяқталған.

Кездесу соңында мемлекет басшысы ШҚО әкіміне экологиялық ахуалды жақсарту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және өңірдегі туризмді дамыту жұмыстарын жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.