2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға (18 айға) ұзартылды. Бұл өзгеріс – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауында айтылған бастаманың бірі. Әлеуметтік кодекске енгізілген осы өзгеріске сәйкес бала туу және бала күтімі бойынша төлемдер мен жәрдемақылардың құқықтық негізі жаңартылды.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артты. Дегенмен балаға берілетін жәрдемақы мәселесінде «Балаларға берілетін жәрдемақы барлық балаға бірдей беріле ме?», «Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы 3 жасқа дейін ұзаруы мүмкін бе?» деген түйткілді сұрақ бар. Жиі көтерілгенімен, бұл сұраққа тұшымды жауап әлі айтыла қойған жоқ.
Жақында вице-премьер Ермек Көшербаев декреттегі аналарға бала күтімі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартуға қатысты сұраққа жауап берді.
– «Декреттік демалыстағы аналарға жәрдемақыны 1,5 жылдан ұзақ уақыт төлеуге бола ма?» деген сауал жиі қойылады. Мен, тіпті, 3 жылға дейін төлеуге қарсы емеспін. Ақша болса, әрине, төлейміз. Бірақ басты сұрақ – қаражатты қайдан табамыз? – деді вице-премьер. Сондай-ақ ол жәрдемақы көлемінің қысқартылатыны жөніндегі қауесеттерді жоққа шығарды және жәрдемақының көлемін ұлғайту үшін бағдарламаларға сәйкесінше, «оптимизация» мен ревизия жасалуға тиіс екенін айтты.
– Көп жағдайда бағдарламалар бір-бірін қайталайды. Сол сияқты ваучерлік бағдарламалар да діттеген жеріне жете ме, жоқ па деп күмәнданып жатамыз. Түрлі жұмыс қазір қолға алынып, жүргізіліп жатыр, – деді Ермек Көшербаев.
Жалпы, елімізде балаға берілетін жәрдемақылар саны аз емес. Мәселен, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» ҚР заңына сәйкес, жұмыс істейтін немесе жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Одан бөлек, босанған анаға берілетін бірреттік жәрдемақы – сүйіншіпұл бар, декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдер үшін біржолғы әлеуметтік төлем беріледі. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға атаулы әлеуметтік көмек секілді мемлекеттен бөлінетін жәрдемақылар бар. Алайда осы «Жәрдемақылар діттеген мақсатта жұмсалып жатыр ма? Мұқтаж отбасы бұл жәрдемақыларды толық ала алып отыр ма?» деген сұрақтардың да «құлағы» жиі қылтиып қалады. Көптің көкейіндегі бірқатар сұрақтарды қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гүлнар Омароваға қойған едік.
– Мемлекеттің қазіргі уақытта бала күтімі үшін 3 жасқа дейін жәрдемақы төлейтін мүмкіндігі жоқ. Бюджет тапшы. Бірақ бүгінгі жағдайда мемлекет балаға аз қаржы жұмсап отырған жоқ. Нақты назарға алатын мәселе, «Мемлекеттің балаға арнап бюджеттен бөлген қыруар қаржысы ата-анаға толық жетіп отыр ма?» деген сұрақ өзекті, – дейді қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гүлнар Омарова.
Жемқордың жемсауы ма?
Себебі Үкіметтен атаулы көмек алатындардың арасында қалталы азаматтардың да кезігіп қалатыны, нағыз тұрмысы төмен отбасылардың шөміштен жиі қағылатыны немесе аталған атаулы көмекті атап тұрып балаға арнайтын ата-ананың аз екені туралы жиі айтылып та, жазылып та жатады.
Жақында Сенат депутаты Бекболат Орынбеков: «Атаулы әлеуметтік көмек алып отырса да 6 үйден 12 үйге дейін мүлкі бар 15 отбасы анықталды. Ал 1,5 мың отбасының коммерциялық мүлкі бар болып шықты. Осыған қарап-ақ бұл саладағы қазіргі әдістерді түбегейлі өзгерту керек екенін түсінеміз», – дей келе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан «Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж жандарға емес, бай адамдарға да беріліп отыр, бұны тоқтату үшін не істейсіздер?» – деп сұрады.
С.Жақыпова тиісті бұйрыққа қол қойылғанын, сол арқылы енді АӘК алатын әр адам өзінің банк құпиясын ашуға рұқсат беруге келісуі керек екенін айтты. Сонда дейміз-ау, бұл жәрдемақы деген «қара қазан, сары бала» қамы ма, әлде қолы ұзын аздаған топқа арналған дайын жемсау ма?
Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек беріле бастаған 2019 жылдан бері «АӘК беру тетігі ашықтықты, әділдікті, еңбекке ынталандыруды қамтамасыз етуі тиіс» дегенімен, бұл төңіректегі «бармақ бастып, көз қысты», «жең ұшынан бөліп алу» сияқты әрекеттерге тосқауыл болмай тұрғанға ұқсайды. Атаулы көмек алып жүрген 15 қалталы отбасының анықталуы, 1,5 мың отбасының коммерциялық мүлкінің болуы немесе үкіметті «алдап», мұқтаж емес болса да отбасының әр мүшесіне ақша алып отырған бай отбасылар бар екендігі Гүлнар Омарова айтқандай, мемлекет бөлген қыруар қаржының мақсатсыз жұмсалуының айғағы емес пе?!
«Бала капиталы» қажет
Жәрдемақы – бұл жай сандар емес, балаға деген жанашырлық, қамқорлық. Оның артында сәбидің тамағы, киімі, күтімі, ананың алаңсыздығы мен отбасының тыныштығы тұр. Сондықтан «қасқалдақтың қанындай» ғана қаражатты әрбір баланың қажеттілігіне жаратқан абзал.
– Мемлекет бөлген жәрдемақы мақсатты жұмсалуы үшін әрбір балаға арнап «Бала капиталын» енгізу қажет, – дейді Г.Омарова.
Оның айтуынша, бала капиталы – материалдық, қаржылық, зияткерлік салым. Медициналық қызмет көрсету, білім беру, әлеуметтік қорғау, жалпы балалардың дарыны мен қабілеттерін дамытуға жұмсалатын қаражат.
– Ол үшін балаларға қажет қызметтерді тарификациялау қажет. Балалар капиталына арналған барлық мемлекеттік төлемдер тарифқа сәйкес әр ауыл, әр қала баласына жетуге тиіс. Әр отбасы, әр ата-ана баланы аяғына тұрғызу үшін мемлекеттен бөлінген қаржыны тиімді әрі толыққанды қажетіне жаратуы керек. Мәселен, цифрлы заманда әр адамның есепшотына айыппұл қалай жылдам келеді, дәл солай әр адамға, әр балаға жан басына шаққандағы бала капиталына бөлінген қаржы дәл солай каспий кошелек сияқты әмиянға келіп түсуі керек, – дейді ол.
Мемлекет толық цифрлы тетікке ауысып жатқанда бюджеттік, бюджеттік емес қаржыландырудың барлығы ашық түрде цифрландырылуы қажет екеніне тоқталған Г.Омарова:
– Интерактивті ашық бюджет картасының көмегімен «Бала капиталы» жобасын тез арада енгізу керек. UNICE Халықаралық ұйымдарының COVID-19 індеті кезіндегі баяндамасына сәйкес, барлық балаға әмбебап жәрдемақы беру қажет. Сондықтан біздің бұл ұсынымыз өте орынды деп санаймыз. Ашық мемлекттік бюджет арқылы «бала капиталында» қанша қаражат орта білім алуға, қанша қаражат спортқа жұмсалғаны, жан басына шаққандағы нақты механизмі сияқты есептеуге болады. Айталық, ана баласын педиатрға әкелді – дәрігер тарифі, диагноз қойылды, қандай тегін мемлекеттен дәрі берілу керек аты мен сомасы тарификацияға сай шегеріліп отырса. Яғни, бюджеттік немесе бюджеттен тыс балаға бөлінетін барлық қаражат ашық, нақты көрсетілсе және оның қандай мақсатта жұмсалғаны да ашық, нақты көрсетілсе. Әр мекеме басшысы ол қаражатты тиімді басқарса және қажетті қаражат қажетті бағытта жұмсалса тез арада әлеуметтік жүйе жөнге келер еді. Қоғамдық бақылау болатын еді. Жемқорлық азайып, қаражатты тиімді басқарар еді, – деді.
2023 жылы елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданып, сала мамандары кодексте саланы реттейтін барлық заң біріктіріліп, бір жүйеге келтірді. Осының арқасында мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатыны нақты бекітілді атап өткен болатын. Алайда әлеуметтік саланың қордаланған мәселесі мен олқылықтары әлі де шашетектен десек болады. Өйткені вице-премьер Е.Көшербаевтың өзі «көп жағдайда бағдарламалар бір-бірін қайталайды» деген-ді. Ал вице-премьердің «түрлі жұмыс қазір қолға алынып, жүргізіліп жатыр» деп, қандай жұмыстарды айтқанын алдағы уақытта білетін болармыз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ