Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге құрмет көрсетіп, елорда әуежайынан шығарып салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алған болатын.
Мемлекет басшысы, ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған, ал оның бұл жолғы сапары – шынайы әрі мызғымас достығымыздың айқын көрінісі екенін айтты.
Си Цзиньпин Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитіне қатысып, форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына қол қойды. Cондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.
Си Цзиньпин өз тарапынан қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.