Елімізде ең үздік бапталған қымызды анықтайтын сайыс тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бұл тойды көрген де, көрмеген де таңданысын жасырмады. Өйткені қымыздан бөлек, аттың сынын анықтап, жүйрік тазыны таныды. Ұмыт қалған ұлттық тағамды әзірлеп, ойын-сауық бағдарламасы кештің көрігін қыздырды. Қымыздың пайдасынан бастап ұлттық спортқа дейін жіктеген ғылыми конференцияның жөні бір басқа. Халық «жазда наурыз тойын тойлағандай болдық» десе, қатысушылар қымыз өндірісіне қатысты көтерілген мәселе жерде қалмауын сұрады.
50 кәсіпкер – 30 мың тонна қымыз
Иә, екі күн бойы «Қазанат» атшабарында көз қызығар той өтті. Екі ай бұрын сауын айтқан мерекеге біз де асыға жеттік. Ақшаңқаң киізүйлер алыстан менмұндалайды. Үлкен сахнада ән әуелеп, халық құжынап жүр. Расымен, қымыз мерекесіне екі күнде 70 мың халық жиылған екен. «Жеңімпазға дауыс беру керек» деген соң жүгіре басып, ақ шатырдың алдына бардық. Жете бере сарайыңды ашар қымыз иісіне «мас» болдық. Шатыр ішінде тура 50 қатысушы тізіліп тұр. Бастапқыда айтқандай, 16 мың тонна емес, 30 мың тонна қымыз жиналыпты. Аста-төк дастарқаннан екі күн бойы дәм үзілмеді.
«Еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам қымыз өндірушіні жинадық. Әрқайсысы 500 литрден астам қымыз алып келді. Соның арқасында жаңа рекорд орнаттық. Егер фестиваль жұртқа ұнаса, жыл сайын өткіземіз», – деді BaiQymyz фестивалінің ұйымдастырушысы Жұмажан Қалтаев.
Қымыздан дәм татып, дауыс беріп жатқан жұрттың есебі жоқ. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан, Орталық пен Батыстың қымызы самсап тұр. Жаймен басып, кезек пе кезек аралап, дәмін көрдік. Бір-бірін шатастырып алмау үшін, тостағанның түбіне ғана құйып беруін өтіндік. Жиылғандар қымызға тойып алайық деп емес, дәмінен қателеспейік деп қипықтады, білем. Ұлттық сусынның заты ғана емес, аты да қандай әсем десеңізші?! Alua қымызы, «Ақтерек» қымызы, «Ақарыс ақ бұлағы», Adil qymyz, «Шыңдағы шипа» қымызы, Aqsaqal қымызы, Qula қымызы, «Текті сусын», «Баянның бал қымызы», «Қымызынай» «Төре қымыз», «Шетырғыз», «Дариға-дәурен» қымызы деп жалғаса береді. Тостағаннан ұрттап жатып, жан-жаққа көз тастадық. Сөре жанында сандық, түскиіз, одан қала берді қымыз өндіруші туралы баннер мен марапаттары тізіліп тұр. Қосетек көйлек киіп, күміс әшекейін жарқыратып, сабасымен баптай қымыз сапырып тұрған келіншектің көркіне көз сүйсінеді. Бурабай ауданынан келген «Қымызынай» брендінің иесі «ата-бабамыз күмісті қадір тұтқан ғой, май шайқасам да, күбі піссем де күмісті жанымнан тастамаймын» дейді. Байқап қарасақ, қатысушының бәрі ұлттық киім киіп, әшекей бұйымын сайлап келген. Содан ба, гастрофестиваль жалғасып жатса, келер жылы шапанымызды сайлай келеміз дестік.
Тарихпен үндескен атакәсіп
Айтса-айқандай, әр қымыз өндірушінің өз тарихы, көрген-білгені бар. Дауыс берушіге бәрін тәптіштеп түсіндіріп, әрбіріне қымызды қалай өндіргенін түсіндіреді. Жұмажан Қалтаев айтқандай, гастрофестиваль әр кәсіпкерге өнімін жарнамалауды, маркетинг техникасын үйретіп, жаңа нарыққа шығуды нұсқағандай. Өйткені халық кей қымыз брендінен дүкені бар-жоғын, қалай сатып алатынын сұрап, байланыс нөмірін сұрап жатты. Жамбыл облысынан келген қатысушы қымыздың көп бөлігін бірінші күні-ақ сатып тастағанын, келесі жолы жарты тонна жеткізуді жоспарлап қойғанын айтты. Алматы қаласынан келген Abzal қымыз бренді іс-шара өзі ойлағаннан да жоғары деңгейде өткенін, кәсіпкерлерге қолдау білдіріп жатқанына дән риза екенін жеткізді. Қымыз ұрттап жүріп, кәсіпкердің мұң-мұқтажын да тыңдап үлгердік.
«Қымыз өндірісі, баптау туралы қаншама құнды дерек айтылды. Конференцияда көтерілген тақырыпты көріп, конференц-шатырға тартып отырғым келді. Маған Қадырбек Мейрамбековтың сублимацияланған бие сүтінің ауқымды өндірісі туралы ойы ұнады. Өзім де өнімімді сублимациялап, өндіріске шығарғым келеді. Қазір де өткізгім келгенімен, жақын маңда зауыт жоқ. Сублимация жасау үшін қымызды бабымен апаруың керек. Сол үшін қымызды көп өндіретін облыстардан бір-бірден шағын зауыт ашып, іске кіріссе. Жұмыс күші көбейіп, ұнтақталған қымызды шетелге экспорттау көлемі де артар еді. Кәсіпкерлерге, соның ішінде ұлттық сусын өндіріп отырғандарға жеңілдік жайын да қарастырса. Осында көтерілген мәселе аяқсыз қалмай, шешімін тапса екен», – дейді «Жоламан» қымыз брендінің иесі Нұрғали Жоламанұлы.
Ұйымдастырушылар айтқандай, гастрофестивальге өндірісте жүргеніне үш жыл болған немесе көзін ашқаннан атакәсіпті дөңгелетіп отырғандар да келген. Соның бірі «Текті сусын» брендінің иесі – Жылқыбай Төлегенұлы. Қызығы сол, шешесі жайлауда қымыз сауып жүріп толғатып, соның құрметіне атасы есімін Жылқыбай қойған екен. «Жылқысы көп болсын, қымызы тәтті, мол болсын» деп батасын берген. Төлегенұлының атакәсіпті жалғастырып жүргеніне жарты ғасырдан астам уақыт болған. Қазір балалары мен немерелерінен бөлек, 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Текті сусынды» ата-бабасынан қалған, шешесі үйреткен технологиямен өндіріп жүр.
«Біріншіден, қымыздың бабына жылқының жеген шөбі де әсер етеді. Таудың жем-шөбі бөлек. Екіншіден, ішіндегі бактерияны өлтірсін деп қайыңның қодырымен ыстаймыз. Біреу қаймақ қосатынын, ендігісі сары май қосатынын айтады. Біз бие сүті болған соң, семіз жылқының қазысын қосамыз. Сонда қымыз реакция беріп, ерекшеленеді. Байқаудың бірінші күні 800 литр әкелгенбіз. Бүгін 600 литр қайта алдырдық. Бас-аяғы 1.5 тонна қымыз әкелдік. Ішінде сатылғаны да бар. Ел ішіндегі нарыққа биыл шыға бастадық. Конференцияда қымызды ұнтаққа айналдырып, экспорттау жайы айтылды. Бұл менің арманым, ұзақ жылдар бойы ойда жүрген іс. Сублиматорды Қытайдан, болмаса Германиядан алдырсам ба деп ойланып жүргенмін. Болашақта өндірісті қолдап, мемлекет несие беретінін де айтты. Меніңше, ел ішіндегі, шетелдегі сұранысты қамтамасыз ете аламыз. Қымызды Бурабайдан Алтай өлкесіне, Ресейге, Түркия мен Қытайға алып кетеді. Енді ұнтақтап сату жүзеге асса, тасымалдау да жеңіл болар еді. 100 грамм суға бір қасық қымыз ұнтағын қоссаңыз, таза сүт болып шыға келеді. Мұның кәдімгі қымыздан ешқандай айырмасы жоқ», – деді ол.
Бал қымыз, қазанат пен жүйрік тазы
Жәрмеңкедегі әр қымыздан дәм татып, дауыс беріп, шатырдан шыққанда түс ауған екен. Оның үстіне, халықтың дауысынан бөлек, лаборатория анықтамасы, комиссия шешімі де әсер етеді. Одан бөлек, 50 шаруашылықтың презентация жасап, өзін-өзі жарнамалағаны тағы бар. Нәтижесі шыққанша, халық қиқуы үдей түскен жаққа жеттік. Аужайласақ, «Ер қанаты» атты тұңғыш жылқы көрмесі екен. Асыл тұқымды сәйгүліктің бәрі бірінен-бірі өтеді. Тұяғымен жер тарпып «Менен асқаны бар ма?» деп тұрғандай. Ішінде гонновер, таза қанды ағылшын, орыс желісті, ахалтеке жылқысы мен қазақы тұқым да бар. Жабы, мұғалжар, қостанай, бесқарағай жылқы тұқымы да келген. Сондай-ақ «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің чемпиондары көрмеге сән берген. Ат көрсе делебесі қозатын қазақ сүйгүліктерді күні ұзақ қызықтады. Аттың сынын білетіндер бірінің болмысына, бірінің тұрысына, ендігісінің желісіне таңырқады. Дегендей-ақ «Қазақтың ең сұлу жылқысы» номинациясында мұғалжар тұқымы топ жарды. Ал «Ең жүйрік жылқы» аталымында қостанай тұқымы үздік атанды. Одан бөлек, асылтұқымды тазылардың ішінен шапшаңы мен ептісін танып, марапаттады. Топ тазы алдыңнан жүгіріп өткенде бойыңды рух кернеп, ерекше бір күйге бөленесің.
Мұндай тойдан балалар да құралақан қалмады. Асық атып, алтыбақан теуіп, қой-радеосына қатысты. Ересектер де 55 келі қойды көтеріп, өзара мықтыны анықтады. Концерт тамашалап, ғылыми конференциядан білім жиғандар да бар. Қысқасы, байқау нәтижесі шыққанша ешкімнің іші пыспады. Бірақ бас-аяғы 45 миллион теңгенің иесі кім болары көпті қызықтырды, білем. Байқау жеңімпазын күн ұясына батқан мезгілде жариялады. Абай облысы, Саржал ауылынан «Жаныс» шаруа қожалығы «Ең үздік қымыз» иесі атанды. Жеңімпазға 20 млн теңге сый берілді. Екінші орынды Қарағанды облысы, Қарқаралы қымызы, «Қарынши» шаруа қожалығы иемденді. Оларға 15 миллион теңге табыстады. Ақмола облысы, Қымызынай қымызы, «Қабдулин» шаруа қожалығына үшінші орын мен 10 миллион теңге бұйырды. Одан бөлек, демеушілер «Алтын күбі», «Алтын қор», «Күміс торсық», «Күміс шара» аталымы бойынша сыйақы табыстады. Сонымен, жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқауға келген де, қатысқан да риза болып, жадырай тарқасты.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ