Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, былтыр 42 мың адам «жаман ауруға» шалдыққан. Тіркелген дерттің дені – тоқішек, тікішек, өкпе, асқазан, сүт безі мен жатыр мойны ісігі. Ең қорқыныштысы, 240 мыңнан аса адам жалпы есепте тұр. Дегенмен медицинаның заманалы жетістігі күпті көңілімізді сейілтіп, өшкен үмітімізді қайта жаққандай.
Жуырда Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында Протондық терапия орталығы ашылды. Бұл – еліміздегі және Орталық Азиядағы жалғыз профильді орталық. Мамандардың айтуынша, протондық терапия химиотерапияға қарағанда, әлдеқайда тиімді нәтиже береді әрі ағзаға тигізер жанама әсері аз. Орталық 2025 жылы қараша айында жұмысын бастады, еліміз, осылайша, онкологиялық ауруларды емдеудің ең заманауи, жоғары дәлдікті технологиялары қолжетімді 25 елдің қатарына кірді. Мамандар осы уақытта бас миы, жұлын, бас және мойын аймағы, бауыр, өңеш және қуықасты безі обыры бар науқастарға ем жүргізген. Әлем тәжірибесіне назар салсақ, Протондық терапия орталығын іске қосуға кемі 5-10 жыл кетеді. Мысалы, Ресей Димитровград қаласындағы орталықты ашуға 10 жыл, Санкт-Петербордағы Онкологиялық клиниканың Протонды терапия орталығын құруға 5 жыл, Дания дәл осындай орталықты ашуға 7 жыл уақытын жұмсаған. Еліміз бұл бағытта тәжірибе жинап, орталықты халықаралық стандарттарға лайықтау үшін 6 жылын сарп етті.
Кейінгі бес жылдықта елімізге ем іздеп келетін шетелдіктердің саны артқан, мәселен Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығының дерегінше, 2022-2024 жылдары ем алған шетелдік пациенттер саны 80 мыңға жеткен. Көршілес елдермен қатар, АҚШ, Германия, Швейцария сынды батыс елдерінен келетін медициналық туристердің де саны молайған. «Астана даму орталығының» дерегінше, елде жүрек шунттау хирургиясы АҚШ-қа қарағанда 80 есе, Сингапурға қарағанда 11 есе арзан. Демек, медициналық қызметтің өзге елдермен салыстырғанда, қалтаға қолжетімді әрі сапалы болуы шетелдіктердің елге ағылуына әсер етіп отыр. Отандық медицинаның көш ілгері дамып келе жатқаны, әрине, қуантарлық жағдай, алайда басты орында «жаман аурумен» арпалысып жатқан отандастарымызды қолдау өте маңызды.
Протондық терапия мүмкіндіктері
Қазір Протондық терапия орталығында 40-қа жуық пациент емін толық аяқтады, тағы 30-ға тарта адам ем алып жатыр. Орталықтың ашылғанына жарты жылға жетер-жетпес уақыт болды, демек орталық жұмысы алда бұдан да жоғары қарқында дамуына сенімдіміз. Бұл ретте білікті мамандардың тапшы болғаны да рас, алайда бұл мәселе де біртіндеп шешімін тауып жатыр.
– Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері, медициналық физиктері мен инженерлері бірнеше жыл арнайы дайындықтан өтті. Олар АҚШ, Оңтүстік Корея және Еуропаның жетекші халықаралық орталықтарында тағылымдамаға барып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинады. Бүгінде орталықта толық дайындықтан өткен мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Оның құрамына сәулелік терапия дәрігерлері, медициналық физиктер, инженерлер және радиациялық қауіпсіздік мамандары кіреді, – дейді Протондық терапия орталығының меңгерушісі Фатима Хамзатқызы.
Маманның айтуынша, протондық терапияның басты артықшылығы – сәуленің жоғары дәлдігі. Протон сәулесі ісік орналасқан нақты нүктеде тоқтап, сау тіндерге барынша аз әсер етеді. Бұл механизм «Брегг шыңы» деп аталатын физикалық құбылысқа негізделген. Соның арқасында ісікке қажетті дозаны дәл жеткізіп, ісік айналасындағы өмірлік маңызды ағзаларды қорғауға болады. Ал дәстүрлі сәулелік терапия (радиациялық терапия) кезінде сәуле ісік арқылы өтіп, сау тіндерге белгілі бір деңгейде әсер етеді. Протондық терапия сәулелік терапияның ағзаға кері әсерін 60-70%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
– Химиотерапия мен протондық терапияның айырмашылығы олардың әсер ету механизмінде жатыр. Химиотерапия – дәрілік емдеу әдісі, ол бүкіл ағзаға жүйелі түрде әсер етеді және жанама әсерлері айқын сезілуі мүмкін. Протондық терапия – сәулелік емдеудің ең заманауи түрі. Ол тек ісік орналасқан аймаққа бағытталады. Сондықтан көптеген жағдайда протондық терапия сау тіндерді сақтауға және асқынулар қаупін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді Ф.Хамзатқызы.
Терапияны тегін алуға болады
Протондық терапия орталығының іске қосылуының өзі елдегі онкологиялық қызметтің бірегей жетістігі деп бағалар едік. Жыл сайын қаншама отандасымыз алыс-жақын шет мемлекеттерге барып ем іздеуге мәжбүр. Ендігі кезекте бұл емді өз елімізден тегін алуға мүмкіндік туды әрі жаңа бағыттағы ізденіс дәрігерлердің кәсіби дамуына, жаңа технологияларды енгізуге және жалпы онкологиялық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
– Жалпы алғанда, пациенттердің жағдайы жақсы десе болады. Протондық терапия сеанстары ауырсынусыз өтеді, пациенттердің көбі емді жеңіл көтереді және қосымша оңалтуды қажет етпейді. Қазір ем алып жатқан пациенттерде ісік үдерісі тұрақтанып, жағдайы жақсарып қалды. Ең бастысы, бұл ем Қазақстан азаматтарына кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында қолжетімді, – дейді Ф.Хамзатқызы.
Біз орталықта емделіп жатқан жандармен де тілдесіп көрдік. Гүлнара Шакенова – протондық терапия курсын алып жатқан пациенттердің бірі. Оның әңгімесін тыңдап отырып, қанша жанның кеудесінде үміт оты жанғанын, қанша жанның осы терапияға сеніммен қарайтынын түсіне бастайсың.
– Денің сау кезде мәселеміз бір бітпейді, алайда ауырғанда, уайымың – тек біреу. Әрбіріміздің тілегіміз – ең жақсы ем алу, ауруды жеңіп шығу. Бұл жерге күн сайын жаңа үмітпен, жақсы көңіл күймен келемін және әр күнім үшін алғыс айтамын. Дәл осы орталықта ем алу – мен үшін үлкен бақыт, – дейді ол.
Оған 27 сеанстан тұратын ем курсы тағайындалған. Бізбен сұхбаттасқан кезде оның жетеуін еңсеріп тастағанын айтты.
– Емім ауырсынусыз өтіп жатыр, өзімді жақсы сезінемін. Қуаныштысы, мемлекет бізге бұл емді тегін алуға мүмкіндік берді. Негізінен, бұл – өте қымбат, көп адамның қалтасы көтере бермейтін терапия. Маған нейрохирургиялық отаны да тегін жасады. Қазір ақысыз түрде ем алып жатырмын. Орталық жақында ғана ашылды, сол себепті де бұл жаңалықты халқымыз көбірек естіп-білгенін қалаймын. Қорықпай келіңіздер. Бұл ем көптеген жанға жаңа өмір сыйлайды деп сенемін. Осы мүмкіндікті сыйлаған мамандарға алғыс білдіремін. Шынымен, көзіме жас келеді, мұндай емді өз елімде алып жатқаным қандай жақсы, – дейді Г.Шакенова.
Емді қандай жағдайда ұсынады?
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бұл ем бас миы, жұлын, көру жүйкелері маңындағы ісікті емдеуде кеңінен қолданылады, әсіресе, педиатриялық онкологияда жиі ұсынылады, себебі енді дамып келе жатқан ағзаға тигізер қауіпті сейілтеді. Сау тіндерге жанама әсері аз болғандықтан, ем әдетте ми, жүрек секілді маңызды органдарды емдеуде қолайлы. Протондық терапия мидың, бас пен мойын аймағындағы маңызды құрылымдарға жақын орналасқан ісіктерде, жоғары дәлдікті қажет ететін жағдайда жоспарлы түрде тағайындалады. Қазір Протондық терапия орталығында Орталық Азияда теңдесі жоқ «ProBeam-360» атты қондырғы орнатылған.
Дей тұрғанмен, әдіс дамыған елдердің медициналық базасынан ғана табылады, тіпті медицинасы әлдеқайда дамыған Үндістанның өзінде протондық терапияға қарағанда, сәулелік терапияны қолданады. Біріншіден, әр аймақта орталық салу едәуір қаржыны талап етеді, екіншіден, қарапайым халықтың емді ақылы негізде алуға қалтасы көтермейді.
Протондық терапия жүйелі әрі ұзақмерзімді жүруі ықтимал. Әр пациенттің жағдайы, диагнозына сай емді жеке жоспарлайды, ал бұл ауруы асқынған пациенттердің ұзақ уақыт күтуіне жарай бермейді. Сол себепті көбіне-көп дәстүрлі сәулелік терапия жасалады немесе егде жастағы науқастар мен балаларға тиімді болу үшін протондық терапия мен хирургияны ұштастыра жоспарлайды, көп жағдайда рентгендік сәулелік терапия мен химиотерапияны қолданады. Протондық терапияның да жанама әсері бар, ғылымдағы жаңа сала болғандықтан да, терең зерттеуді қажет етеді.
Қатерлі ісік ауруы бүгінде әлемде де, елімізде де өлім-жітімнің негізгі себебінің біріне айналды. Елде 245 мыңнан аса адам динамикалық бақылауда тұр. Науқастардың шамамен 60 пайызына сәулелік терапия қажет. Осыған байланысты Ұлттық ғылыми онкология орталығы онкологиялық көмекті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Демек, елімізде де «жаман ауруды» толық жеңуге мүмкіндік жоғары.
Айсұлу СЪЕЗХАН
