Жалпы айтар болсақ, Қазақстанның қазіргі кәсіпорындарының әлеуетін бұрынғы кеңес кезеңіндегі өнеркәсіптік әлеуетімен салыстыруға келмейтінін мойындауға тура келеді. Мұндағы бірінші кезекте өте маңызды бір аспектіні ескеру керек. Ол – кеңес кезіндегі салааралық, тіпті салаішілік кооперацияда өндірістік «тізбектердің» болмауы, яғни қазіргі «кластерлердің», Қазақстанда басталып, Қазақстанда аяқталғандары аз. Ал бүкілодақтық «шикізат базасының» рөлі әуелден-ақ жоғары қосымша құн қосылған өнім шығару емес екені анық болатын. Міне, содан да шығар тек көмір, болат немесе қант өндірудің өзінде Қазақстан әлі де болса, 1991 жылғы деңгейге жете қойған жоқ. Бұл бұрынғы КСРО құрамындағы шикізаттық миссиямыздың қаншалықты зор болғандығын көрсетеді. Сондай-ақ электр энергиясын өндіру 2024 жылдары 40%-ға өсті десек, біз бұл көрсеткіш бойынша 1991 жылды шамамен 2011 жылдары ғана «қуып жете» алдық.
Ал АҚШ долларымен есептелетін ЖІӨ көлемі 1991-2024 жылдар арақатынасында «едәуір» өсіп отыр. Әйтсе де, «бәрін өзімізден шығарамыз» деген талабымыз ақыры орындалмады. Оған әуелі 2000 жылдарға дейін басымыздан арылмаған экономикадағы дағдарыстар, одан кейін көршілес елдердің нарықтары әкелген бәсекелестік қысымы қатты әсер етті. Әсіресе, Қытай өте төмен баға ұсына отырып, жер-көкті жаулап алды.
Әрине, отандық өндірістің дамуын тежейтін басқа да себептер болды. Мәселен, жақында ғана Президентіміздің өзі оны дипломатиялық түрде «көптеген жүйелі олқылықтар мен қателіктер» деп өте дәл сипаттап берді. Рас, әңгіме ғылыми сала туралы болғанымен, біз сөз етіп отырған салаға да оны толығымен қолдануға болады. Айталық, ХХІ ғасырдың 20-шы жылдарының басында бірден бірнеше жаһандық факторлар бой көрсетті. Олардың негізгілері – төртінші өнеркәсіптік революция мен жаңа геосаяси шындық еді. Біздің алдымыздан «өзіміздікін өндіреміз бе әлде импортқа тәуелділігімізді созылмалы ауру санатына ауыстырамыз ба?!» деген «төте сұрақ» қайта шықты.
Осы екі жаһандық факторға маңызы олардан кем емес, елдік деңгейдегі тағы екі фактор қосылды. Олар – бүкіл инфрақұрылымның, әсіресе энергетика саласында, айтарлықтай тозуы және онымен тікелей байланысты барлық спектрдегі тапшылық, айталық: генерациялау қуатының, жылу және электрмен жабдықтау желілеріндегі қуаттың және электр энергиясының өзінің тапшылығы. Соңғысы біз үшін жай ғана жаңалық емес, шок болды. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері электр энергиясын экспорттап келген болатын, тіпті кей жылдары бұл көрсеткіш елдегі жалпы өндірістің 4%-ына дейін жеткен еді.
Мұндай сын-қатерлерге кең ауқымда және жүйелі түрде жауап беру қажет болды, әйтпесе барлық жұмсалған күш-жігер өршіп келе жатқан теріс пікірлердің тасасында қалып қояр еді. Сондықтан да бұл мақсаттағы нақты қадамдарға бастау берген 2024 жылдың ақпанында Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болды деп есептеймін. Онда елімізде отандық тауар өндірушілерді (ОТӨ) қолдау арқылы өнеркәсіптік егемендікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар кешені жүзеге асырылып жатқаны ресми түрде жарияланды. Негізгі міндет – инфрақұрылымды жаңғыртуды индустриялық саясатпен үндестіру болды.
Мұндағы «үндестіру» – аталған формуланың негізгі элементі еді. Сондықтан да мен елдегі кез келген жаңғырту ұлттық өнеркәсіп үшін трамплин болу керек екенін қайталаудан жалыққан емеспін. Қашан да солай болуға тиіс! Ол трамплиннің «ұзындығы» қандай екені маңызды емес, маңыздысы ОТӨ өкілдерінің ол арқылы «ұшуға екпін алуда» басым күшке ие болуға тиіс. Сондай трамплиннің бірі – «Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың Ұлттық жобасы». Әзірге 14 триллион теңге көлемінде жүзеге асқалы тұрған бұл құжат Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған жоба болып отыр! Енді оны жүйелі жүзеге асыру мәселесіне келер болсақ, әрине оған қатысты сұрақтар көп, мен солардың кейбіріне толығырақ тоқталғым келеді.
Біріншіден, Ұлттық жобаны жүзеге асырудың ашықтығы мен сапасы. Ол оны кез келген жерде талқылаудан басталуға тиіс. Біз суды, жылуды, электр қуатын және басқа да коммуналдық қызметтерді тұтынып отырған қарапайым адамдардың сенімінен айырылып қалмауымыз керек. Неге?! Себебі олар – тариф арқылы Ұлттық жобаға инвестиция салып отырған толыққанды серіктестер. Мен мұндағы жағдай өзгере бастады деп үміттенемін. Өйткені Ұлттық жобаны бақылаудың, жоқ дегенде, екі маңызды тетігін енгізу бойынша, яки қаражатты игеру және оны іске асырудың технологиялық сапасына қатысты тиісті бастамаларды қазір Ұлттық палатаның қолдауымен салалық министрліктер талқылауда. Бірақ қаражаттың сапалы және ашық игерілуіне кепілдік берілумен қатар, тұтынушылар онда өзіміздің қазақстандық өндірістің де үлесі жоғары болғанын қалайды. Өзгелердің өндірісін дамытуға «инвестиция салудың» мәні жоқ екенін қай-қайсымыз да ендігісі түсіндік.
Екінші мәселе – Ұлттық жобаны жүзеге асыруға біздің отандық тауар өндірушілерді тарту. Менің ойымша, ОТӨ-нің Ұлттық жобадағы үлесін биылғы 20%-дан 2029 жылға қарай 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту принципін құптауға болады. Ал отандық өнімдерді бірден 100% жаппай енгізу қажет деп ұрандатып жүрген тырнақша ішіндегі «жобалар» көбірек күдік ұялатып, тіпті жиіркеніш тудырады. Сондықтан да ондай науқандық асыра сілтеуге ұрынбауымыз қажет. Бірақ біз айтып отырған пайыздар шын мәнінде нақты болуы үшін Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі (Тізілім) толыққанды іске қосылуға тиіс. Себебі Ұлттық жобаға қатысудан үмітті жалған өндірушілерден құтылудың жалғыз жолы – осы. Олар тек үміт етіп қана қарап отырмайтынын да ескерген абзал. Осынау жалған өндірушілердің өз көзқарастарын тықпалап, «салалық» күн тәртібін басқаруға тырысатын, сонысымен Қазақстанның технологиялық егемендігіне қауіп төндіретін кездер аз емес. Біз ондай жағдайларды анықтап, тіркеп, ден қойғанымызбен, мұндай «қолмен басқарудан» аса бір нәтиже болып жатқан жоқ. Өйткені жүйелі түрде тосқауыл қажет. Міне, біз айтып отырған Тізілімнің қуаты да осында. Сондықтан пысықтай айтарымыз: нақты жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің Ұлттық жобаға қатысу үлесін кезең-кезеңмен арттыруды қамтамасыз ету – аса маңызды!
Тағы бір жүйелі аспект – тиімділік. Энергетика саласы мен коммуналдық қызметтегі энергия ысырапшылдығы мен төмен тиімділік проблемасы өзекті болып тұр. Ұлттық жоба аясында пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың энергия тиімділігін бағалау индикаторлары, сондай-ақ инженерлік желілер мен жабдықтардың энергия тиімділігін арттырудағы үлестік (салыстырмалы) көрсеткіштері жеткіліксіз. Бір мысал келтіре кетсем, «шартты алғандағы жанармайдың үлестік шығындары» – өндіріс саласындағы тиімділікті анықтаудың әмбебап көрсеткіші. Бірақ, өкінішке қарай ол елеусіз қалып отыр. Соны қайтадан қолданысқа енгізу қажет.
Мемлекеттің бүгінгі жүргізіп отырған саясаты өнеркәсіптік тәуелсіздікке және еліміздегі негізгі жобаларды жүзеге асыруға отандық тауар өндірушілерді барынша тартуға бағытталған стратегиялық бетбұрысты паш етеді деп кесіп айтуға болады. Бұл ретте, Ұлттық жобаның айрықша мәртебеге ие екенін (және ондағы ОТӨ-нің рөлін) өткен жылдың соңында Үкіметтің Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бойынша Қаулы дайындауға рекордтық уақытта үлгергеніне қарап бағалауға болады. Ендігі келесі қадам, менің ойымша, процестерді цифрландыруды, оның ішінде Ұлттық жобаны жүзеге асыру кезінде де, кез келген адами факторды мүлдем «жоққа шығаратындай» деңгейге жеткізу болуға тиіс.
Сөзімді қорытындылай келе, тағы бір өзекті мәселе туралы айтқым келеді. Жанамалы энергетика – төртінші өнеркәсіптік революцияның ажырамас құрамдас бөлігі. Ол қысқа уақытта үйреншікті жағдайға айналды: көптеген елдердің энергетикалық теңгерімдері қазірдің өзінде жартылай «жасыл» экономикаға көшті. Ал осыған ілесе жүретін энергетикалық жүйелердің технологиялық трансформа-циясы көп ұзамай бүкіл әлемді саланы басқару тәсілдерін толығымен өзгертуге мәжбүр етпек, Қазақстан да одан сырт қала алмайды.
Бұл біз үшін нені білдіреді? Ұлттық жоба – «Қазақстанның ұлттық өнеркәсіптік бағдары» деп аталатын ұзақ жолдың басы ғана, заманауи әрі маңызды алғашқы байыпты қадамдардың бірі. Сондықтан да біздің, яки реттеуші органдар, салалық құрылымдар мен сарапшылардың оны қалай жүзеге асыратынымызға, сондай-ақ жаһандық немесе елдік деңгейдегі болсын қандай да бір сын-қатерлерге алдағы уақытта қалай жауап беретінімізге және ұлттық өнеркәсіптік бағдарды қаншалықты жаңарта алатынымызға көп нәрсе байланысты!
Сергей АГАФОНОВ,
«Энергожөндеу, жобалау, инженерлік компаниялар
мен энергетикалық жабдықты өндірушілердің
Қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы