in

Ұмытыла бастаған ұлттық аспабымыз көп

Бірақ қазақта 120-дан аса аспап барын көбі білмес. Тек үрмелі аспап түрлерінің өзі 22-ге жетеді. Ішінде ұмыт бола бастағаны бар, қолданыстан шығып бара жатқан көне аспап бар, бәрін-бәрін Астанадағы Өнер музейінен табуға болады. Жақында осы мәдени орынға бардық. Сонау соғыс кезінде қолданылған аспаптан бастап, бүгінгі ән-күй саласының майталмандары сахнаға шығарып жүрген аспапқа дейінгісі бар. Егер басқа да халықтардың мұрасын қоса есептесек, музейде бас-аяғы 1 600-ден асатын аспап бар екен. 

Шағын ғимараттағы музей­дің бірінші залында этно­графия­лық бұйымдар қойыл­ған. Қазақ қызының әр жасында киетін баскиімі, кимекшектің түрлері, ер адамның баскиімдері залды толтырып-ақ тұр. Бұдан бөлек, тұрмыста тұтынатын дүниелер де қаз-қатар тізілген. 

Музейдің басшысы Баянды Сахарияұлының айтуынша, мұнда сирек кездесетін және ұмыт бола бастаған аспаптарға ерекше назар аударылған. Атап айтсақ, желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық және басқа да көне аспаптар екінші залға қойылыпты. Мұндай аспаптың бәрін музей қызметкерлері қолдан жасаған. 

– Экспонаттарды қызмет­кер­леріміз өзіміздің шеберхана­да жасайды. Этнограф ғалым Шамғали Сарыбайұлының атын­дағы шеберханамызда көне, ұмыт болған аспаптарды әртүрлі тәсілмен қалпына келтіріп жасайды. Ахмет Жұба­новтан бастап Ақселеу Сейдім­бекке дейінгі қазақтың жоғын жоқтаған, ұлттың этно­графия­сын, салтын, тұрмысын, дәс­түрін, ғұрпын түгендеп, зерт­теген ғалымдардың еңбегін па­рақ­тап отырып, біраз аспап­тарды жасадық. Енді оларды халық арасында кеңінен насихаттау үшін JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP мультиас­паптық ансамблі сол аспаппен орындалатын шығарма жа­зып, тректер мен жаңа туын­ды шы­ғарып жатыр, – дейді Баянды Сахария­ұлы.

Әртүрлі әдіспен безен­діріл­ген аспаптардың ара­сында марокколық бонго, тәжіктің дойрасы, өзбектің карнайы да бар. Оның бәрін музей қызметкерлері сол елдерден арнайы алып келген. Ал қазақ ұлттық аспаптарының ішінде домбыраның де түр-түрі бар. Атап айтқанда, тұмар домбыра, қалақ домбыра, тіпті Абай Құнанбайұлының, Құр­ман­ғазы Сағырбайұлының, Бір­жан салдың, Ақан серінің, Қаныш Сәтбаевтың домбыра­ларының көшірмесі қойылған.

Ауыз әдебиетінде Жошы хан әңгімесі бойынша, дом­быраның ішегіне қорғасын құйылып, көмейіне ойық түсті деген әпсана бар. Соның нағыз үлгісі – сылдырман домбыра болуы мүмкін деген болжамды мысалды естідік. Ол – ирандық бағыттағы аспап. Аспаптанушы, зерттеуші, қалпына кел­тіруші Азамат Бақияның айтуынша, қазіргі домбыраның үлгісі 30-шы жылдары ғана шы­ғып, кең таралған. Оған дейін домбыра­ның бұл түрі мүлде болмаған. Бұл – Қамар Қасымов пен ағайынды Борис және Эмма­нуил Романенколар­дың бірле­сіп тапқан аспабы. Орыстың прима аспабының үстіңгі жа­ғын домбыраға ұқ­сатып жаса­ған. Аспаптанушы­ның айтуын­ша, домбыраның қай түрі болмасын, олар әр өңір­де әртүрлі пішінмен жасал­ған. Оған жергілікті өңірдің ағашы да маңызға ие. Соған байла­нысты төкпе, шертпе күйлер пайда болған. 

Көне аспаптардың сүйемел­деуімен авторлық композиция­лар жазып жүрген JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP мультиаспаптық ансамблі бір­қатар шығармаларын ойнап, біз білмеген аспаптардың дауысы­мен, тарихымен таныстырды. Азамат Бақия ең бірінші саз­сырнай аспабынан бастап, сыбызғы, шаңқобыз, доңыз қауақ және кернейге дейін тарихи сипаттамасын айтып, әр аспапта музыкалық шығарманы орындап берді. Айтуынша, сазсырнайдың дауысы алыстан ыңылдап ән айтқан жас бала­ның дауысына ұқсайды, өте жұмсақ. Сазсырнайды тек қа­зақ­тың ұлттық аспабы десек қателесеміз. Ол түркітілес ха­лықтың бәрінде бар және әр­қай­сысы түрліше атайды. Аспаптың бәріне ортақ атауы – аккорина аталатынын да Азамат Бақиядан білдік. 

– Музейде сазсырнайдың 600-ден астам қоры жинақтау­лы. Оны кез келген саздан, балшықтан жасауға болады. Бірақ домбыра ағашы сияқты сазсырнай жасалатын саз да әр өңірдің топырағына байла­нысты, бір-біріне ұқсамайды. Ал сыбызғы – қазақ даласында ең кең таралған аспап. Тіпті, дом­быраның өзі таралу жағы­нан сыбызғыдан кейін тұрады. Оған дәлел, Шоқан Уәлиханов еңбегінде екінің бірі сыбызғыда еркін ойнай алатынын айтқан. Сыбызғының бір уақыттарда жоғалып кеткен кезеңі де бол­ған. Бірақ түпнұсқасы Моң­ғолия мен Қытай қазақтарында өзгеріссіз сақталды. Ондай түрі осы өнер музейінде тұр, одан басқа атақты 60 сыбызғышының сыбызғысын да осында әкелдік, – деді Азамат Бақия.

Сыбызғының тарихы ерте­ден басталса да, сыбызғышылар жеке-дара ойнаған. Бүгін де ансамбль ойнаған орындау­шылар жоқ. Сондықтан JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP-тың орындауында сыбызғының толық ансамбльде ойналуына куә болған алғашқылардың бірі болдық. Мультиаспаптық ан­сам­бль екі апта бойы сыбыз­ғышы­лардың басын біріктіріп, дайындығын пысықтаған екен. Сыбызғы типтес аспаптың бәрінде ысқырық болғаны үшін дауыс шығады, ал сыбызғыда табиғи ойығы арқылы дауыс шығады. Аспаптанушы Азмат Бақия бұл аспаптың ертеде қурай шөбінен жасалғанын айтты. Бірақ қазір қурайдың орнына ағаш пайдаланылады. 

Бақсылардың аспабы та­ныл­ған шаңқобыздың шаң­ғыауыз деген түрі де бар. Одан шыққан небір дыбыстар «ем болады» деген түсінік берген-мыс. Бірақ бұл аспап қазір заманауи музыканы да орындап бере алады. Му­зы­калық ансам­бльдің орындауында байқағанымыз осы. Шаңқобызбен рок, рэп үлгі­сіндегі әуеннің ырғағын да айнытпай дәл кел­тіруге болады. Ал керней аспабы­ның дауысы 4 шақы­рымға дейін жетеді екен. Трубалық аспаптар­дың 5 түрі бар, соның бірі керней болса, екіншісі – ұра. Оны жаугершілік заманда көшпелі халық­тың біразы қолданған. Егер соғыс біткеннен кейін ұра аспабы ойналса, жеңістің белгісін білдіреді. Музыка зерт­теушісі Жарқын Шәкәрімнің еңбегіне сүйенсек, 5 кернейшіні 5 шақырым сайын қойса, 20 шақырым жердегі ақпаратты 1 минутқа жеткізбей білуге болады. Яғни, ақпарат дегеніміз сол кездегі белгілі бір оқиғаға қатысты соғылған дабылдың дауысын жеткізу еді. 

Бізді таңғалдырғаны, доңыз қауақ аспабы. Бұл – жолбарыс­тың ақырған дауысын шыға­ратын аспап. Яғни, аңшы­лықпен қатар, жолбарысты үркітіп қорадағы малды қорғап қалған. Осылайша, ата-ба­бамыздың аңшылық мәде­ниетін ертеден игергенін байқауға болады. Доңыз қауақ аспабын жасау үшін піскен қауақтың төменгі жағын қиып алып, ішін тазалайды. Сосын диаметрі үлкен жақ бөлігін серке малының өңделген шикі көңімен (қарын) қаптап, шеңбер ортасын тесіп, аттың құйрық қылын ұшынан жоғары қарай шығарып қояды, арнайы былғарыдан жасалған белдікті қауақтың ортаңғы бөлігіне бекітіп, бір жағынан табанға салып бекіту үшін үзеңгі-бауын жасайды. Доңыз қауақты атты адам оң жақ аяғына байлайды. Ат үстінде отырып екі бөлік матаны ылғалдап алып, ылғал матамен аттың қылын кезек­тесіп тартқанда, кәдімгі жолба­рыстың дауысы шығады, жол­барыс өз дауысын естіп үркіп қашады.

Музей директоры Баянды Сахарияұлының айтуынша, жорық дабыл аспабы жалғыз осы Өнер музейінде ғана сақтаулы. Жорық дабыл – сиыр терісінен жасалатын аспап. 

– Аспап кісі бойымен бір­дей жануар терісінен жасалады. Сондықтан тек өгіздің терісінен ғана жасадық. Аспаптың тіпті темірді майыстыруға да күші жетеді. Егер бетіне жырық түс­песе кез келген нәрсені оңай-ақ жығып береді. Неге жылқынікі емес дейтін шығарсыздар? Өйткені жылқы терісі көбіне тұрмыстық заттарды жасауға қолданылады, қысқасы жылқы терісінен ешқандай аспап жасалмайды. Жорық дабылға ұқсас «аттаныс» аспабы да бар. Бірақ оның айырмашылығы сиыр терісінен емес, тайынша терісінен жасалады. Оған да өгіздің терісін салып көріп едік, ағашымен қосып сындырып жіберді, – деді аспаптанушы А.Бақия.  

Музей шеберханасының қызметкерлері ұлттық аспапты орындаушылардың ыңғайына сай келетін формада да жасап шығарыпты. Мәселен, домбы­раның мойнынан орта тұсынан бұрап шешілетін түрі қазір ұшақ­та алып жүруге өте ыңғай­лы. Шеберлердің айтуынша, оған дәстүрлі әншілердің сұранысы да артып отыр. Ал жетіген балабақша мен мектеп балалары үшін жаңғыртылып жатыр. Оны Jetigen kids деп атау­ға да болады. Оның ерекше­лігі бала жасына қарай, аспап­тың көлемі өзгеріп отырады.

Түрлі аспаптың дауысына қанық болып, тарихымен та­нысып болғаннан кейін Азамат Бақия сазсырнай жасаудың техникасын көрсетті. Оған Жошы хан кесенесі жанындағы сазды пайдаланды. Сазсырнай жасау небәрі 30-40 секунд уақыт алды. Оны арнайы қалыпқа салып жасады. Қа­лыптан шығарылған сазсыр­найдың кебуін екі минут күту керек. Музей қызметкерлері сыбызғы ұстап тұрған балбал тастың мүсініндегі сазсырнайды бізге ұсынды. Сөйтіп, өзімізбен бірге ұлттық аспабымыздың бірін музейден алып шықтық. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ