Қазақ өнерінің корифейі, төл өнеріміздің төлқұжаты – Асанәлі Әшімов. Тарих бетінде таспаланған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» және тағы басқа фильмдегі рөлдері – Асанәлі Әшімовтің актерлік қуатын танытқан шығармашылық белес. Таяуда “Айқын” авторы туған күніне орай Асанәлі Әшімовтің жұмыс кеңсесіне іздеп барып, аңыз адаммен әңгімелесті
Өнер – мен үшін тағдыр. Мен мектепте суретші болуды армандадым. Бірақ онымен қайда баратынымды білмедім. Бала кезімде актер боламын деп өмірі армандаған емеспін. Тағдыр мені аяқ астынан актерлік жолға қарай бағыттады. Кезінде Мәскеуде оқуын тәмамдап келген режиссер Асқар Тоқпанов актерлік бөлім ашып, студенттер қабылдамақшы болды. Сол уақытта менің қасымда сыныптас досым Райымбек (актер Райымбек Сейітметов – ред) деген жігіт болған. Екеуіз қай оқуға тапсыратынымызды шешпесек те, бір мәнісі болар деп Алматыға қарай жол тарттық.
Сол уақытта «Казахстанская правда» газетіне консерватория жанынан театр және кино актерлерін даярлайтын актерлік бөлім ашылатыны туралы хабарландыру жарияланды. Райымбек хабарландыруды көрген соң қабылдауға алып-ұшып барды. Асқар Тоқпанов Райымбекті бірден қабылдапты, тіпті топтың старостасы етіп сайлап қойыпты. Сонымен, Асқар Тоқпанов оқуға жаңа қабылданған жігітке: «Оқуға түспей жатып бастық болдың. Жумайсың ба?» дейді.
Бір күні Райымбек Асқар Тоқпановты үйге ертіп келген шақта оның көзі маған түседі. Сол сәтте ол маған «Бала, сен қайда оқып жүрсің?» деп сұрақ қойды. Мен «Селхозда» деп жауап қаттым. Біраздан кейін ол «Әй, Райымбек, мына баланы дайындап, ертең емтиханға алып кел» деді. Менің талантым жоқ, домбыра тартып, ән айта алмаймын. Енді әртістер солай болуы қажет деп ойлап жүрмін ғой. Асқар қолын бір-ақ сілтеді. «Азар болса қазақта бір агроном кем болар» деді. Сонда көрген көз жүріс-тұрысымнан, сөзімнен бір нәрсені көрген болуы қажет. Содан кейін Райымбек маған режиссер болып, «Жас гвардия» деген романнан Олег Кошевойдың монологын түнімен жаттатқызды.
Ертеңіне консерваторияға бардық. Емтихан уақытында монологты дұрыс айта алмадым. Әйтеуір, бар дайындығымыздан шыққан өнерді көрсеттік. Комиссияда отырған төрт адам онша болмаған соң ұната қоймады. Бірақ олардың арасында отырған бір адам «Бала жас қой, әлі үйренеді» деді. Ол – Ахмет Жұбанов еді. Ахаңның сол бір сөзімен актерлік факультетке түсіп кеттім.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.