Ал сол сахнаның тынысын сезіп, әр кейіпкердің тағдырын жүректен өткізіп, көрерменмен бөлісу – нағыз актердің қолынан ғана келеді. Солардың бірі – жас та болса, театр сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан актриса Аяужан Серғазықызы. Бүгінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында еңбек ететін өнер иесі өзінің біраз тұшымды ойымен бөлісті.
– Ең алғашқы рөліңіз туралы айтып берсеңіз?
– 8 жылдық оқудан кейін ең алғашқы рө-лім — келіннің рөлі болды. Бір қызығы – бұл рөлде сөз мүлде жоқ еді. Тек қана іс-қимыл, эмоция және би арқылы келіннің өмірін сахнада көрсету керек болатын. Осы рөлде ән айту қабілетімнің де көмегі тиді. Бұл – менің театрдағы есте қалған алғашқы әрі қызықты спектакльдерімнің бірі. Бағыма орай, осы қойылыммен Түркия еліне гастрольдік сапармен бардым. Сол елде сахнаға шыққанымыз күні бүгінге дейін есімде.
– Эмоциялық тұрғыдан сізге ең қиын болған рөліңіз қайсы? Ол рөлде қандай сезімдерге бой алдырып, қалай күрестіңіз? Бұл тәжірибе сізге не үйретті?
– Соңғы қойылымым «Шеңбер» спектакліндегі Мария рөлі мен үшін эмоциялық тұрғыдан ең күрделі әрі ауыр рөлдердің бірі болды. Марияның ішкі жан дүниесіндегі күрес, оның сезімдері мен тағдырындағы қайшылықтарды жеткізу оңай болған жоқ. Бұл кейіпкер арқылы мен адамның өміріндегі нәзік әрі ауыр сәттерді терең сезініп, оның ішкі әлеміне бойлау қажеттігін түсіндім. Рөлге дайындығым ұзақ әрі терең болды: мәтінді жаттау ғана емес, кейіпкердің мотивтерін түсіну, оның іс-әрекеттерін сезіну маңызды болды. Көп еңбектенуімнің арқасында бұл рөл біртіндеп маған ашыла бастады, ал сахнада өзімді Марияның орнына қойып, оның қайғысын, үмітін, қорқынышын шынайы жеткізе алдым. Осы тәжірибе маған актерлік шеберліктің шегін кеңейтіп қана қоймай, адамның ішкі жан дүниесіне деген терең түсінік пен адамгершілік сабақтарын берді. Сонымен қатар эмоцияларды басқару, өзін-өзі бақылау және шығармашылық процесс барысында өзіңді жаңаша тану қабілетін дамытты. Бұл рөл менің өнер жолымдағы маңызды белес болды деп есептеймін.
– Әртіс үшін маңыздысы талант па, әлде еңбек пе?
– Менің пікірімше, әртіс үшін ең басты нәрсе – еңбек. Тек таланттың құр өзі жеткіліксіз, егер адам табандылықпен, шыдамдылықпен жұмыс істемесе, нағыз өнер адамына айналуы қиын. Ізденіс пен еңбекқорлық – бұл әртістің кәсіби және рухани өсуінің негізі. Өз-өзіңді үнемі жетілдіру, көп оқу, кино мен спектакльдерді қарап, әртүрлі кейіпкерді зерттеу – өнердегі дамудың маңызды қадамдары. Сонымен қатар физикалық форма мен дауыс ырғағын сақтау да үлкен мәнге ие, себебі актерлік шеберлік тек эмоцияны жеткізумен шектелмейді, ол дене мен дауыс арқылы да көрерменге әсер ету өнері. Осы себепті әртіс үнемі өзіне күтім жасап, шығармашылық пен денсаулықты қатар ұстай білуі қажет деп санаймын.
– Театр арқылы қоғамға қандай ой жеткізгіңіз келеді?
– Менің ойымша, актер үшін ең бастысы – көрерменге шынайылықпен қызмет ету. Театр сахнасы – ойын алаңы ғана емес, ол адамның жан дүниесін зерттейтін, оның ішкі әлемін ашатын ерекше кеңістік. Сондықтан мен әр рөлге жауапкершілікпен қарап, оны өмір сүруге, сезінуге, ойлауға лайықтап жасаймын. Себебі әрбір кейіпкердің тағдыры арқылы көрермен өз өміріндегі кейбір қиындықтар мен сұрақтарға жауап табуы мүмкін.
Театрдың күші – адамдардың жүрегіне жетуінде. Сол себепті мен үшін маңыздысы – көрерменнің сенімін ақтап, оларға шынайы эмоциялар жеткізу. Бұл тек сахнадағы өнер емес, сонымен бірге үлкен адамгершілік міндет. Әр қойылым – өзіңді қайта жаңарту, жаңа деңгейге көтеру жолы. Мен сахнада әрдайым өзімді жаңаша сынап, дамуға ұмтыламын.
Сонымен қатар театр – бұл біртұтас ұжымдық жұмыс. Әр әртіс, режиссер, костюм шебері, дыбыс операторы – бәріміз бірге көрерменге ерекше әсер сыйлайтын шығармашылық кеңістік құрамыз. Мен осы команданың бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын және әр қойылым сайын осы миссияны одан әрі терең сезінемін. Осылайша, менің басты мақсатым – театр арқылы адамдардың жанын жарықтандыру, олардың өміріне мағына мен рухани күш қосу. Бұл – менің өнерімнің ең үлкен жетістігі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгерім СҰЛТАНҒАЛИ,
ЕҰУ студенті