Сондай қайталанбас дарын иелерінің келер ұрпақ алдында есімін өшірмей, керісінше, одан сайын биіктете түсетін де сол – халықтың берген бағасы. Осындай абыройлы мәртебеге ие жандардың бірі де бірегейі, есімі таныстырып жатуды қажет етпейтін аңыз адам – Бибігүл Төлегенова. Былтыр қазақтың бұлбұлы 95 жасқа толды.
Біз таяуда ғана Бибігүл Ахметқызының шаңырағына арнайы барып, апамызбен сырластық. Тоқсанның толағай биігін бағындырған әншінің мінезі әлі де сондай жайдары, жүзі жадыраңқы.
– Бибігүл Ахметқызы, былтыр 95 жас мерейтойыңызға орай Астанада шәкірттеріңіз бен үзеңгілес әріптестеріңіз сахнаны әнге бөлеп, халық ерекше кештің куәсі болып қайтты. Осынау бір ғасырға татитын тағылымды өмір жолыңызға нендей баға берер едіңіз? «Ұтқан» немесе «ұтылған» сәттеріңіз көп болды ма?
– Бүгінде 95 жасқа келсем де, әлі де мені қадірлейтін, сыйлайтын жандар бар екен. Осындай жанашыр адамдардың арқасында былтыр Астанадағы мерейтойым жоғары деңгейде өтті. Мен ешкімге ренжи алмаймын. Ең басты айтарым, халқым аман болсын деп тілеймін. Қазір елімізде жоғары атақ-дәрежеге ие әртіс көп. Дегенмен мен өзімді халықтың шын ықыласына бөленген жанмын деп мақтанышпен айта аламын. Әсіресе, 95 жылдық мерейтойымда сол махаббаттың шынайылығына тағы бір мәрте куә болдым. Құдайға шүкір, биыл 95-тен аттап, 96-ға толғалы отырмын. Халқым әлі күнге дейін хабарласып, хал-жағдайымды сұрайды, бірі өзің сияқты арнайы сұхбаттасуға ниет білдірсе, енді бірі ақ батам мен тәлім-тәрбиеге байланысты ақыл-кеңесімді сұрап жатады. Алла тағала маған қанша ғұмыр бергенін кім білсін? Бірақ мен ақтық демім үзілгенге дейін үйде жұмыссыз отыра алмайтын жанмын. Қазір консерваторияда кеңесші ретінде еңбек етемін. Екі жылда бір мәрте халықаралық кәсіби әншілер байқауын өткіземіз. Биыл бұл байқауды он үшінші рет ұйымдастырғалы отырмыз. Білген-түйгенімді іште сақтамай, жастарға жеткізуді парызым деп білемін. Бір қызығы, соңғы кеңеске барған уақытта ерекше бір жағдайға тап болдым. Консерватория менің студенттерге кеңес өткізетінім туралы хабарлаған болса керек, сол күні зал лық толы отырды. Байқап қарасам, студенттердің арасында хабарландыруды көріп, сырттан арнайы іздеп келген жандар да бар екен. Осы көрініске қарап отырып, біздің еңбегіміз әлі де халыққа қажет екенін түсіндім. Халық өнерді, мәдениетті қалайды екен. Өкінішке қарай, қазіргі Абай атындағы опера және балет театры сахнасында нағыз көшбасшылар болмаса да, жастардың ішінде талапты ұл-қыздар өсіп келе жатыр. Олардың жарқын болашағына кәміл сеніммен қараймыз. Мен мына бір жетістікті ауыз толтырып айта аламын. Қазір театр әншілерінің шамамен 30 пайызы – байқауымыздың лауреаттары болса, ал «Астана Опера» сахнасындағы әртістердің 50 пайызы да сол жобамыздан түлеп ұшқандар.
– Ғұмыр жолыңызда есімі елге елеулі небір тұлғалармен сыйласып, қуанышы мен қайғысына ортақ бола білдіңіз. Солардың бірі – өзіңіз көрші тұрған Дінмұхамед Қонаев атамыз еді. Сол кезеңді еске түсірейікші…
– Иә, Димекеңмен кезінде бір-екі рет жүздескенмін. Марқұм Ермек Серкебаев екеуміз барып арнайы сәлем беретінбіз. Димекеңнің қарапайымдылығы соншама, ол адам үйге кіргенде төрде паңдана күтпей, есіктің алдына шығып қарсы алатын. Кейін Дінмұхамед Қонаев тақтан түскен соң бірсыпыра уақыт қысымшылықты бастан кешті ғой. Бір кездері Димекеңнің үйіне баяғыдай еркін баруға ешкімге рұқсат берілмеді. Үй алдында жүрген күзетші бізге Қонаевпен сағат кешкі 20:00-ге дейін ғана сұхбаттасуға болатынын түсіндірді. Ал басқа уақытта кіруге тыйым салынды.
Кезінде маған «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген уақытта ең бірінші хабарласып құттықтаған жан – Дінмұхамед Ахметұлының өзі еді. Сонда Димекең риясыз қуанып: «Құттықтаймын сені! Бақытты бол, игілігімен болсын!» деп тілегін айтты. Дінмұхамед Қонаев партияның бірінші хатшысы қызметін атқаратын уақытта галстук пен костюмін киіп, сықиып отыратын. Өзі денелі адам еді. Бір күні ол маған: «Қызым, сен бойдақтардың шайын ішкің келмей ме?» деп хабарласты. Мен дәл сол сәтте консерваториядағы жұмыстан қайтқан едім, сағат кешкі бес-алты шамасы болатын. Жүгіріп жетсем, есік алдынан қарапайым ғана спорттық киім киген, жылы жүзді жан қарсы алды. Әдеттегі ресми киімде отырған Димаш жоқ. Қазір сол кездерде таспаланған естеліктердің біршамасы есімде қалмапты. Әңгіме арасында ол өткен өмірінен сыр шертіп, біраз мәселені қаузайтын. Әуелі Мәскеуде оқуды тәмамдаған соң Балқашқа жіберілгенін, содан кейін Зухра Шәріпқызы келгенін айтты. «Барақ үйлерде тұрдық, тұрмыс қиын болды» дейді. Кейін Өскемендегі Риддерге жіберіпті. Сол тұста елде соғыс басталып, өзі оқталып майданға аттанғысы келген, бірақ оны «елге қажетсің» деп жібермеген екен. Димекең сұрапыл соғыс кезеңінде 8 оқтың біреуі Риддерден болғанын айтады. Сондай бір жүздесулеріміздің бірінде мынадай қызық оқиға болған. Дінмұхамед Қонаевтың үйінде үй күтушісі орыс әйел жүретін. Бір кезде Димаш үй күтушісінен: «Сен мұнда кім отырғанын білесің бе?» деп сұрады. Сол әйел мені алғаш көргенде кім екенімді білмей, тек жүзі таныс көрінгенін айтқан. Сонда Димекең: «Бұл біздің аңыз қызымыз, бұлбұл – Бибігүл Төлегенова» дегенде, үй күтушісі шошып кетіп, қолындағы шәйнектегі шайды төңкеріп алды.
Димекең Зухра апамызбен талай қиындықты бірге өткергенін, тұрмыс ауыр болғандықтан, баласыз қалғандарын да мұңая еске алды. Жары қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт жалғыздықта өмір сүрді. Әрине, мұндай кезеңде оның көңілі құлазиды. Осылай жүздескен уақытта ол үнемі: «Үкімет менің басымдағы қалпағымнан бастап, аяғымдағы шұлығыма дейін тегін берді. Зухра Шәріпқызы ауырған кезде барлық пианино, кілем, жиһазымызды балалар үйіне өткіздік. Тапқан-таянған жалақымды да сонда аударып отырдым. Егер Үкімет маған киімім мен тамағымды беріп отырса, дүние жинағаным не керек?», – дейтін.
Әкемнің әнін шырқай алмадым
– Бүгінге дейін киелі сахнада талай әнді шырқадыңыз. Бірақ бір сөзіңізде «Менің өмірімде айтылмаған бір ән бар» деп айтып қалдыңыз…
– Әкем сондай өнерлі адам еді. Скрипка мен домбыраны шебер тартып, кең дауыспен ән салатын. Оның орындауындағы бір әннің қайырмасы әлі күнге дейін жадымда:
«Аққу едім-ай көлдегі,
Сұңқар едім-ай шөлдегі,
Амалым бар ма-ау?
Әттең, Тәңірім,
Шөлдедім…»
Өмірімде сахна төрінде талай рет ән шырқасам да, мен шырқамаған жалғыз ән, міне, әкемнің осы әні еді. Әкем бұл әнді домбырамен сүйемелдеп шырқайтын. Қазір кімге айтып сұрасам да, бұл әнді білетін жан табылмады, сол себепті оның ізіне жете алмадым.
– Қиын-қыстау кезеңде әкеңіздің «халық жауы» ретінде ұсталғанынан хабардармыз. Араға ондаған жылдар салып әкеңіздің есімін қайта тірілте алдыңыз ба?
– Әкемнің тағдыры мен үшін жұмбақ күйінде қала берген еді. Сол жылы әкем ұсталғаннан кейін оның қайда, қалай кеткенін ешкім дөп басып айта алмады. Кейін семейліктер мен қатонқарағайлықтар маған «Сенің әкең осында қайтыс болған, әкеңді осында өлтірген» деп айтатын. Бірақ белгісіз кеткен жанға қайда барып белгі қоярсың…Кеңес Одағы құлағаннан кейін Алматыдағы қазіргі Наурызбай мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан бұрынғы КГБ ғимаратының жертөлесінен ескі архивтерді сыртқа лақтырып жатқанын естідім. Сол уақытта бір дүнген әйел хабарласып: «Бибігүл Ахметқызы, КГБ-нің жертөлесіндегі барлық құжатты далаға шығарып жатыр. Біз соны жинап жүрміз. Құжаттың ішінен бір тізім көрдік, онда Телегенов А. №43 деп жазылған», – деді. Мен сол сәтте тізімдегі есім әкем екенін сездім. Құжатта 1938 жылдың 11 наурызы деп көрсетілген. Расында, атылған 43 адамның ішінде менің әкем де бар екен. Сөйтсем, әкемнің сүйегі Алматы облысында екен… Кезінде Қабанбай мен Наурызбай көшелерінің бойында атылғандарды Талғардағы мемориал орналасқан аумаққа көмген. Сол маңнан Ауғанстаннан келген ардагерлерге жер берген. Бірақ олар жерді қаза бастаса, адам сүйектері табылған. Ауған соғысының ардагерлері шошып: «Бір метрдің өзінде адам сүйектері толып жатыр» деп ол жерге барудан бас тартқан.
– Қазір Қатон-Қарағай өлкесінде әкеңіз тұрған ауыл бар. Кейіннен сол ауылға жолыңыз түсті ме?
– Әкем 1937 жылы Қатон-Қарағайдан кетті ғой. Бірақ әкемнің сүйегі Алматы облысында жатыр екен. Кейін біз Талғарға барып, әкемнің аруағына Құран бағыштап, қой сойдырдық. Әуелде жыл сайын 30 мамыр күні мен аяғымды басып жүре алғанша әкемнің рухына тағзым ететінбіз. Қазір көлікпен көп бара алмаймын, себебі денсаулығым ұзақ жолды көтермейді.
Әкем кезінде Алматыға жол тартып, осында екі жыл білім алып қайтты. Оқуын үздік аяқтап, арнайы орденмен марапатталды. Алайда 1937 жылдың күзі біздің тағдырымызды күрт өзгертті. Сол жылы жазда ауылға оралған әкем қазан айында мені жеті жасымда 1-сыныпқа апарды. Бірде әкем бір ауылға іссапармен кеткенде, оны НКВД адамдары ат-арбаға мінгізіп әкелді. Үйімізді тінтіп шықты, бірақ ештеңе таппады. Біз ол кезде қызылшамен ауырып, төсек тартып жатқанбыз. Пештің үстінде анам пісіріп жатқан нанның иісі аңқып тұратын. Әкем үнемі қара арғымағына мініп жүретін. Сол күні әкем анама қарап: «Майнұр, сен жылама. Менің ешқандай кінәм жоқ. Жетім өскен адаммын, қолымда ешбір байлығым жоқ. Қайғырма, аман-есен оралармын» деп жұбатты. Амал нешік, әкем сол кеткеннен қайтып оралмады. 25 жастағы жүкті анам алты баласымен жалғыз қалды.
1921 жылы ата-анасы аштықта көз жұмғаннан кейін әкем сегіз-тоғыз жасынан қара жұмысқа жегіліп, кейіннен сол еңбегінің арқасында көтерілген жан еді. Ол қарапайым ауыл диірменшісінен бастап, Қатон-Қарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымына дейінгі қызметті атқарды. Біз тұрған өлке шекараға жақын болғандықтан, ол аймақта тұруға рұқсат бермей, Семейге көшуге тура келді. Бірақ мұнда келсек те, қайғы құшағымызды босатпады. Әкемнің жалғыз інісі Мұхамадкерім ауырып қайтыс болған екен. Қайғының артынан қайғы қуып, кішкентай Фатима атты сіңлімнің ішіне қызылша түсіп көз жұмды. Тіпті, ол кезде біздің қаралы хабар туралы хабарымыз жоқ. 1940 жылы әкемнің інісі Семей ет комбинатында фабзавкомның төрағасы болып жұмыс істеді. Сол уақытта төрт қабатты үй салынып, тізімге біздің ағамызды да енгізіпті. Үй біткен соң біз сол үйдегі бір бөлмелі пәтерге көштік. Біздің балалық шағымыз осында өтті. Бірақ біз үшін балалық шақ қуыршақ қуып, еркін асыр салып ойнайтын кезең болған жоқ. Күнкөріс қамымен анамызға қолғабыс етіп, ерте есейдік. Анамыз қара жұмыс істеп, бізді солайша адам қатарына қосты. Соғыс басталған соң майданға әуелде ер-азаматтың бәрін алды, кейіннен әйелдерді де әскер қатарына шақыра бастады. Ауылда тек кемпір-шалдар мен балалар ғана қалды.
– Ән өнері – ұлттың рухани айнасы десек, бүгінгі айна бізді қандай кейіпте көрсетіп тұр?
– Менің әкем де, анам да музыкаға әуес жандар болған. Әлі есімде, анам әнді қазақтың қоңыр дауысымен шырқайтын. Жастық шағымда көптеген халық әнін анамнан үйрендім. Ал әкем болса домбырасын тартып отырып, сырлы әуендер орындайтын. Менің жіңішке дауысым сол әкемнен дарыған болса керек, себебі ол әнді тенор дауыспен шырқайтын.
Ал қазіргі заманға келсек… Шынымды айтсам, қазір менің өнер саласының дамуына қарным ашады. Бізде небір талантты, жақсы әншілер қазір «ыртым-пыртымның» арқасында, қазақ айтпақшы, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретінін» байқаймын. Әннің мәні мен мазмұнына емес, сыртқы жылтырына көбірек мән беретін сияқты. Соның арқасында ақша тауып, күнелтіп жүр. Мен бір сәт өз өміріме қарап, тәубе деймін. Қазір Алматыда үш бөлмелі пәтерде өмір сүріп жатырмын. Ондағы көздің жауын алатын кәдесыйлардың бірде-бірін өзім сатып алмағанмын, бәрі де маған шынайы ықыласпен сыйға келген дүниелер. Бірақ түптің түбінде біз бәріміз жер қойнына кетеміз. Сол байлықтың, сол сыйлықтардың ешқайсысын да өзіммен бірге алып кете алмаймын. Қазіргі жастардың үйлері сән-салтанатқа толы, бірақ менде олай емес. Мен халқыма да, қалама да, тағдыр маған сыйлаған өмірге де ризамын. Құдайға шүкір, қарным ашып, үстім тозып отырған жоқ. Жас кезімде қолымнан келгенше елге көмегімді аямай, біреудің қолын қайтармай өмір сүруге тырыстым. Сол үшін де жүрегім тыныш, көңілім тоқ.
Ең басты құндылық – білім алу
– Өзіңіз білетіндей, қазір өткен мен бүгінгі ұрпақтың айырмасы жер мен көктей. Бұған өркениеттің де айрықша ықпалы бар. Қазіргі буынның тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, қазіргі балалардың тәрбиесіне көңілім тола қоймайды. Өйткені бүгінгі буынның өмірі түгелдей дерлік интернет пен гаджетке байланған. Бала телефонның бір түймесін басып, іздегенін таба қояды да, ойланып-толғануға, ізденуге тырыспайды. Көптеген жоғары оқу орнында студенттер ғылыми мақала мен диссертацияның өзін жасанды интеллектінің көмегімен жазып жүр. Мұндай қауіпті құбылысқа немқұрайлы қарасақ, ертеңгі ұрпақ нағыз мәңгүртке айналуы мүмкін.
Қазір төрт шөберем бар, екеуі есейіп қалды. Қайтыс болған кіші қызым Мәриямгүлдің екі немересі бар. Бірінің жасы 22-де, екіншісі – 20-да. Дамира бакалавриатты тәмамдап, магистратураға оқуға түсті, ал ұлы бакалаврда білім алады. Ұлымның қызы Малика Төлегенова қазір «Астана Опера» театрында директордың халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары лауазымын атқарады. Әр кезде әлемнің әр нүктесінде іссапарлармен жүреді. Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Мен үнемі «Балалардың қолына телефонды бермеңдер, ұстамасын» деп ескертіп отырамын. Сонда немерем «Әже, біз мектепте телефон қолданбаймыз. Онда қолдануға уақыт та жоқ, мектебімізде телефон ұстауға рұқсат етілмейді» дейді. Солай болуы да керек. Ең басты құндылық – білім алу, ал телефон ешқайда қашпайды. Телефонды білмегеннен ешкім қорлық көрген емес, көрмейді де. Әрине, гаджет, интернет балаға кері әсер етеді. Мысалы, математикадан есепті калькуляторға салып есептеп, жауабын табу тіптен оңай дүниеге айналып кетті. Ең қауіптісі де сол, ол баланы баспен ойлауға үйретпейді. Ең бастысы, баланың ойлау қабілетін дамыту қажет дер едім. Нағыз білім ақыл-ойыңды іске қосқан кезде ғана келеді.
– Өмір бойы халықтың қошеметіне бөленген тұлға ретінде «бақытты сәт» деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Бақыт деген – үлкен еңбек, қызым. Қазақта «Біреудің бақыты байдан болады, біреудің бағы еңбегінен болады» деген сөз бар. Соған қарағанда менің бағым өз еңбегімнен болды деп ойлаймын. Мен талай жыл өмір сүріп, қаншама жерде қызмет еттім. Бірақ осы уақыт аралығында мына бөлмеде тұрған роялымнан ешқашан ажыраған емеспін. Халық әндері, классика, жалпы қандай шығарма болсын, барлығын осы аспаптың пернесін тыңқылдатып, әбден түбіне жеткенше үйреніп отырамын. Міне, бақ деген – осы. Оңай жолмен келген дүние – бақ емес, ол бар болғаны уақытша ғана құбылыс. Менің әжем «Өмір деген дөңгелек қой, айналдырып бір басады. Сен дөңгелектің үстіндесің, бірде ол сенің үстіңде» дейтін. Сондықтан әркез қиындыққа мойымай, төзімді болу керек. Әрине, адам болған соң өміріңде қиыншылық көп болады. «Еңбек етіп жас шақта, білім алсаң, бақ орнайды басыңа нардай шөккен» дейді. Егер жастық шағыңды еңбек етуге арнасаң, есейгенде басыңа нардай шөккен бақ қонады.
– Сіз үшін өнер – тағдыр ма, әлде таңдау ма?
– Әр адамның тағдыры өзгеше ғой. Менің тағдырым – өнер. Әжем дүниеге келгеннің бір жақсылығы: «Бір жаманға бір жақсы, бір жақсыға бір жаман, кейде арасында екі жақсы қосылады» дейтін. Менің бағым – өзімнің еткен еңбегімнен. Сондықтан қай кезеңде болмасын, өз еңбегіме ризамын.
– Кезінде ауыл-аймақты аралау былай тұрсын, тіпті шахталарға түсіп те концерт берген екенсіз. Сізді соншалықты алыс аймақтарға жетелеген қандай күш?
– Мен бала кезімнен мәдениетті, өнерді шын жақсы көріп өстім. Қазір де сол сүйіспеншілікпен өмір сүріп келе жатырмын. Шынында да, өнер адамы ең алдымен халықты сыйлап, халықты жақсы көруге тиіс. Мен қарапайым жұмысшылардың арасынан шыққан адаммын. Сондықтан қарапайым жұмысшының еңбегі қандай екенін жақсы түсінемін. Жастық шағымда шахтаға талай түстім, кеншілердің жұмысын көзіммен көрдім. Архивтегі кейбір суреттерімді қарасаңыз, бір суретте егіншілердің арасында жүрсек, екіншісінен сахнадан шыққаннан кейін шахтердің киімімен отырғанымызды көруге болады. Бұл шағын ғана әуесқой түсірілген суреттер. Олар маңдай терімен қажырлы еңбек еткеннен кейін мен де олардың алдында ұятқа қалмайын деп қызмет ететінмін. Еңбек, еңбек және еңбек. Бақыттың бәрі осында, қызым.
Мені қанаттандырған – үш адам
– Өнер адамы ретінде қалыптасуыңызға ықпал еткен үш әйел туралы айтып қалдыңыз. Олар кімдер?
– Өмір жолымда мені қанаттандырған үш әйел болды. Біріншісі – жазушы Галина Серебрякова. Ол кезінде белгілі жазушы Максим Горькийдің кеңесімен қаламгерлік жолға түсіпті. Мен көркемөнерпаздардың қалалық байқауына қатысқаннан кейін Галина Серебрякова ерекше қолдау танытқан жан болды. Екіншісі – консерваторияда бес жыл бойы мені білім мен өнердің асыл қырларына баулыған ұстазым – Надежда Самышина. Үшіншісі – Екатерина Ивановна. Ол тағдырымның ең күрделі сәтінде, екі баламды анама аманаттап, өзім қайда барарымды білмей қалған шақта маған өз үйінен орын берді. Бір бөлмелі шағын пәтеріндегі жалғыз диванын ұсынып, үш жыл бойы өз қол астында паналатты. Әрине, мен жалақымның жартысын сол кісіге беріп тұрдым. Халықтың жүрегіне нәр беріп, өнерге деген шексіз махаббатымды оятқан алғашқы осы екі әйелдің арқасында мен де халықтың құлақ құрышын қандырар әнші бола алдым. Мен қашанда жүрген жерімде орыс достарыма «Басына барғанда үш әйелге үш шам қойыңдар» деп айтып жүремін. Өйткені олардың маған жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын.
– Қазір халық сізді әлі күнге дейін сұлу келбеті сақталған әртіс деп біледі. Айтыңызшы, нағыз сұлулықтың сыры қандай?
– Мен сұлумын ба? (күлді). Қазақта «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген сөз бар. Сол айтқандай, мені сұлу деп қабылдайтындар – халықтың маған деген махаббаты мен мейірімінің арқасы шығар. Шын мәнінде, өзімді ешқашан сұлуға балап көрмеппін. Дегенмен халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігі сол бейнені менің бойымнан көргісі келетіндей. Сол үшін де мен оларға ризамын, халық үшін сұлу болайын. Уақыт өте келе адамның сыртқы келбеті өзгеріп, табиғи сұлулығы бәсеңдейді. Қазір иығым сырқырайтындықтан, бұрынғыдай шашымды сәндеп, әртүрлі үлгіге келтіре алмаймын. Әрине, сахнаға шығарда өзіңді жинақы ұстауға тырысасың, бұл – көрерменге деген құрмет. Бірақ мен ешқашан бетіме түрлі маска қолданып, күтім жасаған емеспін. Кейбірі бетіне қаймақ жақса, бірі таңқурай, енді бірі қияр қойып жатады ғой. Ал мен үшін күнделікті бетімді сабынмен жуып, жеңіл ғана крем жағу жеткілікті болатын. Қазір өнер адамдарының арасында түрлі пластикалық отаға жүгінетіндер бар. Бірақ оның не қажеті бар? Қартайған соң әдемі қартаю керек. Бетіңді түзеткеніңмен, бәрібір жүріс-тұрысың, қимыл-қарекетің, болмысың – бәрі де сенің шынайы жасыңды әшкерелеп тұрады.
– Өнермен өрілген өмір жолыңызда «әттеген-ай» деп еске алатын, орындалмай қалған арманыңыз бар ма?
– «Үмітсіз шайтан» дейді халқымыз. Өмірде үмітсіз адам болмайды. Әрине, осынау ғұмырымда жүрек шым етіп, «әттеген-ай» дегізген сәттерім болған. Бірақ қазір оның бәрін ұмыттым. Қанша армандасам да, ол күндер қайта оралмайды. Олай болса, неге мен өткеніммен өмір сүруім керек? Өткенді қайтара алмайтыныңды, болашақта жағдайың қалай боларын болжай алмайтыныңды ұққан сәтте, өткеннің арман-өкініштеріне байлануды доғарасың. Өткен іске өкініп, болашаққа шамадан тыс үміт артып, бүгінгі сәттің қадірін білмей қалуға болмайды. Ертеңіңнің қалай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Сол үшін адамға бүгінмен өмір сүрген абзал. Кезінде Қасым Аманжолов былай деп жырлап еді:
«Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын,
Ән мен күй, өлең сені қоя алмаспын.
Тірлікте тербелейін, тебіренейін,
Бір күні кетсем ұйықтап, оянбаспын…»
– Ел анасы ретінде бүгінгі өскелең ұрпаққа қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз? Неге үйреніп, неден жиренуіміз тиіс?
– Қандай жағдай болса да, адам баласы ешқашан асқақтап, асығыстыққа салынбауы қажет. Әр істі сабырмен, байыппен атқарған жөн. Бүгінің қиындыққа толы болса, ертеңгі күн қуаныш сыйлауы мүмкін. Сондықтан өмірдің аумалы-төкпелі сәттеріне төзіммен қараған дұрыс. Мен әрқашан Жаратқанның бергеніне шүкір айтып отырамын. Өмірде қайғы мен қуаныш қатар жүреді екен. Мен анамды, кейін бауыр етімдей болған қызымды жер қойнына тапсырдым, әкемді жоғалттым. Мұндай сәтте жүрек шаншып, жаны егіліп кетсе де, адам өзінің басын жоғалтпасын. Өмірмен қош айтысқан адамға жаның күйіп, өзіңді жеп қойсаң да, ештеңемен көмектесе алмайсың. Олардың рухына бағыштап Құран оқытып, май иісін шығару – біздің қолдан келер жалғыз дүние. Қазақ «Әруақ разы болмай, тірі байымайды» деп бекер айтпаған. Адам баласы бұл дүниеде мәңгі жасамайды. Кезінде мен де жас болдым. Жиырмаға жетпей, он сегіз жасымда ет комбинатында жұмыс істеп жүрдім. Арман жетелеп, Алматы қаласына келіп, консерватория табалдырығын аттадым. Көзді ашып-жұмғанша уақыт зымырап өте шығыпты. Халық айтқандай, «қамшының сабындай қысқа» ғұмырда бүгін 95 жасқа келгенімді өзім де аңғармай қалыппын…
– Әңгімеңізге рақмет, Бибігүл Ахметқызы! Ғасыр жасты бағындырыңыз!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ