in

Дінзухра Тілендиева, дирижер: Әкемнің жолынан жаңылмауға тырысамын

Даланы сазға бөлеген заңғар тұлға қазақ музыкасының тұтас бір мектебін қалыптастырды. Қазір оның шығармалары қазақтың әр шаңырағында шырқалады. Әке жолын жалғаған асылдың сынығы Дінзухра Тілендиева бүгінде сол рухани мұраны абыроймен арқалап келеді. Біз Ұлттық домбыра күні қарсаңында  Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері  Дінзухра Нұрғисақызымен сұхбаттасып қайттық.

– Дінзухра Нұрғисақызы, есі­міңіздің бұлай деп аталуы да бекер емес. Нұрғиса атамыз Дінмұхамед Қонаев пен жары Зухраның құр­метіне арнап сізге осындай есім бергенінен хабардармыз. Архивті ақтарып қарасақ, бала кезіңізде Димаш атамыздың шаңырағына бірнеше рет барып тұрған екенсіз. Бала Дінзухраның жадында сақталған Қонаев бейнесі қандай болды? 

– Көзі тірісінде әкем мен Ди­маш аға екеуі бір-бірімен аға-іні ретінде сыйласып, жақсы қарым-қатынаста болды. Иә, мен бала кезімнен Димаш ағаны көріп өстім. Біз Карл Маркс және Киров, яғни қазіргі Д.Қонаев және Бөгенбай батыр көшесінің қиылысында тұрсақ, Димаш аға­мыз­дың шаңырағы қазіргі Төле­баев көшесінің бойында орналас­ты. Сол кездері ағам Данияр екеуміз субұрқақтың қасынан өтіп, Димаш ағаның үйіне барушы едік. Ол бізге сағыз бен неше түрлі тәттілерін, өзінің шетелден алып келген сыйлықтарын беріп жібе­ретін. Расында әке-шешем Қона­ев атамыздың әулетін қатты сый­лады. Балалық шағымда Дін­­мұхамед Қонаев мен үшін таудай тұлға болды. 

Мен дүние есігін ашқанда әкем Димаш ағаның үйіне барып: «Сүйінші, отбасымызда қыз бала өмірге келді, қызыма сіздің есі­міңізді беруге рұқсат беріңіз», – дейді. Сол оқиғадан кейін есімім Дінзухра деп аталды. Алайда жеке куәлікте есімім Динара деп көрсетілген. Өйткені мен дүниеге келгенде әкем ат қойып үлгере алмағандықтан, анам өзі қалаған есімін берген екен. Кейіннен жеке куәлігімді алған уақытта анам маған: «Динара, үлкен тұлғаның есімін алып жүру оңай емес. Бірақ сен сахнада Дінзухра боласың. Екінші есімің Дінзухра болып қала береді», – деп түсін­дірді. Кейде әлеуметтік желідегі оқырмандар «Есімі Дінзухра еді ғой, неге Динара деген атқа ауы­сып кетті?» деп сұрап жатады. Мен есімімді ешқашан өзгерткен емеспін.

– Ал ұжымдастарыңыз, дос­тарыңыз сізді қалай атайды?

– Менің екі есімім бар: Дінзухра және Динара. Бірі Ди­нара немесе Зухра деп шақырса, енді бірі Дінзухра деп атайды. Сахнада, афишаларда және тағы басқа ресми орындарда Дінзухра есімін алып жүремін. Бұл үшін мен қуанамын және мақтанамын. Себебі елімізде мұндай ерекше есім алғаш рет маған қойылған екен. Қазір атымды естіген кейбір ата-аналар өз қыздарына Дінзухра есімін беріп жатады. 

«Отырар сазы» – Қазақстандағы жалғыз фольклорлы-этнографиялық оркестр

– Дінмұхамед Қонаевтың бас­тамасымен негізі қаланған «Отырар сазы» оркестрін 2009 жылдан бері басқарып келесіз. Бүгінде бұл ор­кестр заман талабына қалай бейім­деліп келеді?

– Димаш аға болмаса «Отырар сазы» оркестрі де құрылмас еді. Кезінде ол әкемді шақырып алып, ұлттық құндылықтарды жаңғыр­татын үлкен оркестр құру қажет­тігі туралы ұсынысын білдіреді. Осы ұсыныстан кейін әкем ор­кестр құруға бірден кірісіп кетті. Нәтижесінде, әкем шағын ансам­бльді үлкен оркестр деңгейіне жеткізді. «Отырар сазы» оркестрі болмаса, қазіргі сазсырнай, жеті­ген және тағы басқа фольклорлы аспаптар да қолданыста болмас еді. Музыкатанушы, қазақ ұлттық музыка аспаптарының зерттеушісі Болат Сарыбаевтың коллек­циясынан жиналған бірегей аспаптар Отырар қалашығынан табылған. «Отырар сазы» – Қазақ­стандағы жалғыз фольклорлы- этнографиялық оркестр. Қазір оркестр арқылы алтын қоры­мыздағы қазақ күйлерін орындап келеміз. Оркестрдің қоржынында классикалық шығармалар көп, қазіргі жастар тыңдап жүрген заманауи әуендер де жеткілікті. Кейінгі он бес жылда көрерменнің қазақ оркестріне, классикаға деген ұмтылысы байқалады. Са­ты­лымға шығарған билеттеріміз бірнеше күннің ішінде таусылып, концертте зал лық толы болады. Қазір біздің көрерменіміздің қа­тарында бесіктегі баладан бастап еңкейген қарияға дейін, тіпті шетел азаматтары да бар. Бұл өнердің шекара талғамайтынын көрсетеді. Кейде билет сатылымы басталмай жатып-ақ, барлық орынның сатылып кеткенін ести­міз. Сондықтан қазіргі оркестр шығармашылығында өзгеріс бар деп нақты айта аламын. 

– Бір отбасының екі мүшесінің оркестрде өнер көрсетуі, әкесі дирижер болса, қызының аспапта ойнауы өнерде сирек кездесетін құбылыс. Сіз небәрі 4-сыныпқа өт­кен шақта Моцарттың шығар­масын фортепианода ойнап, ха­лыққа концерт бердіңіздер. Жас бүлдіршін үшін бұл кеш сахна киесі мен өнер құдіретін сезінуге қалай әсер етті?

– Расында бұл бала Дінзух­раның өміріндегі ең маңызды сәт еді. Бір қызығы, әкем сахнада дирижер қызметін атқарса, анам концерттің жүргізушісі болды. Анамның концерт алдында үшеуіміздің сахнаға киіп шығатын киімдерімізді жуып, үтіктеп дайындағаны әлі есімде. Әкеммен сахнаға шығар алдында қатты қобалжыдым. Бірақ сахнаның артында әкем қолымды ұстап «Ди­нара, қорықпа, сен батыл­сың!» деп сөзімен дем берді. Әкем Моцарт концертін оркестр арқылы бірнеше күннің ішінде өңдеп тастады. Бұл расында қазақ музыкасындағы ерекше оқиға деп ойлаймын. Себебі тұңғыш рет халықтық фольклорлық оркестр Моцарттың классикалық туын­ды­сын орындады. Әуеннің оркес­трлік әрлеуі сондай әсерлі болып шықты.

Ұстазым Людмила Лапан Кү­ләш Байсейітова атындағы мек­тептің нағыз шебер мұғалімдерінің бірі еді. Қазір ол шетелге қоныс аударды. Әкем бәріне «Динара ме­нің жолымды қуады, ол му­зыкант болады» деп айтатын. Егер сабақтан төрт алып қалсам, анам сабаққа жеткілікті көңіл бөлмей жүргенімді айтып ренішін білдіреді. Ал әкем болса, «Бола­тын бала бәрібір бір жерден өзі-ақ жарып шығады, Динараға рен­жіме» деп мән бермейтін.

Әкем үшін материалдық байлық басты құндылық болған емес

– Өзіңізді өнерде ғана емес, өмірде де тұлға ретінде қалыптас­тыр­ған әкеңіздің қандай сөзі немесе іс-әрекеті өмірлік бағдарыңызға айналды?

– Әкем өте қарапайым жан еді. Шын мәнінде, оның қолында орасан зор мүмкіндік болды. Бі­рақ ол соның бәрін өзі үшін емес, өзгелер үшін пайдаланды. Егер оркестр  ұжымындағы бір адам­ның бас­панасы болмаса, міндетті түрде көмек­тесуге тырысатын. Әкем өмірден өткен соң, есейе келе өмір жолымда талай адам­мен жолықтым. Олар маған: «Білесіз бе, мен пәтерге әкеңіздің арқасында қол жеткіздім», – деп айтып жатады. Мұндай жандарды әлі күнге дейін жиі кездес­тіремін. Ал анам кейде «Саяжай алсақ қой, осындай заттарымыз болса екен» деп айтса, әкем: «Дариға, қажет емес», – дей­тін. Себебі әкем үшін мате­риалдық байлық ешқашан басты құнды­лық болған емес. Мен үшін осының бәрі – өмірлік сабақ. Қазір өзім де әкемнің жо­лынан жаңыл­мауға тырысамын. Өмірде ата-анамның бойында ешқашан өр­көкіректік, астам­шылық болған емес. Бұл қасиеттер менің қанымда бар деп ой­ламаймын. Кейде бір жерде артық кетіп жатқанымды сезсем, өз-өзімді тежеп, сабама түсуге тырысамын. Міне, мен үшін ең үлкен сабақ – адам болып қалу, қарапайым болу және жақын адамдарыңа қолұшын соза білу. 

– Нұрғиса Тілендиев – музыканы ғана емес, спортты да жанына серік еткен адам. Алайда өзінің өнерге табан тіреуіне ықпал еткен ұстазы Ахмет Жұбанов: «Не бокс, не музыка!» деп шарт қойған көрінеді…

– Шын мәнінде, әкем спортты жан-тәнімен сүйетін. Оның дене бітімі мығым болды. Тіпті, белгілі бір жасқа дейін оның қарны болмаған. Әкемнің қолдары қатты әрі жұдырығы өте үлкен болатын. Үйімізде әрдайым бокс қолғабы сақталып тұрды. Әкем бокспен консерваторияда оқып жүрген жылдары айналысты. Бір күні ол ешкімге айтпай жарысқа қатысады. Жарыста жеңіп шығып, рингте тұрғанда залда Ахмет Жұбановтың отырғанын көреді. Осыдан кейін Ахмет Жұбанов әкеме «Не бокс, не музыка!» деп алдына таңдау қояды. Сонда әкем музыканы таңдапты. Бірақ мен әкем қай бағытқа барса да, түбінде сол саланың чемпионы болар еді деп ойлаймын.

– Әкеңіз домбыраны қолмен ғана емес, аяғымен де шерте білген деседі…

– Әкем бала кезінен бұзық болған. Әкемнің аяғымен домбыра шерткенін өзім көрген жоқпын. Бірақ әкемнің көзін көрген азаматтар оның бойында осындай ерекше қабілет болғанын растайды. 

– Кей композиторлар музыка өнерінде жаңа бағыт енгізуімен ерекшеленсе, енді бірі өз шығармашылығы арқылы ұлттық бол­мысты насихаттаушы ретінде есте қалады. Әкеңіз бұл екі миссияның қайсысын көбірек атқарды деп ойлайсыз?

– Меніңше, әкемнің бойында екі миссия да қатар көрініс тапты. Қазақтың күй өнерінде шертпе күй мен төкпе күй деген бар. Әкем сол екеуін бір ғана күйдің ішінде шебер тоғыстырып орындайтын. Мысалы, оның «Әлқисса» атты күйін алып қараңызшы. Оның ішінде шертпе күй де, төкпе күй де бар. Бұл сол кезең үшін нағыз жаңашылдық еді. Ал көне қазақ музыка­сына келсек, сол рух, сол үн әкемнің шы­ғар­маларында тұнып тұр. Оның музыкасы симфония, поэма, күй, тіпті опера мен балетке дейінгі жанрларды қамтиды. Бірақ бәрінде де ұлттық бояу мен нақыш ерекше сезіледі. Мәселен, «Махамбет»  күйін тыңдап көріңізші. Оның ішкі мазмұны мен үні – нағыз қазақы рухтың көрінісі. Мұны басқа ешбір композитордың шығарма­сымен шатастыру мүмкін емес. Әкем әрқашан ұлттық болмысты насихаттап қана қоймай, өзінің жаңашыл көзқарасы мен тың ойларын енгізе білді.

Халық қазір жаңа шығармаларды жақсы қабылдайды

– Бүгінгі қазақ тыңдарманының мәдени сұранысы мен эстетикалық талғамы жайлы не айтар едіңіз?

 – Қазір халықтың талғамы өзгеріп келеді. Бұл өте жақсы құбылыс. Бұрын кей­бір көрермен сапасыз әуендерді тың­даса, ал қазір тыңдарман сапалы музыкаға ден қойып, оны тереңірек түсіне бастады. Бұл сөзіме дәлел – концерттеріміздің аншлагпен өтуі. Сондай-ақ халық қазір жаңа шығармаларды жақсы қабылдайды. Егер біз әуендерімізге аранжировка жасап, бұрын болмаған ерекше жобаларды ұсынсақ, мысалы, қазақ оркестрі мен диджей тандемі сынды жаңашылдықтар болса, тыңдарман ерекше қызығушылық танытады. Біз заманауи шығармаларды домбыра, шаңқобыз немесе қылқобыз арқылы орындағанда, ұлттық аспаптары­мыздың мүмкіндігі қаншалықты ауқымды екенін көрсетеміз. Онымен қоса, әр концерт сайын залға жиналған көрермен «Махамбет!», «Ата толғауы!», «Әлқисса!» деп аталған күйлерді орындауымызды сұ­райды. Демек қазіргі тыңдарман заманауи бағытты да қабылдайды, сонымен қатар ұлттық бастаудан нәр алатын шығар­маларды да сағынады.

– Сахна сыртындағы Дінзухра Тілен­диева қандай адам? Қандай дүниеден қуат аласыз? Керісінше, нендей жайттар жа­ныңызды қажытады?

– Мен шабытты көбіне тыныштықтан аламын. Мен үшін ең үлкен қуат көзі – тыныштық, ұйқы және үнсіздік. Кейде көпшілік ортада ұзақ жүрген кезде, әсіресе адам саны көп орында аздап шаршап қаламын. Бірақ сахнадан кейінгі күй тіптен басқа. Бұл шаршау емес, керісінше, ерекше бір қуат сияқты. Себебі біз сахнада бар ықыласымызбен көрерменге қуат сыйласақ, ал олар бізге эмоциясы мен ыстық қошеметі арқылы қайта қуат береді. Өнер адамы мен көрермен арасындағы осындай байланыс – әртіске берілетін нағыз қуат.

– Тыныштық демекші, өнер адамы үшін жалғыздық пен толғаныс – шығарма­шылықтың серігі. Сіз үшін тыныштық деген нені білдіреді?

– Нағыз тыныштық – барлық мәселе шешіліп, жан-дүниеңді ештеңе маза­ламағанда келеді. Маған жиі өз-өзіммен оңаша қалу қажет немесе мұны өзім талап етемін.Үйде жалғыз өзім қалған уақытта уақытты тиімді өткіземін. Жалғыздықтан жалықпаймын, өз-өзіммен болған ұнайды. Бұл маған тыныштық пен күш-қуат береді.

– Өнердегі ұстанымыңыз, эстетикалық бағытыңыз қандай?

 – Ең бастысы, бір орында тұрып қалмай үнемі алға ұмтылу, дамуға талпыну. 

Әкем өмірден өткен соң оркестр ыдырап кете жаздады

– Сіз еліміздегі ең жас әйел дирижер­лердің бірісіз. Оркестрде басшылық қызмет атқару қиын емес пе?

– Бастапқыда оңай болды деп айта алмаймын. Өйткені мен оркестрге келген уақытта жас болдым. Әкем өмірден өткен соң оркестр ыдырап кете жаздады. Мен алғашында консерватория бітірген жылдары оркестрге тағылымдамадан өту мақсатында келдім. Сол жылдары оркестр ұжымында әкемнің көзін көрген музы­канттар қызмет етті. Араға біраз уақыт салып оркестрге бас дирижер қызметіне тағайындалдым. Қызметке алғаш кіріскен жылдары музыканттардың басым бөлігі қолдау танытып, қолдан келгенше көмегін аямады. Бұл жаңа басшы үшін өте маңыз­ды. Себебі бастапқыда музыканттар тарапынан қолдау болмаса, мұндай жоғары деңгейге бірге жету мүмкін емес еді. Әрине, мен жас болдым. Жұмыс барысында көптеген мәселе туындады. Бірақ кезінде қиындық тудырған сол мәселелер уақыт өте келе біздің тәжірибелі маман ретінде қалыптасуымызға ықпал етті. 

– Сіздің пікіріңізше, қазіргі қазақ қо­ғамының мәдени стратегиясында фоль­клорлы-этнографиялық бағытқа жеткілікті деңгейде назар аударылып отыр ма? Бұл бағыттың дамуына әсер ететін кедергілер бар ма? 

– Иә, кедергілер жеткілікті. Бірақ мүмкіндігінше бізді қолдайтынын айтқым келеді. Кей кезде оркестрге аспаптар қажет болса, шеберлер қажетімізді өтеп, бізге жаңа аспаптар жасап береді. Әзірге гастрольдік сапарларымыз да тоқсаусыз жүріп жатыр. Биыл оркестр ұжымы үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін маңызды жыл. Өйткені осы жылы әкемнің 100 жылдығы. Ең бір қуаныштысы да сол, исі қазақ қана емес, әлем елдері әкемнің қайталанбас тұлға екенін мойындап келеді. Сондай-ақ әкемнің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізбесіне енсе, ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы 2025 жылды Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы деп жариялады. 

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз! 

 

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ