Бұл күннің мақсаты да айқын. Ол – жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, тәжірибе алмасуға жағдай жасау, суицидтің алдын алу, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру және құқықтық мәдениетті арттыру. Сондай-ақ заң мен тәртіпке тәрбиелеуге ерекше назар аударылды. Биылғы фестиваль Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр. Мұнда қала жастары ойын-сауыққа қанық болып қоймай, шығармашылық тәжірибе алмасу, адамгершілік құндылықтарды нығайту және құқықтық мәдениетті арттыру турасында білікті спикерлердің ойын білді. Сондай-ақ фестиваль аясында «Жұмысшы мамандықтары жылы» шеңберінде жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше мән берілді.
Фестивальге Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулкабден, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев және бірқатар қонақ арнайы шақырылды.
– Жастар күні – мереке ғана емес, бұл белсенді жастарға көрсетілетін үлкен құрмет. Сіздер еліміздің жарқын болашағысыздар. Белсенді жастар әрқашанда қаламыздың қоғамдық, мәдени, экологиялық жобаларына қатысып жүр. Оның бәріне көзіміз жетті. «Жасыл ел» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар – тек ағаш отырғызу не оны суару емес, ол кейінгі ұрпаққа деген үлгі, қоршаған ортаға деген ілтипат. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Таза Қазақстан» экоакциясына белсенді қатысып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздерге үлкен үміт артамыз, – деді Табиғат Зейнулкабден.
Елордамызда 14 пен 35 жас арасында шамамен 455 мыңға жуық жас тұрады. Оның 135 мыңы – студенттер. Бүгінде соларға қолайлы жағдай жасалып жатқаны да белгілі. Кеш басында сөйлеген Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев жастар мәселесін шешудегі негізгі қадамдарға тоқталып, қала жастарын мерекемен құттықтады.
– Бүгін – Жастар күні. Бұл мереке әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Біз де сіздерді мерекені бірге атап өту үшін осы жерге жинадық. Білетіндеріңіздей, қала басшылығы мемлекеттік жастар саясатын дамытуға айрықша көңіл бөледі. Жатақханалар, мектептер, университеттер салынып жатыр, мемлекет жастарға қамқорлық жасап, олардың дамуына жағдай жасап келеді. Баршаңызға барлық істе өркендеу, оқуда табыс, жеке даму тілейміз. Ең бастысы тоқтамаңыздар, өздеріңізге сеніңіздер, сонда бәрі жақсы болады. Мерекелеріңізбен! – деп жылы лебізін білдірді Самат Ибраев.
Кешке қонақ ретінде шақырылған Мәдениет және ақпарат министрлігінің Креативті индустриялар департаментінің директоры, Қазақстандағы тұңғыш халықаралық гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева жастарға бүгінде трендке айналған әлеуметтік платформалар, түрлі контент және креатив индустрия төңірегінде жинаған тәжірибесін айтып берді.
– Президет айтқандай, жастарымыз – тек ел болашағы емес, бүгінгі күннің айқындайтын күші. Біздің зерттеу орталығымыз 10 жылдан бері ұлттық баяндаманы жасақтап, мемлекеттік, квазимемлекеттік органдарға өз ұсынысын жіберіп келеді. Мысалы, заманауи трендтердің бірқатар факторына тоқталсақ. Қазіргі құндылықтарымыз соңғы 5 жылда еш өзгеріссіз келе жатыр. Оларды әрі қарай дамытатын да жастар. Ал контент жағына келсек, қазір жастардың 33%-ы рилс форматын көреді. Платформалардың арасында Instagram, TikTok өтімді. Біз осындай трендтерді зерттей отырып, жастарға қандай мүмкіндік тудыра аламыз деген сұрақтың жауабын табуға тырысамыз. Сіздермен жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз. Басты кредо – еңбек ету, – деді ол.
Одан бөлек, спикерлер жастармен мотивация, спорт, әскери-патриоттық тәрбие, нашақорлықтың алдын алу және қаржылық сауаттылық тақырыптарында әңгіме өрбітті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңдалған спикерлердің әрбір сөзі жастарға өмірлік бағыт-бағдарын айқындап, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға көмектесуге бағытталды. Атап айтқанда, Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықбаев соңғы екі жылда әскери қызметке Астана қаласынан 3 500 жас сарбаз кеткенін негізге ала отырып, 127 қыз-жігіттер офицер атағымен тек Қарулы күштеріміздің қатарына шақырылғанын айтты. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2-Жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай жастарға алаяқтықтан сақтанудың алдын алу шараларын үйретсе, EasyStep платформасының негізін қалаушы Әсел Сейфуллина жастар арасында экотехноойлау арқылы экологиялық мәдениетті дамыту тақырыбында дәріс оқыды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық форматтағы фестивальді таңдаудың басты мақсаты – іс-шараны жастар үшін барынша қолжетімді, шабыттандыратын және қызықты ету. Ең бастысы қатысушыларға тек демалып қана қоймай, білім мен идея қорын толықтыруға мүмкіндік берілді.
Жастар күткен фестивальдің жарқын әрі көңілді бөлімі – эстрада жұлдыздарының орындауындағы әнді тыңдау. Концерттің бұл бөлімінде жас аудиторияға танымал әндердің орындаушылары ән шырқады. Амфитеатр сахнасына Ersultan Omar, Madeniyett, Серік Гамза-заде, Bonapart, Baxa, Rick және Kazybek Kuraiysh шығып, мереке атмосферасын одан әрі қыздыра түсті.
Халықаралық жастар күні 1998 жылы Лиссабонда өткен Жастар ісі жөніндегі министрлердің Дүниежүзілік конференциясының ұсынымы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шараларды тұрақты өткізу білім алмасуға, мотивацияға, салауатты өмір салты құндылықтарын нығайтуға, белсенді азаматтық ұстанымды және еркін қарым-қатынасқа мүмкіндік беретін орта қалыптастырады.
Биылғы Jastar Fest елорда қоғамдық өміріндегі жарқын, мазмұнды әрі шабыттандыратын оқиғаға айналып, жастарға пайдалы білім, даму мотивациясы және ұмытылмас эмоциялар сыйлады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ