Меруерт – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектептің, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі. Небәрі 12 жасында алғашқы жеке концертін берген, ал 13 жасында Жамбыл атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсеткен. Ұлыбритания, Ресей, Араб елдері, Үндістан, тағы басқа шет мемлекет сахнасында қазақ өнерін әлемге паш еткен. Қайсар қыз асаудың үстінде отырып та, әуеде қалықтап та түрлі трюктер жасап, скрипкада ойнай алады. Біз жас скрипкашымен тілдесуді жөн көрдік.
– Жақында ғана Джей Лоның шығармасын орындадыңыз, видеоңыз әлеуметтік желіде кең тарады. Әншінің өзі еңбегіңізді бағалап, әлеуметтік парақшасында бөлісті. Шығармашылық жетістігіңіз құтты болсын! Жалпы, өзіңіз шетелдік және отандық әншілерден кімді тыңдайсыз?
– Бұрын әртүрлі стильдегі шығармаларды көп тыңдайтынмын. Кейінгі кезде фильмдердің саундтрегін ғана тыңдап жүрмін. Қарапайым эстрадалық әндер ұнамайды, маған бейне бір жансыз, мазмұнсыз көрінеді. Тіпті, бұл әндердің қалай хитке айналып кететінін түсінбей қаламын. Шынымды айтсам, ештеңе тыңдағым келмейді. Өзім осы өнер саласында жүргендіктен, кейде қатты шаршаймын, сол себепті тыныштықта болғым келеді.
– Шығармашылық дамуыңызға не кедергі болады деп ойлайсыз? Ең үлкен қиындығыңыз қандай және оны қалай жеңіп шықтыңыз?
– Шығармашылық дамуымды жалқаулығым тежейді. Жасыратыным жоқ, ұстаздарым мен жақындарым жалқаулығымды жақсы біледі. Көп дүние көңіл күйіме байланысты, бір күні аса белсенділік танытып, жұмысым өнімді болса, ертеңінде мүлде ештеңе істегім келмеуі мүмкін.
Жеңіп шыққан ең үлкен қиындық дейін бе, әлде әлі де сол қиындықпен күресіп келемін дегенім жөн болар. Ол – «Басқалар не ойлайды?» деген ой. Бұл, бәлкім, тәрбиемізге байланысты шығар, өйткені анам «жұрт не дейді, не ойлайды?» деп үнемі айтып отырады. Шын мәнінде, адамды ондай ұсақ-түйек мазаламауы керек. Әркім өз өмірін сүруге тиіс, басқалардың пікірімен емес, өз жүрегінің үнін тыңдап өмір сүруі керек. Қазіргі заман мүлдем басқа кейіпте дамып келеді, уақыт жылдам өтіп жатыр. Алдымен өзімізді өзгертсек, әлем де өзгереді.
– Қайсар қызсыз, тәуекелді ұнатасыз. Бір кездері атқа мініп, скрипкада ойнаған кезіңізде қолыңызды жарақаттап алыпсыз. Өнер үшін өміріңізді қазір де қауіпке тіге аласыз ба?
– Бұрын жиі тәуекелге баратынмын. Шынымды айтсам, сол кезде қауіп туралы ойламаппын, бір нәрсеге ұрынып қаламын ба деген ой мүлде келмейтін. Жаратқанға деген сенімімнің күші шығар, әлде жастықтың буы ма екен, мен ондайдан қорықпаймын. Кейде атқа ұзақ уақыт мінбей, қайта отырған кезде қорқыныш сезіледі, бірақ шығармашылығым үшін бәріне дайынмын. Шығармашылығым әрдайым алғашқы орында болды және солай болып қала береді.
– Күнделікті дайындығыңызды пысықтап айтып берсеңіз. Техниканы дамытуға қанша уақытыңыз кетеді?
– Мен күн сайын бірнеше сағат скрипкада дайындаламын деп өтірік айта алмаймын. Тұрмысқа шықпағаныма қарамастан, менің де тамақ пісіру, кір жуу, үй жинау секілді бітпейтін жұмысым көп. Күнде таңертең сағат 07:00-09:00 аралығында спортпен шұғылданамын. Бұл ең алдымен менталдық және физикалық денсаулығым үшін маңызды. Тек содан кейін сымбатты көріну мен жақсы формада болу үшін керек деп есептеймін. Әрбір әртіс өз денесіне күтім жасауды естен шығармау керек, өйткені көрермен концертке тек ән тыңдау үшін емес, эстетикалық ләззат алу үшін де келеді. Енді алда маңызды концерттер, жобалар болса, скрипкада дайындығымды екі есе күшейтемін.
– Қол жаттықтыруда қандай да бір ерекше тәсіліңіз бар ма? Мысалы, германиялық скрипкашы Флориан Дондерер иық пен иектің тіреуінсіз, басын тік көтеріп ойнау арқылы жаттығады екен. Оның айтуынша, бұл еркін қозғалуға, басты бос ұстауға көмектеседі.
– Скрипкада ойнап, дамуға арналған қандай да бір ерекше әдіс-тәсіл, жаттығуларым жоқ. Әдеттегідей гаммалар мен этюдтер ойнаймын, бұл өзіме жеткілікті.
– Жастар классикалық музыканы қаншалықты сүйіп тыңдайды деп ойлайсыз? Классикалық музыка тыңдарманын көбейту үшін не істеу керек?
– Қызығушылық бар, бірақ аудиториясы тар. Классикалық концерттерге, негізінен, консерватория студенттері, музыканттар, зиялы қауым және креатив жастар ғана барады. Бұл жаппай бір құбылыс емес, бірақ көрермені әрдайым тұрақты әрі сапалы.
Одан кейін концерттің танымалдығы, оның көрерменге қалай ұсынылуына да байланысты. Егер концерт әдеттегідей ескі форматта, іш пыстырарлық сарында, қатаң, эмоциясыз түрде өтсе, жастар, әрине сирек барады. Егер де классикалық музыканы насихаттайтын кештердің өтетін орны ерекше болса, визуал эффектілер қосылса, заманауи аранжировкалар пайдаланса, әртістер көрерменмен тікелей байланыс орнатса, онда классиканы тыңдамайтын жастардың өзі кешке қалмай келіп тамашалайтын болады.
– Концертке бір күн қалғанда, өзіңізге қандай күтім жасайсыз?
– Концертке бір күн қалғанда, ұстанатын арнайы ережем жоқ. Тек спортпен шұғылданғанда абайлап, аса күрделі жаттығуларды істемеуге тырысамын. Бір Құдайға сыйынып, концертке ішкі күйімді де дайындаймын.
– Ең ұмытылмас өнер көрсеткен сәтіңіз туралы әңгімелеп берсеңіз…
– Мен үшін есте қаларлық бір ғана концертті атау қиын, әрбір өнер көрсету өз алдына бөлек сезім сыйлайды. Сахнада жай ғана аспапта ойнамаймын, әрбір қозғалысты сезініп, оны тыңдарманға толыққанды жеткізуге тырысамын. Әр сахналық көрініс – өмірімнің бір бөлігі, сонымен қатар көрерменмен бір толқында болу өте маңызды. Осындай шынайы эмоцияларды бөлісуді мақсат тұтамын.
– Әлеуметтік желіде өте белсендісіз, қолдаушыларыңыз көп. Дегенмен әлеуметтік желінің психикалық күйіңізге немесе шығармашылығыңызға кедергі тигізетін кезі бола ма?
– Иә, шындықты да айту керек, әлеуметтік желіде хейтерлер мен туралы жаман пікірді қарша боратып жазады. Жекеме де жазып, жағымсыз сөздер айтып жатады. Бұл, әрине, психикалық күйіме оң әсер бермейді, алайда уақыт өте келе оған қарсы тұратын иммунитет қалыптасып келеді. Ондай пікірлерге мән бермеуге, жауап бермеуге тырысамын. Дегенмен кей кезде көңілім әбден қалатыны бар. Өте сезімтал, эмоцияға берілгіш адаммын.
– Әлемдегі бір әлеуметтік мәселені скрипка тілінде жеткізу керек болса, қай мәселені таңдар едіңіз?
– Глобалды тақырыптарға тереңдемей-ақ қояйық, тек өз еліміздің төңірегінде пікірімді жеткізсем деймін. Мені туған елімнің, халқымның жай-күйі, болашағы қатты алаңдатады. Қай адам да бай болғысы келеді ғой, мен елімнің игілігі үшін байысам деп армандаймын. Барша жастың баспаналы болғанын, жоғары білім алып, жақсы жалақыға еңбек етіп, өсіп-өнгенін қалаймын. Өкінішке қарай, елде де, әлемде де аяусыздық, қылмыс саны көбейіп жатыр, оған кедейшілік те жанама әсер етеді. Қаншама адамның жүйкесі тозып, уайым мен қорқынышта өмір сүріп жатыр. Бір нәрсені баса айтқым келеді, ештеңені күтіп отырудың, біреуден үміт күтудің қажеті жоқ. Болашақта бәрі өзгереді деп сену, құр қиялдау – өзіңді барып тұрған алдау. Шын өзгерістерді біз, жастар, өзімізден бастауымыз керек.
– Жас музыканттарға қандай қасиет жетіспейді?
– Жас әртістерге, музыканттарға тәртіп жетіспейді. Қарапайым мысал, көп музыканттың спортпен достығы жоқ. Спортзалда бірнеше рет суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктеп қояды, сонымен жаттығуы бітті. Тәртіпке бағынып үйренуіме жақын досым себепкер болды, әлі де қолдау көрсетіп келеді.
Қазір білім алуға, дүниетанымды кеңейтуге мүмкіндік көп, алайда көптеген арзан, пайдасыз контент адамның жолын адастырып, санасын улап барады. Міне, сондықтан ештеңе іздеудің де, істеудің де қажеті жоқ боп қалды. Жас музыканттар еңбек пен үздіксіз әрекет арқылы ғана өседі, соны ұмытпаңыздар. Уақытты күтпей, бүгін бастаңыздар. Шынайы өнер – жүректен шығып, әлемге жол табатын күш.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Айсұлу СЪЕЗХАН