in

Қазақ киносы қайда бет алды?

Ал қазір көрермендер қазақ киносының әр премьерасын асыға күтеді. Кинотеатрларға жиналған жұрттың ұзын-сонар кезегі – соның дәлелі. Себебі әр адам өз елінің тарихын, тағдырын, тілі мен болмысын экраннан көргісі келеді. Жалпы, қазақ киносы халықты біріктіретін қуатты мәдени күшке айнала алды ма? Қай фильмдер киносыншылардың оң пікіріне ие?

Былтыр кинонарыққа 100 фильм қосылған

Соңғы бес жылда қазақстандық көр­ерменнің киноға деген көзқарасы өзгерді. Қазір олар тек жеңіл комедияға емес, сапа­лы драма мен әлеуметтік маңызы бар фильм­дерге де қызығушылық танытады. Отандық киноның жаңа серпінге ие болуы­на бірнеше фактор әсер етіп отыр. Оның бірі, мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артуы болса, екіншісі – жеке продюсерлік компаниялардың белсен­ділігі. Кинотанушы Баубек Нөгербектің айтуынша, қазақ кино­сының әр жанрда дамығаны жақсы. Коме­дияның да түр-түрі бар. Мысалы, «Асыққан сағат» фильмі комедия мен фантазияны ұштастыра біл­ген. Бұл фильм адамдардың уақытты баға­ламайтынын көрсетеді. Көрерменді көп тартатын, қызықтыратын жанрдың бірі – хоррор. Оған мысал, «Дәстүр» фильмі. Бүкіл жанрлар қамтылса, ол қазақ кино­сы­ның жетілгенін көрсетеді. «Ақтастағы Ахико» фильмі де шынайы оқиға негізінде түсірілген тарихи фильм. 2024 жылы отан­дық нарыққа 100 жаңа фильм қосылыпты. Бұл – тарихта болмаған үлкен көрсеткіш. Басым көпшілігін жеке­меншік кино­сту­дьялар түсірген. Бұрын кино­театрларда қазақша кинолар аз еді. Ал қазір басым бөлігі – отандық туындылар. Мұның өзі үлкен жетістік. 

– Экранға шыққан фильмдерден Кенжебек Шайқақовтың «Айқай», Мұрат Есжанның «Оян, Қазақ» фильмдерін атап өткім келеді. Екеуі де қазақтың өткен тарихы жайлы. «Айқай» 1989 жылдары Семей полигоны жабылу қарсаңындағы бір отбасының өмірін көрсетеді. Басты рөлдегі актер – кинода да, өмірде де ерек­ше қажеттілігі бар адам. Кино қазақтың жанайқайын, экологияға тигізген зардап­тың кесірін көрсетеді. Сонымен қатар әлеу­меттік мәселелерді де ұштастыра біл­ген. Бұл фильм өз нарығымызда жоғары рей­тинг көрсетпесе де, шетелдік байқау­лар­дан бірнеше жүлде алды. Оған мар­кетингтің әлсіз болғаны да әсер етті. Ал «Оян, қазақ» фильмінің жарнамасы жақсы жүргізілді. Сериалдардан алынған, толық­метрлі фильм болса да, кинотеатрда халық­тың сұранысына ие болды. Киноның қазақ мәдениетіне, тарихына қосар үлесі зор, – дейді Баубек Нөгербек.

Кинотанушы «Алаш» тақырыбы әлі де ақтаңдақтарға толы, әлі де зерттеуді қажет ететінін айтты. Көрерменге беймәлім та­рих­ты экран арқылы насихаттау ұтымды. Көркемдік жағынан алып қарасақ та, екі фильм жоғары деңгейде жасалған. Қазақ­стан киносыншылар қауымдастығы да екі фильмге арнайы жүлде берді. 

Әлем назарындағы – қазақ киносы

Қазақ киносы тек ішкі нарықта ғана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып келеді. Бұған халықаралық кинофести­валь­дерде жүлде алып жүрген жас режис­серлер мен олардың ерекше туындылары дәлел. Атап айтсақ, Фархат Шәріповтің «Тренинг личностного роста» фильмі 2019 жылы Мәскеу кинофестивалінде Гран-при ұтып алды. Ал режиссер Әділхан Ер­жанов  – Канн, Венеция, Карловы Вары фестивальдерінің тұрақты қонағы. 

– Соңғы жылдары қазақ кино өнерінің қарыштап дамып, экранда көрінетін туын­дылардың саны артқаны айқын. Отандық фильмдеріміздің ортасынан, ұлттық құн­ды­лықтарымыздың өзгерістерін терең фило­софиялық оймен саралап, көрерменге экран арқылы терең мағыналы сұрақтар қойып, көркемдік биігімен ерекшеленетін, жанымызға әсер ететін бірлі-екілі ғана туындыны атауға болады. Шынайы өнер туындылары көрерменнің жан дүниесін тербеп, оны жаңа ойларға жетелеуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, көңілді аулап, са­на­ны оятуға бағытталған, жүрекке терең әсер қалдыратын фильмдер қатарында Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын», Дәулетжан Махмұттың «Глобус» және Асхат Кучин­черековтің «Бауырына салу» сынды фильм­дері еске түседі, – дейді киносыншы Дана Әмірбекова. 

Оның пікірінше, Дәрежан Өмірбаевтың «Ақыны» – капиталистік қоғамның қысы­мына қарсы тұрып, рухани құндылықтарын сақтауға тырысқан, өнерін сатудан бас тарт­қан кейіпкермен таныстырады. Ол үшін материалдық пайдадан жоғары тұра­тын руханияттың ығыстырылуы – түсінік­сіз әлем. Фильм сонымен қатар техноло­гия­ның қарқынды дамуының тілімізге ти­гізіп жатқан ықпалын, жасанды интел­лек­тінің шығармашылықты төмендетіп, өнер иелерін қажетсіз етіп бара жатқанды­ғын ашық айтады. Бұл туынды тек сөз өнері­нің шеберлеріне ғана емес, жалпы кез келген шынайы өнер адамына – режис­серге, жазушыға, күйшіге қатысты. 

– Дәулетжан Махмұттың «Глобус» филь­мі – кедейшіліктің қасіреті мен тар­шы­лықтың тауқыметіне терең үңіліп, қо­ғам­ды жайлаған жемқорлықтың зала­лын батыл бейнелейтін туынды. Фильмде ақша үшін туған бауырлардың да бір-бірінен алшақтап, тіршілік үшін күрескен жас­өс­пірімнің тағдыры арқылы заманауи қоғам­ның күрделі мәселелері көтеріледі. Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі – бұл бізге ата-бабамыздан мирас болып қал­ған, ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сып келе жатқан дәстүрлеріміздің бүгінгі заман ағы­мымен үйлесімділігін саралап, оларға сыни көзбен қарауға, тіпті заман талабына сай қайта қарастыруға ша­қыратын терең фи­ло­софиялық сауалдар тастайтын туынды. Бұл фильм сөзсіз, көрерменнің жан-тәнін тербеп, оны терең ойға жетелейді, – дейді Д.Әмір­бекова. 

Катастрофа жайлы алғашқы фильм

Қазақ киносы тек бір бағытта ғана түсір­ілмей, әр жанрды қамтуға тырысып жүр. Бұл әрине, шығармашылық топтың ізденісінің арқасында жүзеге асуда. Ай­та­­лық, 4 қыркүйек күні прокатқа шыға­тын режиссер Думан Еркінбектің «Қай­та­дан» фильмі – елімізде түсірілген ал­ғаш­қы катастрофалық кино. Әлем кинематогра­фиясында кең таралған бұл жанр Қазақ­стан­да алғаш рет қолға алынып отыр. 

– Фильмнің идеясы маған 2020 жылы келді. Сол жылы Алматы облысындағы Күрті ауылында бір түсірілімде жүргенбіз. Сол ауылдың шетінде үлкен дамбыны көріп, «егер жарылып кетер болса, ауылдың түгі қалмайды ғой» деген ой келді. Ақыры, осы идеяны дамыта келе, «Қайтаданның» сценарийін жазып шықтық, – дейді Думан Еркінбек. 

Фильм «Қайтадан» аталуының өз себебі бар. Бұл сөздің астарында «адамзат өз қателігінен сабақ ала ма әлде сол қатені қайта-қайта жасай ма?» деген терең фило­софия жатыр. Режиссердің айтуынша, уа­қытында шешілмеген мәселе міндетті түрде қайталанады. Сондықтан «Қайтадан» – тек табиғи апат жайлы емес, қоғамға жасалған ескерту. 

– Бұл фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Кино түсіру – шығыны мен ма­ша­қаты көп жұмыс. Әсіресе, судың гра­фи­касын жасау бізге қиынға соқты. Бұл – киноиндустриясы енді дами бас­таған, бізді былай қойғанда, Голливудтың өзі қинала­тын іс. Мәселен, атақты Джеймс Кэмерон өзі­нің «Аватар. Су жолы» фильм­­інде мінсіз графика жасау үшін жүздеген миллион доллардан асатын қаржы мен ондаған жыл жұмсаған. Өкі­нішке қарай, бізде ондай қаржы мен уа­қыт болған жоқ. Сондықтан жеке пәтерім­ді сатып, қаржысын осы фильмге салуыма тура келді, – дейді жоба продюсері Жалын Тілеуберген.

«Қайтадан» фильмі – қазақ киносының жанрлық тұрғыдан жаңа белеске шыққан­ын көрсететін еңбек. Ол тек көрерменді қызықтырып қана қоймай, ойландырады, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аудартады. Ендеше тарихи сәттің куәгері болу үшін 4 қыркүйекте «Қайтаданды» тамашалауға барыңыз!

Көктем ҚАРҚЫН