in

Қанағат Әбілқайыр, жазушы, сатирик: Сатира ескерусіз қала береді

Ал сатирик болса, қоғамның тамырын дөп басып, ел ішіндегі кемшілікті көркем тілмен әшкерелейтін сөз зергері. Олар қаламын ұштап, кейіпкерлері арқылы бүгінгі тіршіліктің көлеңкелі тұстарын күлкімен түйрейді. Осындай сатириктердің бірі Қанағат Әбілқайырмен сұхбаттасқан едік. Әңгіме бүгінгі қазақ сатирасының жай-күйі, кірпияз өнердегі терең толғаныстары төңірегінде өрбіді.

– Қанағат мырза, қазақ сатирасының тамыры тереңде. Бұл жанрда Т.Қожекеев, Ғ.Қабышұлы, одан беріде К.Әмірбек, Т.Әлімбекұлы сияқты тағы бірқатар сатириктердің орны бөлек. Өзіңіз де осы сарындағы сатираның бүгінгі өкілісіз ғой, кімге шәкірт болдыңыз?

– Сатира деп айдар тағып, үкілеу беріде пайда болды ғой. Қазақта сатираның барлық элементтері о бастан бар. Нағашы мен жиеннің, жезде мен балдыздың, құрдастардың әзіл-қалжыңының бәрінің өзегінде тәтті юмор, ащы шымшыма, астарлы қалжың, жанама емеурін жатыр. Кешегі Алаш ардақтыларының туындылары да таби­ғатымызға тұтасқан осы сарказммен әдіптелген. Сондықтан бұл жанр бізге сырттан келген жоқ, өзіміздің төл дүние деуге әбден болады. Ал беріде Оспанхан Әубәкіров тыңнан жол салғаны рас. Сол тұстағы ұзын тізім: Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбеков, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлы, одан кейінгі Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбектер қазақ сатирасына бір-бір уық болып қадалды. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Ал кімге шәкіртсіз дегенге келсек, мен жоғарыда аталған ата, аға­ларымның бәріне жуығын оқығам. Аларымды алдым, үйренерімді үйрендім деп ойлаймын. Дегенмен мен – Тұрсынжан Шапайдың шәкіртімін. Ол кісі мені жақтырсын, жақтырмасын, мен сол кісінің етегіндемін.

– Сатира жанрының негізі қаланғаннан бері біраз буын алмасты, қоғам да, оқырман талғамы да басқа арнаға ауысып келеді. Кеше мен бүгінгі сатира арасындағы сабақтастық қалай жалғасып келеді? Не айтасыз?

– Сіздер тұлға іздейсіздер, кейіпкер іздейсіздер. Бұл журналистік әрекет деп сенем. Қоғам өзгереді, билік те өзгереді. Мазақ өзгермейді. Ол үшін мазақтың ішінде сұрапыл білім болуы керек. Билікті әркім мазақтай алады, осы күні әркім тас лақтырады. Оған билік жауап бере ме? Бермейді! Бірақ бізбен бірге тарих пен мазақ қалады.

– «Қайыршының миллионер досы», «Деци­ллионердің он мың теңгесі», «Періштелер жоқ жерде» сияқты сатираларыңыздың тақырыбы жеңіл емес. Қарап отырсақ, жемқорлық тақырыбына негізделген шығармалар. Мұндай тақырыпты таңдауыңызға оқырман әсер ете ала ма? Ең алғашқы сатираңыз қалай жазылды? 

– Оқырман әсер етпеу керек. Ешқашан сыртпен санаспауы қажет. Онда сен жазушы емес, диктофон боласың ғой. Мен әлемді жазу деп есептеген емеспін. Қалам да маған мағына бермейді. Ең бастысы, мен қалаған уақытта жазам. 

Бүкіл көзі ашық жұрт сатирамен санасады. Ал біздің «қортықтар» өмір бойы сатирамен санасқан емес. Ең қызығы, поэзия ескерулі, неге екенін сатира ескерусіз қала береді. Бұл «мені ескеріңдерші» деген жалынышты үн емес. Жанрды сыйламау! Қазір сахнадан қасиет кетті. Өзің жоғарыда айтқан авторлар бар, соны түйсікпен қабылдаған актерлер болды, сол кезде өмір мағыналы еді. Қазір бәрі қадірсіз! Келіспесе кездесейік!

Тұңғыш дүнием «Жас Алаш» газетіне шықты. Түпкі ой осы қоғамның жемқорлығы, сатқындығы еді. Одан бері отыз жыл өтті, ештеңе өзгерген жоқ. Бізге басшыны емес, ұлттық ішкі көңіл күйді өзгерту керек. Ішкі жұлын мықты болмай, өзгеден талап ету бекер!

– Қазір өндіріп жазып жүргендерден кімді айтар едіңіз?

– Осы сұраққа бір ғана жауап берер ем: Тұр­сынжан Шапайға бар мүмкіндігін жасап, жазуға мүмкіндік беру.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

 

Қанағат Әбілқайыр – өткір тіл, уытты ой, шығармашылығында шындық пен шеберлікті қатар ұштастырып, қоғамның келеңсіз құбылыстарын әжуамен сынау дәстүрін заманауи тұрғыдан жалғастырып келе жатқан сатирик. Оның «Періштелер жоқ жерде» атты сатиралық кітабы үздік сатираның қатарына енген. Жинаққа оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Қайыршының миллиардер досы», «Періштелер жоқ жерде» шығармалары және әр жылдары жарық көрген сатиралық, лирикалық әңгімелері топтастырылды. Өткір тілді қаламгер әр туындысында қазіргі қоғамның әлеуметтік және моральдық мәселелерін кейіпкерлерінің сан қилы тағдыры арқылы шебер жеткізеді.

ШРЕКТІҢ ҚАЙЫН ЖҰРТЫ

Шректің тағдыры тым ауыр болды, табиғат оған түр-келбет те бермеді. Ол талай жерлерде көзге шыққан сүйелге ұқсап, ешкіммен араласа алмай сопайып оңаша отырды, басқаларға жұғыса алмай көп ішінде қиналып, жап-жасыл болып, өзімен-өзі саяқ жүрді. Оны жақсы түсінген, қайғы мен қуанышта қасында болған жалғыз ғана жан бар еді. Ол күл түстес кәдімгі ақымақ есек болатын…

Күндердің күнінде сол ақымақ есек бір патшаның қызы құзар шыңның басындағы айдаһардың қолына түскенін, кімде-кім сол сұлуды құтқарса, арудың жары сол болатынын естіп қалды. Патшаның шексіз байлығы мен бұрымдының көз тартар ажары есекті де қатты-ақ елітті. Бірақ бойжеткенді құтқару қолынан келе қалса да, мәңгілік қосағы бола қою тым қиын екені біз ақымақ десек те есектің басына келді. Сонымен, ол көп ойланып жатпай-ақ өзіне қимаған асылды Шрекке сыйламақ болып, жалғыз аяқ жолдың шаңын бұрқыратып досына қарай шаба жөнелді…

Қазір қоғам Шрек күлсе, жалаңаш отырғанына қарамай қарқылдап тұрып күледі, алда-жалда ашулана қалса, кез келген тесікке кіріп кетуге арланбас көңілмен құты қашып қалтырай жөнеледі. Шрек қалаған күні – той, қабағын шытқан күні елдің бәрінің жүрісі – мысық аяң. Ол жүз отыз басты айдаһарға күн сайын жергілікті ұлттың бір өкілін апарып беретін болып, айдаһар құрбандығына не істесе де өзі білетін болып екіжақты келісім­шартқа отырған. «Олар өлсе сұ­раусыз, құл қылса да, күң етсе де бәрібір. Бұдан әрі-беріден соң патша ағзамның елі саяси астар іздеп сандалмасын», – деді Шрек. Сонымен, оғлан күйеу қызды құт­қарып, тым-тым алыстағы қайын­жұртына қонаққа келіп жатқалы талай жылдар өтті. Үйіме қай­тайын немесе ата-енемнен ұят-ау сәл аяғымды тарта жүрейін дейтін Шәкең жоқ. Алшаң-алшаң баса­ды, күндіз демей, түн демей ойына келгенін қылады. 

Бұл өңірде Шрек тек есекке ғана қарыздар, есекке ғана ықы­ласты. Есек айтқан тілек пен арыз­дың аяғына жетпей қалғаны жоқ. Мәселен, ол: «Гүлмайсаны таптадың!» – деп жылқы мені теуіп жіберді. Бұған не дейсіз?» – дейді. Шрек жылқыларды шырылдатып жүріп, жал-құйрығы төгілген ең таңдаулы сәйгүліктерді ұстап алады да айдың-күннің аманында ішек-қарнын жар­қы­ратып тұрып, сойғызып тас­тайды. 

Тағы бірде: «Туған інім жұмыс­сыз жүргелі талай болды», – дейді оған күл түстес есек. «Есекжан, осындай ұсақ-түйек үшін мені мазаламай-ақ қалаған орныңа өзің отырғызсаңшы», – дейді жасыл денесіне арасанның қара батпағын жағып ерігіп отырған Шрек. «Құр жүргенше деп, білім саласын басқартып қойдым. Ол жерде басқаратын да не қалды дейсіз?» – деп есек келіп тұрады. Болмаса «Жиенім оқуды бітіріп еді», – дейді кәдімгі есек. Шректің «Туу, сен де…» дегенінше болмай, «Не айтпағыңызды түсіндім. Өзім-ақ қатырам», – дейді де есек тепеңдеп ұзай береді. «Үкімет басшысы еттім, кім отырмаған жер», – деп есек көп ұзамай қайтып келе жатады. 

 Шрек патшаға күйеу бала болғалы бері есек Шрекке неше мәрте кіргенін ешкім білмейді. Санап жүргендердің өзі жаңылып қалды немесе бостан босқа атылып кетті. Өйткені кейінгі кезде есек тым кінәмшіл болып алды. Қит етсе: «Ата салайын ба осы?» – деп шыға келеді. Қыс­қасы, «Күйеу балаға жиі кіргенім қалай болады өзі?» деп есек ой­лама­ды. «Қойсаңшы енді»деп Шрек айтпады. «Ойыңа келгеннің бәрін істе, бірақ билікке араласпа» деп Шректің жары да, қайын атасы да тіл қатпады. 

 Қазір Шректің төрт дүниесі түгел. Қайран қазақтар баяғыда барып-қайтқан жерін әспеттегісі келсе: «Құстың сүтінен басқаның бәрі бар екен», – деп қоюшы еді ғой. Еш жерде кездесе қоймайтын сол құс сүтінің өзі Шәкеңде түр-түрімен тұр. Ол қазір аптасына бір рет осындай сүтпен шайынып тұруды әдетке айналдырған. Қысқасы, Шректе, менмін деген ерлерден алған үлкен базарлар, ойын-сауық орындары, әсем ғимараттар, патшаның қызынан да әдемі арулар, түрлі басшылық қызметтегі есектер дейсіз бе, бәрі бар. Ең қызығы, кәдімгі күлге аунап жататын, сиыр мен жылқыдан қалған шөпті талғажу ететін, ауыл-үйдің арасында оны-мұны шаруа атқарып, арқасының жауыры кетпей, көшедегі кез келген тентек баланың тақымында жүрген дәл осы есектер қазіргі күні жалына қол апартпайтын болған. Қалаған жерінен тістейді, қаламаса басыңнан төмен қарай шаптыра салады. Сені бұл маңнан көргеніне жыны ұстап қалса жы­нысыңа қарап жатпастан артыла кетеді. Кімнен, неден қорқады? Қос құлағына тізілтіп бес жүзге тарта сырға таққан, ми қонбаған қазандай басына алыстан алдыр­ған қымбат бөрік қондырған, тұяғына алтын жалатқан, есек біткеннің төресі – күл түстес сұр есек Шрек мырзаны үкі таққан құйрығымен желпіп отырғанда олар кімнен ықсын. 

 Күндердің бір күнінде Шрек пен есек тағы жолықты. Бұл өзі алдын ала жоспарланған кездесу ме, жоқ әлде, күтпеген жерден ұйымдастырылған басқосу ма, ол енді біз сияқты қарапайым жұрт үшін аса маңызды емес қой. Бірақ осы отырыста есек сөзге көп ара­ласпай, өзін-өзі тежеп ұстағысы келсе де еркінен тыс миығына күлкі үйіріліп, жүзінен нұры төгі­ліп, тым жайнап отырды. Бұған дейінгі кездесулерде дауысын бәсеңдете сөйлейтінін, айтылуға тиіс сөздерінің басым бөлігі өтініштен тұратынын, есіктен кіргеннен еңсесі еңкіш тартып шыға келетінін дәл бүгін ұмыт­қандай… «Бауырларың қалай?» – дейді оған Шрек. «Бәрі жақсы, Шәке», – деп мұртынан күледі есек. «Таусылуға айналды-ау деймін. Кейінгі кезде көп келе бермейтін болдың ғой», – дейді Шрек. «Бауыр таусылушы ма еді? Орын таусылып барады. Көлденең көз өтпесін деп айтайын. Қазір бізде басшылықта отырған есектер жетеді», – деп қояды ол. «О, тоба! Орын таусылуға айналды ма?» – дейді Шрек жеті қат көкке шығып кеткен қиялын қайта алдырарын, болмаса, тиіспей еркіне қоя берерін білмей. «Бұл елдегі барлық тиісті орындарға ең сенімді деген есектерімнің бәрін отырғызып болдым», – дейді өзіне-өзінің көңілі тоқ есек шырт түкіріп қойып. «Сонда бос орын жоқ па?» – дейді әлі де бұл іске онша көп араласқысы келмей отырған Шрек марғау ғана қи­мылдап. «Патша ағзамның ор­нынан басқа жердің бәрі біздікі», – дейді есек тағы да тәтті жымиып. «Оны әзірше қоя тұр. Уақыты келгенде өзім айтам», – дейді Шрек дәл осы тұста ұзай жайылып кеткен қиялдарын амалсыз жинап алып. «Е, оны өзім де білем ғой. Дегенмен оны жылы орнынан қозғамасақ та болады», – дейді есек ештеңеге алаңдамастан. «Е, неге?» – дейді Шрек үлкен таң­даныспен. «Өйткені ол маған ұнай­ды. Оның үстіне, ол да дәл өзі­міздей күл түстес», – дейді есек. 

ЕСЕП!

Біздің елде жыл сайын облыс, аудан әкімдері халық алдында есеп береді. Оған бә­ріміз үйрен­генбіз. Әлеуметтік желілер сәнге айналғалы бері қа­лың қауым да есеп беретінді шығарды.

Бұрын-соңды кофе ішіп көрмеген біреу арғы ата­лары­нан бір артығын көрсетейін деді ме: «Кофе ішіп отырмын», – деп жарты әлемге жар салды.

Өмір бойы аспанда қа­лық­тап жүрген тағы бір қарындас: «Мен жер басып тұрмын», – деп, су­ретін жариялады.

Тұла бойы түгел демо­кратия­­­ланып кеткен тағы бір дос: «Мен әжетханада отыр­мын», – деді күшеніп.

Меніңше, бәрі дұрыс сияқты. Кімнің қайда, не істеп жүргенін сұрамай-ақ біліп отырғанға не жетсін?! Осындай ойымызды айтқызбай білген тағы біреу: «Бір жасымнан екі жасыма дейін киіп, кейін ініме берген қайыс бәтең­кемді көр­гілеріңіз келсе, «Ақита» деген сайтқа кіріңіздер», – деді ен­тігіп. Ентіккенін танауы дел­диіп, әлеуметтік желіден қазір шығып кетейін деп тұрған су­ретінен байқадық.

Жаны нәзік тағы бір қыз: «Құр­быларым жылап отыр­ғаным­ды түсіріп алыпты. Дау­сымды тыңдағыларыңыз кел­се, «Мақита» деген сайтта», 0150 деді.

Мұны оқыған Байжұма қарап отыра ма? Үйінен ақта­рып жүріп, қырық жылғы шұлығын тауып алды. Бүктеуге келмей, қатып қалған шұлық кез келген жерге сүйей салсаң, пышақ сияқты қадалып тұра береді екен. Құ­шыр­лана иіскеп, біраз толқып тұр­ды да, суретке түсіріп: «То­ғызыншы сыныптан он бірінші сыныпқа дейін тастамай киген шұлы­ғым» деп жазды. Әлі де бірдеңе жетіс­пейтін сияқты. Ақылды емес пе, көп ойланбай: «Смай­лик басуды ұмытпаңыз­дар», – деп қосып қойды.

Миымызды ашытып, уақыт жұмсап, түрлі басылымды, ақын-жазушылардың шығар­ма­ларын оқығанша, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» осы өз қотырымыз қызық!..