in

Абайға барсаң…

«Абай тойы бір қазақ жасап, екінші қазақ қонақ болатын той емес, Ол – әр қазақтың өз тойы» деген сезіммен жиналғанбыз. Ол – ұлттың әр өкілі жанжүрегімен тойлайтын, тұтас халықтың тойы деген түйсінудегі ақын көңіл ғой. Ойланып, сайланып, буынып-түйініп шыққан бетіміз еді.  Жетісу жерінен жел шалқытып өткен желікті көңіл Арқа кемеріне ілініп, Аягөз асқан тұста сабырси түскен. Әнге елтігендей әсермен бірден жазып тастамақ болған әлгі тақырып ауырлап, енді ол жайлы ойлаған сайын санамыз салмақ тарта бастаған. 

АБАЙҒА БАРУ

Абай тойына – Абай облысына бару «Абайға бару» емес, оған баруға құлшыну ғана екен. Ол – Абайға баруды мақсұт тұтып топтасқан жұрттың арасында болу. Ол ұйымдастырушы топ той үшін тапқан толайым ойларды таратып қойған онкүн­дік бағдарламаға, яғни сол той-думанға қатысу екен. Абайға барсам деген бұл са­пар Абайды тани түсуге тартқан тағыл­ымды іс-шараның ішінде болу ғана; Жидебайға – Абай жатқан жерге бару, хакімге жақын­даудың адал ниеті ғана екен. 

Сонда «Абайға бару» деген не? Ол – Абай әлеміне бару, парасат кеңістігіне өту; ұлт болмысының асыл қойнауына ену; Ұлттық мұратқа ұмтылу. Сөздеріміз бұл­ың­ғырлау болып кетті ме? Ендеше былай айтайық.

АБАЙҒА БАРУ – СӨЗ ТАНУ

Бізше, ол – ұлттың болмыс бітімін ұйытқан ұлт сөзіне бару.

Ортаға жеткізер ойын бейнелеп айта­тын «Қиялай шабатын, қисынын табатын, (қашқан) тағыны жетіп қайыратын» жүйрік тіліміздің қасиетін сезінуге бару. Ол – «Өткірдің жүзінен, кезтенің бізінен (өткір) сөзімізді ұғынуға көңіл қою. 

Ол – «бес нәрседен қашық, бес нәр­сеге асық болу»; «ынталы жүрекпен» «ғылым таппай» тоқтамас дағдың болу.

Ол – «Санаңда сәулең барда тұтас ұлт түп-түгел топтасып, «Единица жақсысына (бір бірлік мақсұтқа) топтасып, тұп-тұтас ұлт болу жолына түсу. Себебі: ұлттың бүкіл болмысы оның сөзінде. Сөзді ұқпай тұрып, сөз мәнін білмей тұрып ұлт болу, сол ұлттың өкілі болу мүмкін емес. Абайға бар­ған кісі қазақ сөзінің мән-маңызын ұғынып, мәйегін дәмін алады. Сол сөздің мәнінен өзін – қазақтық бітімін табады. 

Абайға барған кісі қазақ сөзінің ға­жайып бейнелегіш қасиетін, қазақ деген халықты бар қылған бағасыз асыл болмы­сын біледі. 

Абайға бара алған кісі қазақ сөзінің осыншама жүйрік, осыншама өткір, оралы­мы соншама көркем, «алыстан сер­меп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайы­латын» қазақ тамырында соғып тұр­ған қан сияқты, ұлтты тірі, ірі көрсетіп тұрған асыл тіл екенін көреді. Ол өзін қа­зақ қып тұрған да, ұлтты ұлт қылып тұрған да қазақ сөзі екенін көреді. Қазақстанды мемлекет етіп, оның дербестігін көрсетіп тұрған ол – қазақ тілі екенін шын танып біледі. 

АБАЙҒА БАРУ – ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚ

«Сәулең болса кеудеңде» деген өлең­дегі Абайдың «единица жақсысы – сенген елі өңшең нөл» деп тамсанатыны, сондай елге қызығатыны, сондай тұтастықты сонша аңсайтыны бар. Бірақ бұның оқу­шы назарына іліге бермейтіні, басқа өлең­дері сияқты жұртқа тарамайтыны, тал­дау­ға түспейтіні неден? Ол Абайға барма­ған­нан – Абайға барар жолға мықтап түспе­ген­нен. Мемлекеттік ойлаудың санадан шығып кеткенінен. 

Абайға кім бара алған? Алаш көсемдері барған, Абайды маяк тұтқан. Олар «Тірі болса, қазаққа қызмет етпей қоймайтын» бір мақсұтқа ұйысып, өздері Абай аңсаған «Бірлік – біртұтас идеал – «единица жақ­сысы» бола алған. 

Абайдың ұғымынша, «Единица жақ­сы­сы» – жұртын мақсатына сендірер, ар­ты­нан ертер тұлға. Олар – тым болма­ған­да «бір басындық болар» саналы тұлға немесе бастаушы топ. Ал «единица кеткен соң, не болады өңшең нөл» дейтіні – бір мақ­сатқа бірікпеген, бірігіп бір мақсұтты ұстанбаған жұрт – ол нөл. Ол – «Сасық көл». Осы өлеңде бұншама үлкен ойды өлеңмен сонша қарапайым бейнелеген-ақ. Бірақ оны оқыған көп жұрты ол идея­ның маң-шаңына да бармаған. Яғыный Абайға бармаған. Абай ойлаған межеге ол тұста тіпті бармаған. 

Біз Алаш оқығандары Абайға барды дедік қой. Олар бір идеяға ұйымдасқанда, біздің ұлт түгелге жуық, күш-қайратының жет­кенінше сол мақсұттың еселегіш, нөлдігі бола алған екен. Алаш партиясы, Алаш автономиясы сөйтіп құрылды. Отаршы елмен шекара сөйтіп сызылды. Сөйтіп, бір кезде біздің халық та, мемле­кет­тік мұрат жолын бастап берген – «Алаш» деген ЕДИНИЦА ЖАҚСЫСЫН таң­дап, Абайға барар жолға түскен, ар­ман­ға қол созған, сол арманның кей тұсына сол уақытта-ақ қолы жеткен кез болыпты. 

Алаш мақсұты да сол Абайға барар жол­да тұрған тағы бір алтын көмбе. 

Бүгін бізде жолында «нөл» болуға та­титын мақсұт-мұраттар бар ма?

Бар болғанда қандай? 

Ол – Қазақстан. 

Ол – Отан топырағының тұтастығы, ұлт­тың мәңгілік азаттығы, соны сақ­тай­тын ұрпақтың сергектігі, парасаттылығы, ғылым-білімге құштарлығы, еңбекшілдігі, махаббаты. 

АБАЙҒА БАРУ – АЛЫС МАҚСҰТ

Қайратым мәлім 

Келмейді әлім

Мақсұт алыс.

Өмір шақ. 

Өткен соң базар, 

Кеткен соң ажар,

Не болады құр қожақ.

Кештеп қайтар жол емес,

Жол азығым мол емес. 

Бұл шумақ екі жүз жолдан тұратын «Сегіз аяқ» деген өлеңнің 97-104-жолдары ғой. Қазір көп қазақ «мақсұт» деп жазып берсең, «мақсат» деп оқиды. «Мақсұт» дегеніміз – мыңдаған мақсаттардың жиынтығы. Ол – өмірлік мұрат. Ол – тұтас ұлттық мұрат. Оған – оны орындауға адам өмірі жете бермейді. Осы шумақтағы Абайдың «Мақсұт алыс, өмір шақ» дейтіні, «Кештеп қайтар жол емес, жол азығым мол емес» дейтіні содан. 

Абайға барар жол да солай «кештеп қайтар жол емес». Ол – ғұмырлық сапар, тіпті ол – тұтас ұлт ғұмырының белгілі кезеңімен, кезеңдерімен өлшенер сапар. 

Біз мысалға алып отырған шумақты Абай жазғанымен «Сегіз аяқты» айтқыш әншілер ешқашан айтпаған. Керек десеңіз, соңғы басылымда «Кеш деп қайтар жол емес» деп қате жіберіпті. (Хал­ық­аралық қазақ тілі қоғамы. 2024).

«Абайға барсаң» деген мағынаны тар­қатқанда, Абайға бара алмайсың де­геніміз жоқ. Абайға барар жолда Аягөзге – Абай облысының шетіне іліндік дегеніміз сияқ­ты, Абай әлеміне барар жолда оның рух өлке­сіне сіз де кіресіз. Жүрген сайын биік­тейсіз – Абай биігіне жақындайсыз. Жүрген сайын көбейесіз, топтаса түсесіз. 

АБАЙҒА БАРАР ЖОЛДЫ ЖОЙҒАНДА

Абайдың 1995 жылы өткен 150 жылдық тойы ұлт тойы дербестік тойы деңгейінде өт­к­ен болатын. Бұл сол тұстағы билікте отырған топқа секем алдырған ұлттық серпіліс еді. 

Ол – Абай рухы ұлтты тұтастыра түсе­тін, оята түсетін, дербестік рухын көтере түсетін құбылыс екенін айқын­да­ған. Ол кез­дегі мемлекет байлығын же­кешелен­діру­ге құлшынған билеуші топқа ондай құбы­лыс сипатты ұлттық рух маягы керек емес еді. Олар Абайға ап­ар­ар жолды жою, тоз-топалаңын шы­ғару керек деген ұлтқа қастандық ше­шімін қабылдады. 

Абай туған облысты жойды. Алаш қаласы Семейді қараусыз қалдырды. Осы жол­ғы онкүндік тойда облыс әкімі Берік Уәли 1981 жылы КСРО кезінде салынған Мәдениет сарайында қалың ақын-жазу­шы­ның алдында тұрып, Тәуелсіздік алға­лы, тіпті «43 жыл ішінде Семейде бір де бір мәдениет ошағы салынбады» дегенде сай-сүйегіміз сырқырады. Ол уақытта біз Елі­міздің басқа өңірінде миллиондық қала салып, триллиондарды шетел асыр­ып жат­тық қой. Қыстық Азия ойындары, қаласын, EXPO қалашығын салып тастап едік.  

«АБАЙҒА ҚАЗАҚ БАРМАСЫН» дегендей, Семейді жолсыз, Қарауылды қараусыз қалдырған уақыт көз алдымызда болды. Соны көріп те «Ет жүректің сөзін айтпай, еріннің сөзін» айтып сорайып біз жүрдік. Сонда да, арып-шаршап, салта­на­ты қашқан Семейге, Абайға, Жидебайға барып жүрдік. 

Олардың қаскөй мақсаты – қаңтарда талқандалып, қастығы қайырылып басы­на тиген, тойтарылған тұста Абай елінің де ақ таңы атып еді.

АБАЙДЫ ҚАСТЕРЛЕУ

Бұдан үш жыл бұрын екі тізгін, бір шыл­­быр қолына тиген кезде бүгінгі Пре­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев керемет Қаулы шығарды. Абай атын облысқа беріп, Абай рухын аспанға көтерді. Онсыз да орасан соққы көрген Алаш қаласы Семейді сенім кернеді. Қазақ­тың еңсесі тіктеліп, ұлттың үміті оянды. 

Алаш қаласы алақанның жылуын сез­ді. Абай облысы алқалы жұрттың жүрегін баурады. Әбден бүлінген Абайға барар жол ашылды. Алаш оянды. Отан ауқымындағы облыс атаулының бәрі де Абай елінің еңсе көтеруіне, Абай жерінің түлей түсуіне, түрлене түсуіне құлшына қолғабыс жасай бастады. 

Егер осы күндері Абайға барсаң; егер осынау онкүндік Абай тойы ұлт тойы деңгейімен өткенін көрсең; оған он тоғыз облыстан орасан зор тартуымен келген ұлт зиялыларын көрсең, өзгеше бір биік бақытқа кенелер ең. Абайды туған өлке­дегі хакім құдіретін сезінер едің. 

Семей стадионында елу мың кісі Абай әнін шырқап тұрса, олар кілең жастар екенін көрсең, он күн бойы Жидебайға ағылған жұртың жайдарман жүзін көрсең, Қарауылға – Қарауылтөбенің бауырына қырық мың кісі топтасқан тойды, ондағы ұлттық белгісі айқын шараларды көрсең, соның бәрінің Абайға барғанын көресің, өзіңнің де Абайдың парасат әлеміне бара жатқаныңды сезесің. 

Олар Абай облысының кең топырағын басып, шалғынын кешіп, дариясын бойлап жүр ме? Ендеше дәл сол уақытта олар Абай феноменінің ізгілік өлкесінде жүр деңіз. 

Абай рухы – ұлттың өсу жолын айқындайтын темірқазық. Ол – бағыт айқындаушы маяк. 

Абайға бар. Абайды оқы. 

«Біріңді, қазақ, бірің дос,

 Көрмесең істің бәрі бос». 

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

Семей, Жидебай, Қарауыл