in

Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына арналған халықаралық конференция өтті

Жиынға Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев, дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет пен тіл білімі саласындағы жетекші ғалымдар қатысты, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Басқосу барысында Түркі академиясының Абай мерейтойына арнап дайындаған жаңа басылымдары таныстырылды. Атап айтқанда, алғаш рет 1954 жылы Бакуде кирилл қарпімен жарық көріп, содан бері қайта басылмаған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» деп аталатын алғашқы екі кітабы әзербайжан тілінде қазіргі латын әліпбиіне аударылып жарық көрді.

Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» ортақ түркі әліпбиі негізінде жарық көрді. Қазақ абайтанушысы Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың мұрагерлері» еңбегі түрік тіліне аударылды.

Жиында сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев Абай мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі өркениетіне ортақ құндылық екенін атап өтті.

 – Түркі академиясының жаңа басылымдары ұлы ойшылға деген құрметпен қатар, түркі әлеміндегі мәдени бірлік пен сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам, – деді Шаһин Мұстафаев.

Конференция түркітанушы ғалымдар үшін пікір алмасып, ғылыми ізденістерімен бөлісіп, сондай-ақ ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды алаңына айналды.