Шөбересі Айсаным Қастеева бүгінде ұлттық киім өнерін жаңғыртып, оны заманауи сән үлгісіне бейімдеп жүрген жас дизайнерлердің қатарында. Ол әр туындысында ұлттық нақышты жаңа қырынан көрсетіп, оны әлемдік трендке айналдыруды көздейді. Атадан берілген қабілеті мен кәсібі туралы кейіпкерімізбен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Әлеуметтік парақшаңызды қарап, тек ұлттық нақыштағы киімді тапсырыспен тігетініңізді білдік. Қазір мұндай киімге сұраныс жоғары ма?
– Өнер университетінде «Театр және костюмдер бойынша суретші» мамандығын меңгердім. Қазір жеке жұмысымды істеп отырмын. Мақсатым – халқымның, ата-бабамның салт-дәстүрін жоғалтпай, оларды заманауи стильге келтіріп, жаңа қырынан таныту. Оюлы қамзол, үкілі бөрік, сылдырлаған шашбау, тіпті түйреуіштерді де жасап жатырмын. Қазіргі ұлттық киімдердің бағасын екі қырынан айтайын: бірі – тренд, екіншісі – өзегін тануға ұмтылу. Мысалы, бізге шетелде тұратын қазақтар хабарласқанда, этно-костюм арқылы дәстүрмен, ұлттық өрнекпен, мәдениетпен қайта қауышқысы келетінін айтады. Сондықтан қандай мақсатта тапсырыс берілсе де, мұндай киімдерге сұраныстың жоғары екенін сеніммен айта аламын.
– Дизайнерліктің ішінен неге дәл этно бағытын таңдадыңыз?
– Бала күнімде мен журналист болуды армандадым, тіпті өзімді шетелде осы салада жұмыс істеп жүргендей елестететінмін. Сол жерде ғана менің арманым орындалатындай көрінетін. Бірақ тағдыр басқаша шешті. Дизайнер болдым. Неліктен дәл этно? Шынымды айтсам, бұл бағытта дамуды жоспарламадым, бірақ ішкі бір күш маған тамырыммен жақын болу керегін сездірді. Арғы атам бір кездері туған даласын, тауларын қалай бейнелеген болса, мен де өз киімдерімде сол туған, этникалық, қазақы ерекшелікті жеткізуге тырысамын.
– Оқушы кезіңізде бір суретіңіз Нидерландыдағы көрмеге қойылыпты. Одан кейін байқауларға қатыспадыңыз ба?
– Иә, бала күнімде шетелдік көрмеге қатысқаным тәжірибе болды. Одан кейін ондай мүмкіндік тумады. Әрине, бұл ең алдымен өзімнің ізденіс жасамауымнан ғой. Яғни, халықаралық байқауларды, көрмелерді қайдан табуға болатынын іздеп жүретін уақыт жоқ. Күнделікті тұрмыс, бала тәрбиесі, үйдің шаруасы бәрі уақыт алады. Кейде тіпті ондай байқауларды іздеуге деген құлшыныстың өзі болмайды.
– Костюмдеріңіздің құнын қалай нақтылайсыз?
– Әлеуметтік желіде киім бағасын жарияламаймын. Себебі, киімді жалғыз өзім тікпеймін. Бізде шеберлер ауысып тұрады. Тігінші, кестеші, пішетін адам өзгерген сайын еңбекақысы да әртүрлі болады. Әрқайсысының тәжірибесіне байланысты қойылады. Мысалы, бір костюмге үш айға жуық уақыт кетуі мүмкін. Өйткені, материал іздеу, тігу, бояу – бәрі-бәрі өз қолымыздан шығатын дүниелер. Екіншіден, тапсырыс берушінің де талғамы ескеріледі: үлкен ою, ұсақ өрнектің бәрі киімнің құнына тікелей әсер етеді.
– Бұған дейін қандай жұлдыздардың костюмін дайындадыңыз?
– Еліміздің көптеген әртісімен жұмыс істеп үлгердім. Ең жиі тапсырыс берушіміздің бірі – әнші Жазира Байырбекова. Ол әрқашан: «Сіздің талғамыңызға толық сенемін, қалауыңыз бойынша тігіңіз» деп айтады. Балжан Бидаштың ұзатуына арналған образын жасадым. Бұл нағыз фурор болды, қазақ фэшн-индустриясында «жарылыс» жасағандай әсер қалдырды. Өйткені, дәл мұндай ұзату көйлегі бұрын-соңды болмаған еді. Сондықтан Балжан Бидаш киген «Мақта қыздың» көйлегін брендіміздің ең жарқын туындысы деп есептеймін. Бір кездері Дана Кентай, Айдана Меденова, Ғазиза Әбдінәбиева сынды жұлдыздарға арналған сахналық костюмдерді де тіктім. Белгілі жұлдыздар сахнаға менің қолымнан шыққан киімдерді киген соң, халық арасында мені танып-біле бастады. Бұл маған үлкен қолдау әрі шабыт әкелді. Басында, өнер жолына енді келгенімде, медиа саласының мамандарынан көмек сұраған кездерім болды. Бірақ уақыт өте келе бір шындықты түсіндім: қазір бәрі бір-біріне шын жүрекпен, адал ниетпен демеу болатын заман емес екен. Әсіресе, сурет, өнер, дизайн әлемінде бұл анық байқалады, өйткені мұнда бәрі бәсекеге тіреледі. Біреу екіншісіне жол бергісі, көмектескісі келмейді. Сөйтіп, ешкімнен қолдау күтпеуді, өз еңбегіме ғана сенуді үйрендім.
– Мені тағдыр айдап келді дейсіз… Сонда бұл салаға қызығушылығыңыз болмады ма? Үлкен атаңыздың халыққа белгілі болуы кәсіби өсуіңізге қалай әсер етті?
– Иә, мен Әбілхан Қастеевтің шөбересімін. Көпшілік мені атамның ұрпағы ретінде жақсы таниды. Әбілхан атамның ұлы Нұртілеу ата гипстен сан түрлі мүсін жасап, қолөнермен айналысқан. Қызы Гүлназия тәтем де Т.Жүргенов атындағы өнер ордасында сурет пәнінен дәріс берді. Ал Әбілхан атамның немерелері Дәурен мен Сауран Қастеевтер – қазірдің өзінде шетелге танылған суретшілер. Нағашы жағым да өнерден қалыс қалмаған. Нағашы әжем Лиза Қалимова Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында 40 жыл бойы қызмет еткен тұңғыш суретші-реставратор болды. XIII–XIV ғасырларға тиесілі тарихи жәдігерлерді қалпына келтіріп, ұлттық қазынамызды сақтауға үлес қосты. Әжемнің еңбегі еленіп, ол «Құрмет» орденімен марапатталды. Анам – Суретшілер одағының мүшесі, бірнеше еңбегі жарық көрген танымал суретші. Әкем интерьер дизайны саласында еңбек етті. Ал туған інім арнайы сурет мектебін тәмамдады. Байқасаңыз, жақынымның бәрі өнерлі адамдар, мұндай дарын қанмен беріледі дегенге толық көзім жетті. «Мені бұл салаға тағдырдың өзі айдап келді» деуімнің себебі – осы.
Дегенмен, киім үлгілеріне тапсырыс бергендер көбіне мені «Қастеевтің шөбересі» екенім үшін емес, ең әуелі жұмысымның ерекшелігі үшін таңдайды. Туындымды шыққан тегімді таныту мақсатында көрсетпеймін. Өйткені, өзімшілдік пен атақ қуғанды ұнатпаймын.
– Атаңыз туралы естеліктерді кімнен көбірек естідіңіз?
– Ата-анам іссапарда жиі жүретін, сондықтан Әбілхан Қастеев жайлы көбіне Мұхит әжем айтып беретін. Әжем – Қастеевтер әулетінің келіні. Әжемнің айтуынша, Әбілхан атам сондай қонақжай болыпты. Бірде үйіне бір кісі шай ішуге келген екен. Атам онымен ұзақ отырып әңгімелесіпті. Қонақ кеткен соң, үйдегілер атамнан оның кім екенін сұрағанда, ол жай ғана: «Білмеймін» деп жауап беріпті. Атамның қарапайым киім киіп, үйдің ауласын сыпырып жүрген кездің бірінде көрші әйел келіп: «Осы жаққа атақты суретші Әбілхан Қастеев көшіпті деп естідім. Оған теледидардан адамдар, танымал тұлғалар келіп жатады екен. Сол суретшінің түрі қандай өзі?» деп сұрапты. Шын мәнінде, ол іздеп тұрған Қастеев дәл алдында тұрғанын білмеген. Атам барлығын ішіне сақтайтын, сырын сыртқа шығармайтын мінезді болыпты, үшінші инфарктан кейін көз жұмған.
– Өмір сүру салттарыңыз қандай?
– Туысымның бәрі – сабырлы, салмақты жандар. Біз кәдімгі адамдар сияқты қарапайым өмір сүреміз. Арамызда қаншама марапатқа ие болып, еңбектері газет-журнал бетінде сан мәрте жарияланған, түрлі дәрежеге жеткен адамдар бар. Соған қарамастан, ешқайсысы даңдайсып, тәкаппарлыққа бой алдырмайды. Адамның бойындағы қасиет ата-бабасынан қан арқылы дариды. Егер біреу мансапқұмар, не менмен болса, демек оның бір атасы сондай болған шығар деп ойлаймын. Әбілхан атам да өмірін таршылықта, суық үйде өткізді. Қателеспесем, оның шаңырағына жылу жүйесі ол кісі дүниеден өткеннен кейін бір апта, не бірнеше айдан соң қосылған екен. Атам «ақырын жүріп, анық басып», ең әуелі балалары үшін көздеген мақсатына жеткен.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ