Өмірі өлеңмен өрілген, жүрегі туған жердің жырын тербеген ақын қазақ поэзиясының абыройын асқақтатқан, ұлттық рух пен азаттықтың жыршысы еді.
Темірхан Медетбек Алматыдағы Абай атындағы институттың филология факультетінде оқыған, республикалық телевидениеде қатардағы редактор болған. 1973 жылы Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін облыстық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі міндетін атқарушы болып жұмыс істеген. 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып сайланды.
2003 жылы республикалық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ал 2006 жылы республикалық «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы болып тағайындалды.
Ақын «Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Көк түріктер сарыны» жыр жинақтары мен «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты сан кітаптардың авторы. Сөзден қашалған ескерткіш іспетті өлеңдері бірнеше тілге аударылып, өз оқырманын тапты.
Қош бол, қазақтың көк бөрісі
Бүгін қазақтың даңқты ақыны Темірхан Медетбекті ақтық сапарға Жазушылар одағынан шығарып салдық. Халық көп жиналды. Сол жерде Темірхан ақынмен қоштасу сөзімізді айттық.
«Алладан шынымен жарлық келсе, жұлдыз да жерге түсер аспандағы» дегендей, Алланың еткен ісіне адамның жоқ шарасы деп трибунада ақынның жары Шолпан ханымға көңіл айттық. Біз Темірханмен сырлас болмасақ та, сыйлас болып едік. Өйткені біз соғыстан кейін туған ұрпақ едік. Анау 60-жылдары біз ес жинап, етек жауып, әдебиет әлеміне араласа бастаған тұста дүние жаралып, су аққалы, ғасырдан ғасыр ауысып, қазақ – қазақ болғалы, не көрмедік, не көрдік. Сол 60-жылдары біз кешегі аштықтан шыққан, соғыстан қансырап шыққан халықтың егілген еңсесін көрдік. Мінекей, осы тұста біздің ұрпақ алғаш қалам ұстаған 60-жылдардағы соғыстан кейін туған ұрпақ ақын-жазушылары елдің еңсесін көтеру үшін қолға қалам алдық. Соның басында Темірхан Медетбек тұрды. Ол тарихын жалмаған заманда қазақтың терең тарихына көз жіберді. Көк түріктердің күндей күркіреген заманына көз жіберді. Сөйтіп, көк түріктер тақырыбын әдебиет әлеміне алып шықты. Оның «Көк түріктер сарыны» аталатын шығармасы осыған дәлел. Яғни, біз езілген ғана ел емес едік, біз – елдігіменен күндей күркіреген ел едік кешегі күні. Бірақ сол біздің тарихымызды айтқызбады, «ендеше тыңдаңыздар деп «Көк түріктер сарынын» жазды. Сонау Тоныкөк заманына барды. Сөйтіп, түріктер аталатын аталарымыздың тепсінген дәуіріне қалам тартты. Бұл ақыры біздің поэзиямызда Көк түріктер тақырыбы тұңғыш рет көтерілуі еді және оқырманына шабыт беретін, оқырманына жігер беретін, оқырманның еңсесін көтеретін, оның тарихи жадын жаңғыртатын таңғажайып туынды болды. Сол үшін Темірхан мемлекеттік сыйлық алды. Енді бүгін біз сол Темірханмен қоштасып отырмыз. Бүгінгі заманның көк түркімен қоштасып отырмыз.
Жаппар ием жарылқап,
Ақыретте алдынан,
Жеті тозақ жабылып,
Сегіз пейіш ашылғай дейміз.
Қош бол, қазақтың көк бөрі ақыны Темірхан досым!
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның Халық жазушысы
Темірхан Медетбекпен қоштасу
Құшып көкті,
Күлтегін бүгін Жерден ұшып кетті…
Қараң қалар дүние қараң ғап бір,
Тамамдалар дүние тамам боп тұл!
«Көк Түріктер сарыны» көзден ұшып,
Сағыныш сартап болар заман кеп тұр.
Ажалға бар ма менің амалым да?
Сол сарын маза бермес саналы ұлға!
Қара өлең Құдайдың бір құбылысы ед,
Темірхан Медетбектің заманында.
Сонда тұр ел мұраты, ұлт өмірі,
Қазақтың көншімеді-ау, бір көңілі?
Хош болғай, енді қайта көрісем бе,
Менің зар заманымның Күлтегіні.
Буынның бірі кетер, бірі келіп,
Тұлпарлар тұяғынан дүбір өріп.
Ол кетті…
Ол кеткенмен төбемізде,
Көк Түрік тұрады әлі күңіреніп…
Серік АҚСҰҢҚАР,
ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ар-намыстың ақыны
Ортамыздан Ар-Намыстың ақыны, ұлттың ұлы жыршысы кетті.
Аты аңызға айналған Баукең батырдың майдандас қатары өмірден өткенде: «Уже по нашим координатам бьют!» деген сөзі бар. Қазақ поэзиясындағы «Соғыстан соң туғандар» деп аталатын буынды, толқынды құраған Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Дәуітәлі, Шөмішбай, Ибрагим, Тынышбайлар еді, соңы Несіпбек, Есенғалиларға ұштасқан. Міне, осы буынның басында өзінің өзгеше жырларымен Темірхан Медетбек тұрды.
Темкеңнің тұңғыш кітабы 1970 жылы шықса, менің тұңғышым 1973 жылы шығып, жасымыздың айырмашылығына қарамастан әдебиетке бір кезеңде келдік. Біз бір буын, бір толқын болып есептелдік. Өмірде ағалы-інілі болдық, арамызда ерекше сыйластық бар еді. Өмірдегі арқасүйер бір ағам, үлкен жолда үзеңгілес жолдасым болды десем артық айтқандық емес.
Кейінгі кезде аурухананың жан сақтау бөліміне қайта-қайта түсіп, әр шыққан сайын, соңында дәрігерлер телефонын алып қойғанша хабарласып отырдық.
– Маған келіп әуре болма. Шаршап қаламын. Осылай телефон арқылы бірер ауыз тілдесіп тұрсақ жетеді. Шаруаң көбін білемін, тек ұмытып кетпеші, – деген. Шамам келгенше үміттендіруге тырысып жүрдім. Алматы қалалық әкімдігіндегі інілеріміз де аурухананың бас дәрігеріне ерекше тапсырып, үнемі қадағалап отырды. Соңғы тілдескенімізде:
– Енді болған сияқты. Жүректің әлсіреуі тым жиілеп кетті. Кететін уақытым келіп қалды-ау деймін, – деді. Дауысында ешқандай қобалжу болған жоқ… «Шипасын берсін, ертең-ақ тәуір болып шығасың, сен мықтысың ғой, Темаға!», – деп тілім жеткенше жігерлендіріп баққам.
Содан кейінгі күндері сапарда жүріп байланыссам, жары Шолпан апай көтеріп, дәрігерлері телефонын балалардан үйге беріп жібергенін, оттегімен жасанды демалдырып жатқанын айтты. Амал не? Жазмышқа озмыш жоқ екеніне тағы көз жетті…
Бір өлеңінде Темірхан: «Балалығым – өзімде!» деп жазған болатын. Ол бұл өмірден бойындағы балалық тазалығын, жүрегіндегі кіршіксіз сәби сезімін былғатпай өтті. Осыдан 25 жыл бұрын ол Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда «Егемен Қазақстанға»:
«Темірхан Медетбек – тасқа тамыр, темірге жан бітіретін ақын!» деп қолдау мақала жазған едім. Өзі осы теңеуіме көңілі толып, ризалығын білдірген. Жақында ғана ТҮРКСОЙ-дың Алтын медалімен марапатталуына септігім тиді. Оны халықаралық ұйымның Бас хатшысы Сұлтан Раев Алматыға арнайы келіп, Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағында өз қолымен өңіріне тағып беріп, сертификатын табыстаған. Бұл – ақынның бағзы түрік рухын тірілткен өлмес еңбегіне лайықты баға еді!
Темағамның 80-ге толған мерейтойына арнап жазған «Поэзия қағаны» атты өлеңім тоқтай алмай, толғауға айналып кетіп еді. Мен оны тасқа жыр қашаған бәдізші ақын Йолықтегін қағанның бүгінгі жалғасы деп санаймын. Түрік дүниесінің классигі Темірхан ақынның поэзияға қосқан ерекше үлесін таратып айтуға үлкен монографиялар керек. Оның ақындығының өзін бір дәуір десек болады.
Өмірдің өртеніп тұрған өзекті тақырыптарын қозғады.
Ұлттың ұлы мұраттарын қорғады.
Көк түріктер сарынын көкке көтере жазды.
Рухымызды асқақтатты.
Намысымызды оятты.
Мұндай қара тырнағына дейін қайтпас, қайсар, қайраткер ақын, алты Алаштың ақсемсеріндей өткір, алдаспан ақын ғасырда бір туады. Қазақ халқына, түрік дүниесіне, Шолпан апайға, отбасына ауыр қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын.
Бақұл бол, Темаға!
Жаның жәннатта болсын!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ ,
ақын,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы