in

«Атақ, абырой, ақша – бәрі уақытша. Бүгін бар, ертең жоқпыз…»: Димаш Құдайберген жан сырын ақтарды (видео)

Халық әртісі, әнші Димаш Құдайберген YouTube желісіндегі «Бизнес под капотом» арнасына сұхбат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әнші шығармашылығы, өмірлік ұстанымы туралы айтып, әңгіме өрбітті. Айтуынша, адам қанша танымал болса да, өмірде бәрі уақытша екенін ұмытпауы керек.

«Менің өмірімде болып жатқан қызықты сәттердің барлығы деп айтайын, өткінші дүние. Бүгін бар, ертең жоқ дүние. Атақ, абырой, мансап, ақша, тіпті біздің өміріміз де уақытша. Бүгін бар, ертең жоқпыз. Бәріміз Алланың алдына барамыз. Бәріміз белгілі бір деңгейге дейін жұмыс істейміз. Мансабымызды көтереміз. Бірақ ең алдымен, менің пайымдауымша, адам ең басты қағидаларды өмір бойы ұстанып келгені дұрыс. …Әрине, ақша барлық адамға керек. Бірақ ақшаға деген махаббат біздің алақанымыздың тұсында ғана болу керек. Алақанымыз арқылы жүрегімізге өтіп кететін болса, тұла бойымызды билеп, санамызды улап жіберуі мүмкін. Сол себептен адами құндылықтарды сақтап қалу керек», – дейді әнші.

Өнер иесі адам қай салада еңбек етсе де, адамгершілік бірінші орында екенін атап өтті.

«Адам рухани тұрғыда өзін өмір бойы байытып отыруы керек. Екіншіден, парасаттылық. Үшіншіден, жауапкершілік, табандылық, еңбекқорлық. Қай мамандық иесі болса да, адам рухани тұрғыда бай болуға ұмтылуы керек. Рухани кедей, пасық кеуде, тәкаппарлығы бар адам қоғамға қауіп төндіреді деп айтуға болады. Қай салада болмасын. Мысалы, спортта болса, ақылсыз адам жұдырығымен біреуді өлтіріп алуы мүмкін. Саясаттағы адам пасық кеуде болса, халыққа қызмет етпей қояды. Әнші, актер болсын, танымал тұлға халықтың алдында өзінің жауапкершілігін сезінуі керек. Кез келген танымал адам өскелең ұрпақ алдында моральдық, этикалық тұрғыда бағыт беруші. Мысалы, мен сахнада біздің дүниетанымымызға жат, рухани құндылықтарға қарсы дүние айтсам, ол менің өскелең ұрпақ алдында жауапкершілігімнің жоқтығы деп ойлаймын. Маған еліктеген жас жеткіншектер менен кішкене болсын, тәрбие, үлгі алып отыруы керек. Аға ретінде мен дұрыс бағдар беруім керек», – дейді әнші.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.