in

Ақтауға келген Димаш ерекше сыйлық алды

Әнші Димаш Құдайберген маңғыстаулық 87 жастағы қолөнершімен кездесіп, өзіне арнап жасаған шашақты сыйға алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ақтау әкімдігі мәліметінше, 87 жастағы маңғыстаулық қолөнерші Шархат Төлемісова сыйлықты тапсыру үшін «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» фестивалінің ашылу салтанатына арнайы келген.

«Димаш – өзіміздің баламыз. Ақтауға келеді дегенді естіген соң, “Неге бір тал шашақ байламасқа?” деп ойладым. Сондықтан кездесіп, домбырасына өз қолыммен тағуды жөн санадым», – дейді әжей.

Димаш қолөнершімен кездесіп, арнайы сыйлықты алды.

«Әлеуметтік желіден әжеміздің маған арнайы шашақ жасағанын оқып білдім. Кеше концерттен соң әжемізбен кездесе алмағаным ойымнан кетпеді. Бүгін ағаларыма айтып, арнайы кездесіп отырған жайым бар», – дейді Димаш.

Өнерпаз Димаш әженің қасына еріп келген 10 жасар шөбересіне алқасы мен жүзігін сыйға тартты.

«Елдің де, ердің де тілеуін тілеп отырған ана болғандықтан, қазақты әлемге танытып жүрген осы балама арнайы шашақ жасап, оны тапсыру арманым еді», – деген ақ жаулықты ана Димашқа ақ батасын берді.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» фестивалінде өнер көрсетті.

          Посмотреть эту публикацию в Instagram                      

Публикация от АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ (@aktau_akimdigi)

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.