Экшн-драма жанрындағы туындыға Атыраудан бір топ жігіт барып, түсірілімге қатысып келді. Ерекше жанрдағы фильмге түскен әуесқой актерлардың бірі Ақылбек Магданов бізге киноға апарған жолы туралы айтып берді.
– Ақылбек, құтты болсын! Айтыңызшы, үнді фильміне қалай шақырту алдыңыз?
– Қазіргі мамандығымның негізі киноға еш қатысы жоқ. Мен – дизайнермін. Әрі фитнес бапкері ретінде спортқа жақындығым да бар. Әлемдік киноға түсемін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген екен. Ойламаған жерден танысым бұл фильмге кастинг жарияланғанын әлеуметтік желі арқылы көріп, маған хабарлама жіберген болатын. Көп ойланбай, кастинг директорымен сөйлесіп, талаптарын естідім. Ұзын бойлы, азиат жігіттердің керек екенін айтты.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейін, бірнеше атыраулық жігіт түскен «Акханда» – үнді киноиндустриясының заманауи экшн-драма жанрындағы жарқын туынды. Режиссер Бояпати Срину мен актер Нандамури Балакришна шығармашылық тандемі көрерменге тек күш пен қарсылықты емес, рухани қуатты, әділет жолындағы күресті де ұсынады.
Фильмнің сюжеті екі түрлі кейіпкерге негізделген – бірі қоғам үшін күресіп жүрген қарапайым адам болса, екіншісі – құпия мистикалық күшке ие, «Акханда» деп танылған тұлға. Бұл қос рөлді бір актер – Нандамури Балакришна тамаша сомдайды. Оқиға желісі әділет үшін күресті, отбасы мен қоғам алдындағы борышты және рухани сенімді біріктіреді. Үндістанда үлкен танымалдылыққа ие болған экшн-драманың бір бөлігі болғаныма қуанамын.
– Бұған дейін актерлікпен айналыспағаныңызға қарамастан, бұл жобаға қалай таңдалдыңыз?
– Бұрын-соңды арнайы киноларға түспегеніммен, бұған дейін телевизиялық бағдарламалардың сюжеттеріне, қысқа метражды роликтерге, ютуб жобалардың түсіріліміне қатысып, белгілі бір деңгейде тәжірибе жинақтағаным бар. Қазір де өзім фитнес бапкері ретінде instagram парақшамда блог жүргізіп, түрлі видео түсіріп жүрмін. Бәлкім, камера алдында ұялмайтындығымнан шығар, кастинг директоры «Біздің талаптарымызға келіссеңіз, жүріңіз» деді.
– Кастинг процесі қалай өтті? Қандай қиындықтар болды?
– Мен сөйлескен күні кастингтің оффлайн форматы аяқталып қапты. Бұл жерде басты немесе қосымша рөл емес, массовка болғандықтан әлі де адам қажет екенін айтқан-тұғын. Түсірілім тобы уақыт тығыз болғандықтан, актер қабылдау онлайн форматта жалғасып жатқанын айтты, өз фотомды жіберіп, азиат келбетіммен кастингтен өтіп кеттім.
– Түсірілім алаңында жұмыс істеу қандай әсер қалдырды?
– Боллувуд – мүлдем бөлек әлем. Фантастика. Әлеуметтік желі арқылы немесе көзбен көріп жүрген қазақ фильмдерінің түсірілімдерінен ерекшелігі бар. Қазақстандық киноларда бауырмашылық десем ба екен… сьемка алаңында оператор, крафт, костюмер секілді қызметтерге бөлінгенмен, көп жағдайда бір-біріне көмек беріп, жұмыстарын өзара істеп кете береді. Ал ол жақта костюмер тек костюмдерге ғана, визажист – әрлендіруге, оператор камераға ғана жауап береді. Яғни, әркім өз жұмысымен айналысады. Өзге тірліктерге араласпайды. Бұл – қатаң тәртіп. Және түсірілім камералары, жабдықтары да өте қымбат дүниелер.
Бұл фильмде Атыраудан барған жігіттер әскерилердің рөлін сомдадық. Қазір жаз мезгілі болғанымен, тау-тастың ортасындағы Грузияның қара суық табиғатына төтеп беру де оңай болмады.
– Түсірілім тобы мен әріптестеріңіз сізді қалай қарсы алды?
– Ұшып бармасақ та ұшақпен, қарсы алды жылы құшақпен. Грузия елі, Гудаури қаласындағы таулы мекеннің қонақүйіне орналастық. Түсірілім тобы, оның ішінде біздің қауіпсіздігімізге жауапты адамдар алдағы сьемканың қалай өтетінін, қауіпті сахналар кезінде өзімізді қалай ұстап, сақтану керегін түсіндірді. Актерлардан бөлек, каскадерлардың қауіпті де қызықты жұмыстарына куә болдық.
– Рөлге ену үшін қандай дайындықтар жасадыңыз? Мүмкін арнайы жаттығулар немесе репетициялар болған шығар?
– Бастапқы екі күн бізді түсірілім алаңымен, қауіпсіз және қауіпті аймақтармен таныстырды. Түсірілімге дайындық сол сәттен басталды. Рөлге ену жағына келетін болсам, жоғарыда айтқанымдай, бастапқыда мен жай ғана массовка құрамында болдым. Көппен бірге арнайы айтылған тапсырмаларды орындап жүрдім. Түсірілім ортасында эпизодтарға түсетін мүмкіндік пайда болды. Режиссер монтаж кезінде қиып тастамаса, кинодан екі-үш кадрдан мені анық көре аласыздар.
– Түсірілімде тілдік кедергілер болды ма? Үнді тілін үйренуге тура келді ме?
– Түсірілім Грузия елінде болған соң бізге жауапты мамандармен орыс тілінде сөйлестік, жалпы үнділер ағылшын тілінде сөйлейді. Үш аптадан аса сол жерде болған соң, грузин тілін де үйреніп, ағылшын тілінде де сөйлесе бердік. Қазақ, орыс, грузин, ағылшын, яғни төрт тілде араласып сөйлей бергендіктен шығар, кейде қазақ бауырымызбен де орысша сөйлесіп кеткенімізді байқамай қалатынбыз.
– Үнді мәдениеті мен өмір салты сізді несімен таңғалдырды?
– Студент кезімнен де үнді ортасымен таныспын. Көпке танымал дүниенің бірі – олар денесіне арнайы пілдің майын жағады. Біз үшін басында таңсық иіс болғанымен, кейін үйренісіп кеттік. Олардың май жағуының өзіндік дінге байланысты түсінігі бар. Ислам дінін ұстанатын мұсылман үнді бауырларымызбен жақын араласып та кеттік.
– Қандай ерекше әсермен бөлісер едіңіз?
– Біріншіден, табиғатты айтайын. Жан-жағымызды тау қоршаған, бір шетімізде кішкене таудан бұлақ ағып жатса, екінші шетімізде шағын өзен суы бар. Естуімізше, жердің қалыпты осінен 4 шақырым биіктікте болған екенбіз. Күн сәл кеш шығып, ерте батады. Таңғы салқын ауа ұйқыңды тез ашады. Екіншіден, сахналардың өз уақытымен нақты жоспар бойынша орындалуы. Басты рөлдегі актер Нандамури Балакришна бізге таныс емес болғанымен, өз елінде атағы дүркіреп тұрған мықты әртіс екен. Оны түсірілім барысында да мойындатты. Образға тез енеді және екі-үш дубльмен-ақ сахнаны аяқтайды.
– Бұл жоба сіздің өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?
– Көп ешкімді құлаққағыс қылмай, Грузияға кетіп қалғандықтан таныстарым, достарым мені «машина алуға кетті» деп ойлаған екен. Түсірілім барысындағы образдармен түскен сурет, видеоларымды әлеуметтік желідегі парақшамнан көргеннен кейін ғана кейбіреулері таңданысын жасырмады. Қолдау білдіріп, сәттілік тілеген достарым да болды. Жеке өзімде өзгеріс кинодан елге келгеннен кейін болды. Біріншіден, алғаш рет шетелге шығуым және ол киноға түскен күндерім – өз өмірімде ерекше оқиға болып, тарихта қалды.
Екіншіден, әлемдік тілдердің бірі – ағылшын тілінің шетелде аса қажетін, деңгейімді көтеру керегін түсіндім. Үшіншіден, грузиялық және үнді достарымның пайда болуы, әлі күнге дейін хабар алмасып тұрамыз. Киноға түсу деген құлшыныс артты.
– Бұл тәжірибеден кейін актерлік жолды жалғастыру ойыңызда бар ма?
– Әрине, өйткені, кино – бөлек әлем. Бұл да бір қабілет, бір мамандық. Елге келгелі сол ойдан, яғни жалғастыратын ойдан әлі де арыла алмай жүрмін.
– Болашақта тағы фильмдерге түсуге ұсыныс түссе, келісер ме едіңіз?
– Неге келіспеске? Егер келбетім, дене пішімім режиссер ойлаған образға сәйкес келіп тұрса, әрі рөлдерім моральдық құндылықтарға қайшы келмесе, кино әлемінде өзімді байқауға әзірмін.
– Қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді?
Басты рөлге түсу – әрине әр актердің мақсаты. Бірақ мен өзімді жағымсыз кейіпкердің рөлінде көргім келеді. Әзілдейтінім болғанымен комедияға әзір түскім келмейді. Романтикалық рөл, драма болса, бағымды сынап көруге дайынмын.
– Сізге сенім білдірген жандарға не айтқыңыз келеді?
– Әрине, тек алғыс. Әлемдік кинодағы кішкене қадамыма сенім білдірген, қолдаған барлық жанға рақмет айтқым келеді. Үлкен экраннан мені көру бұйырсын.
– Үнді фильміне түсу – бір арманның орындалуы ма?
– Киноға түсу арман болғанымен, үнді киносына ойламаған жерден түсу бұл енді ерекше жағдай болды. Арманның ойламаған жерден артығымен орындалуы десем де болады. Айта кетейін, бұл блокбастер «Акханда» фильмі – Үндістанда танымал фильм. Біз блокбастердің екінші бөліміне түстік. Көп ұзамай үнді кинотеатрларында көрсетіп те қалар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚ