Абайтанудың көкжиегі кеңейіп келеді. Жақында хакімнің 180 жылдығы Абай топырағында кеңінен аталып өтеді. «Абай – қазақтың бағдары болуға тиіс» деп жүрген ғалым Бауыржан Ердембековпен мерейтой қарсаңында аз-кем тілдескен едік.
– Бауыржан мырза, біз бүгін Абай туралы аз-кем толғасақ. Абайдың өлеңі әлі де өміршең бе?
– Абайдың өлеңі – өміршең, ол сол үшін де құдіретті. Бір нәрсені тауып айттым деп тоқмейілсіп, Абайға үңілсең, бәрін айтып қойыпты. Біздің кемшілігіміз де сол – біз Абайды өзіміз толық бойға сіңіре алмай не жалпақ жұртқа түсіндіре, түйсіндіре алмай жүрміз.
– Сонда біз Абайды әлі түсіне алмадық дейсіз бе?
– Абайтанушылар Абайды толық зерттеп жатыр. Бірақ қазіргі қазақ қоғамы Абайдан алыстап бара жатыр. Бар, әрине, Абайды жүрегімен ұғатын, оның өсиетін орындауға тырысатын ұрпақ бар, бірақ аз. Жалпақ жұрт Абайды керек қылмайды. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, сендерге де келейін енді аяңдап» деген құдіретті қара өлең иесінен дүркірей қашып бара жатқандаймыз.
– Оны қалай дәлелдейсіз?
– Дәлел – кешегі ақын сынаған дерт қазақта азайған жоқ, тіпті асқынып бара жатқандай. «Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» демеді ме, деді. Бүгінгі қоғамның дерті ме – дерті. Онда «терін сатпай, телміріп, көзін сатқан», «жұртты аларман» еткен нарықтық заманға кеисіз бе, «арын сатқан мал үшін антұрғандарды» қаулата өсіріп жатқан алыпсатар қоғамға кінә артасыз ба, жоқ әлде «билемесе бір кемел, не болады өңшең нөлдің» «ебін тауып, жөнге сала» алмай жүргендерді сынайсыз ба, әлде «нанымы жоқ, анты бар» кетеуі кеткен елге өкпе артасыз ба? «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсе қызар, жалмауыз, сорлы қазақ сол үшін, алты бақан алауыз»… Осы өлеңді соңына дейін ерінбей оқып шығыңызшы. Абай сынаған қазақ өзгерген бе екен? Өзгермепті, тіпті Абай қойған диагноз өршуде… Қазақты сынаса Абай ғана сынасын, қалған қазақ сол сыннан нәтиже шығару керек.
– Бұдан шығатын қорытынды қалай?
– Алдымен Абай болу керек! Біз сол Абайдың айтқан сынын, кейісін бүгінгі жұртқа шамамыз жеткенше ежіктеп түсіндіре алсақ. Ол үшін Абайды мектептен дұрыс түсіндіру керек.
– Сонда не істемек керек?
– Иә, орынды сұрақ. Әртіс Тұрсынбек айтпақшы, біз өзі үнемі бірдеңе істеу керек деп жүреміз, бірақ ештеңе істемейміз. Идея көп, соны іске асыратын адам аз. «Қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай» ауырдың үстімен жорғалайтын пысықтардың парқы артып тұр. Бір ғана мысал, қазір не көп, батпан құйрықты лезде қолыңа ұстата салар тіл мен жағына сүйеніп, аңқау елді аузына қаратқан қушыкеш, идея бергіш, тренингшілер көп. Шетелдің қаңсығынан үзіп-жұлып, құрап-жамап, тұздығын ағылшынның сөздерімен дәмдеген қызылды-жасылды слайд жасап, біздің үлкенді-кішілі басшыларға дәрістер ұйымдастыратын, өзі қазақ болғанмен табиғаты дүмбілездеулердің презентацияларынан аяқ алып жүре алмайсыз. «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» демеуші ме еді ақын. Әрине, пайдалысы да, озығы да бар. Бірақ мына біздің, қазақтың болмысына икемделгені некен-саяқ. Ұлттың діліне бойламай, сонау Еуропа мен мұхиттың арғы жағындағы өркениеттің сынықтарын қазақ ұлтына жапсырып, эксперимент жасауды доғару керек. Иә, ұлттық болмысымызды танып алмай жатып қазаққа қалай өмір сүруді, түптеп келгенде ел болуды үйрететін белсенділер көбеюде. «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген еді ақын. Ол кезде орыстың боданында едік. Дәл осы сөз бүгін де өзекті. Ырқымыздың басқаға тәуелділігін үдете түспесек, азайтқанымыз шамалы. Қауіптісі – біз талғамнан айырылып барамыз.
– Осылай ауызды қу шөппен сүрте береміз бе?
– Жоқ, олай деп біржақты баға беруге болмайды. Жақсымыз бар, жасалған жасампаз істеріміз бар, тәуелсіз елміз, елді өрге сүйреп келе жатқан тұлғалар да бар. Мәселен, әнімен ғана емес, кісілігімен, кішілігімен мынау қазақ дейтін бір ұлтты әлемге паш етіп жүрген Димаш, шахматшы қызымыз Динара сияқты жастарды тіл-көзден сақтасын. «Пайда ойламай, ар ойлап, артық білуге талап қылған» ақын арманындағы еркін ойлы көкөрім жастар өсіп келеді, алды тәуір қызметтің тізгінін ұстай бастады. «Алдымдағы күбірден қорқам, артымдағы дүбірден қорқам» (С.Иманасов) дегенді үнемі айтып жүрем, арттағы дүбірден жақсы мағынасында қорқу керек. Еркін ойлы жастар келе жатыр, дүбірлетіп… Бір әттеген-айы Әуезов пен Кекілбаевты, Мұқағали мен Оралхандарды жастанып ұйықтап, қазақша түс көретіндер аздау, әлі де…
Әлем қалаға шоғырлануда. Қазақ та ауылды тастап қалаға көшуде. Бірақ кең байтақ жер иесіз қалып бара жатқан жоқ па? Меніңше, ауылдан, жерден тамырды ажыратпау керек. Ауыл – ұлттық құндылықтардың тамыры ғана емес, болашақта арқасүйер экономикалық дамуымыздың негізгі көзі. Ауылшаруашылық, мал мен егін, кең байтақ жеріміздегі туризм мәселесі өзекті болмақ болашақта. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуел құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген сөзіне дәл бүгін құлақ асу керек…
Тамыр дегеннен шығады. Бізбен тамырлас венгрлердің жылда өткізетін фестивалі бар, көшпенділердің салтын барынша насихаттайтын. Сән-салтанаты келіскен осы фестиваль күллі әлемді тамсандырады. Танымдық жағы тым қуатты. Тамырын іздеген елдің қарекеті. Кешегі Тұранның қара шаңырағы біздер едік қой. Ал біз батырларымыз бен ақындарымызға бір-бірінен айырмасы шамалы ескерткіш қоюдан әрі аса алмай келеміз. Тойларымызда даңғаза мен дақпырт көп. Енді ғана осы тамырымызды іздеп жатырмыз. Соның дәлелі – кешегі өткен «Көшпенділер ойыны» жобасы.
– Абай тақырыбына қайта оралсақ. Сіз Абайтану оқулығын жазғаныңызды білеміз. Жалпы, мектептерде Абайтануды оқыту мәселесі қалай өрбіп жатыр?
– Кезінде Ақтөбеде, Семейдегі Шәкәрім университетінде қызметте болғанда «Жұбанов керуені», «Шәкәрім керуені» жобалары аясында екі облыстың барлық мектептерімен кездесуге бардық. Ақынның 175 жылдығына орай барлық мектептерге осы оқулықты сыйладық. Бұл оқулықта өзім зерттеп жүрген тақырыбым – Абайдың әдеби ортасы қамтылған. Ал енді Абайды барлық мектептерде, ЖОО-да оқытуға келер болсақ, оны қалай оқытамыз? Абайтану сабағы қызықсыз болып, Абайдан алыстатып алмаймыз ба? Абайтанушы ғалымдардың жазған еңбектерін сол күйінде мектепке апартып игерту де оңай болмайды. Сондай-ақ 1-курсқа келген ет технологиясы немесе құрылыс мамандығының студентіне қалай қызықты етіп, Абайды меңгертесіз, міне, гәп – осында. Абайды халық арасына жалпақ тілмен түсіндіріп жүрген методикасы қолайлы ғалымдар мен мұғалімдер, жақсы мамандар баршылық. Солардың басын құрап, жақсы бір ұжымдық оқулықтар дайындауға болады. Әрине, мектепте Абайтану пәніне қатысты оқулықтар да шығып жатыр. Бірақ соны ұқсатып оқытатын мұғалімдердің біліктілігі үнемі жоғары бола бермейді. Сол жағын күшейту керек.
– Абайдың шығармалары қанша шет тіліне аударылды? Әлі де аударылып жатыр ма?
– Мен ағылшын тілін білмегеннен соң бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Білмеген дүниені білем деп, сипай қамшылап, орағытып өту әдетімде жоқ. Бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Абайдың шет тіліне аударылу тақырыбы әлі жеріне жете зерттеле қоймаған дүние. Оған бірнеше тілді, кемінде екі тілді про-фессионалдық деңгейде жақсы білетін зерттеушілер болуы керек. Шүкір, қазір ағылшын тілін жақсы меңгерген жастар өсіп келеді. Бірақ оның ішінде балалық шағында шыбық мініп, жапаға тайып жығылып, «шегірткенің шырылынан інжу теріп» (Тыныштықбек), тұмса табиғаттың қоңырқай иісіне тотығып өскен, ауыл қазағының тілімен (қазақтың тұнық тілімен десе де болғандай) сөйлейтіндер некен- саяқ. Абайдың жығасы мен ықтырмасын, малма сапсуын, қара қиды (сары қидың да бар екенін білетін жас бала түгілі үлкендер саусақпен санарлық), ит көрген ешкікөзденіпті, бақсының моласын, тіпті аттың сыны өлеңінің толық мәтінін тағы-тағыларды өзі ғана түсініп қоймай, өзгеге түсіндіре алатын, осы сөздердің ағылшыншасын бағамдайтын ойлы жастарды іздеп, магистрлік, докторлық тақырып беруге талпынып жатқан жайымыз бар.
– Біреу малма сапсиды салып иін
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім, – деген жолдарды қалай дәл аударуға болады. Осындай дүниелер көп.
– Абайдың 180 жылдығын қалай атап өткеніміз жөн?
– Қазақты қазақ етіп сақтап қалу үшін. Абайды шын мәнінде, әсерлі сөз үшін, есеп үшін, өзімізді өзіміз алдау үшін емес, шын мәнінде «ҰЛТ ҰСТАЗЫ» деп танып, әр қазақтың жүрегіне ұялатқанда ғана ел болып қалу мүмкіндігіміз бар. Біздің бағдарымыз басқа емес, Абай болуы керек. Әрине, біреулер ұлттың ұстазы әл-Фараби дер, қазақ қылуға талпынып жүрген Шыңғыс ханды алға тартар, бірақ қазаққа, оның дүниесіне Абайдан жақын ерен тұлға жоқ. Абайдың ұстаздық қарекетін жан-жақты зерттей түсу керек. Жай ақын ғана емес, маңайына шәкірт жинап ақындық пен әншілікке, ертекшілік мен жыршылыққа, сазгерлікке баулып өз мектебін қалыптастырған жан. Осы ұстаздық қарекеті Абайды Ұлт ұстазы деңгейіне шығарды…
– Қазір жас та, жасамыс та әлеуметтік желіге тәуелді. Бұл Абай заманында болса қалай болар еді?
– Абай заманының әлеуметтік желісі «барып келсе Ертістің суын татып, беріп келсе бір арыз бұтып-шатыптың» айналасы-тын. Бүгінде, бірін-бірі аяқтан шалған заманда әлеуметтік желі дегеннің қазаққа пайдасынан зияны көбейіп тұрғандай. Жалпы, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ МӘДЕНИЕТ деген ұғымды қалыптастыруымыз керек. Өйткені әлеуметтік желі – бүгін де сол елдің, мемлекеттің бет-бейнесі. Шаптыға сөйлеп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып басқаға емес, елдің басшысына, қала берді аймақ, қала басшыларына тіл тигізе, орынды-орынсыз арыздану, үндеу айтушылар көбейіп барады. Тыңдай алатын мемлекетпіз екен деп адамдық келбеттен кетпеу керек. «Бетімнің қалыңдығы – жанымның рахаты» деген ұйғыр мақалы ойға оралады осындайда. Бұл жерде мәдениеттен бұрын темірдей тәртіп керек. Әрине, дұрыс мәселелерді көтерген орынды сынға да, айтылған уәжге де мемлекет басшысының өзі дереу құлақ асып, шаралар қолданып жатыр. Екі адамның басын қосып тірлігін дөңгелете алмағандардың облыс не аудан деңгейіндегі басшыларға қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп, «ақыл айтып» жатқанын көргенде күйінесің… «Сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң» ақ-қарасын білмей жатып біреуге қара күйе жаға салу, сөзге еру, әкесінен боқтай салу, қарғау-сілеу, «қисыны кеткен сөз бағу» тыйылмай тұр. Ақынға жүгінсек, «алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып», «қу тілмен қулық сауған» дүние боп тұр әлеуметтік желінің дені… «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деген Абайдың ортасынан қанша алыстап кеттік?, «Қазақты қайтсем ұшпаққа шығарам?» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қанша білікті басшылар бар. Шенеунік біткеннің бәрін жаманға балап, істеп жатқан ісіне ши жүгірткенше, «бірлік – ақылға бірлік» дегендей, қоса алсаң ақылыңды қос. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген қанатты сөз дәл бүгінгі заманда әр үйдің маңдайшасында ғана емес, әр қазақтың жүрегінде жазылуы керек.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС