in

Баян Исабаева, қаламгердің қызы: Әкем өмірлік қағидасынан айныған емес

Жазушы кейіпкерлерінің мінез-құлқы мен ой-толғаныстары арқылы қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды, адам мен табиғаттың үйлесімін көркемдік биікте жеткізе білді. Қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгердің қызы, тектінің тұяғы Баян Исабаевамен әкесі туралы сыр шерттік. 

– Биыл қазақтың қабырғалы жазу­шысы Қалмұқан Исабайдың туғанына 100 жыл толды. Қалмұқан атамен көзі тірісінде тілдескенім есімде. Жұмыс бөл­месінде қалың кітаптың құшағында отыр­ған шүйкедей ғана қарияның жа­дына таңғалып едім. Ол кісі соғысты да көрді, соғыстан кейін де біраз жыл Гер­манияда қызмет етті. Әкелеріңіз елге келгенде қанша жаста болды? 

– Иә, әкеміз 10 класты бітірмей, өзі­не бір жас қосып, яғни 17 жасында со­­ғысқа аттанған. Балалық шағынан өмір­­дің ауыртпалығын ерте сезіп, тез есей­­ген. Жастайынан кітап оқуды жақ­сы көріп, рухани байлыққа ұмтыл­ды. Сол әдеті оны биік арманға жете­ле­ді. Сөй­тіп, әкеміз әскери қызметінде – 12 жыл, оның ішінде соғыс біткеннен кейін 9 жылдай Германияның Иль­менау қаласында комендант болып, елге 1954 жылы 29 жасында оралды. Бала кезімізде анамыз әрдайым: «Әке­лерің елге оралғанда қолында үлкен қоңыр чемоданы болды», – деп еске алып отыратын. Сол чемоданның ішін­де қолжазбалары мен суретке толы блокноттары жататын. Әкеміз күндіз қызметте жүрсе, кешкісін қолына қалам алатын. Оған қоса, архивте көп уақытын өткізіп, де­рек­терді зерттеп, шығармашылық ма­териал жинаумен айналысатын. Жас­тайынан тәртіпті, еңбекқор, ба­тыл әрі өзін-өзі ұйымдас­тыра білетін жан еді. Уақытты босқа өткізбейтін, өз­гелерден де соны талап ететін. Со­ғыстың ауыртпалығын бастан өткізсе де, ешқашан қатал адамға айналған жоқ. Керісінше, өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар қабылдап, барға қанағат етіп, тіршіліктің әр сәтін баға­лауды үйренді. Әкеміздің өмірге деген осындай қарапайым да биік көзқарасы бізге де өнеге болып қалды.

– Анаңыз бен әкеңіз бір ауылда өс­кен. Зәбира апа өмірге келгенде, әкеңіз 12 жаста болыпты. Сонда нағашы апасы Күләш: «Өскенде осы қызды саған бе­рем», – деп қалжыңдапты. Ең қы­зы­ғы, Қалмұқан ата Зәбира апаның ана­­сын «Тәтті апа» деп атапты. Қал­амгер  ана­ңыз­ға: «Сенің құ­ның бір қап тезек», – деп әзілдейді екен. Ол кі­сі­лер­дің бұл әңгімесі сіздерге де жақ­сы та­ныс шығар.

– Бала кезімізде әкеміз үнемі әзіл­деп: «Анаңның құны – бір қап тезек» деп айтып отыратын. Бұл сөздің де өз тарихы бар еді.

Ата-анамыз бір ауылда көрші бо­лып тұрды. Соғым сойғанда бір-бір­лерін көрші болып сыйласып ша­қы­ратын. 1937 жылы нағашы әжеміз бо­­­санар сәтте он екі жастағы әкемізді Кү­ләш шешей бір қап тезекке жұмсап­ты. Сол кезде: «Шынашақтай қыз туды, ертең саған беремін», – деген қал­жың айтылыпты. Сол қыз кейін біз­дің анамыз болған. Жылдар өте ана­мыз ару қыз болып бойжетеді. Анам­ның үйінде бие ұстайтын. Анам он жеті жасында май шелегіне бие сүтін құйып, оны пісіп көмектесетін. Ал со­ғыс­тан оралған әкеміз ауылға жиі келіп, ана­мыздың атасына сәлем беруге келеді екен. Сол кісімен әңгімелесіп, қымыз іше­тін. Ақыры, екеуі табысып, шаңырақ кө­тереді. Әкеміз тәртіпті, жинақы офи­цер болса, анамыз ісмер, ширақ жан еді.

Әжелеріміздің барлығы қолөнерге жа­қын, шебер жандар болатын. Киім ті­гетін, ою ойып, жүн түтіп, сырмақ жа­сап, алаша тоқитын. Ал папамыздың ана­сы арабша «Хисса» оқып, бізге ру­хани нәр сыйлайтын. Жақсы көріп, сый­ластықпен қарағандықтан, туыс­тарымыз әке-шешеміздің аналарына «Тәтті апа» деп еркелетіп айтатын. Бұл атау кейін бізге де дарып, балалар мен не­мерелері де жалғастырып кетті.

Ата-анамыз өмір бойы тату-тәтті ғұ­мыр кешті. Біз олардың бір-біріне дауыс көтергенін де, ренжіскенін де ешқашан көрмедік. Анамыз әрқашан әкемізге сый-құрметпен қарап, ал әкеміз ана­мызға сенім артып, қолдау көрсетіп отыр­ды. Анамыз бізді тәрбиелеуде әке­міздің еңбегіне құрметпен қарауға үйрет­ті. «Әкең жұмыс істеп жатыр, шула­маң­дар», – деп жиі ескертіп отыратын. Олар­дың бір-біріне деген сыйластығы мен үйлесімді қарым-қатынасы біз үшін өмірлік өнеге болып қалды.

– Қаламгердің ең алғашқы әңгімесі «Баян» деп аталады. Сол атауды сіздің құр­метіңізге қойды ма әлде әңгіменің атауын перзентіне берді ме? Жазушының «Айқыз» дейтін романы бар. Тағы бір қы­зының есімі – Айқыз. Жазушының ұр­па­ғының бәрі шығармаларының атауымен тығыз байланысты ма? 

– «Адамның кәсібі оның өміріне өз таң­басын қалдырады» деп бекер айт­пайды. Әкеміз де бүкіл ғұмырын кейіп­кер­лерін зерттеуге арнады. Адамдардың мі­нез-құлқын, іс-әрекетін, отбасы мен болмысын жылдар бойы қадағалап, танып-біліп, саралады. Әр кейіпкері оған тек зерттеу нысаны ғана емес, өз ба­ласындай қымбат еді. Сондықтан да ол әрбір жанды үлкен құрметпен қа­был­дап, олардың өмірінен тағылым іздейтін. Осы қасиеті оның адамға деген сүйіс­пен­шілігін де, кәсібіне деген адалдығын да ай­қын көрсететін. Сондықтан болар, әке­міз өміріндегі көп нәрсе жайдан-жай емес сияқты. Мәселен, 1967 жылы «Ай­қыз» романы жарық көрсе, дәл сол жылы дүниеге келген қызына Айқыз есімін берді. Кейін «Соңғы ерлік» кітабы белгілі ре­волюционер, чекист Серікқали Жақы­пов жайлы еді. Әкем осы тұлға жөнінде деректер жинап жүрген шақта қатарынан дүниеге екі ұлы келіп, оларға Серік пен Қали деп ат қойды. Мені Баян деп атады, се­бебі мен Баянауылда дүниеге келдім. Ал кенже сіңліміз Алматыда туғандықтан, есімін Алма деп қойды. Біз бұны әке­міз­дің туған жерді ұмытпай, қадірлеу үшін жасаған өнегесі деп білеміз. 2000 жылы әке­міз Берлиндегі бір көшеге Абай есімі­нің берілуіне себепкер болғаны бар­ша­мызға мәлім. Бұл оның халқына жасаған үлкен қызметінің бірі еді. Кейін 2002 жы­лы туған немересіне де Абайдың әже­сінің есімін ардақтап, Зере деп ат қойды. Мінеки, осыдан-ақ байқауға болады: әкеміз үшін шығармашылық пен өмір бір-бірімен тығыз байланысты болды. Оның кейіпкерлері – өмірінің айнасы, ал балалары мен немерелерінің есімдері – сол өмірдің жалғасы іспетті.

– Қалмұқан атаны білетіндер қалжың­ға жақын, әзілі бөлек жан болғанын жазып та, айтып та жүр. Отбасында да солай бол­ды ма? 

– Әкеміз әзілқой жан еді. Үйде бізбен әң­гімелесіп қана қоймай, әр сөзін қал­жың­­ға айналдырып, бірге күліп жүретін. Қазір есейген шақта сол әзілдері, жылы сөз­дері мен дана кеңестері қатты же­тіс­пей­ді. Біз үшін ол сәттердің әрқайсысы ең қым­бат әрі ең ыстық естелікке айнал­ды.

Әзіл мен өмірді қатар өріп, әр жағ­дай­ға өзіндік мысқылмен қарайтын. Бір күні анамыз:

– Темекіні қашан тастайсың? – деп сұрағанда, әкеміз жай ғана күліп:

– Айналайын, кешір! Темекімен се­нен бұрын дос болғам, тастай алмаймын, – деп жауап бергені әлі есімізде.

Әкеміз бізге  ешқашан да қатты сөй­леп, ұрыспайтын, жай ғана ескертулер жасайтын. Бірде қызыма қаттырақ дауыс көтергенімде, бөлмесінен шығып келген әкеміз:

– Байым, антипедагогический дауыс шықты ғой?! – деп жұмсақ ескерту жа­са­ған.

Алма сіңлім құрбыларымен кездесуге дайындалып, бетіне макияж жасап отыр­ғанда, әкеміз қарап тұрып:

– Алмашкам, әдемі сұлу қыздың су­ре­тін салып жатырсың ба? – деп әзіл­де­гені де бар.

Тіпті, бөгде тілден де қалжың таба­тын. Бір күні америкалық жігіт Қалиды сұрап, телефон шалғанда, әкеміз сабыр­мен:

– Қалқам, ол үйде жоқ, – деп қазақ­ша жауап беріпті. Анамыз таңырқап:

– Қазақша жауап бергенің қалай? – де­генде, әкеміз жайбарақат:

– Несі бар, ол өз тілінде сұрады, мен өз тілімде жауап бердім, – деп жауап бер­ген.

Әзілдері таусылмайтын. Біз де, ана­мыз да сол қалжыңдарын еске алып, күн сайын сағынамыз. 

– Әкеңіздің  ең жақын достары кімдер еді? Одан бөлек, қандай ақын-жазушы­лар­ды жиі көретін едіңіздер?

– Әкеміздің достары да көп болатын. Үлкен буындағы ағаларымен де, кейінгі жас ақын-жазушылармен де араласып, сый­ласып жүрді. Кітаптарын қолтаңба­сы­мен сыйлап беретін. Ғалымдармен де жиі бас қосып, жаңа шыққан әдебиеттер жай­лы пікір алмасатын. Әзілдесіп, сыр­ласып, кейде біздің үйге де жиналатын. Біз, балалар, сол әңгімелерді тыңдап өс­тік. Әкемізді үлкендер де, жастар да сый­лап, құрмет тұтты. Достары өте көп еді. Бәрін атап өтпесек, біреулері қалып қой­ғандай көрінер. Бірақ біз үшін олар­дың барлығы әкеміздің көңілге қымбат жол­дастары болатын.

– Жазушының қаламынан бөлек, жеке хоббиі болды ма? Ол кісінің өмірдегі басты ұстанымы қандай болды? 

– Әкеміз кәсіби суретші болмаса да, ро­ман­дарында тарихи тұлғаларды көр­кем бейнелеп қана қоймай, оларды қия­лындағыдай етіп қағазға да түсіріп оты­ратын. Бұл – оның кейіпкерлерін тек жа­­зу­шы ретінде емес, жан-тәнімен сезі­ніп, олардың болмысын шынайы жет­кізуге ұмтылғанының айғағы еді. Мы­сал­ға, әкеміздің қолынан шыққан Абайдың қырынан бейнеленген суреті әлі күнге дейін бөлмесінде ілулі тұр. Бұл – оның ұлы ақынды өз жүрегінде қалай қабыл­да­ғанының айғағы. Әкеміз үшін Абай тек зерттеу нысаны емес, ой-әлемін терең түсінген рухани тұлға еді. Сурет салу қа­бі­леті біздің отбасымызда кенжеміз Ал­ма­ға дарыды. 

Жиналыстарда отырған сәттерде де ол жолдастарына арнап шарж салып, бей­нелерін дәлме-дәл келтіретін. Әзіл-қал­жыңға құрылған шарждарында да адам­ның мінезін, көңіл күйін шебер жет­кізетін. Мақсатқа ұмтылу – әкеміздің бас­ты қасиеттерінің бірі болатын. Күн сайын «кемінде он парақ қолжазба жазуым керек» деп өзіне талап қойып, оны мүлтіксіз орындап отырды. Әке­міз­дің өмірлік ұстанымы – елге адал қызмет ету. Ол қай істе де осы қағидасынан ай­ныған емес.

– Соғыс салған жара аз емес. Әкеңіздің де жүрегінде ізі қалған шығар. Денсаулы­ғы­на әсерін тигізді ме? 

– Иә, рас, әкеміз соғыста жараланып, ел­ге оралды. Бірақ сол сұрапыл соғысты біз­ге әңгімелеп айтпайтын. «Жүректеріңе ауыр болады» деп қорғайтын. Қысқа ға­на: «Қайтесің оны? Сендер сұрапыл со­ғыс­ты ешқашан көрмеңдер», – деп жауап беретін. Жаралы болса да, жұ­мыс­тан бір күн қалмаған.

Жасы ұлғайған кезде ғана қолына таяқ ұстады. Дәрігерлерге, санаторий­лар­­ға баруға да мүлде ықылас таныт­пай­тын. «Кітап жазуға уақыт болмай қалады» деп түсіндіретін.

Әкеміздің қайсар мінезі бізге үлгі бол­ды. Ауырса да сыр білдіртпей, елге қыз­метін жалғастыра берді. Өмір бойы қиын­дыққа мойымай, адал еңбек етудің, елге қызмет қылудың үлгісін көрсетті. Оның осы қасиеті бізге өмірлік сабақ бол­ды.

– «Әке – балаға сыншы» дейді. Әкеңіз­ден не үйрендіңіздер?

– Жазушылық – әкеміздің өмірінің бір бөлігі болса, отбасы – екінші бөлігі еді. Біз барлығымыз қазақ мектебінде оқы­дық, ал әкеміз: «Қай жерде жүрсеңдер де қазақша сөйлеңдер, ана тілді ұмыт­паңдар», – деп үнемі айтып отыратын. Бүгінгі күні ата-анамыздың бізге өмірде дұрыс бағыт бергенін ерекше қадірлейміз.

Мектепте жүрген кезімізде кешке қа­рай бізбен отырып, үй жұмысымызға кө­мектесетін. Географиядан сұрақ туын­да­са, өзінің үлкен қызыл офицерлік ат­ла­сын алып, картадан көрсетіп түсін­ді­ре­тін. Тарих пәнін түсінбегенімізде кітап­ты ашып, бірге оқып, пікірлесіп, тал­қылау жүргізетін. Сол сәттердің бар­лы­ғы қазір ең ыстық, ең бақытты есте­лік­тер ретінде қалды.

Әкеміз жұмыста да, үйде де бәрін жос­­­­парлап, тәртіппен жасайтын. Кейде жұ­­мыстан үйге келген соң аз тынығып алып, жазу машинкасына отырып, ке­зек­­ті әңгімесін басып шығаратын. Кейін біз­­дерді шақырып: «Жаңа басылған бет­терді қарап шығыңдар, қателерін тап», – деп өтініш білдіретін. Сол кезде біз оны ойын сияқты қабылдасақ та, қазір ой­ласақ, әкеміз оқуға деген сүйіспеншілікті, мәтінді түсініп, талдай білуді үйреткенін түсінеміз.

Кейде кеңес сұрағанда, әкеміз ешқа­шан дайын жауап бермейтін. Керісінше: «Сен осы адамның орнында болсаң не іс­тер едің?» – деп сұрақ қоятын. Біз ой­ла­нып жауап бергенде жай ғана күліп, ба­сын изейтін. Сол сәтте ойымыздың дұ­рыс екеніне көзіміз жететін.

Ата-анамыз үйде ешқашан ұрыспай­тын, дауыс көтермей тәрбиелейтін. Олар іспен көрсетіп, айналасына деген сый­ластықпен бізге үлгі болды. Үйде де, жұ­мыста да ұқыпты, уақытты бағалай біле­тін. Сол болмысын көріп, біз де сон­дай болуға тырыстық. Олардың сабырлы мі­незі бізге үлкен мектеп болды. Ата-ана­мыз дауыс көтермей-ақ, ісімен тәр­биелеуге болатынын дәлелдеді.

– Зәбира апа немерелеріне аталары ту­ра­лы жиі айта ма? 

– Анамыз әкеміздің өмір жолы ту­ралы бізге де, немерелеріне де мақ­та­ныш­пен айтып отырады. Сағынғанда ма­қалалары мен кітаптарын қайта оқып, суреттерін қарап, әзілдерін еске аламыз. Биыл әкеміздің өмірден озғанына 10 жыл толған екен. Осы уақыт ішінде «Жол­­дас комендант» романы қайта ба­сы­­лып, Алматыдағы тұрған үйіне ме­мо­риал­­дық тақта орнатылды. Баянауылда Шә­кен Айманов атындағы мектеп-ин­тернатында Қалмұқан Исабай атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Пав­лодар қаласындағы бір көшеге әке­міздің есімі берілді. Баянауыл ау­дан­дық кітапханасына Қалмұқан Иса­бай­дың есімі берілді және сол кітапханада Қал­мұқан Исабай оқулары өтті. Әке­міздің 100 жылдығына орай «Шоң би» тарихи трилогиясы қайта басылып, Пав­лодар мен Баянауылда ғылыми кон­ференция, дөңгелек үстел, про­за­лық шығармашылық байқаулар мен хок­кей турнирі және сабантой өтті. От­басымызбен барлығымыз жиналып бар­дық. Қазақстан Жазушылар одағы да әрдайым қолдау көрсетіп, бізді іс-ша­раларына құрметпен шақырып ке­леді.

Мұның бәрі – әкеміздің есімін кейін­гі ұрпаққа аманат етуге бағыт­тал­ған игі істер. Осы мерейтой аясында қол­­дау көрсетіп, әкеміздің есімін ұлық­тауға үлес қосып жүрген Павлодар қа­ла­сы мен Павлодар облысының әкім­дігіне, облыстық Мәдениет бас­қар­масына, Баянауыл ауданының әкім­шілігіне, музей қызметкерлеріне және оқырмандарымызға, сондай-ақ әке­міз­дің өмірі мен шығармашылығын құр­мет­теп, 100 жылдық мерейтойын лайық­­ты деңгейде атап өтуге үлес қосып жүрген ағаларымыз бен апаларымызға Исабай отбасы және туыстары атынан шын жүректен ризашылығымызды біл­діреміз және алғыс айтамыз.

Бұл іс-шаралар – аяулы да асыл, ас­қар тау әкеміздің есімі мен еңбегін кейін­гі ұрпаққа жеткізудің ең үл­кен сыйы деп білеміз.

– Қаламгердің орындалмай қалған арманы бар ма?

– Әкеміз анамызға: «Жаз­ба­ларыма ие бол», – десе, ма­ған «ба­лалардың үлкені бол­ған­дық­тан «іні-сіңлілеріңе қа­рай­ла­сып, тату болыңдар», – деп өсиет етті. Баянауылда Зармұқан аға­сының ұлы Тельман ағамызға, Шоқпар атамызға арнап, елге тас орнатыңдар деп аманат қалдырған екен. Бұл өсиетті орындау – біздің па­ры­зымыз. Әкеміздің осындай өсиет­тері біз үшін үлкен жауапкершілік пен өмірлік сабақ болды. Ол бізді бірлікке, татулыққа шақырып кетті.

Шоқпар атамызға тас орнату ама­наты – ата рухына тағзым, кейінгі ұр­­­пақ­қа үлгі болар іс.

Осы орайда «Айқын» газетінің ұжы­­­мына алғысымызды білдіргіміз ке­леді. «Айқын» газеті әрдайым осын­дай мәнді, мағыналы мақалаларымен оқырманға ой салып, қоғамға пайда­сын тигізе берсін. Ақпаратқа толы, пайдалы дүниелері көбейіп, оқырманы артып, абыройы биіктей берсін!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС