in

Бекзат – мен іздеген қаһарман

Жиын батыр ұлдың құрметіне бой көтерген Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» кітабын оқырман қауымға таныстыру. Қаламгер бұл романында боксшының шаршы алаңдағы жеңісін ғана емес, тұтас ғұмырын шынайы суреттеген.

Бейбіт Сарыбайдың Амери­ка­да аяқтаған кітабының та­ныстырылымына сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жан­дар­бек Әшімжан, Жазушылар ода­ғы­ның Астанадағы бөлімінің бас­шы­сы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, жазу­шы Қанат Әбілқайыр, Олим­пиа­даның жүлдегері Болат Жұма­ді­лов және мәдениет, ғылым және спорт саласының мамандары қа­тыс­ты. Бекзаттың анасы Сырлыкүл Сат­тарханова да қуанышқа кө­зайым болды. Автордың  айтуынша, шығарма Сырлыкүл ананың көңі­лінен шыққан.

– Шағын шығарма жазсаң да, жауап­кершілік деген дүние бар. Ал 250 беттік шығарма жазған кезде жауап­кершілік жүгі 10 есе ауыр­лай­ды. Оқырман үшін жауапкершілік алу қиын. Сол оқырманның бас­тауын­­да Бекзаттың аяулы анасы Сыр­лыкүл апамыз тұрғанын жа­сырмаймын. Әуелі кітаптың ал­ғаш­қы сигналдық данасын Сыр­лы­күл апамыздың қолына ұстаттық. Ана­мыз оқып, көңілімнен шықты дегенде, оқырманға ұсынуға бола­ды деп шештік, – дейді автор те­бірене.

Сырлыкүл Саттарханова да кі­тап жөнінде шынайы пікір білдіріп, қауымға жылы лебізін, ақ батасын берді.

– Бекзатты еш уақытта дүние­ден өтіп кетті ғой деп айта алмай­мын. Баламның «Менің намысым – елімнің намысы» деген сөзі бар. Ол тек менің ұлым емес. Дүниеге әкел­­дім, өсірдім, тәрбиеледім, сөй­тіп мен оны еліне берген екенмін. Бек­зат – барша қазақтың баласы. Бекзат – небәрі 20 жасында еңбегін еліне аманат етіп кеткен ұл, – дейді Сырлыкүл ана.

Бір айтарлығы, кітаптың жа­з­ылуы, жарыққа шығуы­мен қатар Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің салынуына белгілі меценат, «Белес» құрылыс компа­ния­сының басшысы Мақат Төреәлі мұрын­дық болған. «Жақсы істің ба­сына, жақсы келер қасына» де­ген­дей, кәсіпкер бұдан бұрын да бір­неше кітаптың шығуына қар­жы­лай қолдау көрсеткен. Жиын­ның көңіл толқытар сәті Мақат Тө­реәлінің Бекзаттың анасына жаңа пәтердің кілтін табыстауы бол­ды. Сонымен қатар салтанатты кі­тап тұсаукесері өтіп, оқырман жа­ңа кітапты қолға алды.

– Бәріміздің есімізде, 2000 жы­лы әлі тәуелсіздік алғанымызға 10 жыл бола қойған жоқ. Жаңа ғасыр­ға қадам басқан шақта еліміз үшін ұлы оқиға болды. Бекзат ең алғаш бокс­тан олимпиада чемпионы атан­ғанда, бөркімізді аспанға атып қуан­дық. Өкінішке қарай, одан кейін бастан әртүрлі заман өтті. Бек­затты естен шығарып алған кез­дер де бар. Шын мәнінде, ел бар­да, мемлекет барда Бекзат ұмытыл­май­тын батырымыз болып қала бер­мек. Бүгін соның куәгеріміз, – деп Бауыржан Бабажанұлы да жү­рек­жарды лебізін білдірді. Со­ны­мен қатар жазушылардың спорт та­қырыбын қайта қолға алып, көңіл бұрып жатқанына ризалығын жеткізді.

Негізінде, Бекзат Саттар­ха­нов туралы бүгінге дейін бір­неше кітап оқырман назарына ұсы­нылған. Өкінішке қарай, ең­бек­тің көбі – нақты дерекке құрыл­ған публицистикалық жанрда жа­зылған шығармалар. Қаламгер мақ­­саты – кітапқа жан бітіріп, оқыр­манға тарихи шындық пен көр­кем шындықты астастыра оты­ра шынайы сезім сыйлау.

– Қазақ балаларын тәрбие­лей­тін идеялық тұлға керек деп ойлап жүр­ген едім. Қазір 15-16 жастағы боз­баламыз кәріс жігіттеріне елік­теп, тіпті қазақ қызы да ұнатып ба­ға­лайтынын байқаймыз. Нағыз қа­зақы тұлға, қазақтың батыры ке­рек деп түйдім. Бүгінде күнкөріс­тің қамымен әкесі де, анасы да ой­ға, қырға шапқылап, жан-жақта жүріп, бала тәрбиесі жайына қалып жатқаны түсінікті, – дейді жазушы.

Бейбіт Сарыбай бала тәр­бие­сінде ата-ана, өскен орта-мен қатар, кітап пен әдеби шы­ғар­ма, қаһарман кейіпкерлер де зор рөл атқаратынын айтады. «Әке-ше-шеміз отыр­ғызып қойып, бүйтпе-сүйтпе деп тәрбие берген жоқ. Тәрбиесі – жақсы кітап әкеліп, кітап сөресіне қой­ғаны, сол кітап­тарды оқы де­ге­ні» дей келе, жасөс­пі­рімдер үлгі қы­латындай 3-4 қаһар­манды қалай та­бамын деп көп­тен бері ой­лан­ға­нын жасыр­ма­ды. Автор осындай із­де­ністе жүргенде, кәсіпкер Мақат Төреәлі де руханиятты қолдап, Бек­затқа әдеби кейіпкер ретінде ес­керткіш тұрғызсақ деген идея ұсы­нады.

Жазушы Сырлыкүл ананың үйіне қона жатып, түннің бір уағына дейін әңгімесін тыңдап, та­­лай таңды атырған. Бекзаттың аға-жеңгелері, іні-бауыр, жақын дос­тарының, ең алғашқы тре­нері­нен естелік-әңгіме, шынайы де­рек­­тер жинайды. Автор сол кезде ға­на іздеп жүрген қаһарманы Бек­зат екенін түсінген. Жазушы оқыр­ман­ға бұлай жаздым деп алдын ала әң­гіме етудің қажеті жоқ деп та­ны­ды. Дегенмен оқырман жақынырақ тану үшін шығармаға қатысты ерекшеліктерді айта кетейік.

Автор қазақ жігітінің көркем образын ғана емес, Бекзатқа ғашық бойында ұяты, ұяңдығы бар қазақ қыздарының жиынтық образын да жасап, кейіпкерге Жібек деген ат берген. Кейіпкер Бекзатты жақсы көре тұра, бір де бір рет сезімін мойындамаған, алайда шығарма қыздың өкінішімен аяқталады. Қыз Бекзатқа еркелеп отырып, сүйгенін еркелетіп отырып, сезімін жет­кізбек боп хат жазады. Хат бу­маланған күйі жетпей қалып ке­теді…

– Құлынды көркемдік сим­вол ретінде байланыстырдық. Сырлыкүл апамыздың бойы­­на Бекзат біткен кез­де, бір құлын апамызға ке­леді. Кейін Бекзат дү­­ниеге келгенде, Сыр­лыкүл ана ұлымыз топ­тан озған жүйрік бол­сын деп, баланың кін­­­­дігін жылқының жа­лына байлап жібереді. Бекзат ғұмыры осы құ­лын­мен байланыса өрби­ді. Ол жол апатына түскен­де, құлын да жолынан тайқып сүрінеді, – дейді жазушы.

Бекзат батырдың спорт­пен дос­тығы оның бір қыры бол­­са, ол туралы кітапта өз­ге сан қы­ры сөз етіл­­ген. Бекзат – адал дос. Бекзат – білімге құштар жас. Бек­зат – нағыз ақын. Кітап жай­­лы бұдан ары толғауды оқыр­ман құзырына бергеніміз жөн. Бір­ге оқиық, қай­сар ұлдың рухы­на тағ­зым етейік…

Айсұлу СЪЕЗХАН