in

Болашақтың бағдаршамы

Дәл осы мәселелер ALQA BILIM академиясының жиынында да талқыланды. Биыл ұлы хакімнің 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шара тәлім мен тағылымға толы. Өйткені аға буыннан керегін алған жас ұрпақ ойшыл туралы тың дерекке қанық болды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен ALQA BILIM академия­сы­ның Қосшы қаласында жаңа филиалы ашыл­ды. Бұл ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерей­тойы­мен тұспа-тұс келіп, қала тұрғындары үшін қос қуанышты бір күнде тоғыстырды. Іс-шараның мақсаты – Абай мұрасын насихаттау, қала халқына мәдени-рухани серпін сыйлау. Ашылу рәсімінде сөз алған академия директоры, ғалым Саят Бай­мұрат­ұлы қазақ руханиятындағы Абайдың мәңгілік орнын көрсетіп, оның өсиетінің бүгінгі қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.

– Абай – қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртының рухани темірқазығы. Оның әр өлеңі – тағылым, әр қара сөзі – өмір мектебі. Біздің ұрпақ Абайдың мұра­сын жаттап қана қоймай, оны өмірлік қағидасына айналдыруы керек. Себебі Абай айтқан «Толық адам» ілімі – тек өт­кен­нің емес, бүгінгі және болашақтың да бағдаршамы. Абайдың ең ұлы мұрасы – ұлтты ұйыстыратын және әрбір адамның рухын асқақтататын құндылықтар. Ол «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озады» деп айтты. Бұл – ғасырлар өтсе де мәнін жоймайтыны ақиқат. ALQA BILIM академиясының миссиясы – дәл осы рухани қазынаны ұрпақтың бойына сіңіру. Біз балаға тек білім беріп қана қоймай, оның бойына ұлттық болмыс, ізгілік пен мәдениетті қалып­тастыруды мақсат етеміз. Әр бала­ның жүрегінде от, көкірегінде сәуле, сөзін­де мағына болсын деп еңбек етеміз. Бүгінгі ашылу салтанатына келгендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Бұл тек бір орталықтың ашылуы емес, бұл – қала­ның рухани тынысының жаңаруы, бола­шақ­қа салынған алтын көпір. Біз бірге бол­сақ, талай асуды бағындырамыз деп сенемін», – деді Саят Баймұратұлы.  

Салтанатты кеште этнопедагог Нұр­болат Кәрібай Абай ілімінің тәрбиелік мәні­не тоқталып, адам болмысы жайында дәріс оқыды.

– Абай Құнанбайұлының айтқан ой даналығын жүрекке сіңіріп, бойдан өткіз­іп барып меңгеруіміз керек. Тани­мыз, оқи­мыз, бірақ іске асырмаймыз. Ұлы ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек бір болмыста болуы керек. Ал­дымен ақылымызды шыңдай­мыз, ол – рационализм. Ғылым, білімді оқып-тоқы­сақ суық ақылға жетеміз. Бі­рақ оның өзі зұлымдық тудыруы мүмкін. Сондықтан оған жылы жүректі, яғни мейірім мен ма­хаб­бат қосылып, өндіріп жасап шыққан дүниені қайратпен жүзеге асырамыз. Сол сияқты Абай атамыздың шығармаларын, өлеңдерін де осылайша талдауымыз ке­рек. Егер адамның жүрек көзі ашылатын болса, кеудемізге ғайып­тан сәуле келіп түседі. Сонда ғана адам­ның кеудесі хик­мет­ке, даналыққа толы болады. XX ғасыр­ға дейін медреседе сабақ үш модуль бой­ынша өтті: арабия, шарғия, хикамия. Ара­бия – тілдер (араб, парсы, шағатай, түркі), шарғия – шариғат ілімі, яғни заң­ды­лықтар, хикамия – даналық үйрететін сабақтар. Бізге қазір соңғысы жетпей жатыр, – деді Нұрболат Кәрібай.

Іс-шарада Абай Құнанбайұлының өлеңдері оқылып, оқушыларға талдап түсіндірілді. Одан бөлек, ALQA BILIM академиясының мүшелері ойшыл туралы білгендерін жас ұрпаққа көсіліп айтып берді. Соның бірі – Манарбек Ералы. Ол жиылған қонақтарға Абай атамыздың ел ісіне енді араласуынан бастап, өмірінің соңына дейінгі хикметтік сөздерінен мысал­дар келтірді. 

– Егер адам ақымақ болса, өмір сүру өте жеңіл екен. Ал Абай атамыз жеңіл өмір сүрмеді. Жастайынан әкесінің қасында жүріп ел басқару ісіне араласты. Бір мысал айтайын. Ілгеріде Қареке руының адам­дары Тобықтының 5 үйір жылқысын ба-р­ым­талап кетіп, мойындамай қояды. Сонда Абайдың әкесі Құнанбай қасына өзі сенген 40 жігітті, Абайды ертіп Қареке­нің ауылына аттанады. Ал қарекеліктер аузы дуалы Қабен атты ақсақалын шы­ғарып, ұрлықты мойындамауды сұрайды екен. Екі рудың адамдары бұл мәселені ауыл басындағы қырға барып шешпек болады. Сонда Қабен ақсақал: «Құнеке, желе­леген жалғыз жылқы сіздікі емес, жел­пінген тақым жалғыз біздікі емес, көр­ген көз жоқ, басқан із жоқ. Айып кім­нен?» депті мойындамай. Сол кезде қа­персіз отырған Абайға әкесі ту сыртынан қарап, жауап бер дегендей көз тастапты. Жұлып алғандай орнынан атып тұрған Абай: «Биеке, желелеген жалғыз жылқы біз­дікі емес, желпінген тақым жалғыз сіз­дікі емес. Тай мініп, түйе жетектеген әр ел­де бар. Бірақ Қараүңгірдің бойымен жыл­қы қуып, қан сорпа қылған қай елде бар. Көрген Тобықты аз болса, Құдай көріп тұр емес пе?» дейді. Бала сөйлейді деп ойламаған ақсақал: «Тобықтының үлкені тұрып, кішісі сөйлейді екен-ау» десе, Абай тұрып: «Мен дау айтам, үлкенім жөн айтады. Сіз дауыңызды өзіңіз айтып отырсыз, жөніңізді кім айтады?» деген екен. Осы сөзден кейін ақсақал жігіттеріне қарап, жылқылардың басын бастай, тұяғын тұяқтай қып қайтаруды бұйыр­ыпты, – деп даналық сөздерін айтты Манарбек Ералы. 

«Жан» театрының әртістері сахналық қойылым ұсынып, бүлдіршіндер ақын­ның өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ орта­лықтың жас өнерпаздары Абай ән­дерін түрлі ұлттық аспапта орындап, көр­ер­менді өткен ғасырдың рухына же­те­ле­ді. Мереке­лік шара аясында балалар мен ере­сектерге арналған кітап жәр­мең­кесі ұйымдасты­рылып, рухани қазынаға толы туындылар ұсынылды. Өнерпаз­дарға алғысхаттар та­быс етілді. Кеш соң­ында қала тұрғын­дары мен ата-аналар орталық ұжымына жылы лебіздерін біл­діріп, жаңа филиал­дың табысты болуын тіледі.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ