Депутаттың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Кітап – бұл біздің мәдениетіміз бен болашағымызды қалыптастырушы құрал» деп, кітап оқудың құндылығын жан-жақты дәріптеуде. 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде нақты тапсырма беруіне сәйкес, биыл алғаш рет Ұлттық кітап күні күнін атап өтілгенін айтты.
– Қазақстандықтар бұл бейресми мерекені жақсы қабылдап, елорда мен өңірлерде әртүрлі форматтағы, әртүрлі дәңгейдегі іс-шаралар жоғары деңгейде өткеніне куә болдық. Бұл бастама өркениет көшіне ілесудің бірден-бір бірігей жолы деп қабылдадық. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – Президенттің Қазақстанды әлемдегі интеллектуалды ұлттың біріне айналдыруға деген стратегиялық мұраты екендігі айдан анық. Жалпы, озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, кітап оқу мәдениетін дамыту – елдің өркендеуіне тікелей жол ашатын маңызды фактор, – дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Депутат осыған байланысты кітаптың қадір-қасиетін әлемге танытқан және халықаралық деңгейде кеңінен қолдау тапқан бір маңызды бастаманы ұсынды.
– 1996 жылдың 23 сәуірінен бастап ЮНЕСКО Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл бастаманың сәттілігі нәтижесінде, 2001 жылы Мадрид қаласы «Дүниежүзілік кітап астанасы» болып таңдалды. Кейін бұл тәжірибе оң бағаланып, ЮНЕСКО Бас конференциясы «Дүниежүзілік кітап астанасын» жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналдыру туралы тарихи шешім қабылдады. Нәтижесінде, «кітап әлемінің жүрегі» жыл сайын әртүрлі қалаға қоныс аударып, білім мен мәдениеттің, әдебиет пен өнердің орталығына айналды.
Содан бері әлемнің көптеген қаласы осы мәртебелі миссияны абыроймен атқарып келеді. 2002 жылы Мысырдың білім ордасы Александрия, 2003 жылы Үндістанның саяси астанасы Нью-Дели, 2004 жылы Бельгияның кітап орталығы Антверпен, 2005 жылы Канаданың мәдениет астанасы Монреаль атаулы шараны қабылдады. Бұл тізім әр жыл сайын жаңа қаламен толығып, кітап әлемінің алуан түрлілігін паш етуде. Биыл бұл құрметті миссия Бразилияның Рио-де-Жанейросына сеніп тапсырылды. Дүниежүзілік кітап астанасы – бұл тек мерекелік шара емес, бұл – кітаптың біздің өміріміздегі маңыздылығын еске салатын, білімге ұмтылуға шақыратын, мәдениеттер арасындағы алтын көпірді нығайтатын және әдебиеттің құдіретіне бас иетін маңызды бастама, масштабты жоба.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, елімізде де осындай оң тәжірибені қалыптастырудың маңызы зор деп санаймын. Осыған байланысты, жыл сайын еліміздегі қалалардың бірін «кітап астанасы» ретінде таңдап, өңірлерде кітаптың құндылығын арттыруға, әдебиеттің рөлін көрсетуге, авторлық құқықты қорғауға, ақын-жазушыларға құрмет көрсетуді жүйелі түрде жолға қою қажет деп есептеймін.
«Кітап астанасы» эстафетасын Ұлттық кітап күнімен үйлестіре отырып, ауқымды рухани-мәдени бастамаларды, түрлі деңгейдегі байқауларды ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Бұл бастама – Ұлттық кітап оқу күні мерекесінің философиясымен толықтай үндес және өзара сабақтас, әрі Президент тапсырғандай, атаулы күннің мән-маңызын айтарлықтай арттыра түсері сөзсіз.
Сондықтан республикалық деңгейде жыл сайын бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» ретінде бекіту мүмкіндігін қарастыруды, «Қазақстанның кітап астанасы» мәртебесін иеленген қалада бір жыл бойы кітап оқуды дәріптеуге, әдебиетті дамытуға, авторлық құқықты қорғауға және мәдениетті қолдауға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Үшіншіден, «Қазақстанның кітап астанасы» жобасын Ұлттық кітап күнімен үйлестіру және осы екі бастаманың өзара тиімділігін арттыру механизмдерін қарастыру керек. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Қазақстанның кітап астанасы» жобасын іске асыруға қажетті қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мәселесін қарастыру керек, – дейді ол.