Мемлекет басшысының бастамасымен аз уақыт аралығында ұлттық мейрамға айналып үлгерген ұлы той. Домбыра тойы еліміздің түкпір-түкпірінде күй болып төгіліп, ән болып әуелеп, түрлі форматта тойланып жатыр.
Астанада Ұлттық домбыра күніне орай «Дала үні – домбыра» атты алғашқы республикалық фестиваль өтті. Қаланың Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен QAMQOR-ASTANA қоғамдық қоры ұйымдастырған шараның мақсаты – ұлттық рухани мұраның ажырамас бөлігі болып табылатын домбыра өнері арқылы конфессияаралық диалогті нығайту, бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін және өзара құрметті дамыту.
Домбыра үнімен үйлестіре дәстүр мен дін сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық мәдениетті ұлықтауды көздеген ұйымдастырушылар, фестиваль алдағы уақытта да жалғасады дейді.
– Бұл шара бүкіл республика деңгейінде өтуде – фестивальге еліміздің барлық өңірінен өкілдер қатысып отыр. Оның мақсаты – діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, рухани сала өкілдерін тарта отырып, ұлттық қазынамыз – қазақ домбырасын ұлықтау. Мұндай іс-шара Астанада алғаш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта фестиваль жалғасын табады деп үміттенеміз. Егер биыл ол елордада өтсе, келесі жылы өзге аймақтарда да ұйымдастырылуы мүмкін, – деді QAMQOR-ASTANA қоғамдық қорының теологы Арман Нұрахметұлы.
Қазақтың қара домбырасы – ғасырлар қойнауынан ұлт болмысын, бабалар аманатын арқалай жеткен ұлы мұра. Тоғыз перне, қос ішектен күмбірлей төгілген қоңыр үн – қазақтың жаны, ғасырлардан жеткен жүрек сыры, халық қазынасы. Бабадан балаға жалғанған жады, бүгінгі ұрпақтың бойтұмары. Оның жан-жақты насихатталуы, ұрпақтан-ұрпаққа дәріптелуі де заңды.
«Қара шаңырақ» РҚБ директоры, этнолог-тарихшы Тұрар Саттарқызы домбыраны асыл дініміз исламмен байланыстыра насихаттаудың еш сөкеттігі жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, діни уағыздар мен шариғат шарттарын, хиса-дастандарды терме тілінде домбыраға лайықтап, ұрпақтың құлағына сіңіріп, бойына дарытуға болады.
– Терме деген тәлім ғой. Кейінгі кезде терме тыңдайтындар азайып кетті. Тыңдай білген адамға терме – қазақтың бала тәрбиесіндегі тамаша бір құралы саналатын. Термедегі түйдек-түйдек ойлар, тыйым мен ережелер ұлтымыздың болмыс-бітімін, табиғи жаратылысын насихаттайды. Астана қаласы Дін басқармасының ұлт құндылығын ұлықтау жолында істеп жатқан жұмысы өзге өңірлерге үлгі болуы керек. Дін басқармасына жаңа басшы келгелі қоғаммен үгіт-насихат тобы жанданды. «Қызым, саған айтам…», «Ұл тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» сияқты іс-шаралар өтіп жатыр. Оған тікелей атсалысып та жүрмін. Бүгін әр өңірден келген қатысушылар күй тартып, дәстүрлі ән-жыр орындап бақ сынасуда. Бұл өзге өңірлерде де жалғасуы керек, – этнолог-тарихшы.
Фестивальге еліміздің 15 өңірінен 21 қатысушы келіпті. Екі кезеңнен тұратын өнер сайысында қатысушылар – домбырада жеке орындаушылық шеберлігі, домбырамен ән, терме және жырларды вокалды-аспаптық орындап, өзара бақ сынасты. Жүлде қоры 2 миллион теңгеден асатын өнер додасында жеңімпаздарға естелік сыйлықтар, ақшалай сертификаттар мен дипломдар, алғысхаттар табысталды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ