in

Жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы түрік тіліне аударылды

Белгілі жазушы, күйші әрі мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұловтың әйгілі «Талтүс» романы түрік тіліне аударылып, Анкара қаласындағы Adnan Ötüken кітапханасында салтанатты түрде таныстырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кітапты аударуға бастамашы болған – Асель Лахаева ханым. Жобаны  Turktav  түркі тарихы және мәдениеті қоры жүзеге асырды. Іс-шараны «Көкту» қазақ мәдениеті қоғамы ұйымдастырды.

Тұсаукесерге жазушының жары, этнограф және зерттеуші Зира Наурызбай, сондай-ақ Серікбол Қондыбайдың әпкесі Балсұлу Қондыбай, зерттеушілер Балкенже Ақбердиева мен Рима Бердиева, Анкара қаласының университет студенттері, докторанттар мен қазақстандық қауым өкілдері қатысты.

Кеш барысында Зира Наурызбай «Талтүстің» жазылу тарихы мен автордың рухани және шығармашылық әлемі жайында әсерлі естелігін айтты. Ол романның тек әдеби туынды ғана емес, қазақтың күй мәдениетін, дүниетанымын, ұлттық рухын танытатын ерекше шығарма екенін атап өтті.

Ал кітапты түрік тіліне аударған Торғын Сезгин ханым өз сөзінде аударма барысындағы шығармашылық ізденістері жайлы айтып, романды «түркі халықтарының ортақ рухани коды мен күй дәстүрін біріктіретін мәдени көпір» деп бағалады.

Мәдени іс-шарада сөз алған қатысушылар Таласбек Әсемқұловтың тұлғасын жан-жақты зиялы ретінде сипаттады. Ол жазушы, күйші, домбыра шебері, композитор, сыншы, кинодраматург, өнертанушы және кәсіби аудармашы болғанын ерекше атап өтті.

«Шебердің көзі тірісінде жарық көрген жалғыз романы «Талтүс» қазақ халқының рухын, тарихын, музыкасын терең сезімталдықпен жеткізеді. Онда Таласбек Әсемқұлов күйді –  Жаратқанның үні саналатын киелі музыканы баяндау тіліне айналдырады. Роман жеке адамның оқиғасы ғана емес; сонымен бірге  өткен ғасырдың ауыртпалығын, халықтың күнкөріс күресін, домбыраның қазақ тарихындағы киелі орны мен мәнді маңызын баяндайтын мәдени эпос», – деді аудармашы өз сөзінде.

Тұсаукесерге Түркияның мәдениет және өнер өкілдері, әдебиетсүйер қауым мен медиа өкілдері қатысты. Кеш соңында қонақтар түрік тілінде жарық көрген «Талтүс» романын қолдарына алып, автордың рухани әлеміне жаңа көзқараспен үңілді.