in

Желі жұлдыздары

Арамызда осындай желі арқылы ерекше қабілетімен танылып жатқаны да, қылығымен көпшілікті сүйсінткені де бар. Біз солардың ішінен миллиондаған қаралым жинаған бейнежазбалар мен «парақшадан парақшаға» тарап, түрлі басылым жарыса жазған кейіпкерлерге шолу жасап көрдік.

Қаздан қашқан бала

Үш жасар Керейдің қаздан қашып бара жатқан видеосы аз уақыт ішінде әлемге тара­лып үлгерген. Видеоны тіпті америкалық рэпер Snoop Dogg репост жасап, желіні шу­лат­ты. «Құлынға жем беріп келе жатқанбыз. Балам артта қалып қойды. Қаздар оның қол­ын­дағы шелекті тамақ деп ойлап, соңы­нан жүгірген ғой. Ал ол қорқып қаша барды. Сол сәтті видеоға түсіріп, 9 тамызда желіге сал­ған едім. Бір аптада-ақ 100 миллион қа­ралымға жетті. 88 миллион оқырманы бар танымал рэпер репост жасады. Әлемнің түк­пір-түкпірінен видеоның түпнұсқасын ақ­шаға сатып алуды сұрап жазып жатыр. Құжаттар да жіберіп жатыр, бірақ оны түгел аударып, түсіну керек», – дейді әкесі. 

Қазір Instagram-да 298 миллион қаралып және 22 миллион лайк жинаған. Ал 95 мың­нан аса оқырман пікір қалдырыпты.  Шетел­дік­тер де тәнті болған Керейге алғашқы ұсын­ыстар да түсіпті. «Қолындағы шелекті көрдіңіз бе? Сол компания 75 литр өнім берді», – дейді әкесі.

6 жасар барабаншы

Әлеуметтік желіде кішкентай бала қон­дырғыға отырып, Сырым Исабаевтың әніне барабанмен мінсіз ритм ұстап ойнаған видео кеңінен тарады. Темптен жаңылмай, акцент­тер мен филлдерді дәл берген Әли Әбсейіт бей­небір айлар бойы дайындалғандай әсер қал­дырды. Пікір қалдырған оқырмандар оның алты жасында ритмді осындай дең­гейде сезінуін туа біткен талант ретінде баға­лап, ерек­ше қабілетке тәнті болды. «Ыдыс-аяқты бара­бан етіп ойнайтын», – деді анасы Шынар Утепберген. Ол парақ­шасына «Егер видео 20 мың лайк жинаса, әкесі Әлиге элек­тр­онды барабан алып береді» деп жазба қал­дырғаннан кейін кең тарап, халықтың сүйіс­пеншілігіне бөленді. Осыдан кейін кіш­кентай Әли республикалық телеарналарға шақырылып, тіпті Сырым Исабаевпен ар­найы кездесті. Әнші алдағы уақытта барабан­шы Әлимен бір сахнада өнер көрсететінін хабарлады.

750 мың теңгеге жасалған той

Қазақ қоғамында «Той – халықтың қазы­насы» деген түсінік қалыптасқан. Уақыт өт­кен сайын той мәдениеті де жаңа сипат алып келеді. Шығынға батып, даңғаза той жасау қалыпты жағдайға айналған уақытта Кенжебек Зұлқарнаев пен Айдана Хожанова­ның үйлену тойы әлеуметтік желіде тез та­рап, оқырмандарды тәнті етті. Олар небәрі 750 мың теңгемен шағын фор­маттағы, мәні мен мазмұны бар той жасауды жөн көрген. «Біз танымайтын 300-500 адамға арнап үлкен той жасаудың қажеті жоқ деп санадық», – дейді ол.

7 сәуір күні Айданаға сырға салынып, ұзатылу рәсімі жасалған. Ертеңіне жігіт жақта үй ішінде 30-50 адамға арналған ша­ғын беташар өтті. Ал 12 сәуірде жас жұбайлар достары үшін өздері қалаған еркін формат­тағы басқосу ұйымдастырған. Қонақтар саны 50 адамнан аспапты. Ең бастысы – олар дәс­түрлі тойға кететін 7-8 миллион теңгені пәтердің бастапқы жарнасы ретінде құйып, үйлене сала екі бөлмелі баспанаға қол жет­кізген. Ипотекалық бағдарлама арқы­лы үйдің жарты құнын төлеп, қалғанын кезең-кезеңімен өтеп отыр. Тойға жұмсалған жалпы шығын – 750 мың теңге. Достары берген сыйақы 400 мың теңгені құраған. Осылайша, той жасауға кеткен толық шығын 350 мың теңге шамасында болып шыққан.

«Бұл сома біреулерге аз, енді біреулерге көп болып көрінуі мүмкін. Негізгі қаражат видеограф пен фотографқа, асаба қызметіне және дастарқан мәзірін дайындаған аспаз еңбегіне жұмсалды. Үйде өтетін тойға үстел­дерді жалдап алдық, безендіру заттарын қара­пайым базардан сатып алдық. Артық ыдыс алмағанымыз дұрыс деп шешіп, жетпе­­генін достарымыздан уақытша алдыр­дық. Ал даяшы қызметін туыстаpымыз атқарды», – дейді Айдана.

Тойдан кейін жас отбасы бал айын Бали аралында өткізіп қайтқан. Бұл да – олар отау құрмай тұрып алдын ала келіскен әрі бірлесіп қабылдаған шешім.

Арбаттағы жас «Димаш»

Алматының Арбат көшесінде ән салған 8 жастағы Әділ Бектұрсын әлеуметтік желіде танылып, бір сәтте көптің сүйікті кейіпкеріне айналды. Ол Димаш Құдайбергеннің репер­туарындағы «Любовь уставших лебедей» әнін ерекше орындап, талай тыңдарманды тәнті етті. Интернет кеңістігінде тараған бейне­жазбаны бүгінде 2 миллионнан астам адам тама­шалаған. Әділ үш жасынан бері ән айта­ды екен. Сөйтіп, маусым айында Алматыдағы көше музыканттарының мик­ро­фонын алып, Димаш Құдайбергеннің күрделі шығармасын жоғары деңгейде орындап, көптің алғысына бөленді. Қазір ол Құрманғазы атындағы музыка мектебінің вокал сыныбында білім алып жүр. Осы уақытқа дейін түрлі қалалық және респуб­ликалық байқауға қатысып, 50-ден астам жүлделі орын иеленген. Димаш Құдайбер­генді үлгі тұтатын Әділ белгілі әнші Ескендір Хасанғалиевтің шығармаларын да аса сүйіп орындайды. Жазғы демалысын жаңа әндерді үйреніп, репертуарын толық­тыруға арнаған. Арманына жету үшін ол музыкалық білімін жетілдіріп, орындау­шылық шеберлігін одан әрі дамыта бермек.

60 гитарашы бір мезетте ән шырқады

Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың 60 жылдық мерейтойына орай оның туған өңірінде 60 гитарашы бір мезетте ән шырқап, өнер иесінің рухына тағзым жасады. Мерейтойлық шара барысында ақын ескерткішінің жанында жиналған өнерпаздар маңғыстаулық шайыр Светқали Нұржановтың сөзіне жазылған, Табылды Досымовтың кеңінен танымал «Сәйгүлік» әнін бір мезетте орындады. Көп дауысты гита­ра үні мен жүректен шыққан ән көрер­мен­дерге ерекше әсер сыйлап, Табылды шығармашылығының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама бірреттік шара емес. Жыл сайын өнерге құштар жастардың қа­тары артып, Табылды әндерін орындауға ниетті жас гитарашылар көбейіп келеді. Бұл бард ән өнерінің өлмейтінін, керісінше жаңа буын арқылы жаңғырып жатқанын көрсе­теді.

Компьютерлік ойын арқылы дертпен күрескен

86 жастағы Саду атаның компьютерлік ойын арқылы дертпен күресуі жайлы әлеу­меттік желіде жиі айтылды. Жастардың ермегі саналатын Counter-Strike ойыны бұл жолы медицина мен технологияның тоғыс­қан тұсындағы тың тәжірибе ретінде таныл­ды. Саду атаға Паркинсон ауруы диагнозы төрт ай өткен соң қойылған. Осы уақыт іш­ін­де науқастың жағдайы біртіндеп нашар­лап, отбасы дәстүрлі ем-доммен қатар, балама әрі заманауи әдістерді де қарастыра бастаған.

Саду атаның ұлы Ердос шетелдік зерттеу­лерді оқи отырып, компьютерлік ойындар­дың ми қызметіне оң әсер ететініне назар аударады. Осылайша, әкесіне күн­делікті ойын ойнауды ұсынған. Таңдау Counter-Strike ойынына түскен. Қазіргі таңда Саду ата күн сайын шамамен екі сағат бойы ком­пьютер ойнайды. Отбасының айтуынша, бұл әдет оның денсаулығына оң әсер еткен. Реак­циясы жақсарып, қимыл-қозғалысы шира­ған, ұйқысы түзеліп, жалпы көңіл күйі көтерілген. Ең бастысы – ойын­нан кейін қол­дағы діріл айтарлықтай бәсең­дейді. Бұл тәжірибе әлеуметтік желі қолданушыларының да қызығушылығын тудырды. Бүгінде Саду атаның TikTok желісіндегі парақ­шасында 30 мыңнан астам жазылушы бар. Ол тікелей эфирлер өткізіп, ойын бары­сындағы сәттері­мен және өз әсерлерімен бөліседі. Көпшілік оны ерік-жігердің, өмірге деген құштар­лықтың символы ретінде қа­был­дай бастады. Мамандардың айтуынша, компьютерлік ойындар Паркинсон ауруын толық емдей алмаса да, миды белсенді күйде ұстап, ауру белгілерін жеңілдетуге көмектесуі мүмкін. Ал Саду атаның оқиғасы – техноло­гия­ны дұ­рыс қолданудың, сондай-ақ жас­тың шек­теу емес екенін дәлелдейтін жарқын мысал.

Әлеуметтік желіде жарқ еткен жұл­дыздар виртуалды кеңістікке де жаңа реңк, эмоция әкелді. Сондықтан 2025 жыл әлеуметтік желі арқылы кейіпкерлеріміздің жұлдызын жақ­қан жыл болып қорытын­дыланды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ