in

«Жұмбақ ақын» Жұмекен

Ақ Жайықтың жағасында жыр мен сырға толы ақынның 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Еркіндік пен рухты өлеңіне арқау еткен жыр алыбының есімі уақытпен бірге жаңғырып, қайта жаңарып жатыр. Жұмекен жыры – қазақ рухының айнасы, әділдік пен ардың өлшемі. 

«Жөргек иісі аңқыған…»

Оның өлеңдері талай жан­ның жадында жат­та­лып, санасында сақталған. «Туа­тұғын секілді бүгін-ертең, мра­морға жа­зы­лар бір өлеңім» деп жырлаған ақын өлеңдері мра­морға емес, жүрек­терге өшпес­тей болып жазыл­ғаны ақиқат. Олар­дың ішінде шоқтығы биігі – әрине, «Менің Қазақстаным».  

«Кей сөзінен құмның иісі аң­қи­тын, кей сөзінен мұңның иісі аң­қи­тын» ақынның алты Алашын жа­­­­­нындай сүйгені анық. Оны жыр жам­позының бүкіл өлеңдерінен бай­қауға да болады. Қызығы «…ойы­нан жөргек иісі аңқитын» ұлы жүрекке ұлтын сүюді өзі туған топырағы, қа­сиетті мекені үйретсе керек.

Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі­нің Жұмекеннің «жеңілдігі – кө­бік­тей, ауырлығы – табыттай» дей­тін өлең жолына ерекше тамса­нып, «Иірімде» жазғаны бар. «Мұн­дай тіркесті Жұмекен ғана жаза ал­са керек-ті» дейтін ақын.

Ақын өмірінің жалғасы бес пер­зенті бар. «Бес бұтағы», бірін маң­дайы­нан сүйіп, бірін иіскеп, сағы­ны­шына, жүрек жақұтына айналған бес перзент әке есімін ұмыттырмай, ама­натына адалдық танытып келе­ді. Қарлығаш Нәжімеденова Аты­рауда өткен мерейтойға қатысып, жү­ректерге жазылған әке өлеңін ес­тіп, қанаттанып қайтты.

«Әкем Жұмекен Нәжім­е­де­нов­тің 90 жылдық мерейтойына қаты­сып, үлкен әсер алдым. Әкем жа­ным­да жүргендей болды. Біз әке өлең­дерін отбасында жиі естіп өс­тік. «Менің Қазақстаным» 2006 жыл­дан бастап Әнұранға айналды. Са­бы­реден атамнан бір ұл, екі қыз тара­ған: ұлы – Жұмекен, қыздары – Жаңыл­сын мен Сәбила. Әкемнің прозасы бөлек. Оның ішінде «Ақ ша­ғыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақ­пырт» романдарын ерекше баға­лаймын. Сол үш шығармасы же­лісінде көпсериялы фильм түсір­се деген арманым бар. 

Әкем тартқан күйлері таспаға ба­сылып, 2005 жылы шықты. Әкем мен анам отбасын құрғанда үш есім­­­ді дайындап қойыпты: Әйкен, Назкен, Бикен. Әйкен 1958 жылы дү­ниеге келді,  Назкен бірақ шеті­неп кетті, мен туғанда қыздардың аттарын сәйкестігін ауыстырып, Қарлығаш деп қойды. Тоғжан  Мағ­жаннан кейін туған. Есімін анам­ның өзі қойды. Әкем өмірден өткен кезде 21  жаста едім. Әке бейнесі жү­­­­­ректе мәңгі сақталады. Күйшілік дәстүрін жалғастырған Ақкербез, Са­мал мен Саиданың қыздары. Ұлы Мағжан мен менің ұлым Мақ­саттың күй тартатын өнері бар. Мақ­сатты анам өзі жетектеп, Кари­ма  Сахарбаева  деген домбырашыға апарды. Ондағы ойы – әкемнің тарт­қан күйлерін меңгерсе дегені. Мақ­сат әкем орындаған күйлерін тар­­тып отырғанда, анам ерекше күй­­ге бөленетін. Арман көп: басты­сы – әке жаққан өлең отын өшір­мей, Жұмекен жырын насихаттап отырсақ» дейді Қарлығаш апай. 

Жұмекен жыры – мәңгілік. Ол өмірдің өткіншілігін емес, рухтың өшпес отын жырлады. Сол от бүгін де жанымызды жылытып, жүрегі­міз­ге жарық түсіріп келеді. 

«Бес бөбегім, бесеуі де асыл маған»

Саида Нәжімеденова – Жұме­кен ақынның сүт кенжесі. Осыдан 30 жыл бұрын «Қазақстан әйелдері» жур­налына берген сұхбатында: «Өз ұғы­мымда әкем үлкен қасиетті кісі болатын. Өзіне тән қарапайым­ды­лы­ғымен, әзіл-қалжыңымен ерек­ше боп көрінетін. Көп ақынға тән мақ­тану, көлгірсу, менмендік әкеме жат қасиеттер еді. Ол үнемі қара­пайым боп жүретін. Жаны адал, ақ­көңіл, сезімі пәк еді. Әкем өте ба­­­­­лажан адам еді. Балаларының бәрін де жақсы көретін. Үлкен апам Әйкенді «Менің ақылшым, сүйені­шім»  деп үнемі үлкен кісімен сөй­лес­кендей ақылдасып жүретін. Одан кейінгі Қарлығашты да ерке­ле­тіп, ерекше жақсы көретін. Қар­лы­ғашқа арналған «Ақ көгершінім» дас­таны әкемнің балаға деген нәзік се­зімінің куәсі десе болғандай. Ағам Мағжанды «Ақ Мақа» десе, ма­­ған тете апам Тоғжанды «Ақ Тоқа»  деп еркелететін. Әкем үшін бәрі­міз де әппақ болып көрінуші едік. Әкем мені де «әппағым, ақ қы­зым» деуші еді. Қайда барса да қа­сы­нан тастамай алып жүретін. Кейін мектепте оқып жүрген кезім­де, қонаққа баруға ұялып, өзім бас тартсам да: «Баламды ұнатпаған адам мені қонаққа шақыр­май-ақ қой­сын!» деп ертіп кететін. Әкем ұйық­тар ал­дында Мағ­жан мен Тоғ­жан­­­ның маң­дайы­нан си­­­пап, менің ба­сым­ды иіскеп барып тө­сегіне жа­та­тын. Ме­ні «Саидокдок-док» деп мейірленетін. Балаларының бә­рін тең ұстаса да, кенжесі бол­ға­сын ба, мені қатты еркелететін» деп жазады. 

Жұмекеннің жырына үңілген жан өз жүрегін көреді. Оның өлеңін­­де еркіндік бар, ел бар, тағ­дыр бар. Жұмекен ақынның кен­же­сі Саида Нәжімеденоваға ақын ту­ра­лы, әке туралы сауал қойған едік. 

– Әкеңіз 21 жасында Әнұран­ның, яғни «Менің Қазақстаным» әні­­­нің сөзін жазды. Ән туралы, ән­нің та­­рихы туралы отбасында ай­тыла­тын ба еді? Алғаш Әнұранға ай­нал­ған кезі есіңізде ме?

– «Менің Қазақстаным» әнінің та­рихы туралы анамыз жиі айтатын. Ол өлеңнің қашан, қалай дүниеге кел­­генін анамыз өзінің «Жұмекен – құдірет» атты естелік кіта­бын­да жазған. Сонымен қатар әр жыл­­дары баспасөз беттерінде жа­рияланған сұхбаттарында да әннің тари­хын жан-жақты баяндады. Анам­ның кітабынан үзінді кел­тірейін: «Жұмекеннің «Менің Қа­зақстанымы» қазақ ұлтының жүрек те­­бі­ренісін сомдаған шынайы туын­­ды екенін уақыт дәлелдеп отыр. Бұл ақынның көкейкесті ар­ма­­ны – болашақ қазақ елінің тәуел­­сіздігі жайында армандауға ға­на, түс көруге ғана болатын ке­зең­­де жазылған өлең. Ол кезде тәуел­сіздік жайында жақ ашып, үн шы­ғару мүмкін емес еді. Алып им­перияның бұғауына сыймауы – кеңес­тік идеяның шарықтап тұрған ке­зінде «Менің – елім, менің – же­рім, қазағым» деп сол кездің өзінде ашықтан-ашық жігерлі жыр жазуы, оның егемендік алған еліміздің Әнұранына айналуы  еді».

Әрине, бұл ән алғаш рет 2006 жы­лы мемлекеттік Әнұран болып қабылданғанда ерекше қуан­дық. Шын мәнінде, өлеңнің мә­тіні де, әні де нағыз гимн болуға лайық. Оны уақыт дәлелдеді. Елдің на­ғыз сүйік­ті Әнұранына айналды. Бұл әнді білмейтін қазақ жоқ десе де бо­лады.

– Жұмекен ағаның анасы Мүс­лима 15 жасында тұрмысқа шығып, төрт жылдан кейін сәбиін өмірге әкел­ген екен. Анаңыз Нәсіп ене­сі­нің «Жұмекенді кимешектің ішінен мой­ныма қара ала тұсау салып жү­ріп құ­дайдан тілеп алдым ғой» деп айт­қанын жазады. Әкеңіз анасы туралы толғау жазды ма?

– Мүслима әжеміз 1915 жылы дү­­­­ниеге келіп, 1986 жылы қайтыс бол­­ды. Біз кішкентай кезімізден бас­­тап әжеміздің тәрбиесін көрдік. Мүс­­лима әжеміз аз сөйлейтін, өте тө­­зімді, адал адам еді. Өте балажан кі­сі болатын, бізге бір ұрысып, дауыс көтерген жоқ. Әкем өз ана­сы­на арнайы толғау жазбаса да, ана­­сының өмірін «Ақ шағыл» ро­ма­нындағы Мұғзима образы ар­қылы берген. Әкемнің өлеңдерінде ана­ға деген ерекше сый-құрметі кө­рінеді. Оған дәлел – «Ақ сүт» де­ген өлеңі. Сонымен бірге «Келін» поэ­­масындағы образынан да өз ана­­сына деген, бүкіл қазақ келін­дері­н­е деген ерекше құрметін көру­ге болады. 

– Жұмекен Нәжімеденов – ақын ғана емес, проза мен аударма са­ла­сының да үздігі атанған қалам­гер. Ол кісінің шығармалары (про­засы) жиі на­сихатталмай қалатын секілді. Әл­де ақындығы басым тү­сіп кете ме?

– Әкем әдебиеттің барлық са­ла­сында, оның ішінде поэзияда, про­зада, көркем аударма жасауда қыруар еңбек етті. Әдебиет әлеміне поэ­зиямен келді. Одан кейін 1973-1977 жылдары үш роман, бірнеше әң­гіме-повесть, хикаяттар жазып, про­зада көрінді. Аударма саласында да түпнұсқасынан асып түсетін көр­кем туындылар жазды. Қай жанр­да жазса да, өнімді еңбек етіп, өзіне тән поэтикалық өрнегін сақ­тады. Мен үшін әкемнің поэзиясы мен прозасы бір өзеннің қос арнасы сияқты, екеуі де бір рухтың, бір дү­ние­танымның көрінісі. Сондықтан шы­ғармаларын бір-бірінен бөле жар­май, тұтас бір рухани әлем ре­тін­де қабылдаймын. Әкемнің шы­ғармашылық лабораториясына үңіл­ген зерттеушілер бұл жанр­лар­ды біртұтас дүние деп талдаса ғана оның ішкі әлемінің терең тұңғиы­ғына бойлай алады деп ойлаймын.

– Әкеңіздің  керемет күйші бол­ғанын біреу білсе, біреу білмей­ді. Ол күйшілік дәстүр туралы «Күй кіта­бын» жазып қалдырды. Қазір ол кі­сі­нің шерткен күйлері архивте сақ­талған ба? 

– Әкем күйді керемет тартатын. Кіш­кентай кезінен бастап домбыра тартуды үйренген. Солақай күйші бо­латын. Алматы консерва­тория­сын­да оқып, музыканың тарихын жан-жақты меңгерген адам. Күйдің  құдіреті мен  табиғатын әкем  терең тү­сінді.  Ол үшін күй  ұлттың жаны мен тарихының үні еді. Сол күй­лер­дің ішкі мәнін, рухани тереңдігін шынайы ұғынудың арқасында 1967 жылы «Күй кітабы» деген жыр жи­нағы жарық көрді. Бұл жинақ қазақ поэ­зиясына музыкалық поэтика мен ұлттық рухтың жаңа тынысын әкел­ді. Сол кітап негізінде 2005 жы­­лы аудиодиск шығарылды. Онда  поэ­зия мен күй бір арнада тоғысып, әкем жырлаған өлеңдердің рухы қай­та жаңғырғандай әсерге бөлей­ді. 

Әкем  Абылдың «Абыл», «Нара­ту», Баламайсанның «Баламайсан»,  Динаның «Әсем қоңыр», Тәттім­бет­тің «Сылқылдақ», Мәменнің «Қай­ғылы қара», Құрманғазының «Кіш­кентай», Дәулеткерейдің «Көр­кем ханым» күйлерін, халық күйі «Ақсақ құлан» сияқты орын­далу техникасы жағынан өте күрде­лі күйлерді шебер орындады. Осы тоғыз күйді 1968 жылы атақты шаң­қобызшы Гүлсара Піржа­нова­ның күйеуі атақты геолог Бән­сәт­дин Күздебаев өзінің магнито­фо­ны­на үнтаспаға жазып алған екен. Кейін бұл күйлер нотаға көшірілді. Атал­ған күйлер нотасымен бірге әкем­нің архивінде сақтаулы.

– Оның «бес бұтағы» – «бірін иіс­кеп, масайып, бірін сүйіп басын жазатын» бес перзенті екені белгілі. Ұлының есімін Мағжан деп қойды. Мағ­жанды алаш қайраткерінің құр­метіне қойғаны анық. Одан кейінгі балаларына есім қоюда белгілі бір ерекшеліктер болды ма?

– Әкем өте балажан кісі еді. Ба­­ла­ларының бәрін жақсы көріп, ер­келететін. Бес баласын «бес бұ­тақ­қа» теңеп, ерекше өлең жолда­рын да арнаған:

Бес бөбегім, бесеуі де асыл маған,

Асыл оймен жаңарам, жасылданам.

Бірін сүйсем – масайып қаламын да,

Екіншісін иіскеп – басым жазам.

 Анамыздың айтуынша, әкем мен анам үйленгенде үш қызының есі­мін Әйкен, Назкен, Бикен деп дайындап қойған екен. Әйкен 1958 жылы дүниеге келді, одан кейін 1960 жылы Назкен дүниеге келді, ол 8 айында суық тиіп, шетінеп кет­ті. 1962 жылы анамыз қыз бо­сан­ғанда, әкем Бикен деп қойғысы кел­ген екен, әкемнің жолдастары: «Ба­лалардың атын ұйқастыра бер­сең, ұл болмайды», – деп айтыпты. Со­дан кейін әкем қызының атын Қарлығаш деп қойды. Қарлығаштан кейін жалғыз ұлы  Мағжан дүниеге келеді. Оған әкем сол заманда атын атауға да қорқатын, қазақтың ұлы ақы­ны Мағжан Жұмабаевтың есі­мін берді. Одан кейін дүниеге кел­ген қызға анамыз Абайдың ғашығы Тоғжанның есімін өзі қойған екен. Ал менің атымды ұлы кемеңгер Әбіш Кекілбаевтың ұлы Әулет қойып­ты.

Балаларына ат қоюдың та­ри­хы осындай. Ал әкемнің төрт немересінің  аты өз шығар­ма­ла­рынан алынды. Мысалы, әкем­нің «Ақ шағыл» романындағы кейіп­керлерінің есімімен анам өз не­мерелеріне Темірәлі, Идаят, Тал­жібек деп ат қойды. Біздің  ұлымыз  Жанайдар  да  әкемнің поэмасының кейіпкері. 

Гүлзина БЕКТАС