Жаз – демалу ғана емес, өзіңді дамытуға, жаңа нәрсені тануға таптырмас уақыт. Егер күй өнеріне қызығушылығың артса, осы жазда саған пайдалы болатын тамаша бес кітапты ұсынамыз. Бұл шығармаларды оқып шықсаң, күйді түсіну қабілетің артып қана қоймай, оның рухани тереңдігі мен көркемдік әлеміне бойлай бастайсың. Әр кітап – тек күй жайлы емес, сонымен қатар қазақтың болмысын, мінезін, дүниетанымын танытатын қазына.
1. «Талтүс» – Таласбек Әсемқұлов
«Талтүс» – қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Бұл автобиографиялық роман күй өнерін тек әуен емес, тұтас бір өмір философиясы, ұлттық болмыстың көрінісі ретінде көрсетеді. Басты кейіпкер – Әжігерей, бұл автордың өзі. Ол бала кезінен бастап күйшілікке бет бұрып, ұстаздарынан қазақы әрі музыкалық тәрбие алған жан. Романның әр бетінде “күйдің иісі” бар. Кейіпкерлердің диалогынан бастап, табиғатты суреттеу, ой ағымы бәрі де күй секілді тербеліп, күй әлеміне жетелейді.
Бүгінгі “күйді тыңдасам, аттың шапқаны елестейді” деп қана айта алатын тыңдарманға өте құнды кітап деп есептейміз. Оны мына бір үзіндісінен-ақ білуге болады.
Әжігерей күйді тыңдап отырып таңқалды. Бала жасынан сөздің сыры мағынасында емес — әуезінде екенін білетін. Оған өзінің көргені куә. Содан соң күйге шомғанда о, керемет, мұнда да сол сипатты көрді. Күйдің әуені емес, күмбірі қымбат екенін сұңғыла көңілмен таныған. Енді қонақ күйшінің саусағынан төгілген күй, бұның жеткен байламына үстеме дәлел болып отыр. Бір қарағанда қалмақтың көңілді әуені сияқты. Алайда, домбырашы шалдың саусақтары ескі әдетпен қашаған пернелерді сипап өткенде немесе екі перненің ортасынан түсіп, келесі пернеге сырғанай жетіп, қобыздың үніне ұқсас дыбыс шығарып, керіліп, толғанып тұрып қалғанда көңілді әуеннің астарындағы сұмдық сыр жалт етіп көрініп қалады. Қайғының сақырлаған қазаны, бір сәт қақпағы ашылғандай, ішіндегі арылмас қасіреттің бір тамшысы шапшып, отқа шыж етіп төгілгендей. Ойын мен күлкі, би менен ән қасіреттің кіреукесі екен! Бәрі де айта білуде екен!
Шығармада күй тек музыка емес, қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасу жолындағы рухани тәжірибесінің көрінісі ретінде беріледі. Мұнда дала мектебі, шеберлік дәстүрі, шежіре, мәдени сабақтастық кеңінен көрініс табады. Автор күйдің тарихын, мағынасын, аңыздарын көркем тілмен өріп, оқырманды күйдің ішкі әлеміне жетелейді. Қазақы өмірдің мәні, дала философиясы мен ұлттық дүниетанымы «Талтүсте» жақсы тоғысып, күй өнерін шынайы сезінуге жол ашады. Жас оқырман бұл кітаптан тек күй туралы емес, ұлттың жан дүниесі туралы да терең ой түйеді.
2. «Көкбалақ» – Мұхтар Мағауин
«Көкбалақ» – күй мен тарихты терең байланыстыра отырып жазылған көркем туынды. Романда атақты күйші Тоқсобаның тағдыры мен оның жиені, жас күйші Нәріктің өмір жолы суреттеледі. Бұл кейіпкерлердің прототипі шынайы өмірде болған тұлғалар. Олар атақты домбырашы Жүнісбай Стамбаев пен оның жиені, белгілі күйші әрі жазушы Таласбек Әсемқұлов. Шығармада күй өнері ұрпақтар сабақтастығының, ұлттық рухтың және мәдени жадының белгісі ретінде бейнеленеді. Автор тарихи оқиғалар мен өнер иелерінің ішкі әлемін шебер ұштастыра отырып, күйді халықтың рухани қаруына айналдырмақ мақсаты болғандай әсерде қалдырады.
Төмендегі бір ғана мысал ұсынайық. Күйді тыңдап үйренуге арналған кеңес деп қабылдауға болады.
… Домбырашының қас шебер деп танитын. Тек осылай ғана тарту керек сияқты көретін. Сырттай қанша әсерлі болғанмен, мұның бәрі — алдамшы елес. Көзіңізді жұмып немесе теріс қарап отырып көңілмен ғана тыңдаңыз… жапырағынан айырылған қу ағаштың өзін көргендей боласыз. Күйді толықтырған, әшекейлеген қимыл киім сияқты сыпырылып түсіп қалған соң домбыра үні тым жадау шығады. Тоқсаба домбыраға алғаш құмартқан шағында, ұстазымен кездескенге дейін бұл өнерді де біраз қызықтаған. Қазір арзан көреді.
Романның тілі шұрайлы, көркем, образдары шынайы. Мұнда күй тек “фон” ретінде емес, оқиғаның өзегі, идеяның тірегі. Мұхтар Мағауиннің баяндау мәнері оқырманды күйдің сырына терең бойлатуға мүмкіндік береді. «Көкбалақ» – тарихи көркем әдебиетті сүйетін және күй өнерін жүрекпен ұғынғысы келетін жастар үшін таптырмас шығарма.
3. «Телқоңыр» – Тәкен Әлімқұлов
«Телқоңыр» – күй өнеріне арналған көркем прозаның жарқын үлгісі. Бұл дала күйшілерінің соңғы өкілдерінің бірі Созақтың Сүгір күйшісі жайлы әңгіме өрбиді. “Телқоңыр” бір ғана әңгіме аты болғанымен, кейінгі жылдары жинақталып, баспадан жарық көрген жинақтағы бірнеше шығарма автордың күй жайлы жазылған дүниелерінен қамтылады.
Автор өз жанғандарында күйді сөзбен сөйле білген. Мысалғы еліктеуіш (бейленеуіш) сөздермен оқырманға күйдің ырғағын жеткізуге тырысқан.
Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Оның сезімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де, тың дыбыстар шығара бастады. Енді шертіс те, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын уаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке, әсем әуез төгілді. «Тәйри-тәйри, тәйри-тай» деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітті, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде, көк бие қоса еңіреді. Артынша, оқыранып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жаудыр көзі жасқа толып кетті.
4. «Күй» – Әбіш Кекілбаев
Бұл повесть тарихи драма мен рухани тереңдікті тоғыстырған көркем шығарма деуге болатындай. Әбіш Кекілбаев күйді тек музыкалық туынды емес, ішкі арпалыстың, адам жанындағы рухани биіктіктің, тағдырлар тоғысындағы үнсіз тілдің бейнесі ретінде көрсетеді.
Повесте түрікмен батыры Жөнейіттің ұлы Дәулет дутаршының өліміне байланысты қазақ күйшісін құн ретінде алып, оны тірідей көмуі суреттеледі. Бұл оқиға арқылы жазушы күйдің тек музыкалық шығарма емес, сонымен қатар адам тағдыры мен рухани драманың көрінісі екенін көрсетеді.
Автордың тілі өте көркем, әр сөйлемнің өзі күй тәрізді тербеліп, оқырманын елітіп отырады. Бұл шығармада күйді тек естіп қана қоймай, оны оймен елестетіп, жанмен түйсінуге үйренесің.
5. «Қазақтың күй өнері» – Ақселеу Сейдімбек
Бұл ғылыми кітап болғанымен, тілі өте жеңіл, оқуға ыңғайлы. Ақселеу Сейдімбек күйдің қайдан шыққанын, қандай түрлері бар екенін, қалай дамығанын және кімдер күйші болғанын кеңінен баяндайды. Кітапты оқып шыққан соң, күй тек әуен емес, қазақ халқының жан-дүниесі мен тарихы екенін жақсы түсінесің.
Жоғарыдағы кітаптардан бір өзгешілігі – А. Сейдімбет бұл еңбегінде қазақ тарихындағы барлық күйшілерді түгендеуге тырысқан. Атам заман мен біздің кезімізге дейінгі үш жүзге жуық күйші есімі берілген.
Бұл еңбек әсірісе дәлелдердің әдіснамалық қолдануы аса қызықты. Автордың өзі бұл жайында келесідей жазады.
Жазба деректер мен ресми құжаттарға қарағанда, фольклорлық мұралар өзінің объективтілігі және тарихи шындықтың өзекті қасиетін дәл бағалауы жөнінде әлдеқайда шыншыл. Себебі, фольклорлық мұра бүкіл халықтық талғамның сүзгісінен өтеді. Ал, жазба деректер мен ресми құжаттар берісі жеке адамның субъективті талғам-танымының көрінісі болса, әрісі өткінші саясаттың сойылын соғады.
Автор күй туралы аңыздарға да көп көңіл бөледі. Ол аңыздардың неге және қалай туғанын, кімдер шығаратынын түсіндіреді. Мысалы, кейде күй белгілі бір оқиғаға байланысты туады, кейде күйші адамның өз тағдыры себеп болады. Ақселеу аңыздың артында да үлкен мән жатқанын көрсетеді. Бұл кітап – күйді тереңірек танығысы келетін әр оқушыға пайдалы.
Осы бес кітап жай ғана көркем шығарма емес, күй өнерінің тереңіне жетелейтін бес қақпа секілді. Олар арқылы күйдің тек әуен емес, өмір, тарих, сезім екенін түсіне бастайсың. Бұл тізім біздің субъективті таңдауымыз екеніне арнайы ескертеміз. Дегенмен әрқайсысы да күйді басқаша қырынан танытып, тыңдағанда бұрынғыдан тереңірек сезінуге көмектеседі. Күйді жай ғана естіп қоймай, оны жүрекпен ұғыну үшін алдымен оқу керек.