Музей директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, жобаның мақсаты – тарихи-мәдени мұра болып саналатын көне кітаптар мен қолжазбалар, оған қоса фотосуреттерді жинақтау, сақтау және зерттеу. Қағаз құжаттардың мерзімі шектеулі, уақыт өте келе тозады, жарамсыз болып қалады.
– Қазақстан тарихында бірнеше әліпби ауысқаны мәлім. Қазіргі ұрпақ ата-бабаларымыз қалдырған кітап, қолжазбаларды оқи алмайды. Біз сол мұраларды жинастырып, зерттеп, құнды деректерді ғылыми айналымға енгізетін боламыз. Бұл жұмыстармен облыстағы мемлекеттік 18 музейдің қызметкерлері айналысады, – дейді Ж.Сафуллин.
Оның айтуынша, тұрғындар үйлеріндегі көне кітап, қолжазба, фотосуреттерді музейге табыс етіп, электронды нұсқасын жасатып ала алады. Егер тапсыруға қимаса, музей қызметкерлері электронды нұсқасын жасап алып, түпнұсқасын өздеріне қайтарады.
Айбике ЖАНАСЫЛ